Солтүстік өңірдегі 135 қақтығыс. Бұл тың игеру жылдары көрініс берген еді
Дүйсенбі, 25 маусым 2012 0:47
1954 жылдың 25 тамызында келгендердің училищеде оқитын Виктор Сазонов дегені бір жолдасымен жесір әйелдің үйінде арақ ішеді. Әйелдің жас қызы бар екен, соны ұйықтап жатқан жерінен оятып, зорламақшы болады. Қыз бала көшеге қашып шығып, жұртты көмекке шақырып, шу көтереді. Естігендер көмекке жүгіріп, аң аулайтын мылтықпен Сазоновты атып тастайды.
Дүйсенбі, 25 маусым 2012 0:47
1954 жылдың 25 тамызында келгендердің училищеде оқитын Виктор Сазонов дегені бір жолдасымен жесір әйелдің үйінде арақ ішеді. Әйелдің жас қызы бар екен, соны ұйықтап жатқан жерінен оятып, зорламақшы болады. Қыз бала көшеге қашып шығып, жұртты көмекке шақырып, шу көтереді. Естігендер көмекке жүгіріп, аң аулайтын мылтықпен Сазоновты атып тастайды.
1994 жылы жаздың бір күнінде С.Сейфуллин атындағы кітапхана қызметкерлері менің “Ауылым – атамекенім” атты кітабымды Америкадан келген Индиана штатының Бюлменгтон университетінің біздің елді зерттеушісі М.Поль дегеннің алып кеткенін айтты. Қазақша кітапты ол қайтеді екен деген ойда болдым да қойдым. Содан екі жыл өткеннен кейін, 1996 жылы қыркүйек айының басында ол өзі маған келіп тұр. “Мына кітабыңыздың ішіндегі жазған жерлеріңізді маған көрсетесіз бе?”– дейді.
Қысқасы, кітапта жазылған жерлерді көрсетуге, ел тарихынан білетіндерімді айтып беруге уәделесіп, жолға шықтық. Екі күн бойы бірсыпыра жерлерді мәшинемен араладық. Есіл бойындағы ұсақ көлдердің кейбіреулерін Сарыарқаның даласы жетпегендей тың көтеру кезінде жыра канал қазып, суын өзенге қосып жібергендерін көрсеттім. Ол “Сарыкөл” мен “Елтоқ” көлінен шыққан жыраларды суретке түсіріп алды. Табиғаты бай жерге орналасқан, бұрын қазақша мектебі болған қазақ ауылдарының елсіз қирап қалған жұртын суретке түсірттірдім.
Бодандықтың зардабын шеккен негізгі ұлттың тағдырын түсіну үшін қандай тарихшы және демограф ғалымдардың еңбегімен танысу керек екенін айттым. Көптеген басқа да әңгімелер болды. Ол бірінші келген жылында алдымен маған кездеспегеніне өкінішін білдірді.
Кетерінде “Ауылым – атамекенім” кітабының өзімдегі бір данасын автографпен сыйға тарттым. Қуана-қуана алып кетті. Менің хат жазып тұруымды өтінді. “Қай тілде жазсаңыз да маған бәрі бір” деген еді. Сөйтсем ол қазақ тіліндегі кітаптарды түпнұсқада пайдалану үшін 6 ай өздерінің университетінде қазақ ұстазынан дәріс алып, қазақша сөйлеу, оқу, жазуды меңгеріп алыпты. Бір күні маған “Сәлеметсіз бе, қадірлі Клара апай?” деп бастап жазған хаты келіп тұр. Бірақ мен КПСС, КГБ тұсындағы үркітушілік әбден меңдеп алған сорлы басым, оған жауап хат жазбай қойдым.
Сонда да ол 1999 жылы жазып бітірген 470 беттік көлемді монографиясына менің атымды енгізіпті. “Ауылым – атамекенім”, “Аза тұтар ардағымыз” атты кітапшамды, басқа да жарияланымдарымды пайдаланғанын көрсетіпті.
М.Поль өз зерттеуінің мақсаты Ақмола жерінде орналасқан әртүрлі ұлттардың тың көтеру кезінде бір-біріне деген көзқарасы және әлеуметтік тұрғыдан қандай болғандығын анықтау екенін айтқан еді. Мен мәселені толық түсіну үшін тым болмаса ХІХ ғасыр тарихынан бастау керегін, тыңгерлер айтып жүргендей, бұл аймақ “бос жатқан жер” болмағанын, дуанға бөлген кезде Ақмолаға қараған жерде 3576, Атбасар жерінде 2503 ауыл болғанын құлағына құйып үлгерген едім. Сонымен ағылшын тілінде жазылған монографиядан аздап аудартқанымды баяндап көрейін. Мысалға келтірілген оқиғалар осы аймақтың әр елді мекеніне тән. Сол заманда бір Бозайғыр жерінде болған оқиға осы өлкенің әр поселкесінің басынан өткеніне мысал бола алады.
Соғыс жылдарында Сталин Еділ бойындағы немістерді аударып әкеліп, осы өлкенің колхоз болып отырған қоныстарына таратқаны белгілі. Солардың бірсыпырасы осы Бозайғырға да жайғастырылды. Бұлар немісі бар, майдан шебінен әкелген орысы бар 250-300-дей адам, артынша 40-шақты чешендер мен ингуштердің отбасын әкеліп үйді. Сонымен осы мезгілдің өзінде өлке халқының төрттен бір бөлігі жаңғыртылған. Бұл деректерді осы өлкені 5-6 жыл бойы зерттеген М.Поль өз еңбегінің 327-бетінде көрсетеді.
Тың игеру кезеңінде Елизаветинка деп аталатын Бозайғырда орта мектеп, клуб, кинотеатр, асхана сияқты қажетті мәдени орындар салынып, жұмыс істеп тұрған. Астық құятын элеватор, “Бозайғыр МТС-і” деп аталатын мәшине-трактор стансасы болған. Ауыл шаруашылығы үшін механизатор дайындайтын №47 училище жұмыс істеген.
1954 жылдан бастап алғашқы тың игеруге қолдарына комсомолдың қызыл билетін ұстатып, 17 мен 24 жас аралығындағы, өз жерінде әртүрлі жағдайда жүрген жастарды көптеп әкеліп жатты. Кәсіптік мамандығы жоқ жастарды осындай училищелерде оқытты. Бозайғырдағы №47-ші училищеде оқитындар саны 344-ке жеткен.
Ерекше мәртебемен келген жастар өздерін тым еркін ұстап, әртүрлі жағымсыз қылықтарға барғаны сол тұста есі кірген осы елдің қазіргі ересектерінің есінде. Кейбір істері көз алдыңда. Естелікті айттырмағанның өзінде қағазға түскен деректер де жетіп артылады.
Сондай деректердің бірсыпырасын зерттеуші Поль де әртүрлі мұрағат құжаттарын ақтарып, өз монографиясына пайдаланыпты. Соның бірі осы Елизаветинкада болған оқиғаның кейбіреуін келтірейік.
1954 жылдың 25 тамызында келгендердің училищеде оқитын Виктор Сазонов дегені бір жолдасымен жесір әйелдің үйінде арақ ішеді. Әйелдің жас қызы бар екен, соны ұйықтап жатқан жерінен оятып, зорламақшы болады. Қыз бала көшеге қашып шығып, жұртты көмекке шақырып, шу көтереді. Естігендер көмекке жүгіріп, аң аулайтын мылтықпен Сазоновты атып тастайды.
Екінші қағаздалған үлкен төбелес 1955 жылы 7 қазан күні клубта жаңағы 344 студент пен жергіліктілер арасында болғаны тіркелген. Байырғы тұрғындар Александр Беспалов пен Марат Қостаевтар тобы студент атанып жүрген келгіндермен айқасқа түскен. Жағдай жақсы болмайтынына көзі жеткен Марат басқа облысқа ауысып кетуге мәжбүр болған.
Ерегіс тоқалмай 1954 жылы 11-12 желтоқсандағы сайлау күндерінде дайындалған буфеттегі арақтарға тойып алып, тағы да ие бермес төбелес басталады. Ақыры бұл қақтығысқа Мәскеу және Алматыдан МВД қарулы күштер бөлімшесін шақыруға мәжбүр болады.
Осындай жағдайлар “Тыңның эпицентрі” атанған Атбасардың №59 училищесінде де болған. 1954 жылдың 18-19 желтоқсан күндерінде жүздеген адам қатысқан қақтығыстар болғаны тіркеліпті.
Атбасар ауданының Красносельский (Мариновка) елді-мекенінде 1956 жылы 11 қарашада Яковенконың бастауымен бүкіл ауылды трактормен қоршап қойып, ауыл адамдары қолдарына тас, темір ұстап қаруланған үлкен қақтығыс болғанын, 1954-1957 жылдар арасында Жалтыр темір жол стансасында, Колутонда, басқа да жерлерде ұйымдасқан қақтығыс болып тұрғаны анықталған (340-343 беттер).
Толық зерттеймін деген адам болса Ақмола облысының партия және облыстық мұрағаттарынан да бірсыпыра дерек ашылмақшы.
Алғашқы келгендердің бірсыпырасы сол жылы қайта кеткеннен кейін, 1955 жылы келгендер қалталы болып, қақтығыстар қайта басталады. Хатталған құжаттарға қарап, қақтығысқа қатысушылар негізінен спецпереселендер, училищеде оқитындар, тыңгерлер деген тұжырым жасапты зерттеуші М.Поль. Тымақ киген қазақтарды жабайылар деп трактормен қуалау да сол кездің шындығы еді.
М.Поль 1954-1957 жылдар арасында осы өлкеде 135 ірі қақтығыстар болғанын, оның ішінде атыс — кісі өлімі де аз болмағанын өзі кездестірген құжаттар арқылы анықтағанын монографиясының 348-беттерінде көрсетіпті.
Клара ӘМІРҚЫЗЫ,
өлкетанушы.
27 ақпан 2002 жыл.