25 Қаңтар, 2017

Жұмыссыздық па, жалқаулық па?

576 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордаға келгенше ел ішінде еңбек еттік. Елдің еңсесін көтеретін де, қабаққа кірбің түсіретін де дүниесі бар. Жақсысы жан се­мір­теді. Жете алмай жатқаны жа­­бырқатады. Екі қолға бір кү­рек, бір құрық ұстамай жүрген аза­мат­тардың масыл күйін көргенде кө­ңіл құрғыр еріксіз пәсейіп қалады.

Ауылға барғанда андағайлап ал­дыңыздан шығатын мәселе – осы. Бірде шығыс өңірінің Зайсан ауданына сапарымыз аясында өңірге белгілі құрылысшы, кәсіпкер азаматпен дастарқандас болдық. Әңгіме өріле келе, Зайсан шаһары етегін қымтап жатқан Сауыр тауындағы жайлауда 500-дей мүйізді ірі қараның бағымы жылдан-жылға қиындап бара жатқаны айтылды. «Ал ұсақ малды ұстамайтын болдым. Өйткені, малшы жоқ» деп қайырды. Аң-таң болдық. Айнала қонған ауылда қолға құрық ұстар жан жоқ па? Жоқ! Тақымдап қоймадық. Әдетте, қолында аз-кем қаржысы бар кейбір азаматтардың әлеуметтік жағынан әлсіз топ өкілдерінің қара күшін пайдаланып, кейіннен әр нәрсені сылтау­ратып, маңдай тері, табан ақысын бермей қуып жіберетіні жөнінде де естігенбіз. Көкейде осы ойдың көлеңкесі қылаң беріп келе жатты..

– Сіз оны айтасыз, деді сәлден соң сұхбаттасымыз. – Мен мал бақ­қан азаматтарға ай сайын 100-150 мың теңге көлемінде айлық тө­леймін. Оның үстіне азық-түлікпен қам­тамасыз етемін. Ал олар… Иә, олар жайлаудан түскенде 1 қарын май, 1 дорба құрт-ірімшік алып түспейді!

Кәсіпкер сөзінде жан бар сияқты. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, 500 ірі қараның басым бөлігі аналық мал. Бір сиыр орта есеппен күніне 5 литр сүт берсе, мал баққан ағайынның аузынан тура мағынасында ақ май ақпай ма?! Өйткені, кәсіпкер мал бағушы ағайынға айлығы мен азық-түлігінен бөлек сүтін де тегін беріп отыр. Тек төлін аман-есен бағып-қағып берсе болды. Ал жайлауда желіні жер сызған түлікті сауатын адам жоқ. Сенесіз бе? Пұшайман болып қалдық.

Шемонайха ауданының Камы­шин­ское ауылында Владимир Акулов жетекшілік ететін шаруа қожалығындағы тауарлы сүт фер­ма­сының ашылуына куә болдық. Сал­танатты шараға Ақмола облысынан арнайы келген Қазақстанның Еңбек Ері, «Родина» агрофирмасы» кәсіпорнының жетекшісі Иван Сауэр сынды еліміздің танымал фермерлері де қатысты. Жарқыраған қоражай мен автоматтандырылған сауу жүйесімен танысып шығып, автобусқа жайғасқан фермерлерден мұндай заманауи шаруашылықта еңбек етуге құлықты жандар көп пе деп сұрадық. Сонда еуро­па­лық сауу роботтарын екі жыл бұ­рын орнатқан Бородулиха ау­да­нындағы «Зайтенов» шаруа қо­жалығының жетекшісі Ерлан Зайтенов еңбекақысы 200 мың теңгені құрайтын мал бағу кәсібіне маман таппай отырғанын айтты.

Иә, бұл – ойландырарлық мә­се­ле. Ата кәсібімізге адалдықтан ай­ны­дық па? Әрине, мал бағу оңай емес. Қыстың қысқа күнінде суару, жемшөбін беру, қоражайды тазалау сияқты таусылмас машақаты бар. Жазда ми қайнаған аптапта жайылымға жаясыз. Бірақ қай жұмыстың да қиындығы бар емес пе? Әлде, малшы болу абыройсыз кәсіпке айналды ма? Қимасақ та, кідіре бергеніміз – осы ой.

Туған ауылымыз шекара шебінде. Дүрбі салсаңыз дүние-мүкәмалын көруге болатын Қытаймен қоңсы қонған ауылымызға көшіп келген қандастарымыздың еңбекқорлығына, қор жинау қабілетіне риза боласыз. Үш-төрт жылда малды болады. Әуелі, әлдекімнің малын бағады. Малдан басқа кірісі жоқ мал иесі еңбекақы есебін малдың төлімен айырысады. Яғни, төлдің жартысы – мал иесінікі, жартысы – мал баққандікі. Үш-төрт жылда 40-50 бас отарын құрап алған жалданушы жеке кетеді. Тағы да мал бағатын адам іздейсіз…

Осындайда «Жаманға жан жуымас, жалқауға мал жуымас» деген баба сөзі еске түседі. Әйтпесе, еліміздің Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Арнұр Мұхаметжановтың айтуынша, бүгінде мал ша­руа­шылығын субсидиялау бойын­ша 33 бағыт қарастырылған екен. Енді ауылшаруашылық коопе­ра­тивтеріне субсидия алуға қатысуға мүмкіндік берілмек. Бұл – субсидия алушылардың саны 2,5 есеге көбейеді деген сөз. Яғни, қойын алдырып, қорасын бекітетін қамсыздығымыздан арылу қажет.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»