«Париж прокуратурасы тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның барысында қайғылы оқиғаның нақты себеп-салдары анықталатын болады. Келеңсіз жағдай орын алған жердегі қонақүйлерге орналасқан адамдар мен сол маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Билік орындары жарылыстан қираған пәтер иелерінің уақытша баспаналарға орналастырылғандығын мәлімдеді», деп хабарлады «Хабар 24» арнасының меншікті тілшісі Алия Сыздықова.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын қала орталығында газдың жарылуынан төрт адам қаза тапқандығы айтылған болатын. Мерт болғандардың екеуі - өрт сөндіру қызметінің жұмысшылары. Құтқарушылардың дерегіне қарағанда, оқыс оқиға салдарынан 30 адам жарақат алған, олардың 12-сі ауыр жағдайда. Жергілікті полицияның мәліметінше, келеңсіз жағдай сенбі күні таңертең қаланың тоғызыншы ауданындағы Тревиз көшесінде болған. Сондай-ақ СІМ баспасөз қызметі Франциядағы ҚР Елшілігі зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғын анықтап жатқандығын мәлім еткен еді.