Еліміздің бірқатар спорт федерациясы 2020 жылғы Олимпия ойындарына дайындықтарын өткен жылы-ақ бастап кетті. Мәселен, бокс федерациясы 9 жыл бойы ерлер арасындағы ұлттық құраманы баптаған Мырзағали Айтжановтың орнына жастар құрамасының бапкері Ғалымбек Кенжебаевты ұлттық құраманың жаңа бас жаттықтырушысы ретінде таныстырды. Кенжебаев 8 қаңтардан бастап өз жұмысына кірісті. Биыл боксшыларымызды екі бірдей ірі дода күтіп тұр. Ең алғашқысы Азия чемпионаты болса, екінші Олимпиадаға жолдама беретін әлем чемпионаты болмақ. Қазірше Азия чемпионаты қай елде өтетіні белгісіз, ал әлем чемпионаты Ресейдің Сочи қаласында 7-15 қыркүйек күндері өтеді.
Өздеріңіз білетіндей, былтыр қараша айында өткен AIBA конференциясында қабылданған ең маңызды шешімдердің бірі деп, бокстың салмақ дәрежелеріндегі өзгерістерді айтуға болады. Токио Олимпиадасында бокстан ерлер арасында 8 салмақ бойынша медаль жиынтығы сарапқа салынады. Енді Токиода ерлер 52, 57, 63, 69, 75, 81, 91 және +91 кило салмақтарда бақ сынайды. Осылайша Олимпия ойындарына 214 боксшы қатысады. Есесіне, әйелдер арасындағы салмақ дәрежелері бесеуге дейін көбейді: 51 кг, 57 кг, 60 кг, 69 кг, 75 кг. Жапонияда 72 бұрымды боксшы өнер көрсетеді. Дегенмен Сочидегі әлем чемпионы әдеттегідей 10 салмақта өтеді. Ал жолдамаға жоғарыда айтып өткен 8 салмақтағы боксшылар таласатын болады.
2019 жылы жерлестеріміз күрес түрлерінен әлем чемпионатының куәсі болады. Өйткені дүниежүзінің ең мықты балуандары әлем чемпионы атану үшін елордамыз Астанаға жиналады. Қыркүйек айында жалауы желбірейтін байрақты дода «Дәулет» спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған. Грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрым Дүйсеновтің айтуынша, құрама тізімі 95 пайызға жаңарған. «Мен құрама тізімін қолға алған кезден бастап команданы жасарту мәселесін көтердім. Спортшыларымыз қанша жерден тәжірибелі болса да, құрамаға жаңа леп, жас буын керек. Қызметіме кіріскен бойда қолға алған ісім командаға жастарды тарту болатын. Бүгінде сол міндетті орындадық деп айта аламын. Өйткені құраманың 95 пайызы жаңарды», дейді ол.
Қыркүйек айында балуандарымыз Астанада бақ сынаса, ауыр атлеттеріміз Таиландта Олимпия ойындарына жолдама алу үшін жарыс жолына шығады. Былтыр Ашғабадта өткен біріншілікте зілтемір көтерген толағайларымыздың өнері жанкүйерлер көңілінен шықпады. Өйткені атлеттеріміз елімізге небәрі екі жүлдемен оралады. Биылғы чемпионатта Олимпиада жолдамасы сарапқа салынып жатқандықтан спортшыларымыз аянып қалмас деп сенеміз. Айтпақшы, әлем чемпионатының алдында сәуір айында Қытайда Азия біріншілігі өтеді. Азия чемпионаты да Олимпиадаға жолдама беруші маңызды турнир саналады.
Сондай-ақ биылғы жылдың басты жарысы қысқы және жазғы Универсиада ойындары деп айта аламыз. Өйткені студент спортшылардың ірі жарысы әр екі жыл сайын ұйымдастырылып, өзара мықтыларды анықтайды. Былайша айтқанда, студент спортшылар арасындағы Олимпиада деуге болады. Қысқы Универсиада 2-12 наурыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында өтеді. Әлемнің 50 елінен келетін 3000-нан аса спортшылар спорттың 11 түрі бойынша бақ сынайды. Осыдан екі жыл бұрын Алматыда өткен XXVIII қысқы Универсиадаға әлемнің 56 елінен келген 1600-ден асатын спортшы 12 спорт түрі бойынша жүлде үшін таласқан болатын. Өз елімізде өткен спорт додасында жерлестеріміз жалпы саны 36 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасынан (71 медаль) кейін екінші орын иеленген еді.
Ал жазғы Универсиада ойындарының жалауы 3-14 шілде аралығында Италияның Неаполь қаласында желбірейді. XXX жазғы Универсиадаға әлемнің 170 елінен 12 000-нан аса спортшы қатысады деп күтілуде. Спортшылар спорттың 12 түрі бойынша бақ сынап, 250 медаль жиынтығын сарапқа салады. 2017 жылы Тайпейде өткен байрақты додада Қазақстан құрамасы сапында 120-ға жуық атлет спорттың 14 түрінен ел намысын қорғап, 3 алтын, 6 күміс, 7 қола медаль жеңіп алған-ды. Жалпыкомандалық есепте 21-орыннан көрінді.
Мұнан бөлек, 2019 жылдың ақпан айында теннистен Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының 1/8 кезеңінде Португалия құрамасымен кездеседі. Ойындар 1-2 ақпан күндері Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде өтпек. Ал 5-10 ақпан аралығында АҚШ-тың Анахайм қаласында мәнерлеп сырғанауда төрт құрлықтың чемпионаты өтеді. Сондай-ақ осы айда қысқы спорт түрлерінен (тау шаңғысы, шаңғы спорты және конькимен жүгіру) әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Наурызда биатлоннан (Эстерсунд, Швеция) және мәнерлеп сырғанаудан (Сайтама, Жапония) әлем біріншілігі, мамырда шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді. Наурыз айында футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі мен Қазақстан премьер-лига ойындары басталса, шілдеде қазақстандық футбол клубтары Еуропа лигасындағы іріктеу матчтарын бастайды. «Қайрат», «Тобыл», «Ордабасы» командалары кәрі құрлықтағы жорықтарын алғашқы айналымдардан бастаса, ізін ала «Астана» командасы Чемпиондар лигасындағы ойындарын өткізеді.
Халықаралық жарыстардан маусым айында екінші Еуропа ойындары, шілде айында велоспорттан клубтар арасындағы бейресми әлем чемпионаты саналатын «Тур де Франс» велокөпкүндігі және Оңтүстік Кореяда су спорт түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Сонымен қатар 2019 жылы бірнеше елішілік жарыстар, турнирлер өтеді деп жоспарлануда.
Қорыта айтқанда, 2019 жылы спортшылар үшін сайысқа толы жыл болмақ. Сондықтан биыл жарыс жолына шығатын саңлақтарымыз жанкүйерлерді жігерлі жеңістерімен қуантады деп сенеміз.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»