Қазақстан • 11 Қаңтар, 2019

«Хабар 24» пен «Kazak tv» арналары Ресейде де хабар таратады

750 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Хабар 24» пен «Kazak tv» арналары Ресейде хабар тарату лицензиясына қол жеткізді. Бұл туралы Дәурен Абаев Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.

«Хабар 24» пен «Kazak tv» арналары Ресейде де хабар таратады

«Дүниежүзі Қазақтарының V құрылтайы аясында, біздің министрлікке нақты тапсырма берген Елбасы: «шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесу керек», - деген болатын. Яғни шет елдегі ағайынды отандық ақпаратпен қамтамасыз ету міндеті алға қойылды. Жақында ғана «Хабар 24» пен «Kazak tv» арналары Ресейде хабар тарату лицензиясына қол жеткізді. Көрші елдің теле нарығына ресми тіркелу үшін қажетті техникалық және құжаттық талаптардың қыруар шаруасы атқарылды. Бірнеше айға созылған, көптеген келіссөздердің нәтежиесінде біз Ресей Федерациясының кабельдік операторымен бір мәмілеге келдік. «Хабар» Агенттігінің ұжымына, осындай ауқымды істі жүзеге асырғандары үшін алғыс айтқым келеді», деді Д.Абаев. 

Ведомство басшысының айтуынша, шекаралас аймақтарды мекендейтін қандастарымыз біраз уақыттан бері министрлікке хат жолдап, ел жаңалықтарын көргілері келетінін жеткізіп еді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде алыстағы ағайынның өтініші де орындалып отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, «Хабар» Агенттігі түсірген «Ана жүрегі» атты телехикая Өзбекстанның белгілі арналарының бірінде көрсетіліп жатыр. Өзбек телекомпаниясының өкілдері сериалдың жергілікті көрермен тарапынан жоғары сұранысқа ие болғанын жеткізген.