24 Маусым, 2012

Пономаренко сонда не айтқан еді?

609 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Пономаренко сонда не айтқан еді?

Жексенбі, 24 маусым 2012 12:26

Мәселе  Жамбыл өлеңде­рінің терең мәнінде. Жамбыл өлеңдері ғажап туынды, мағы­налы, ғасырлық ойларды толғайтын құнды сөздер. Олай болса, мәселе тек ұйқастық формада емес. Басқада. Жамбыл  өлеңдері гранит, ал әлгі ақындар сол гранитті қашап, жыл­тыратты, көпке жеткізді деді.

 

Жексенбі, 24 маусым 2012 12:26

Мәселе  Жамбыл өлеңде­рінің терең мәнінде. Жамбыл өлеңдері ғажап туынды, мағы­налы, ғасырлық ойларды толғайтын құнды сөздер. Олай болса, мәселе тек ұйқастық формада емес. Басқада. Жамбыл  өлеңдері гранит, ал әлгі ақындар сол гранитті қашап, жыл­тыратты, көпке жеткізді деді.

Жұрт аузында осы күнге дейін: “1954 жылғы П.К.Пономаренко айтқан сөз ғажап еді. Республика зиялыларының алдында жасалған  сол баяндаманы  қазір  тауып алып, газетке жарияласа ғой, шіркін!”– деген пікірлер ара-тұра айтылып қалады.  Осыдан болар,  Тың игеру басталғанда Қазақстанға бірінші  басшы болып келген ол кісінің аталмыш сөзін  біз көптен бері мұрағаттардан жалықпай іздестірумен  келеміз. Бірақ,  өкінішке қарай, баяндама баспасөз беттерінде жарияланбаған, мәтіні еш жерде сақталмаған.  “Оның басты  себебі, Пантелеймон Кондратьевич ел алдында  қағазға   қарамай,  ауызша сөйлеп еді және  ол басқосу Орталық Комитеттің пленум, бюро  сияқты ресми жұмыс шарасы емес, ұлт зиялыларымен ашық әңгіме  болатын. Мүмкін содан да тасқа басылып, таспаға түспеген шығар”,– дейді білетін адамдар.

Осыдан кейін біз іздестірудің екінші бір түріне көштік.  Ол – сол жиынға қатыс­қан жандарды анықтап, тауып: “П.К.Пономаренко сонда   не айтып еді?”– деген сауалға жауап бергізу дер едік. Төменде  сіздердің назарларыңызға міне, сондай  бір автордың естелігі ұсынылып отыр, құрметті оқырман. Егер редакцияға  бұл тақырыпқа үн қосып, оны толықтыратын ардагерлер хаттары келіп жатса, құба-құп.

1954 жылғы тамыз айының бас кезі. П.К.Пономаренко мен  Л.И.Бреж­­­невтің Қазақстанның эконо­микасын көтеру үшін ақпан айынан ар­­найы  Алматыға жұмыс істеуге жібе­рілген уақыты. Өйткені сол  жылдың басынан елімізде тың жерлерді игеру қозғалысы басталған  болатын. Біреуі Қазақстан Ком­партиясы   Орталық  Комитетінің бірінші, екіншісі – екін­ші хатшы болып қызметке  кіріс­­кен.  Оның үстіне П.К.Поно­маренко КОКП Орталық Комитеті  Президиум мүшелігіне кандидат болатын-ды. Бұл соған дейінгі Қазақстан  тарихындағы басшылық жұмыс атқарған ең үлкен лауазымды адам  еді. Сөйтіп,  респуб­ли­када қызу жұмыстар  жүріп жатты. Алма­тыдан,  басқа қалалардан тың игеріліп жатқан аудандарға көптеген мамандар жіберілді.

Бір күні Алматыдағы Опера және балет театрында интел­лигенттер жиы­ны өткізілетін болды деп естідік. Мен ол  кезде ғылым кандидатымын, акаде­мияда жұмыс істеймін. Біздің филосо­фия секторы сол кездегі құрылым бойынша  Ш.Уәлиханов атындағы Тарих,  археоло­гия және этно­графия инс­ти­т­утына кіретін. Институттың  партия ұйымының хатшысы А.Н.Нү­сіп­беков, ал мен оның  орынбасар­лығына сайлан­ған­­мын. Қазақстан Ғылым академиясының коммунистері есепте тұратын Фрунзе ауданында, қалада өткізілетін түрлі  жиын­дарға баратын көбіне мен болатынмын. Бұл жолы да солай  болды.

Театрға келсем, зал қатысу­шыларға лық  толыпты. Ине шаншар бос орын жоқ. Партердің орталау жерінен бір орын тауып отырдым.  Жиналыс баста­лып та кетті. Сөз П.К.Понома­ренкоға  берілді. Бұл орта бойлы, қасқа маңдай, сырт пішіні орнықты, бет әлпеті дана адамға ұқсас, жүріс-тұрысы нық, әр сөзін асықпай шегелеп айта­тын кісі сияқты көрінді. Сөйлеген сөзі ара­сында жиы­рма ми­нөттей үзілісі  бар, жиын төрт сағаттан астам уақытқа созылды. Бі­рақ, айтылып жатқан  ой­лар­ды  келгендер жалықпастан, тым-тырыс тың­дады. Сөй­леген сөзінің бір  ерек­ше­лігі: ол кісі бұ­рын қалып­тасқан дағдылы әдіс­пен күні бұ­рын жазылған текст бойын­ша оны оқу мә­нерімен емес, еркін ой­лау арқылы пікірін  тілмен жеткізіп, қолындағы блокнотқа анда-санда қарап қойып, кісі аттарын, басқа фактілерді анықтап, сөйлейтін сөзін жүйелеп тұрды. Біздерге сонда бұл әдіс ерекше әсер  қалдырған-тын.

Сөз басында  П.К.Поно­ма­рен­ко КСРО-да астық  мәселесін біржолата шешуде Тың  игерудің маңызына, оның ішінде  Қазақстанның алатын орнына ерекше тоқталды. Ол үшін бүкіл­одақтық қозғалысқа барлық республикалардың жәрдемі қажет екенін, оның ішінде Ресей, Украинадан адам, техника жағынан орасан зор көмек келіп жатқанын үлкен ризашылықпен атап айтты. Сөз арасында, мәселен, ХІХ партия съезі жүріп жат­қанда Президиумда  отырған И.В.Ста­лин Ж.Шаяхметовты қасына  шақы­рып алып,  Қазақстанда тың  және тыңай­ған жерлерді егін үшін игеру жұ­м­ысын бастау керек екенін айтқанын еске салды.  Бірақ, бұл жұмысты сол кездегі Қазақстан басшылары жүргізе  алмады, өйткені мүмкіндігі жеткіліксіз болды, Республиканың  шамасы жетпейтіні байқалды. Сондықтан КСРО өкіметі бұл істі  бүкілодақтық қозғалысқа айналдырды, деді П.К.Пономаренко.

Бұдан кейін ол Қазақстанның бұ­рынғы басшылары жіберген  кеміс­тіктер мен олқылықтарға тоқталды. Сөзінде  Пантелеймон Кондратьевич Қазақстан тек табиғат байлығына, кен көздеріне мол  келешегі зор  респуб­лика ғана емес, сонымен қатар мәде­ниеті жоғары, өсіп жеткен  кадрларға жеткілікті республика екенін атап айтты.  Бірақ осы  байлық­тарды пайда­лануда, оларды жөнге кел­тіріп жұмыс ұйымдастыруда ел басшыларының өресі жетпегенін еске  салды.  Сталин айтқан ғой, деді сөзінде шешен, “істің тетігін  кадрлар шешеді” деп. Шынын­да да солай. Сталин көп­теген кадрлар­ды жойды, зиян келтірді десек те өзі ұнатқан  мамандарды  сақтап, бағалай білді. Өмірдің  қай саласын алмайық:  өндірісте, ауыл шаруа­шы­лығында, әскери істе,  мәдениетте Сталин өсір­ген кадрлар барлығы дерлік талантты  болып шықты. Біреуі  кездейсоқ бол­мады,   олқылық танытпады. Мәсе­лен, 24 жасар Күләш Байсейітова 1936 жылы К.С.Станис­лавский, В.Н.Не­мирович-Данченко, А.В.Неж­данова сияқты өнер тарланда­рымен қатар Кеңестер  Одағының халық әртісі құрметті атағына ие болды. Басқа ірі  өнер саңлақтары Г.С.Уланова, Н.К.Чер­касов,С.Я.Лемешев, И.С.Коз­ловскийлер Күләш Байсейітовадан кейін оншақты  жыл өткенде ғана барып бұл  құрметті атаққа жете алды. Сонда, осы кездейсоқтық па еді, дей келіп, әрине, кездейсоқтық емес, заңды құбылыс екенін айтты. Қандай мә­се­ле болмасын Сталин әбден ойлап, пікірін мемлекеттік тұрғыдан шешіп айтатын, кадрлар солай тәр­бие­ленді деді. Ал, Қазақстан бас­­шы­лары ата­ғы әлемге жайылған ға­жап тарихи тұл­ғалар: ака­демик-геолог Қ.И.Сәт­баев пен жазушы-ға­лым М.О.Әуе­зов сияқты да­рын­ды ұл­да­рын қолында ұстай алмай,  бағалай  білмей,  қыс­пақ қөрсетіп, тентіретіп жіберді деді.  Біз енді ол  дарын­дарды қай­тадан респуб­ликаға шақыр­дық, олар қазір өз жұмыстарын атқа­руда. Мәселен Қ.И.Сәтбаев бұрын Қазақстан Ғылым акаде­миясы Президенті болғанын айтпақпын дей келіп, Ә.Қана­пин­ді атады. Ол КОКП Орталық Комитеті жанын­дағы Қоғамдық ғылымдар  акаде­миясын бітіріп келген соң, жергілікті басшылар бұл кісіні  жұмыс­сыз қалдырыпты.  Аталып отырған адам  Мәскеудегі академияға барғанша Алматы облыстық  партия  комитетіне  бірінші хатшы болған. Сонда оның жазығы не,  ол жағы белгісіз. Біз оны да жұмысқа шақырдық, деп көп мысалдардың бірі етіп айтып өтті. Содан кейін Ә.Қанапин Мәдениет министрі болып біраз жұмыс атқарды.

Аса ілтипатпен аталғандардың ішінде П.К.Пономаренко Төлеген Тәжібаевқа тоқталып, кезінде ол өзінің іскерлігі, білімділігімен А.Я.Вы­шинский сияқты В.М.Молотовпен бірге АҚШ-қа барып, Нью-Йоркте біраз уақыт  болып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Ассамб­леясына құжаттар  дайындауға қатысып, керемет қабілет­тілігін  көрсетті,  құрмет­ке ие болды, қазақ халқының мақтанар ұлдарының біріне  айналды деді. (Сондықтан да болар, кейін бір жылдан соң П.К.По­номаренко Үндістанға КСРО-ның Төтенше және  өкілетті елшісі болып барғанда, өзімен бірге Т.Тәжібаевты ала кетіп, оны консулдық дәреже қызметіне тағайындаттырды).

Пантелеймон Кондратьевич сөз арасында ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбылға тоқтай келіп,  оның ғажап, суы­рып салма ақын болғанын айтып, бұл кісінің басқа өлеңдерін былай қойғанда “Ле­нин­­град­тық өрендерім” өле­­ңін немен салыс­ты­руға болады, жауға жасалған жойқын соққылардың бірі осы болған жоқ па деді. Біз Қазақстанға  жұмысқа келгеннен кейін маған да, Л.И.Бреж­невке де сұ­ра­нып қабылдауға келгендер болды. Солар­дың ішінен   Жам­был ақын емес, жай сауатсыз, қара­дүрсін адам. Оның атынан өлең шығарған оның Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев деген хат­шылары болды деген адамдар болды.  Осылай деп айтқандардың атта­рын қазір атамай-ақ қояйын, бірақ біз олардың солақай  пікірлеріне қосылмайтындығы­мызды білдірдік. Өйткені, қазір  арамыз­да Жамбыл жоқ,  бірақ әлгі ақын­дар бар. Олар да, дау­кестер де осы залда отыр. Егер, Жам­был­дың аты­нан өлең жаз­ған әлгі аты  аталған ақын­дар бол­са, неге олар Жам­был­дың өлеңде­ріндей өлең жаз­­бай­ды, көзім же­те­ді жаза да ал­майды. Әрине, Жамбыл өлеңдерін әлгі ақындар қағаз­ға түсірді, оны Павел Кузне­цов орыс тілі­не аударды. Жамбыл  өлең­­дерінің ке­йбір жер­лерін олар өңдеген де шығар, бірақ, мәселе онда емес. Мәселе  Жамбыл өлеңде­рінің терең мәнінде. Жамбыл өлеңдері ғажап туынды, мағы­налы, ғасырлық ойларды толғайтын құнды сөздер. Олай болса, мәселе тек ұйқастық формада емес. Басқада. Жамбыл  өлеңдері гранит, ал әлгі ақындар сол гранитті қашап, жыл­тыратты, көпке жеткізді деді. Ендеше Жамбылды жамандап келгендер деңгейі төмен, таным шеңбері тар адамдар деп есептеймін деді. Әркім өз алтынын бағалай білуі  керек екенін еске салды.

П.К.Пономаренко бұдан кейін, тың игеруге байланысты  ауылшаруа­шылық мамандары, әсіресе,  ылғалы аз жерлер­де егін егудің   мәнісін біле­тін адамдар көп болуы керек деді.  Сөйт­ті де  ауыл шаруашылығы  инсти­тутының кадрлар дайындаудағы рөліне тоқтап, оның  ректоры Ә.Жұматов осы залда отыр дей бергенде қызық  оқиға болды. Ол кісі біздің  қатардан  орын алған-тын. Театр іші  қапырық тартып ысып кеткендіктен  Әубәкір аға  қал­ғып отыр еді. Аты аталғанда  шошып оянып, орнынан қарғып  тұрғаны. Бұған  отырғандар ду ете түсіп, күлкіге  батты да қалды.

Сөз  соңында П.К.По­но­марен­ко­ның айтқаны:  Қазақстан жазушыла­рының бірінші  съезі 1934, екіншісі 1939 жылы өткен екен. Содан бері 15 жылдай уақыт болыпты. Біз жазу­шы­лардың үшінші съезін өткізуге келістік. Бірақ оған одақтағы басқа да респуб­ликалардан  белгілі  қаламгерлерді шақыру керек. Олар келіп республика­мен таныс­сын, атқарылып  жатқан істерді көзімен көрсін. Ел Қазақстанды М.Әуезов романы арқы­лы ғана біледі. Ол халықтың бұрынғы өмірі,  енді сол  ха­лықтың бүгінгісін өз елдеріне жет­кізсін деп ұйғардық деді. Кейін сол  жа­­зу­шылардың үшінші съезіне Ми­хаил Шолохов, Леонид Соболев, Мұс­тай  Кәрім, Берді  Керба­баев ша­қы­рыл­ды-ау деймін. Әйтеуір ол үлкен бір келелі жиын болып өткені есіміз­де.

П.К.Пономаренко  Қазақстанда бір жылдай ғана  қызмет атқарды. Сөзімен де, ісімен де жақсы әсер қалдыр­ды. Бірақ басқа жұмысқа ауысып кетті. Оның себебін кейінірек байқағандай болдық. Сол кезде  бізбен жақын араласып тұратын лауазымды  бір кісі  (ол ағамыз қазір де  бар, зейнеткер) әңгімелесіп  отырғанда  айтқан еді. “Бір күні,–дейді ол кісі,–  Л.И.Бреж­невтен жоғарыға жіберілетін шифровка түсті.  Онда ол П.К.По­номаренко әрбір сөйлеген  сөздерінде Сталиннің атын  жиі айтып, оны данышпан деп бағалайды, ал Хрущев есімін сирек қолданады. Сірә, Хрущев бастаған тарихи бетбұрысты ол түсінгісі келмейтін болса керек деген ұйғарым туындайды”,–  делінген болатын-ды.

Содан көп ұзамай П.К.Понома­ренко Үндістанға, елшілікке, одан кейін  басқа  жұмыстарға ауысты­рылды. КОКП  Орталық Комитеті Президиумы мүшелігіне  кандидат­тығынан кетті, төмендей берді.  Ал Л.И.Брежнев жоғарылай  бастады. Сірә, бұл да тегін  болмаса керек. Өйткені  ол кездерде екінші  басшы болған адам Кремльдің “құлағы мен көзі” деген  пікірді батыс  идеологтары біздің  елге байланысты жиі айтатын.  Жазып та жататын.

… Ойлап қарасам, содан бері 48 жыл уақыт өтіпті. Ескертіп айта кетейін, мен күнделік жүргізген адам емеспін. Сондықтан  ойымда не қалды, соны ғана жазып отырмын. Кейбір  пікірлерді ұмытқан  да шығар­мын. Бірақ сол жиында айтылған әңгімелердің ұзын-ырғасы  жалпы  осындай. Біле білсек, бұл да өткен өміріміз  ғой. Оларды да еске алған,  елдің есіне салған жөн деп ойладым.


Досмұхаммед Кішібеков,

профессор.

Алматы.
24 сәуір 2002 жыл.