03 Қыркүйек, 2012

Толстоймен хат алысқан Рахметолла Елкебаев туралы не білеміз?

521 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Толстоймен хат алысқан Рахметолла Елкебаев туралы не білеміз?

Дүйсенбі, 3 қыркүйек 2012 11:42

Әдебиеттің екі алыбы – граф Толстой мен Шәкәрім қажы кезінде хат алысып тұрыпты. Толстойдың  сырқаттанып жүрген шағында оны Шәкәрім қажы қымыз ішіп емделіңіз деп қазақ сахарасына, Шыңғыстауға шақырыпты деген сөз бар. Ол сарын ел ішінде  күні бүгінге дейін сақталған. Өкінішке қарай, осы  сөздің  дұрыстығын құжат жүзінде  анықтау мүмкін болмай келеді. Десе де, қажының өлмес, өшпес  өлеңдерінің бірінде өзінің Толстойдың шәкірті екендігінен танбайтынын айта келіп: “Ақиқат сырымды айтсам,

Дүйсенбі, 3 қыркүйек 2012 11:42

Әдебиеттің екі алыбы – граф Толстой мен Шәкәрім қажы кезінде хат алысып тұрыпты. Толстойдың  сырқаттанып жүрген шағында оны Шәкәрім қажы қымыз ішіп емделіңіз деп қазақ сахарасына, Шыңғыстауға шақырыпты деген сөз бар. Ол сарын ел ішінде  күні бүгінге дейін сақталған. Өкінішке қарай, осы  сөздің  дұрыстығын құжат жүзінде  анықтау мүмкін болмай келеді. Десе де, қажының өлмес, өшпес  өлеңдерінің бірінде өзінің Толстойдың шәкірті екендігінен танбайтынын айта келіп: “Ақиқат сырымды айтсам,

Дүйсенбі, 3 қыркүйек 2012 11:42Толстойдың, мың сопыны  алмаймын тырнағына”,– деп  кесіп  түйін жасауы қандай құжаттан кем? Демек, бәрі қисынға келеді. Бұдан  кейін, осы сөз не сөз деп орынсыз күдіктенгенше, әлі де үлкен  үмітпен ақиқат ауылына мойын бұрғанымыз жөн шығар деген тұжырымға тоқтайсыз.

Бір жоқты екінші жоқ табады. Со­­ған сайсақ, кезінде ұлы Толстой­мен хат алысқан тағы бір семейлік Рах­­метолла Елкебаев туралы тия­нақты дерек жоғарыдағы мәселеде үміт отын одан әрі үрлей түседі. Бұдан кейін күн­д­ердің күнінде екі алыптың бір-бі­ріне жазысқан хатта­ры­ның табыла­ты­нына да нық сене­сің. Алайда, қай­сыбіреулердің екін­ші дерекпен  ғана шектеліп, соны ға­на қанағат тұтып, оның алғаш­қысын қауесетке балағы­сы келетінін қайтерсің. Қалай бол­ғанда да басы ашық әңгіме мынау: ана заманда, ана ғасырда бір қиыр­дағы Семейде жатып, Толстой сынды ұлы жа­зушыға хат арқылы болса да тіл­де­сіп қалған Рахметолла Елке­баев туралы ақиқаттың тоттанбай­тындығы.

Кейінгі жылдары әртүрлі  ба­­сы­­лымдарда Рахметолла Миңға­­ли­ұлы Елкебаев хақындағы дерек­тер анда-санда  болса да көрініп қалып жүр. Мәселен, кезінде “Жа­лын” альманағында ол тура­лы шағын мақала жарияланды. “Литературная газетаның” қо­сым­шасында (№7, 1991 ж. “Досье”) орыс­тың ұлы жа­зу­шы­сы Л.Н.Тол­стойдың  оған жазған хаты кел­тірілген. Бұл хат Тол­стойдың 1956 жылы  Мәс­кеу­дегі Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасынан шыққан толық шы­ғар­малар жинағының 78-ші томының 164-ші бетінде 179-шы нөмірмен жарияланған екен. Бұған қосатын тағы бір дерек, ол хат 1925 жылы П.Т.Бирюковтың аударуымен жазу­шының неміс тілінде жария­ланған басқа хаттарымен бірге жарық көріпті. Сонда дейміз-ау, әлем әдебиетінің алыбы атанған ұлы жазушымен хат жазысып жүрген  бұл семейлік   кім?

Рахметолла Елкебаев туралы қазіргі қолда бар деректер онша көп те емес. Сондықтан оның өмірі мен еңбегін түбегейлі зерттеу алдағы жылдардың міндеті. Бірақ оның  озық ойлы, прогресшіл, халқы үшін аянбай еңбек еткен көрнекті ағартушы, заманының зиялы адамы болғаны анық. Өйт­кені, ғасыр басындағы Се­мейде жылт еткен жаңалық нышан­дарының бірқатары Рахметолла Миңғалиұлы есімімен байланысты болып келеді. Оған бір ғана мысал, “Оян, қазақ” өлеңдер жинағының ұлтты алға басуға ша­қырған  идеясы  патшалық өкімет орын­дарына жақ­пай, оның авторы Міржақып Дула­тов жауапқа тартыл­ғанын тарихтан  жақсы білеміз. 1911 жылдың 23 желтоқсанында Семейде болған сотқа Жақаң тарапынан шақырыл­ған екі сарапшының бірі – семи­нария  мұғалімі Нұрғали Құл­жанов болса, екіншісі – Рахме­толла Елкебаев еді. Әрине, Міржа­қып Дулатов патша  чиновниктері ал­дында Рахметолла Миң­ғалиұлы­ның “Оян, қазақты” қалайда қорғап қала алатынына сенгендіктен оны  әдейі  шақырған деп білуіміз керек. Және бұл дерек сол кездегі қазақ, орыс, татар зиялылары арасында Рахме­тол­ланың Нұрғали Құлжанов сияқты беделді адам болғанын да көрсетеді.

Семей қаласындағы мұсылман­дар мектебінің меңгерушісі (дирек­торы), “Халық сөзі” газетінің редак­торы, қалалық  Дума­ның мүшесі болған Рах­метолла Елкебаев  сол кездегі Ер­тіс өңірі­нің қоғамдық-саяси  өміріне,  халық ағарту  ісіне белсене аралас­қан адам. Тіпті ол басқарған мұсылмандар мектебін­дегі көптеген оқушылардың Қазақ­станда тұңғыш құрылған “Ярыш” футбол командасында ой­науы, сол коман­даның қалыптасуына мұсыл­мандар мектебінің, оның  меңге­рушісі Елкебаевтың ұйымдасты­ру жағынан да, қаржы жағынан да барынша  көмек көрсетуі, осы мұ­сыл­­мандар мектебінен дәріс алған­дардың  бірсыпырасы кейіннен прогресшіл ниеттегі зиялылар қауымына қосы­луы да жоғарыда айтқан ойымызды нақтылап дәлелдей түседі.

Рахметолланың көптен  перзент көре алмай  жүріп, бауырына салып  асырап алған татар балалары Әбдіна­сыр Миршанов пен Әміржан Сит­тықов осы футбол команда­сында Мұхтар Әуезовпен  бірге ойнаған екен. Кейіннен оның екеуі де белгілі адамдар болып  шығады. Мәселен, Семей педтехникумында мұғалім болған  Әміржан Ситты­қовтан  кезін­де сол техникумда оқы­ған академик Әл­кей Марғұлан дәріс алған. Педаго­гика ғылымы­ның кандидаты Әміржан  Ситтықов ұзақ жылдар республи­камыздың Оқу министрлігінде қызмет атқарған-ды.

Қазір тоқсанға таяп қалған Әбді­насыр Миршановтың жұбайы Рәзия әжей Әбдінасыр мен Мұхтар Әуе­зов­тың бірге оқығандығын айтады. Болашақ  ұлы  жазушы Мұхаң  бала  кезінің өзінде осы Әбдінасыр, Әміржандармен бірге Елкебаевтар үйіне  жиі келіп жүреді екен. Тіпті одан дәріс алған да сияқты. Оған Рахметолла Миңғалиұлының жалғыз қызы Халиданың (бұл кісі қазақтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әзімбай Лекеровтың жұбайы) мына  сөздері дәлел:

“Мұхтар аға менің Әмірхан, Әбді­насыр ағаларыммен жол­дас болды. Біздің үйге жиі ке­ліп жүретін. Әкемнен қосым­ша сабақ алатын. Әкемді қат­ты қадір­леп, есінен шығар­майды екен. 1960 жылы біз Мұхтар Әуезовты Алматыда емханада кездестірдік. Ол бел­гілі хи­рург, академик Алек­сандр Ни­колаевич Сыз­ғановқа  кел­­ген болуы  керек. Біз анам екеуміз де сол кісіге бар­ғанбыз. Мұхтар  ағай менің   мамамды тани кетіп, құшақ­тасып аман­дасты да, өзінің қасына апа­рып отыр­ғызды. Мамаммен көп сөйлесіп, тұрмыс жағ­дайын білді. “Рахметолла мұғалім­нен қал­ған жалғыз қыз бар еді ғой?” – деп сұрады. Мен қасына барып сәлем­деске­німде, ол маған әкем тура­лы ерекше бір тебіре­ніспен әңгімелей бастады. Әзімбайдың  тағдыры мен балаларының жай-жапсарын сұрады. Соңынан маған әкем сияқты болуыма тілектестік білдірді”.

Рахметолла Елкебаевтың прогрес­шіл, өнер-білімге жаңалық атаулыға құштар болғандығын мына бір  жәйт­тен де анық байқаймыз. Төңкеріске дейінгі Семейде “Ұшатын адам” атанып, жұртты таң  қалдырған татар азаматы Ғали Сарбаевты да бауырына  қатты тартқан. Ол  матадан  қанат жасап (қазіргі дельтопланның  қара­пайым  нұсқасы  болса керек), биік  үйлердің төбесінен, Ертістің жарқаба­ғынан секіріп ұшады екен. Оны Семей  халқы тайлы-таяғы қалмай тамашалап, бұл ғажапқа қатты таңға­латын көрі­неді. Сол Ғали Сарбаев туралы, оның өнері жөнінде Рахме­толла Елкебаев  “Шаруа” журна­лының 1914 жылғы 19-шы  санында мақала  жазған.

Халида апайдың айтуына қараған­да, әкесі Рахметолла 1878 жылы Еділ бойындағы Қазан  қаласына жақын бір татар ауылында туыпты. Еңбекпен  кү­не­лтетін қарапайым ғана татар семья­сынан шыққан баланың білімге зерек­тігін байқаған ата-анасы ауыл­дағы  мол­ладан сауатын ашқан соң оны Қазан­дағы медресеге береді. Онда оқитын кілең  әлділердің балалары Рахметол­ланы менсіне қоймай,  ауылдан келген жарлы бала  алғашын­да көп тауқымет көреді. Бірақ еңбек десе ерінбейтін ата-анасы – Миңғали  мен Сақып тапқан-таянғандарын осы баланың жолына салып, оның қалайда медресені  толық  аяқтауын қалайды. Сөйтіп, талапты бала  өзінің ыждаһат­тылығымен, білімге  деген құмарлы­ғымен медресе шәкірттері арасында өз орнын табады.

Мұнда да озық ойлы  адамдар аз болмаса керек. Солар  арқы­лы шәкірт Рах­метолла орыс  әдебиетінің  дәмін татып, өз ана тілімен қатар бұл тілді де жақ­сы меңгеріп алады. Сөйтіп, медре­сені үздік бітірген Рахметолла халық ағарту  жолына түседі. Бірақ оған бұл төңіректен мұғалімдікке орын табылмай,  тағдырдың айдауымен Семейге  келеді. Әйтсе де ол кезде   мұн­да да бұратана халықтың балала­рын оқытатын мектеп болмаса керек. Сондықтан Семейде қос мешіт салдырған, алтын өндірумен шұғылда­натын кәсіпкер Хамитовқа сатушы болып орналасады. Еті тірі, қағы­лез жігіттің талабы Хамитовқа да ұнап, соның жәрдемімен Рахметолла біраз қаржы жинап алады. Сол қаржы­сына ол қазіргі Абай  және  Панфилов   көшелерінің қиылысында тұрған екі  қабатты бір  ықшам  үйді сатып  алады. Үйдің қасында, көшенің ішкі жағында ат қорасы тұр. Қазір ол ДОСААФ-тың мамандар дайындай­тын арнайы мектебі. Осыған қараған­да Рахметолла Елкебаев­тың жылқы малын қадірлеген адам ретін­дегі тағы бір қырын көреміз. Мүмкін бәйге аттары да болған шығар.

Осы тұста қалада жетім қалған мұ­сыл­ман   балаларының мектебі ашы­лып, оның меңгерушісі  болып   көзі ашық, оқыған азамат Рахметолла Елкебаев белгіленеді. Сол  жылдары ма, әлде одан кейінірек пе, татар­дың Семейдегі тағы бір кәсіпкер  байы Мусин атал­мыш мектепке арнап өз қаржысымен үй салдырып береді. Ол бұдан бұрын да қалада диірмен сал­дырып, мешіт  тұрғызған болатын. Қа­зір осы диірмен үйінде  метиз-фур­нитура зауы­ты тұр. Ал мешіт – Мағжан  Жұмабаев  көше­сінде. Әлі күнге дейін  сақтал­ған мек­теп үйі мен метиз-фурни­тура зауы­ты тұрған үйдің архитектура­лық элемент­терінің ұқсастығы да ол екеуі­нің бір  қолдан  шық­қандығын  көрсете­ді. Коминтерн көшесіндегі 39-шы нөмірлі үй бұрынғы  жетім мұсылман балалар мектебі, қазір  қалалық  оқу бөлі­міне қарасты жас суретшілер  мектебіне айналған. Яғни ол әлі күнге дейін өнер-білім тарату ісіне қызмет етуде. Тіпті  ондағы сол тұста салынған бір көне  пеш әлі күнге  дейін сақталған.

Мектепке келісімен жігерлі жас Рахметолла жетім қалған мұсылман  балаларын оқыту, тәр­биелеу жұмысы­на беріле кіріседі. Қабылетті мұғалім­дерді, тәрбие­шілерді іріктеп, оқыту­дың сол кездегі озық деп саналатын тәсіл­дерін енгізуге тырысады. Сөйте  жүріп өз білі­мін де көтеруді  ұмыт­пайды. Ол орыс­тың ұлы жазушысы Лев Толстой шығармаларын қадағалап оқи жүріп, оған өзінің кітапхана­сындағы сөреден шығыс әдебиетінің классиктерімен қатар төрден орын береді. Ондағы мақ­саты ұлы жазушы­ның адамның жан-дүниесіне психоло­гиялық тұрғыдан терең үңілуін зерт­теп, оның педагоги­ка­лық әдістерін тал­дап, әсіресе діннің бала тәрбие­сін­дегі рөлін  айқындау болса керек. Осы арада Рахметолла Миң­ғалиұлы Лев Николаевич Толс­тойға  жазған, әзірге  табылып отырған жалғыз   хатын және ұлы жазушының оған жаз­ған жауабын келтірсек, осы мәселенің басы ашы­латын түрі бар. Хат иелері­нің жазу мәнерлерін, ой орамын,  сөздері­нің ішкі мәні мен астар-реңін сол қалпында сақтау үшін  хаттарды аудармай беруді   жөн көрдік.

“Великому русскому мыслителю и  писателю Льву Николаевичу Толстому от учителя магометанской веры Рахме­туллы Мингалиевича Ельки­баева.

Я, судьбою заброшенный в темный край Западной Сибири, Семипала­тинскую область, молодой учитель, уже девять лет читаю Ваши труды. Мне, как и другим читателям, труды Ваши дают очень, очень много ду­хов­ной пищи, почему мой взгляд на все окружающее в  течение этих десяти лет очень изменился. Я вам выражаю свою искреннюю благодарность.

Затем осмеливаюсь просить Вас, дедушка Лев Николаевич, о разре­шении  мне  перевести на тюркский и арабский языки из Ваших трудов все, что я найду  полезным для  моего народа. Причем, Ваше разрешение желал бы получить в виде собствен­норучно написанного Вами письма.

Я разделяю Ваши  все взгляды, за исключением Вашего мнения об исламе (Вы тут идете по тому же пути, по какому идет Ренан). Я не могу по­нять, почему же наш Дедушка, высоко оценивая  учение Месиха (Христа), низко ставит то же учение в дополнен­ном виде. Ведь ислам есть то же самое, что называете Вы христиан­ством (ко­неч­но не то, что называют этим именем другие христиане). Разница лишь в том, что ислам полнее. На мой взгляд что полнее, следовало бы  оценить выше.

Мой адрес до 15 июня, Москва, Бояр­ский двор №113, Рахметулле Ель­кибаеву, а после 15 июня Семипала­тинск, Рахметулле Елькибаеву.

Рахметулла Елькибаев”

Көріп отырсыздар Р.Елкебаев ха­тында дінге көзқарас туралы  әлі күнге дейін  маңызын  жоғалтпаған және  әлі де жоғалтпайтын үлкен филосо­фиялық мәні бар жалпы адамзаттық мә­селені  көтеріп отыр. Ұлы ойшыл Лев Николаевич та хатта  келтірілген мәселені осылай бағалап, ерекше маңыз берген болуы керек. Өйткені, 1908  жылдың  9 маусымында   пош­таға түскен хатты алысымен оған 10 маусым  күні қолма-қол жауап жазған.

Бір өкініштісі, Елкебаевтың ұлы ойшылмен жазысқан хаттары отба­сында сақталмаған. Бұл  хаттың кө­шір­месін Халида апайдың сұра­туымен Л.Толстойдың Мемлекет­тік мұражайы жіберген. Оны жіберген музей  қызметкері конверттің сыртын­дағы пошта мөрінде “9 маусым, 1908   жыл, Москва қаласы” деп  көрсетіл­генін қоса  жазыпты. Сонда тіпті хат бір тәуліктің ішінде жетті деген күннің өзінде ұлы   жазушы сол күні-ақ оны ала салысымен  жауап жазған болып шығады. Сондай-ақ бұл Л.Толстой­дың өзіне келген хаттарға жауап жазудағы ерекше ықтияттылығын да көрсетуі мүмкін.  Қалай дегенмен де Л.Толстой бұл хатқа  ерекше мән берген. Ол былай деп жазады:

“Р.Елькибаеву, 1908 год, июня 10. Я.П.

Любезный Рахметулла Минга­лиевич!

Я  уже много лет тому назад пре­дос­тавил всем право издания всех моих сочинений, написанных после 1881 года, а также и переводов. Но очень рад случаю лично передать вам это, не разрешение, а благодарность за Ваше в высшей степени приятное мне предложение. При этом случае посылаю вам для вашего выборов те из моих писаний, которые  у меня  под рукой. Что же касается до вашего мнения о моем суждений об исламе, то хочется вам сказать то, что истинная религия, по  моему мнению, есть только одна. Вся эта истинная религия еще  открылась человечеству, но часть ее проявляется  во всех испо­веданиях. Весь прогресс человечества  состоит в этом все большем и боль­шем соединении всех в этой одной   истинной религии и во всех большем уяснении ее. И поэтому  всем любя­щим истину надо стараться отыски­вать не различия в религиях и их недостат­ки, а их единство и достоинство. То, что я и стараюсь делать по отношению всех религий и также и по отношению хорошо мне   известного ислама.

Желаю вам   всего лучшего

Лев Толстой”.

“Қолыма  іліккен дүниелерімді осымен бірге жіберіп отырмын, өзіңіз  таңдап  аларсыз”,– дегеніне қарағанда ұлы жазушы Р.Елкебаевқа бір  нәрселер  жіберген  сияқты. Ал,   олардың түркі немесе араб тілдеріне аударылғандары бар ма, жоқ па – ол жағы бізге  әзірге мәлімсіз. Бұл мәселе әлі де ізденіп, зерттеуді қажет етеді. Л.Н.Толстой діннің адамзат қоға­мында алатын орнына, шығу және даму тарихына,  бала тәрбиесіне, педагогика мәселе­леріне арнап бірқатар көлемді фило­софиялық дүниелер жазғанын білеміз. Балаларға  арналған ертегі, әңгіме­лерінің  өзі бір төбе. Ол өзінің педагоги­калық әдістерін де ұсынған, өз әдістері­мен оқытатын мектеп те ашқан   адам. Біздіңше, Рахметолла Миңғали­ұлын қызықтырып отырған да жазушы қыз­метінің осы жағы ма дейміз. Өйткені, Р.Елкебаев  өзі басқарған мектепте жағы­рапия және жаратылыс­тану   пәнде­рінен сабақ берумен бірге, саз, көркемөнер пәндерін де енгізіп, оны өзі  жүргізген секілді.

Л.Н.Толстойдың толық шығарма­лар жинағында келтірілген редак­ция­лық анықтама Рахметолла Елкебаев туралы  мағлұматты кеңейте түседі. Онда: “Р.М.Елкебаев (1877-1919 ж.ж.) – диірменші баласы. 1901-1912 жылдары жетім мұсылман  балалар  мектебінің  оқытушысы және меңге­рушісі. Ақырғы жылдары Л.Н.Толстой туралы мұсылман журналдарында бірнеше   мақалалар жариялаған.

Толстой ислам оқуының этика­лық жағын жоғары бағалаған. Магометтің бірнеше тұжырымдары “Оқу шең­бері” мен “Әрбір  күнге”-сінде келтірілген”,– деп көрсетіл­ген. Және   осы томдағы 340-шы  нөмірлі хатқа сілтеу жасалған.

Халида  апайдың айтуына қара­ғанда олардың үйлері төрт бөлмелі болған. Екінші  қабаттағы үлкен  залдың қабырғасы толы  ілінген суреттер болса керек. “Меніңше – дейді ол, – олар белгілі суретшілер­дің өз қолдарымен салған суреттері болу керек. Өйткені, әкемнің  көркем­өнерден де хабары бар еді  және   өзі де тәп-тәуір сурет салатын. Ол  шығар­малары кабинетінде ілулі тұратын. Әкем  қайтыс болғаннан кейін шешем сол суреттерді ұзақ  сақта­ды. Бірақ кейін­нен өз оқушы­ларына таратып жібер­ді. Мүмкін ол суреттер басқа бір қалалар­дағы үйлерде немесе мұра­жайларда авторы белгісіз болып  тұр ма екен!

Әкемнің  кабинетінде үстіне жасыл шұға жабылған бірнеше жәшікті  үлкен үстел  тұратын. Мен жәшіктерді ақтар­ғым келіп  ұмтылсам, рұқсат етпейтін. Бала кезімдегі көргендерімді, ой елегі­нен өткізетін болсам, әкемнің  әде­биет­шілік және  музыкалық білімдері болған сияқты. Тіпті арнайы оқымаса да, жеке сабақтар алған деп  тұжырым­­дауға болады. Әйтпесе майлы бояумен сурет салуды, скрипкада ойнауды қайдан үйренді? Қазір менің қолымда әкемнен  қалған жалғыз  мұра – үлкен   географиялық глобус. Қазір  мұндай  глобустарды шығар­майды, білем”.

Халида апай әкесінен қалған  жал­ғыз мұра ретінде осы   глобусты айтқа­нымен, әкеден мұраға қалған ең басты нәрсе – меніңше баланың әке жолын    қууы. Халида апай да білім беру    саласында ұзақ  жыл қызмет атқарып, “Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі” атағын алған. Өзі де әкесі  сияқты саз бен көркемөнерден  хабары   мол, өмірден түйгені зор кісі. Жиырма бес жасында жесір қалған Халида апай  Әзімбайға деген сүйіспеншілігін өмір бойы сақтап, одан қалған  екі баланы үлкен азамат етіп  өсіре білді. Қазір екі баласы да ғылым кандидаты.

Халида әкесінен өте жас кезінде көз жұмып  қалды. Үлкен жүректі есіл аза­мат Рахметолла 1919 жылы 41 жасында   ауыр науқастан қайтыс бол­ды.  Бірақ оның  артында қалған ізі сол күйінде сайрап жатыр. Қазақ, татар сияқты өнер-білімнен кенде қалған халықтарды нағыз еуропалық дәре­жедегі өркениет деңгейіне көтеру – сол кездегі озық  ойлы, зиялы азамат, ұлт қайраткері, ал­ғыр ағартушы Рахметолла Миңғалиұлы Елкебаевтың өмірлік арманы еді.

Ол 1910 жылы Павлодарда жүрген (тегі, оқуға барған болар)  асырап алған  баласы Әбдінасыр Миршановқа жазған хатында оның бір  оқу  орнымен ғана шектеліп  қалмауын қатты өтінеді.  Хатында  семейлік жігіт  Ахметсәлім Мусиннің (диірмен иесі Мусиннің баласы болуы мүмкін) Еуропаға  оқуға   кеткенін аса  қызық­қан көңілмен дәріптеп хабарлайды. Өркениетті елдерден заманына сай білім алған азамат өз елінің   мәдение­тін көтеруде  үлкен рөл атқаратынын айтады. Сондай-ақ  өзі басқаратын мектепке Стамбұлдан бір жас мыр­заның оқу бітіріп мұғалімдікке келге­нін қуана хабарлайды. Қала жаңа­лығын да ұмытпайды. Халық үйінің  ор­нына цирк ашылғанын, өрт  қауіп­сіздігін бақылай­тын мұнараның  салы­нып біткенін жазады (қазір М.Дулатов және Интер­национал көшелерінің қилысындағы   сол баяғы мұнара).

Халида апайдың қолында сақтал­ған суреттерге қарап отырсақ, басында сәл­десі бар, жас жігіт, татар немесе тү­рік тақиясын киген, әйтеуір бас киім­сіз емес, қыр мұрынды, ойлы  кө­зі­не әшекейлі көзілдірік таққан, сы­зылған әдемі мұрты мен иегін жар­тылай  екі  жағында шашына қосылған қаумет сақалды адам бізбен үнсіз сырласқан­дай. Түр-тұрпаты да келісті, әдемі-ақ.

Ойымызды қорыта келіп, халқы  үшін аянбай еңбек еткен, өз өлкесінің   прогреске қарай аяқ басқан әрбір жаңалығы мен жетістігіне балаша қуанған, елімді ерен  ел етсем деп, халқымды алдыңғы  қатарлы халықтар   деңгейіне  көтерсем деп өткен Рахметолла Елкебаевтай еңіреген ердің өмір жолы бүгінгі  ұрпаққа, елім, халқым деген әрбір намысты азаматқа үлгі-өнеге болуы керек деп білеміз.

Шаймардан КАЛИАҚПАРОВ,
запастағы  полковник,

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
“Егемен Қазақстан”.

29 мамыр 2002 жыл.