Әдебиет • 11 Қаңтар, 2019

Өз сынынан қорыққан драматург (2-бөлім)

1077 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Өз сынынан қорыққан драматург (2-бөлім)

«Шағала» мен «Ваня ағайдың» алғашқы сәтсіз қойылымынан кейін және газет-журналдар мен ең жақын достарының ауыр сы­нынан кейін «енді 700 жыл өмір сүрсем де, драматургияның есі­гін қайтып ашпаймын» деп пье­са жазудан бас тартқан А.П.Чехов сияқты Н.В.Гоголь де  «Ре­визор­дың» Петербургте, онан соң Мәс­кеудің Кіші театрындағы сәтсіз қойылымынан кейін ұзақ уақыт бойы драматургиядан қол үзіп кетті. Бір кездері «Драма сахнада ғана өмір сүреді, сахнасыз ол денесі жоқ жан сияқты» деп жаз­ған Гоголь, ол ойынан бертін келе бас тартқандай боп, пьесаны қойылу үшін емес, оқу үшін, яғни баспа бетінде жариялау үшін жазу керек деген қағиданы  ұстана бастады.

«Ревизор» мені қатты шар­шатып бітті» деп жазды көп­теген ауыр сыннан соң Гоголь. «Ре­визордың» оқиғасын сына­ған сыншылар: «Бұл оқиға Рос­­сияның қаласында емес, Украи­наның, немесе Белорус­сия­ның бір қаласында өтуі мүм­кін. Гоголь сол сюжет пен кейіп­керлерді Россия жеріне аудара салған. Бұл деген Россияға жа­былған жала» десе, авантюрист және карта құмар граф Ф.И. Тол­­стой (Л.Толстойдың немере­ ағасы) Гогольді «Ресейдің қас жауы, оны аяқ-қолына кісен са­лып, Сібірге айдау керек» деген ашу-ызаға толы пікір айтса, Ф.Ф.Вигель деген әдебиетші М.Н.Загоскинге жазған хатында: «Автор выдумал какую-то Рос­сию и в ней какой-то городок, в ко­торый свалил он все мерзости, которые изредка на поверхности настоящей России находишь... Я знаю господина автора: эта юная Россия во всей ее наглости и цинизме». Ал Ф.Б.Булгарин болса «Северная пчела» журналында жарияланған екі бірдей фельетонын «Ревизорға» арнап, Гогольді «Россияға жала жабушы» деген ащы пікір айтты.

Гогольді «жалақор», «бәле­қор», «Россияның қас жауы», «Ук­раинадағы былық-шылықты Ресейге әдейі аударушы» деген сияқты көптеген ауыр сындардан соң ол есін жыю үшін Россияны уақытша тастап шықты.

1836  жылы жазылған «Реви­зор­ды» ол 1842 жылы қайта редакциялап, толықтырып, бүгінгі қал­пына келтіріп, қайта бастырып шықты.

Шығарманың  дер кезінде әділ бағасын ала алмай, сыңаржақ сынның жемтігіне айналуы автор үшін қан­шалықты ауыр соққы боп тиерін Чехов пен Го­голь шығармаларының қиын да қиянатты тағдырынан анық көреміз. Егер ол шығармалар өз кезінде лайықты бағасын алып, қиянат пен қызғаныш құрсауына түс­пеген болса, бәлкім, ол авторлар  жан ауруы мен тән ауруына ертерек шалынбай, тағы біраз өмір сүріп, бұдан да күрделі, бұ­дан да көркемдігі жоғары шы­ғармалар қалдырар ма еді, қайтер еді деген ойға шомасың.

«Үйлену»

Гогольдің «Ревизоры» сыңар­жақ сын садағына көп ұшырап, мақтаудан гөрі даттауды көп ес­тіген болса, оның «Ревизордан» бұ­рынырақ жазылса да, кейі­нірек қойылған «Үйлену» комедия­сының басынан таяқ кетпеді. Гогольдің жақын досы, әйгілі ак­­тер И.И.Сосницкий: «Мұнда комедия дейтіндей комедия жоқ,­ сюжет деуге тұрарлық сюжет те жоқ» деп пьесаны жоққа шы­ғарғандай пікір айтса, басқа замандастарының айтуынша, «пьеса аяқталмаған, үйлену туралы жазыла тұра, финалда үйлену тойы жоқ» деген наразы пікір білдірушілер көп болды.

Егер «Ревизорда»  интрига мен характердің арасында белгі­лі бір тепе-теңдік сақталған бол­са, оның «Үйлену» комедиясын­да интригадан характердің ба­сы­мырақ тұрғанын көреміз. Гоголь «Үйлену» пьесасында реформаторлық ерекшелігімен көзге түсті. Оқиға мен кейіпкерлер арасындағы диалогтарда сюжетке қатысы жоқ боп көрінетін көріністер көбірек ұшырасады. Бұл әдіс драматургтың эпизодтық құрылымдарға енгізген өзінше жаңалығын замандастары пьесаның үлкен кемшілігі ретінде бағалады.

«Үйлену» пьесасы алғаш рет 1842 жылы оның шығармалар жинағында толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы соңғы нұсқасы жарияланды. Сол жылы сахнаға қойылған бұл комедия Гоголь драматургиясындағы жаңа жүйенің (системаның) жолын ашты. Бұл жаңа жүйе Островский драматургиясының да бағыт-бағдарын анықтауда үлкен рөл атқарды.

Гогольдің «Үйлену» комедиясы «Шығармашылық лаборатория» деп аталатын түсініктің ең бір көрнекі құралы деп атауға болады. Бұл шығарманы драматург 1833 жылы бастаған болатын. Алғашқы нұсқасында Подколесин мен Кочкарев мүлде аталмайды да, оқиға деревняда, помещиктің отбасында өтеді. Комедияның сюжеті автордың бұдан бұрын жазылған «Рождество қарсаңындағы түн» деп аталатын шығарманың ситуацияларына ұқсас. Қалыңдық келген болашақ күйеу жігіттердің бірде-біреуінен айы­рылып қалғысы келмей, бәрінің де көңілдерінен шыққысы келеді. Бірақ бәрінен айрылады. Пьесаның алғашқы аты «Күйеулер» («Женихи») болатын. 1835 жылы ол қайта редакцияланған нұсқасында Подкалесин мен Кочкараев бейнелері енгізілді. Шындығында, егер пьесада бұл екі кейіпкер болмаса, шығарманың комедиялық сипаты да, ситуациялардың даму жүйесі де мүлде солғын болар еді. Пьесаның дәл осы нұсқасын 1835 жылдың 4 мамыр күні Гоголь М.П.Погодинге оқып береді. Екеуара келісе отырып, шығарманың атын «Үйлену» деп қойғанды жөн көреді, 1835 жылдың күзінде Гоголь комедияны тағы бір қарап шығып, ең соңғы рет өңдеуден өткізген соң, оны театрға бермек болады. Алайда қараша-желтоқсан айларында «Ревизорға» алаңсыз кірісіп кеткендіктен, «Үйленудің» театр бо­сағасын аттауы кейінге қалдырылады. Сол жылдың 6 желтоқсанда ол По­годинге «Ревизордың» жазылып біткенін, ал Мәскеуде өзіне оқып берген «Үйленуді» әзірге театрға беруді тоқтата тұратынын, оны тағы бір «қайнатып», пісіре түсу қажеттігін хабарлайды.

Шығармашылық процестегі мұндай «ұсақ-түйектерді» тәптіштеу айту себебім – бір біткен пьесаға үздіксіз қайта оралып, Гогольдің өзі айтқандай, өзінің «ішкі-дүниесінің» пікірін тыңдай білудің, өз шығармасына қалай сын көзбен қарай білудің үлгісіне баса назар аудару үшін тоқталып отырмын. Замандастары мен достарынан, қарапайым көрерменнің өткір сынынан, әдебиет әлеміне әйгілі сыншылар мен актерлердің атүсті айт­қан ауыр ескертпелерінен кейін де өзінің шығармашылық әлеуетінен түңілмеудің, өзіне-өзі сенудің қажырлы үлгісін Гоголь мен Чеховтан айқын танимыз. Қанша әділетсіздік пен қасақана ұйымдасқан қиянат көрсе де Гоголь мен Чехов олардың бәріне төзе білді, ішкі сенімдеріне селкеу түсірмеді, сүрінсе де құламады, құласа да қайта тұра білді. Ең бастысы – олардың өз ішіндегі өзіне деген сыни көзқарас сыртқы сындардан әлдеқайда қатал болды. Олар өзін-өзі тыңдай білді. Сондықтан болар, Гоголь «өз ішімдегі сыннан қорқамын» деп жазды.

Әрине, сынның қай-қайсысы болса да кім-кімге де оңай тимейді. Ол кейде адамды тура жолдан тайдырып, бағыт-бағдарының өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін. Орынсыз айтылған сын жазушыны тұйыққа тіреп, пессимизмге апарып соқтыруы мүмкін. Ол топтан бөлініп, өзіне қаскөй көзбен қарайтын ортадан аулақ кеткісі келеді. Гоголь мен Чехов әлденеше рет солай етті де. Сыртқы сын мен өзінің ішкі сыны қабаттасқан кезде, дауыл күнгі теңіз шағаласы секілді жазушы да біраз уақытқа дейін есін жия алмай қалады.

Талантты адамдар күресуге, қор­ғануға қабілетсіз. Олардың кеудесі жан-жақтан сілтенген «жұдырықтардан» қорғана алмайды. Олардың бар сенімі де, қорғаушысы да біреу-ақ, ол – өзінің шығармасы. Олар шығармасына сенеді. Өлмес, өшпес шығарма жазғандарына сенеді. Бірақ ол үшін уақыт керек. Тіпті кейбіреулеріне ғасырлар қажет болады. «Степанчиково селосы және оның тұрғындары» деген повесін басы В.Белинский боп, бүкіл орыс әдеби сыны Ф.Достоевскийді өлтіре сынап жатқанда, ол күйінгеннен: «Сынасаңдар сынай беріңдер. Бірақ уақыт өте келе осы повестен бүкіл орыс әдебиеті мақтаныш тұтатын құрығанда он бес бет табылады» деп жауап беріп еді. Оның айтқанының дәл келгенін уақыт пен тарих дәлелдеп берді.

Гоголь де, Чехов та, Островский де («Найзағай») дәл осындай күйді бастан кешірді. Уақыт өтті, түсінбеушілік пен әділетсіздік әлдеқашан артта қалды, шығармалардың айналасы ластықтан тазарып, қастықтан да, ластықтан да таза бейтарап заман келіп жетті. Ұлы шығармалар тарих сөресінен өзіне лайықты орындарына жайғасты.

Бүгінгі заманның драматургияға бет бұрмақ болған жастары өткеннен нені үйренулері керек?

1.Өз қабілетіңді анықтап алу;

2.Өз шығармаларыңа сын көзбен қарай білу;

3.Өзгенің сынына төзімділік;

4.Өз шығармаңды бөтен адам боп оқи білу;

5.Бал арасындай тынымсыз еңбек ету;

6.Оқу, оқу және оқу;

7.Ұлттық пен адами болмыстарды қабыстыра білу.

Гогольден прозаиктердің де, драматургтердің де үйренері көп. «Үйлену» – үйрену мекетебі десе де болады. «Ревизорда» да,  «Үйленуде» де Гоголь режиссер мен актерға түсінікті болу үшін, әр образға мінездеме жазып шықты. Әр драматургтың көкейінде өз режиссурасы болады. Гоголь де, Чехов та, барлық драматург өз пьесасын сахнада өзінше көреді. Ол шығарма сахнаға шыққанда авторлардың театр­мен келіспей жататыны сондықтан: 

театр режиссурасы мен автор режиссурасы бір жерден шықпады. Келіспеушіліктің басы содан басталады. Актерлердің сыртқы тұлғасы да, сөйлеу мәнері де, тіпті бойы мен киім киісі де автордың елестеткен актерына сәйкес келмеді. Гоголь сондықтан да әр кейіпкерінің жасын, түр-сипатын, салмағына дейін тәптіштеп жазып беруден жалықпаған. Өкінішке қарай, ол сипаттамалардың бір де бірі қойылым кезінде жүзеге аспады. Ең атақты актер Сосницкий де (Кочкарев), Щепкин де (Подколесин) шығарманың рухын түсінбегендіктен образдарын ойдағыдай шығара алмады. В.Г.Белинский спектакльді көріп бола салып В.П.Боткинге былай деп хат жазады: «Мен жаңа ғана театрдан келдім. «Үйлену» омақаса құлады, мазаққа айналды. Сосницкий (ол Кочкаревты ойнаған болатын) рөлін мүлде түсінбепті. Ал Сосницкая (қалыңдық) тамаша өнер көрсетті. Подколесинді ойнаған Мартынов біршама көңілден шықты. Ал қалғандары мүлде сылбыр, мылжың боп көрінді. Мынадай спектакльден кейін Гогольдің жаулары үлкен той жасайтын шығар».

Белинскийдің айтқанындай-ақ, «Үйлену» комедиясы үлкен сәтсіздікке ұшыраған соң реакцияшыл сыншылар бірінен соң бірі дуылдай көтерілді. 

«...Ни завязки, ни развязки, ни характеров, ни острот, ни даже веселости – и это комедия!» деп жазды «Северная пчела» журналы. Ал «Репертуар және Пантеон» журналы болса кекесін мен мысқылға толы мақала жариялады. «Комедия болу үшін күлкі керек, уытты шындық керек. Ал «Үйленуде» ол да жоқ, бұл да жоқ, тек шашыраңқы көріністер ғана бар» деп пьесаны мүлде жоққа шығарды.

Бұл кезде Гогольдің атақты «Өлі жандар» романы баспадан шығып жатыр еді.

Өзіңе сену, қиянатқа мойымау, барлық әділетсіздік атаулыға ішкі шығармашылық қуатты әлеуетіңді қарсы қоя білуде Гогольдің темірдей төзімділігі де төтеп бере алмады. 

Ол жүйке ауруына шалдықты.

Орыстың ұлы жазушысы әрі драматургі Н.В.Гоголь кәсіби театр сынының да негізін салушылардың бірі болды. Россияда неміс, итальян, француз театрлары қаптап жүрген кезінде орыс журналдарында («Русская старина») ерекше екі мақала жарық көрді. Оның бірі орыстың тұңғыш 

операсы «Иван Сусанин» (алғашқы аты – «Жизнь за царя» – І Николай қой­ған аты) жайлы болса, екінші мақала орыс драма театры жайлы болатын. Жұртшылықтың көңіл көтеруі үшін сахна біткенді келімсек, дүбара театр труппаларының ұсақ мелодрамалары мен арзан водевильдері жаулап алған кез еді. Мақала авторы осы бағыттағы арзанқол, сайқымазақ театрлар қойылымдарына үзілді-кесілді қарсы шығып, оларды өткір сынға алды. «Бұлардың бәрі не неміс, не француз емес, дүбәра біреулер. Олардың физиономияларында не ой жоқ, не жігер жоқ, не кісі сүйсінер тартымдылық та жоқ сүреңсіз біреулер. Сахнадан азусыз кетік драматургия мен «тозығы жеткен ескі беттерді» ығыстырып шыға­ратын кезіміз келді. Оның орнын орыс мінезімен алмас­тыратын уақыт жетті. Өзімізге өзімізді қайтарып беріңіздер, күлкі керек болса, өзімізде де неше түрлі әумесерлер мен кеңкелестер толып жатыр. Сахнаға өз кещелеріміз бен өз есерсоқтарымызды шығарайық. Біреуге емес, өзімізге күлейік!» деп ызалана жазды. 

Орыс сахнасының үш жүз жылдық тарихы бар деп есептелгенімен, оның жүз елу жылын келімсектер театры иемденіп келсе, оларды ығыстырып шығаруы үшін ұлттық драматургия қажет еді. А.П.Сумараковтың ең алғашқы «пьесасы», «Хорев» сахнаға шыққанда: «Біз де ұлт болдық!» деп алақайлап қуанған орыс қауымы ол жазған үш-төрт пьесамен «Хорев», «Гамлет», «Мстислав», «Әулекі Дмитрий» (1747-1771 жылдар аралығында) театр өнері алысқа бара алмайтынын түсінді. Гогольдің осы мақаласынан соң орыс жазушылары «драматургия» деген таныс-бейтаныс жанрды игеруге жаппай кірісіп кетті. Гоголь мен Пушкин заманында бұл жанрда қалам тартпаған ақын-жазушы жоқтың қасы. Тіпті ауыр денесін диваннан әрең көтеріп, ас үйге әрең жететін «ауыр салмақты» И.Крыловтың өзі де «Қыздарға сабақ» деп аталатын пьесасын театрға ұсына бастады. 

Сонымен, әлем әдебиетінің алтын қорына қосылатын «Өлі жандар» романын, «Тарас Бульба», «Мұрын», «Нева даңғылы», «Шекпен», «Диканька маңындағы хутордағы кештер», «Сорочинский жәрмеңкесі», т.б. сияқты өлмес шығармалар жазған Гоголь орыс сахнасын орыстың өзіне қайтарып беруде де баға жетпес еңбек етіп кетті. «Өзімізге өзіміз күлейік» деп ұран тастаған Гоголь «Ревизоры» мен «Үйлену» комедиялары арқылы «орыс күлкісінің атасы» атанып, сыртқы жау­ларымен ғана емес, өзімен-өзі арпалысып жүріп, 1852 жылы небәрі 43 жасында дүниеден өтті. Гоголь шығармаларындағы өткір сын мен сатира сүйектеріне әбден сіңіп қалған болса керек, билеуші топ жазушы қайтыс болған соң да оны кешіре алмады. Оның өлімі жайлы некролог та бергізбеді, тіпті оның атын атауға да тыйым салды. Билік тиым салды екен деп халық үнсіз қала алмады. «Бұл қалай? Гоголь өлді, баспа беттерінде ол жайында бір ауыз хабар берілмеді, ол күллі орыс рухының, орыс әдебиетінің қайталанбас ұлы тұлғасы емес пе еді! Баспа бетінде оның атын атамауға бұйрық берген кім? Патша ма, оның бер жағындағы шаш ал десе, бас алатын жандайшаптары ма? Оның атын атамауға шешім қабылдай отырып, Ресей билігі өзінің әлсіздігін, тоғышарлығын, соқырлығын дәлелдей түспей ме? Ұят! Масқара!» деп наразылық білдірушілердің сөзі әр жерден естіле бастады. Бұл жөнінде И.С.Тургенев былай деп еске алады: «Петербургтен хат» деп аталатын кітап көлемінің бір бетіндей Гогольдің өлімі жайлы жазылған ма­қаламды ешқандай баспа орындары қабылдамады. Мақаламды берген баспа басшысымен көшеде кездесіп қалып, «Бұл қалай болғаны?» деп сұрап едім, ол: «Ауа райы солай болып тұр» деп жүре жауап берді. «Мақаланың ешқандай да зілі жоқ еді ғой» деген сөзіме: «Зілі бар ма, жоқ па, мәселе онда емес, мәселе Гогольдің есімін еш жерде атамау жөнінде жоғарыдан жарлық бар». Осының артынша мен Мәскеудегі бір танысымнан ызалы хат алдым. «Бұл деген масқара ғой! Гоголь өлді, ештеңе болмағандай бәріміз жым-жырт жатырмыз. Сіздерде ар-ұят деген бар ма?!» деп жазыпты ол күйініп. Мен ол танысыма мәселенің мән-жайын айтып, еш жерде басылмаған мақаламды салып жібердім. Ол болса мақаланы алған бетте алып-ұшып, сол кездегі Мәскеу округінің басшысы генерал Назимовқа жетіп барып, барлық жағдайды егжей-текжейлі түсіндіріп шыққан соң, ол «үлкен ерлік» жасап, мақаланың «Московские ведомости» журналында жарық көруіне рұқсат беріпті. Мақала журнал бетінде жарияланған соң, цензорлық ережені  бұзып, заңға бағынбағаны үшін жандармерия мені бір айға бөлімшеге қамап, қалған уақытты өтеу үшін үш айға алыс деревняға жер аударды».

Өз заманындағы тоғышар қауымның қарсылығы мен сәті түсе қалса өзін арадай талауға дайын тұрған орыс сынының бағыт-бағдарына қарап, шығармаларының келесі ұрпаққа жетер-жетпесін де біле алмаған ұлы жазушы Пушкиннің: «Черт догодал, с таким талантом и умом родиться мне в России» деген сөзін қайта-қайта еске алып, әлі бітпеген шығармаларын түгелдей өртеп жіберіп, өкінішпен өмірден өтті де кетті. 

Чехов та, Гоголь де 43 жасында дүниеден өтіпті. Ал біздер бұл жасымызда жас жазушы атанып жүр едік...

Дулат Исабеков, 

жазушы