26 Ақпан, 2010

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМДАРЫ

1824 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін
Жыл сайын қаншама құжат қабылданса да орны өзгеше болып тұратын Елбасы Жолдауының жөні бөлек. Президент Жолдауын халқымыздың жылдың басты құжаты дейтіні де сондықтан. Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабына сәйкес Мемлекет басшысының Қазақ­стан халқына жыл сайынғы Жолдауының ел үшін өте үлкен маңызы бар, ол Үкіметтің іс-қимыл бағ­дар­ламасы, Парламент қызметінің негізгі бағдары болып табылады, ішкі және сыртқы саясат мәсе­лелерін қамтиды, онда мемлекеттің орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективадағы дамуының мақсаттары мен міндеттері алға қойылады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев дәйектілікпен және өзіне тән нақтылықпен жүргізілген жұмыстарды жыл сайын қорытындылап, алға жаңа өзекті міндеттер қояды. ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының бастауындағы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауы да осыны тағы да дәлелдей түседі. Тәуелсіздіктің 19 жылдық кезеңіндегі мемле­кеті­міз­дің табысы тарихи шындыққа айналды. Қазақ­стан өз дамуының жаңа шебіне шықты, оны барлық әлем таниды, халықаралық экономикалық және саяси аренада нақты ойыншы болып табылады, дамушы елдердің онымен есептесуіне тура келеді. Мұны тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің ең басты нәтижесі, бізді гүлденіп, өркендеуге әкелген жол деп атауға болады. Оноре де Бальзак ХІХ ғасырдың басында “Бір ба­тыл адамның табысы тұтас бір буынды әрдайым алға ұмтылуға, ерлікке қарай итермелеуге жігер­лен­ді­реді” деп жазды. Қазақстанның табысы елде де, әлемде де, сөз жоқ, Президент Н.Ә.Назарбаев­тың есі­­мімен ұштастырылады, ол өзінің көреген шешім­дері­мен саяси да, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да қиын жылдарда біздің бұдан былайғы өр­кен­деуіміздің сенімді негізін қамтамасыз еткен Қазақ­станның 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиясын жариялады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарын еске түсі­рейік­ші. Біз бұл қиындықтарды ұмытпаймыз. Сол ке­зеңде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев сын­дар­лы шешімдер қабылдады. Президенттің 1992 жылы қабылдаған тұтыну мақсатындағы тауарларға ар­налған бағаны ырықтандыру жөніндегі Жарлығы Қа­зақстанда нарықтық қатынастарға көшудің негізі бол­ды, нәтижесінде көптеген тауарлардың бағасы на­рықтық күштердің ықпалымен қалыптастырыла бастады. Жаңа тұрпаттағы өмір болмысына қарай аса ма­ңыз­ды практикалық қадам 1993 жылы күзде жасал­ды. Қазақстанның өзінің ұлттық валютасы – тең­ге­ні енгізуі ақша-кредит саясатымызды қалып­тас­тыруға мүмкіндік туғызды. 1994-1995 жылдары мем­лекеттік акционерлік және холдинг компания­ларын қайта ұйымдастыру эко­номикалық рефор­маның неғұрлым маңызды ша­ра­сы болды. Сол арқылы, бұрын монополиялан­ды­ру­дың жоғары деңгейімен сипатталатын экономика­лық салаларда бәсекелестік орта қалыптаса бастады. Бұдан басқа, 1995 жылдан бастап тұрғын үй-ком­муналдық ша­руа­шылық кәсіпорындарында реформа басталды. 1995 жылы Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып салық реформасын жүргізді. 1996 жылы “Бюджет жүйесі туралы” Заңның қа­­был­­дануы­мен бюджет жүйесін реформалау бас­талды. ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып біз Қазынашылық жүйесін құрып, оның табысты жұмыс істеуін қамтамасыз еттік. Халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа бюджеттік сыныптамаға көшу жүзеге асырылды. 1997 жылғы Жолдауды батыл түрде нағыз тарихи оқиға деп атауға болады, онда елімізді дамытудың ұзақ мерзімді стратегиялық жолы “ҚАЗАҚСТАН – 2030” айқындалды. Елдің басты мақсаттары мен басымдықтары айқындалды. 1998 жылғы қыркүйектегі Президент Жолдауы­ның ерекше драмалық сипаты болды, ол сонда: “Сіз­дерге тарихи бетбұрыс кезеңінде Жолдау арнап отырмын. Әлем драмалық тұрғыдан өзгерді”, деген еді. 1999 жылғы желтоқсанда Президент халыққа ар­на­ған өз Жолдауында таяу жылдары мемлекеттің қауіпсіздігіне төнетін басты қатер деп көршілес жатқан елдер аумақтарындағы қарулы қақтығыстар­дың Қазақстанға ауысу ықтималдығы, саяси және діни экстремизмнің таралуы сияқты жәйттерді атады. Президент конституциялық емес әдістермен билікті басып алуға шақыруларды “тозаққа барар жол” деді. 2000 жылғы қазанда Мемлекет басшысы Қа­зақ­­станның экономикалық өсуі – ТМД елдеріндегі ең жоғары өсу деп мәлімдеді. Елде 16 саяси партия, 2500 үкіметтік емес ұйым жұмыс істеді, бұқаралық-ақпарат құралдарының 80 пайызы мемлекеттік емес еді. Саяси жүйені демократия­ландырудың негізгі бағыттары деп Президент сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуды, құқықтық реформаны, биліктің өкілді органдарының өкілеттіктерін кеңейтуді, сайланбалылықты кеңейтуді, сайлау заңнамасын жетілдіруді және азаматтық қоғам институттарын нығайтуды атады. 2001 жылғы қыркүйектегі өз Жолдауында Елбасы Үкімет алдында индустриялық және өңірлік сая­сат­ты әзірлеуді аяқтау, мемлекеттік функцияларды одан әрі орталықсыздандыруға кірісу және бюджетаралық қатынастардың орта мерзімді үлгісін бекіту, бюджет процесін жетілдіру, акционерлік қоғамдар қызметі және бағалы қағаздар рыногын реттеу мәселелері бойынша заңнаманы жақсарту міндетін қойды. 2002 жылғы сәуірде жарияланған Жолдаудың басты тақырыбы ауылды түлету болды. Сондай-ақ өлім жазасына мораторий енгізу ту­ра­лы мәселе көтерілді. 2003 жылғы сәуірде Пре­зи­дент Үкіметтің 2015 жылға дейінгі индустрия­лық-ин­­новациялық даму бағдарламасын әзірлегенін мәлімдеді. 2004 жылғы наурыздағы өз Жолдауында Прези­дент британдық “Дейли телеграф” газетіне сілтеме жасай отырып, транзиттік экономикасы бар мем­ле­кеттер арасында Қазақстанның ең бір қуатты да­мып келе жатқан елдердің бірі болып танылғанын мә­лім етті. Бүкіләлемдік банктің сыныптамасы бойынша Қазақстан орта деңгейден жоғары табысы бар елдер тобына кірді. 2005 жылғы ақпанда Президент: “Біз ішкі жалпы өнімді екі есе ұлғайтып, бірлесіп тағы да бір Қазақ­стан орнататындай межеге жақындадық”, деді. Мем­лекет басшысы 2010 жылы жан басына шақ­қанда ішкі жалпы өнімді 5800 АҚШ дол­ларынан асатын мөлшерге, яғни Чехия, Венгрия, Польша, Малайзия сияқты елдердің деңгейіне, ал 2015 жылы шамамен 9000 АҚШ доллары мөл­ше­рі­не жеткізуге күшіміз же­тетінін мәлімдеді. Мем­лекет басшысы мемле­кет­ті­лікті нығайту, еліміздегі және өңірдегі тұрақ­ты­лық­ты бекемдеу шикізаттық емес секторларды ілгері­летуге баса ден қоя оты­рып, экономиканы серпінді дамыту, білім беру және әлеуметтік салаларды, азаматтық қоғамды дәйекті ілгері жылжыту сияқты және тағы басқа мәселелерді күн тәртібіне қойды. 2006 жылғы 1 наурыздағы Жолдауында Прези­дент Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қа­білетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын ұсын­ды. Ол Қазақстанның әлемдік экономикаға сәтті кі­рігуін, экономиканы одан әрі жетілдіріп, әрта­рап­тандыруды, қазіргі заманғы әлеуметтік саясат жүр­гізуді, білім мен мәдениетті дамытуды, Ұлттық қауіп­сіздік стратегиясын іске асыруды, сондай-ақ теңдестірілген сыртқы саясат жүргізуді көздеді. Ақпан Жолдауының бір ерекшелігі оның барынша әлеуметтік тұрғыдан бағытталуы болды. Бұл Жол­дау шын мәнінде елдің ішкі және сыртқы сая­са­тында белгіленген он міндетті шешуге бағытталған 30 аса маңызды басымдығын айқындап берген ке­шенді бағдарламалық құжат деп есептеуге әбден лайық. 2008 жылғы 6 ақпандағы Жолдауында Прези­дент Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруі және 30 кор­по­ра­тивтік көшбасшы жасау арқылы елімізді индустрияландыру біздің негізгі стратегиялық мақсатымыз болып қала беретінін атап көрсетті. Біз, әрине, өткен кезең аралығында жасалған жұмыстардың кейбір маңыздылары туралы ғана шолу жасап, қысқаша айтып өттік. Әйтпесе, олар­дың бәрін бір мақала көлемінде толық қамтып шығу мүмкін емес екені түсінікті болса керек. Ал Мемлекет басшысының 2009 жылғы Жолдауы бүкіл әлемдік экономиканы терең эко­но­микалық дағдарыс, жұмыссыздық әлемдік тауарлық және қаржы рыноктарының тұрақсыз­дығы жайлап тұрған кезеңде жария етілді. Прези­дент дағдарыс бізге сырттан келгендігін және оның түп негізі әлемдік экономиканың теңгерім­сіздігінде жатқандығын атап көрсетті. Президент­тің пікірінше, жаһандық дағдарыстан кейін бүкіл әлемдік қаржы жүйесі өзгереді. Көптеген елдер экономиканы “қолдан басқару” қажеттігіне ден қойып, оны реттеу осы дағдарыстан шығудың маңызды ісіне айналады. Бұл ретте 2009 жылғы Жолдаудың негізгі ерек­шелігі – онда дағдарыстың салдарларын еңсеру жө­ніндегі нақты тетіктер мен іс-шаралар белгіле­ніп қана қоймай, одан кейінгі экономикалық өсуге, елдің дағдарыстан кейінгі дамуын қам­тамасыз етуге дайындау қажеттігі атап көрсетілген. Осы Жолдауда Президент дағдарыстың салдарын жеңілдетуге және дағдарыстан кейінгі елдің дамуын қамтамасыз етуге бағытталған Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясын немесе “Жол картасын” іске асырудың басталғандығын айтты. Бұдан басқа, Мемлекет басшысы жұмыс істеп жатқан перспективалық инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен іске асыруды жалғастырамыз деп мәлімдеді. Біз дағдарысқа төтеп бердік. Мемлекет басшысы өзінің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын орындауға байланысты жаңа ауқымды міндеттер қойды: 1. Экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу; 2. Жедел индустрияландыру және ин­фра­құрылымды дамыту есебінен эконо­миканың тұрақты өсуіне қол жеткізу; 3. Адам капиталының бәсекеге қабі­леттілігін арттыру үшін болашаққа бел­сенді инвестициялау; 4. Қазақстандықтарды сапалы әлеу­меттік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету; 5. Ұлтаралық келісімді нығайту, ұлттық қауіпсіздікті арттыру, халықаралық қарым-қатынасты одан әрі дамыту. Қазақстан 2020 жылы әлемдік дағдарыстан анағұрлым шынығып шыққан, бәсекеге қабілетті, неғұрлым орнықты және келесі болатын ықтимал экономикалық дағдарысқа дайын, әртараптанды­рыл­ған экономикасы бар ел болуға тиіс. Ел Пре­зи­денті атап көрсеткендей, алдағы онжылдықта ор­нықты және теңдестірілген даму ұлттық экономи­ка­ны жедел әртараптандыру мен оның бәсекеге қабі­лет­­тілігін арттыру арқылы қамтамасыз етілетін болады. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы еңбек өнімділігі болып табылады, ол дамыған елдермен салыстырғанда біздің республи­камызда айтарлықтай төмен деңгейде. Жолдауда айтылғандай, біздің бір қызметкердің жылдық еңбек өнімділігі дамыған елдермен салыстырғанда 5 еседен астам төмен. Неге? Себебі, ескірген технология, ескі техника қолданылады. Ескіні жамау арқылы өңдірісті жаңарту мүмкін емес, сондықтан осы проб­леманы шешудің кілті – индустриялық инновация. Бұл туралы Президент “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс ХІІ съезінде де айтты. Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін еселеп арттыруды және экономиканың басым салаларына инновацияларды енгізуді маңызды міндеттер ретінде айқындап берді. Мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінің жұмысы осы критерийлер бойынша өлшенеді. Президенттің тапсырмасымен Үкімет Жедел индустриялық-инновациялық дамудың бағдарла­ма­сы мен елді индустрияландырудың егжей-тегжейлі картасын әзірледі. Осыған байланысты таяудағы бес жылдың ішінде инвестициясының жалпы көлемі 6,5 триллион теңгені құрайтын 162 жобаны іске асыру көзделіп отыр, ал бұл ел ІЖӨ-сінің 40 %-нан астамы. Елбасы елімізді дамытудың басты қозғаушы күші ретінде табиғи ресурстарды игерудің қарқындылығын емес, идеялар, инновациялар, жаңа технологиялар болатын және оларды өмірге тиімді іске асыратын экономика екенін атады. Демек, Н.Назарбаев атап көрсеткендей, “Ресурстар құлдығынан” құтылудың бірден-бір жолы – еңбек өнімділігін күрт жоғарылататын өңдеу өнеркәсібін дамыту, инновациялық технологияларды пайдалану. Индустрияландыру жоспарын іске асыруда өзекті рөл жергілікті атқарушы билікке де беріліп отыр. Президент әкімдер жергілікті жерлердегі жағдайды жақсы біледі, олардың қолында индустрияландыру саясатын жүргізу үшін барлық өкілеттілік пен ресурстар бар деген мәселені талай мәрте атап айтқан болатын. Сондықтан да барлық деңгейдегі әкімдер индустриялық бағдарламаның басты үйлестірушілері мен жүзеге асырушылары болуға тиіс. Индустрияландыру жоспарын іске асы­рудың қосымша құралы әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпора­циялар болады, олар қазір жергілікті ат­қарушы органдарға беріліп, бизнесті дамытудың өңір­лік корпорациялары болып қайта ұйымдастырылды. Жаңа өңірлік саясат, өңірлердегі инвестициялық саясат – Президенттің осы жолғы Жолдауының ең өзекті мәселелерінің бірі. Өңір басшылары инвести­циялық саясатты белсенді жүргізе отырып, жаңа ин­вес­тициялар тартуы қажет, атап айтқанда: инвести­циялық процестерді жоспарлауға, инвестициялық бастамаларды бағыттап отыруға, инвесторлардың қызығушылығын тудыратын жобаларды белсенді түрде алға шығаруға тиіс. “Өңірлер маркетингімен” белсенділікпен айналысатын кез туды. Әртараптандырудың басқа бір маңызды сегменті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады. Жолдауда оның даму бағыттары да айқындалған. Республикада отандық ауыл шаруашылығының өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін заңнамалық базаның жасалғанын атап өткен орынды. Атап айтқанда, Жер, Орман және Су кодекстері сияқты бірқатар маңызды құқықтық-нормативтік актілер, “Агроөнеркәсіп кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы”, “Асыл тұқымды мал шаруа­шылығы туралы”, “Тұқым шаруашылығы туралы”, “Астық тура­лы”, “Өсімдік шаруа­шы­лығындағы міндетті сақтандыру туралы” заңдар қабылданды. Агроөнеркәсіптік кешен кәсіпкерлерін қолдау және агроөнер­кәсіптік секторда өн­ді­ріс көлемін ұлғайту ха­лықтың экономикалық белсенділігінің өсуі мен жұмыспен қамты­луы­на, ал орта мерзім­ді перспективада экспортты әртарап­тан­дыруға және орнықты экономикалық дамуға елеулі түрде ықпалын тигізетін болады. Қазақстан ТМД-дағы интеграциялық процес­тердің белсенді қатысушысы болып табылады. Ресеймен және Беларусьпен 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Кедендік одақ құру – бұл қазақстандық барлық интеграциялық бастамалардың серпінді қадамы. Халықаралық тәжірибені зерделей келгенде, прогреске бастайтын бағыттың интеграция, білім, технологиялар алмасу, өзара сауда арқылы жүзеге асатынына тағы да көз жеткізіп, түйінді тұжырым жасауға болады. Қазақстанға бұл мәселе айрықша өзекті, өйткені, аумағының үлкендігі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, халқының саны бар-жоғы 16 миллионды құрайтын ел үшін іргелес жақын көршілерімен өзара тиімді қарым-қатынас жасаудың өзі тарихи жағынан айрықша маңызды екені шүбәсіз. Өзіміз үшін өткізу рыногын кеңейте отырып, біз бір мезгілде салауатты бәсекелестік орта жасаймыз, ал бұл баршаға мәлім, бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізі болып табылады. Әртараптандыру жөніндегі жоспарымызды іске асыру үшін бір ғана мемлекеттік ресурстардың жеткіліксіз болатындығы ақиқат. Оның негізгі көзі шетелдік тікелей инвестициялар болуға тиіс. Бүгінде Президентіміздің күш-жігері арқасында Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Біріккен Араб Әмірліктерінен, сондай-ақ Франция, Италия, Ресей компаниялары­нан мөлшері 20 миллиард АҚШ долларынан астам инвестициялар тарту мәселесі шешілді. Бұл ретте осы қаражаттың шикізаттық емес секторға берілетіндігін, индустриялық бағдарлама­ның, инфрақұрылымның және бірлескен кәсіп­орындардың ондаған нысандары іске қосылатын­дығын атап айтқан орынды. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасына тікелей шетел инвестицияларын тарту арналарын кеңейту арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру және мемлекеттік-жеке меншік серіктестік тетіктерін дамыту арқылы жүзеге асырылады. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру жедел экономикалық өсудің факторы болып табылады, оның халықаралық тауар айналымын жандандыру, инвестицияны жұмыл­ды­ру, экономикалық интеграция үдерістерін тереңдету есебінен жүзеге асырылатынын әлемдік тәжірибе көр­сетіп отыр. Сонымен қатар, қазақстандық ар­найы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтардың инвестициялық тартымдылығы қазіргі кезде жеткілікті дәрежеде жоғары емес, өйткені, олар­дың жұмыс істеу жағдайы инвесторлардың нақ­ты қажеттері мен мүдделеріне әлі толық бағдарланбаған. Арнайы экономикалық аймақтарды мемлекеттік қолдаудың тиімді шараларын, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларына жобаны іске асыру кезеңінде салық режімін тұрақтандыру туралы кепілдіктер енгізуді, арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларына қызмет көрсету тетіктерін жетілдіруді, арнайы экономикалық аймақ желілерін кеңейтуді көздейтін Арнайы экономика­лық аймақ туралы жаңа заңды тездетіп қабылдау қажет. Президенттің Жолдауында кәсіпкерлікті дамы­туға ерекше мән берілген. “Әртараптандырудың өзегі кәсіпкерлік болады”, деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. “Бизнестің жол картасы-2020” жаңа бағдарламаны іске асырудың нақты жолы өңірлерде кәсіпкерліктің жаңа топтарын, ең алдымен, шағын және орта бизнесті дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болып табылады. Сондай-ақ “Болашақ экономикасының” негізі тиімді ұлттық инновациялық жүйе болуға тиіс, деп атап көрсетті Президент. 2010 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа үш ғылыми орталық құрылатын болады. Білімді генерациялау, тарату және коммер­цияландыру тетіктерін қамтуда тиімді әрекет ететін ұлттық инновациялық жүйе қалыптастыру қажет. Инновациялық саясатты жүргізуге жүйелі көзқарас тұжырымдамасын іске асырған елдер қысқа тарихи кезең ішінде мемлекеттің, бизнестің, ғылымның және білім берудің өзара іс-қимыл жасау тетіктерін қамтитын тиімді ұлттық инновациялық жүйе құрып, ІЖӨ-ге ғылымның жалпы қолданылымын ұлғайтуға қол жеткізе білді. Мысалы, соңғы жылдарда ғылыми-техникалық саланы жедел кеңейткен өңірлер Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, Скандинавия елдері (Финляндия, Швеция) болды. Ғылыми әлеуетті ұлғайту, ғылымды дамыту бүкіл ел экономикасын дамытудың негізгі базалық нүктесі ретінде қаралуға тиіс. Қазақстан халқына арнаған сөзін аяқтай келе Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: “Біз бірлесе отырып Қазақстанды табысты ел ете алдық және бірлесіп оны өркенді елге айналдыра аламыз”. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің бәрі дәл бұрынғыдай шешімін табатынына ешқандай күмән жоқ және біздің Отанымыз – біздің туған Қазақстанымыз әлемнің озық мемлекеттерімен бір қатарда тұратын болады. Биылғы жыл Қазақстан үшін әлемдік қоғамдас­тықта біздің лайықты орнымызды белгілейтін сын жылы болмақшы. 2010 жылы Қазақстан 56 елдің басын біріктірген беделді халықаралық Ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалық қызметіне кірісті. Бұл бізге көрсетілген сенім, құрмет және зор жауапкершілік. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығын Елбасы атап өткен “Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” ұрандарымен өткізуді басшылыққа алса, біздің міндетіміз – осы миссияны абыроймен атқару. Ол үшін келбеті кемел, халқы дәулетті, экономикасы өскелең, ел-жұрты тату-тәтті, ынтымағы жарасқан, қоғамы орнықты мемлекет екенімізді дәлелдеп көрсете білетін уақыт келді. ЖОЛДАУ, ЖОЛДАС ЖӘНЕ ЖӘМИЛА Патерналистік пиғылды пайымдағанда Жолдас облыс орталығынан алыстау ауылда тұрады. Ауылы – озып та кетпеген, тозып та кет­пе­ген қарапайым қыстақ. Оңалың­қы­ра­май келе жатқан жақтары басымырақ. Жыл сайынғы Жолдауды Жол­дас досымыз асыға күтеді. Теле­ди­дар­дан тыңдап-көреді. Одан соң оқиды. Газеттерден. Республикалық газеттен бір-екі мәрте. Облыстық газеттен қайталап. Сонсоң сөй­лем­дер мен сөздердің астын сызып. Ауылдастарының газетке жазыл­май­тыны жақсы емес. Көршісі Келдібектің үй-іші теледидардан да көрмеген. Газеттен де оқымаған. Бұдан сұрайды. “Не депті биыл? Не беретіні бар екен? Бірдеңе тие ме бізге?” — дейді. Көршілерінің көбі осылай. Көкейлері белгілі. Тұты­ну­шы­лық түйсіктің тұтқынында қа­лып қойған. Патерналистік пиғыл­дан арыла алмай жатыр. Анау Адырбайдың өз бетінше әрекет жасап, ешкімнен ештеңе сұрамай-ақ, иесіз қалған колхоз қо­ра­сын қаратып алғанын, қазір қы­рық-елу қылқұйрық, мыңға жете­қа­был уақ малға ие болып жүргенін күндейтіндер көп. Келдекең келді. Тағы да. “Жол­дамада жақсылық бар ма? Пенсияға жаримыз ба, жоқ па? Не дейді жаңа жолдамаларың?” Айтатыны осы. “Те­ледидарыңнан айтылды ғой бәрі. Тыңдамадың ба?” — деді Жол­дас. “Өй, анау бәлелер кассетала­рын көрді, дискілерін салды. Ал біз картаның қызығын қимадық қой”, — дейді Келдекең керіліп-созылып. Еріне есінеп. Жолдас: “Газетке жа­зыл­майсың ба? Жыл бойы оқы­май­сың ба?” — деді. Келдекең: “Пен­сия­ны қай жағына жеткіземін? — деді. — Одан да оқығаныңды айт­сай. Қан­ша қосыпты? Біздейлерге басқалай беретін бірдеңелері бар ма? Әлде жолдамаларың жай ғана сөз бе?” Жолдастың жыны келді. Келді­бек көршісіне. Жолдаудың атын жөндеп айтуға ерінеді. Жолдама дейді. Баяғыда Жолдасқа тиесілі жол­даманы иемденіп кетіп, инсти­тут­қа түскен еді. Көкесінің арқа­сын­да. Енді, міне, “жолдамаларың” деп қояды. “Жолдау саған және сен сияқтыларға ештеңе бермейді”, — деді. Көршісіне. Келдекеңе. Сөйтіп, бордақылап жатқан жылқысына жо­ңышқа турады. Тауықтарына жем шашты. Жаңадан салып жат­қан бес бөлмелі биік үйдің ішінен балға тарсылы тартымды естілді. Үлкен ұлы еденге тақтай төсеуге кі­ріс­кен де. Бір келіні тандыр ошаққа нан жауып, екіншісі мектептегі жұ­мы­сына асықты. “Ата, мен кеттім, бүгін түске дейін сабағым бар”, — деп қояды. Балғаның даусы Кел­де­кеңнің самайын солқылдатқандай. Тұрып-тұрып, қисайып, ескі клуб­тың күншуақ жағындағы карта соғатындарға қарай беттеді. Шымкент шәһарында небір-не­бір фитнес клубтар, дене шынық­тыру­ға, спортқа арналған ғажайып ғимараттар мен заманауи залдар баршылық. Оларға кіріп, пайдалан­баққа жағдайы жоқтар жетіп-арты­лар. Біз-дағы “барғызбасың барғыз­бас­тардың” қалыңырақ қатарын­да­мыз (Мына біз-дағы патерналистік пиғылдан біржолата арылғанбыз дей алмаймыз-ау). Дегенмен, ер­тең­ді-кеш жиек жолдармен жаяула­тып, денсаулықты күйттеңкірейміз. Жәмиламен былтырғы көктемнен көзтаныспыз. Ол күн сайын жүгі­ре­ді. Көшемен. Жиек жолмен. Ал­ғаш Жәмила жымиып бас изеп өте­тін-ді. Кейін көңілдене сәлемде­сетін болды. Танысып-біліскенде: “Жүгірмейсіз бе?” — деді. “Қалқам, бізге қалқайып жүрген де жетеді ғой”, — деп жауап қатқанбыз. Күні кешелері Шымкентке ал­ғаш рет қалыңырақ қар түсті. Ақ­панның екінші аптасында. Жәмила жапа­лақ­та­ған қарға қарамай, қатты жү­гіріп келеді екен. Сәлемдестік. Кө­ңілі көтеріңкі көрінді. “Ағай, Жол­дауды оқыдыңыз ба?” — деп қоя­ды. “Оқыдым”. “Сонда бар ғой. Байқа­дыңыз ба?” “Нені?” “Отыз пайызға дейін қазақстандықтар бұ­қаралық спортқа тартылуы керек деп жазыл­ған ғой Жолдауда”, — деді Жәмила. Сөйтіп, сол күні сол қыз шеші­лің­кіреп, біраз әңгіме шертті. Таң­ер­теңгі таза ауада, күнде дерлік, жүйелі түрде жүгіруіне бір жағдай қат­ты әсер етіпті. Қайбір жылы облысқа әкім боп келген Өмірзақ Шөкеев опера және балет теа­трын­да жастар өкілдерімен кездесу өткізген-тұғын. Ол кезде Жәмила ОҚМУ-дың студенті екен. Курстас жолдасы облыс әкіміне сұрақ қой­ып­ты. “Шымкентте нешеме кере­мет-керемет спорт залдары, фитнес клубтар, жүзу бассейндері, ертегі­дегідей үй-жайлар мен бөлекше бөлмелер көбейді. Бірақ бағалары өте-мөте қымбат. Студенттер мен жастар үшін төлемақыны төмендету жолдарын қарастыруға болмай ма?” — депті. Сонда Өмірзақ Естайұлы сәл-пәл жымия әзілдейтін әдетімен бүй депті: “Сендер ондай-ондай ға­жайып ғимараттар мен бөлекшелеу бөлмелерге қызықпаңдар. Әуес болмаңдар. Неғыласыңдар оларды. Шымкент — жып-жылы, жайлы қала. Көшеде, таза ауада, ашық алаң­да жүгіріп, доп ойнап, рахат­та­на шыныққанға ештеңе жетпейді. Әлгі кереметтей көрінетін зал­дар­дың ішіндегілер қайта сендерге қызығады. Шіркін, денсаулығым далада жүгіріп-секіруге жараса ғой деп армандайды. Іштерінен. Өзім де өмір бойы ашық далада шынығатын адаммын”. Өмірзақ Шөкеевтің сол пікірі сенімді сезілгені, иланымды естіл­гені сондай, ертеңіне-ақ Жәмила жүгіруге шығады. “Содан, сенесіз бе, аға, үш жыл­дан астам уақыттан бермен қарата жүгіріп келе жатырмын”, — дейді Жәмила қыз. “Тұтынушылық түсінік, патер­на­листік пиғыл дейсіз бе, олар біздің аудан-ауылда да тұтасып тұр ғой әлі, — дейді Кемербастау ауыл­дық атырабының әкімі Гүлхан Нұр­тайқызы елең етіп. — Сіз мысал үшін келтіріп отырған Жолдас аға­мыз сияқты кісілер де баршылық. Ол кісінің көршісі секілділер көбірек. Әлі баяғыша, біреу әкеліп беретіндей күтіп, қимылдауға ерініп отыратындар аз емес. Мәселен, “Жол картасына” байланысты дә­не­керлеуші, электрші, шаштараз сияқты бірталай мамандықтарды тегін оқып меңгеріңдер, тірлікке икемделіңдер деген әңгімеге илік­пей, жалған намыстың жетегінде жүргендер жетіп-артылады. “Оқы­ған­мен, жұмыс орнын ашып бере аласыңдар ма?” деп тергейді. “Бір­ден бәріне қарық қылмаспыз. Өз­де­рің ұмтылсаңдар, біз көмек­тес­сек, бірте-бірте болады”, десек “тер­геушіңіз” теріс айналады. Рас, өзімізде де кемшілік жоқ дей ал­май­мыз. Мүмкін жеріне жеткізіп, көкейлеріне қондырып ұғындыра алмаймыз ба, қайдам ...”. Гүлханның сөзінен шығады, об­лыс­тан аудандарға, аудандардан ауыл­дарға Жолдауды насихаттап, түсіндіруге топ-топ болып барып жа­тамыз. Кейде байқаймыз. Аудан­дардың әкімдері, олардың орын­ба­сар­лары немесе насихаттық-ақпа­раттық топтардың кейбір мүшелері көбінесе қарапайым адамдармен “тіл табыса” алмай жатады. Қазіргі заманда сөзуарлықтың, көсемсіген шешендіктің тіпті де қажеті жоқ. Ең алдымен білім-білік, талдап-та­ра­зылау талғамы, қарапайым адам­дардың көкейіндегіні дөп басар аңғарымпаздық, жағдайды жан-жүрекпен сезінбек сергектік керек шығар. Осы орайда облыстардағы ішкі саясат басқармалары кадр­лары­ның сапалық деңгейі ойға қалдырады. Екі жылдай уақыт бұрын біз “Егемен Қазақстанда” жарияланған “Ішкі саясат. Үш уәлаят. Не жетіспейді?” деген мақа­ламызда біраз мәселені қозғаған едік. Қызылорда, Жамбыл, Оңтүс­тік Қазақстан облыстарының ішкі саясат басқармалары жыл сайынғы жолдауларды жан-жақты насихат­тау­да жаңашылдыққа, жарқын жа­сампаздыққа, өзге өңірлерге өнеге боларлықтай ұмтылыстар мен құл­шыныстарға жете алмай отырғанын жазғанбыз. Үш уәлаятта да ішкі сая­саттың қанат қарымы қамты­ма­ған қаракөлеңкелердің аз еместігін аңғартқанбыз. Сол көлеңкелі жағ­даяттар әлі де онша азая қойған жоқ. Патерналистік пиғыл осы ішкі саясат саласындағы облыстық, қа­ла­лық, аудандық буындарда басы­мырақ байқалады. Көпшілігінде ұйымдастыру техникасы жеткілікті. Компьютерлер керемет. Монито­ринг жүріп жатыпты. Акциялар, іс-шаралар шаш-етектен. Бірақ, бә­рі­бір, жанды, жалынды жұмыстың жетіспейтіндігі күнделікті өмірден көрініп қала береді. Ақпараттық талдаулардың, есептердің көбі бұ­рынғы жылдардағыларды қайта­лай­ды. Жолдауды насихаттамақ мақа­лаларға дейін тартымсыз, жасанды, жаттанды жазылады. Басқармалар­дың, бөлімдердің басшылары, орын­басарлары, қызметкерлері халықтың қалың ортасында, алыс ауылдарда, қиян қыстақтарда, ша­һарлардың шет-шелшең шағын аудандарында мүлде дерлік бол­майды. Жылдар бойы. Қарапайым жұртшылықтың, жастардың ал­дын­да сөйлеуге, саяси экономикалық, мәдени-рухани талдамалар жасап, біліктілігімен баурап алмаққа шор­қақ. Көбінесе оларды құтқаратын ға­лымдар мен мамандар, зиялы қауым өкілдері. Олар-дағы оқта-текте, тиісті топтардың құрамында ғана шығып, бірді-екілі, белгілі жерлерде ғана әңгіме айтып қайтады. Патерналистік пиғылдан жастар жағы да арыла алмай жатыр-ау. Бұрынғы бойкүйездік, өзің өрше­ле­не өрге ұмтылып тындыруға тиісті міндеттерді өзге біреу істейтіндей көретін енжарлық, немқұрайдылық сияқты сырқаттарға бүгінгі ұрпақ­тар­дың да жиі шалдығатыны не­ліктен? Жақында ғана “Нұр Отан” ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ұласбек Сәдібеков бір басылымның тілшісіне сұхбат бе­ріп, ауыл жастары арасында партия ұйымдары мен өкілдерінің жары­тымды жұмыс жүргізе алмай келе жат­қанын мойындады. Әсіресе, “Жас Отан” жастар қанатының қол­ға алған нақты істері жоқтың қасы. Патерналистік пиғылыңыз­дың дерттей деңдеген жақтары осы маңайларда қалың-ақ сияқты. Бі­рін­ші орынбасардың ащы шын­дықты ашық айтқанына рахмет. Енді іс барысы оңалатын шығар деп түйдік. Тағы бір жағдайды келтіре кет­кен жөн. Кейбір әкімқараларыңыз республикадан бөлінген қыруар қаржыға, Жолдауды жүзеге асыр­мақ мақсаттарға, “Жол картасына” орай орындалған міндеттерді жеке өздері тындырғандай көрінуге құ­мар, жаңа объектілердің лентала­рын қиғанда солай сездіргісі келе­ті­ні байқалып қала береді. Сөйтіп, жергілікті мүмкіндіктерді жұмыл­дыру арқылы атқарылар тірліктер үшін де облыстан, республикадан қыруар қаржылар сұрап, былайғы бұ­қараға жақсы атанып, қиындық­тар­дың бәрін сол мәселелерге сүйеп қоймаққа әуес. Жөні келсін мейлі, келмесін мейлі жоғарғы жақ­тардан тілемсектеніп, сұрамсақтана берушілік те – патерналистік пиғылдың бір көрінісі. Осы Оңтүстік Қазақстан облысының тұңғыш әкімі Марс Үркімбаев, обалы нешік, өзіне өзі сын көзімен қарайтын, өте ізденгіш кісі еді. Елбасымыз өзгешелігі өте-мөте мол, күрделі өңірге жетекші­лік жасамаққа жіберерде: “Сіз СССР-да тұңғыш рет шаруашылық есепке көшкен жоғары оқу орнын құрдыңыз. Қазақстанда алғаш мәрте қаржы-өнеркәсіптік топты өмірге әкелдіңіз. Ал енді Оңтүстікте өзгеше әрекеттерді бастаңызшы. Көрейік”, – депті. Марс Фазылұлы шын мәніндегі жаңашыл, патриот, жұртының жағдайына жан-жүрегі ауыратын абзал әкім бола білді. Ең әуелгі жиналыста патернализмнің кез келген көріністерімен күресіп, жылдамырақ арылу керектігін айрықшалап-ақ айтқан-ды. Қайта-қайта қайталап, талапшылдықты рынок заңдары арқылы қатайт­пақ­қа ұмтылды. Экономикалық, ры­нок­тық білім-білікті көтермекке, кадрларды солай тәрбиелемекке құлшынды. Ішкі саясат жағына ерек­ше қарап, ақпараттық-талдама­лық арнайы топ құрды. Индустрия­лық-инновациялық, инвести­ция­лық ізденістері таңғаларлықтай-тұғын. Көптеген басшылар мен қос­шылар, тіпті тұңғыш әкімнің ең жақын айнала-төңірегі де оның жаңашылдығын, бастамашыл­ды­ғын, ғалымдық кемелдігін түсін­беді. Түсінгісі келмеді. Жан аямай жәрдемдесіп, жан қинағылары келмеді. Әйтпесе, осыдан он сегіз жылға жуық уақыт бұрын-ақ Марс Үркімбаев тамшылатып суаруды қолға қызу алған-тұғын. Өнеркәсіп­те, ауыл шаруашылығында, одан басқа да бірқатар батыл, жаңаша жол-жобалар бастаған-тұғын. БАҚ-тар сондай әкімге соншалықты қолдау көрсете алмады. Журналис­тер­дің білім-білік деңгейі жетіспеді. Таптаурынға тартып кете берді. Талдауда шорқақтық көрсетті. Ке­рісінше, көп ұзамай-ақ, тамшыла­тып суаруды, тағы басқа жаңалық­тар­ды кекетіп-келемеждеп көрсете бастады. Енді, міне, қаншама уақытты ұттырып, қайта қолға алынған там­шылатып суаруды тамсанып, та­мыл­жытып жазып, таңырқай теле­дидарға түсіріп, жан-жақты жарқы­рата насихаттап жүрміз. Әрине, Марс Үркімбаев мырза­ның кемшіліктері мен қателіктері болмады дей алмаймыз. Аса аңғал­дау, адалдау, ақкөңілдеу болған да шығар. Бәзбір нәрселерді тым-тым ертерек бастаған болар, кім білсін. Алайда, оның озық ойлылығы талассыз-тұғын. Сол әкім Шымкентіңіздің жа­нынан таңғажайып Академқалашық жоспарлап, жартылай бітіріп те қой­ған еді-ау, қайран-ай. Жарты жыл­дай тұра тұрғанда сол ғажайып ғылыми орталығыңыз бітіп те қала-тұғын еді. Обал-ай. Марс Үркім­баев­ты Марс планетасынан кел­гендей күйге жеткізіп, отставкаға кетіруге мәжбүрлеп тынғанда ғана тыншу тапқанымыз-ай. Ал Ака­дем­қалашықты ше? Жан-жақтан жау­дай тиісіп, жайраттық. Жар­тылай бітіп тұрған жақсы тірлікке титім­дей жанашырлық танытпадық. Тап­падық. Жан-жүректерімізден. Біраз жыл иесіз, қараусыз қалдырып, әдейі тоздырдық. Қираттық. Заң­ғар-заңғар коттедждер салып алдық-ау ақырында. Енді азырақ ойға салыңызшы. Академия қалашығы – ғажайып ғы­лыми орталық сол жылдары өмір­ге келіп үлгергенде ше? Керемет болар еді ғой. Қазір қай-қай өңірден де заманауи ғылыми-технологиялық орталықтар ашу қажеттігін уақыттың өзі талап етіп отыр емес пе? Жаңа Жолдаудағы айшықты арналардың бірі де осыған саяды емес пе? Ал біз сол кезде не істегенбіз? Десеңізші. Ал­ғашқы әкіміміздің өзге де өркенді бастамалары қазір қайтадан қолға алынып жатқанына қалайша риза болмайсыз. Сол әкіміңіз сол кездің өзінде патерналистік пиғылдың қандай құбылыстарынан да жылдамырақ арылмақты, қай-қай буындағы тұтасқан түрлерінен де тезірек айықпақты аңсай-тұғын. Жолдау жөнінде алыстағы ауыл­ға барып, Жолдас досқа жолы­ғып, сыр шертісіп, ертеңіне Жә­ми­ла қарындаспен әңгімелескеннен кейінгі көкейімізге келіңкіреген жағ­даяттардың бірқатары осылар еді. Шымкент.