Бар әлемнің тіршілігін ғаламтор сиқырлы айна сияқты көз алдымызға тосып отыр. Өмір болған соң оның аласы да, құласы да болатынын көз көрген. Алайда, бойжетіп келе жатқан қыздардың арасында беті ашылған, ашынған, адасқан қыздардың үлесі көбейген сайын қоғам алаңдауға міндетті. Мәселен, өткен жылы елімізде 50 мыңға жуық қарагөз гименопластиканың көмегіне жүгінгенін, қыздардың пәктігін сататын халықаралық сайттардың анкеталық базасында біздің бойжеткендеріміз жеткілікті екендігін айтсақ, мұндай жағдайды енді бүркемелеудің жөні жоқ.
Осынау жүрек сыздатар жайттардың жай-жапсарынан толығырақ мәлімет алу үшін биыл қазан айында өткізілген Халықаралық қыз балалар күніне орайластырған пресс-бранчқа қатысқан едік. Бұл шараның «әке-шешесін» айтар болсақ, оны «Шығармашыл бастамашы әйелдер лигасы» қоғамдық қозғалысы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен және Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің көмегімен өткізді.
Әлеуметтік саясатпен айналысып жүрген қоғам белсенділері мен әкімдіктің тиісті департаментінің қызметкерлері, құқық қорғаушылар жиналған басқосуда өте өзекті мәселелер мен оқиғалар бүкпесіз баяндалды.
Қыз балалардың ерте жастан некеге тұруы, жыныстық бопсалау, бей-берекет жыныстық қарым-қатынасқа түсу, қыз алып қашу, жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырау фактілерінің белең алуы БАҚ өкілдерімен бірге ашық талқыланды. Келтірілген статистикалардың ар жағында тұрған адам тағдырлары, аянышты оқиғалар туралы аз айтылған жоқ.
Ең сорақысы, зорлаушы мен зорланушы арасындағы бітімгерлік мәмілені ақша үшін ата-аналардың өзі жасап отырғанынан ақиқаттың тұғыр таппай, қаңғып жүргенін көресің. Жиында бұл мәселеде бөтен емес, әлеуметтік саясатпен айналысып жүрген замандастарымыз бірқатар зерттеуін алға тартқан еді. Мысалы, соңғы уақытта кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық 14,7 пайызға өскен. Ал өлім-жітім 25 пайызға артқан және 16 жасқа толмағандарға қатысты жыныстық жақындасу мен жыныстық сипаттағы әрекеттер 59,7 пайызға көбейіп отыр. Жасы кәмелетке толмаған қыз балаларды жезөкшелікпен айналысуға итермелеу 100 пайызға еселенген. Дәрігерлердің тексеруінен өткен дені сау қыз балалардың саны – 46,9 пайыз. Сол сияқты 18 жасқа дейін бірінші рет тексерілген қыздардың 25 пайызында жыныстық жолдарының қабынуы, яғни гинекологиялық аурулар бар. Оның ішінде 22 пайыз қызда жыныстық жолмен жұққан инфекциялар анықталып отыр.
Ал Қазақстандағы ең жас ана 13-те екенін білесіз бе?
Бұл аз десек, кәмелетке толмай, босанған аналардың арасында өлім-жітім 20-29 аралығында, бірінші рет босанғандарға қарағанда 50 пайызға артық.
Осынау сорақы көрсеткіштер туралы «Шығармашыл бастамашы әйелдер лигасы» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Әсия Хайруллина мен адвокат Жанна Уразбахова нағыз жағдайға келгенде бұл сан әлдеқайда аз деп есептейді.
Әсия Хайруллинаның айтуынша, соңғы 5 жылда жасы кәмелетке толмай жатып жүкті болған жеткіншектердің саны 33 мыңнан асқан. Демек, бұл – 15-17 жас аралығындағы қыз балалар. Олардың 10 мыңы түсік жасатуға мәжбүр болған...
БҰҰ қорының мәліметтеріне сенсек, Қазақстандағы жасөспірімдер арасындағы жүктілік 1 мың адамға 28 оқиғадан келеді. Сондықтан да өсіп келе жатқан ұл-қызға жыныстық қарым-қатынастар туралы жөн сілтеу бұрынғыдан да көкейкесті бола түсті. Жаһанданған сайын қыз балалардың құқығын қорғау мен олардың репродуктивтік денсаулығын сақтау керісінше өзекті сипат алып барады.
Заман алға қанша қарыштаса да қыз алып қашу да тыйылған жоқ. Көп жағдайда жасына толмай жатып ақ жаулық жамылғандар некелі әрі бақытты жар болып кетуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сол сияқты діннің атын жамылып, бүгін үйленіп, ертең «талақ» болған тағдырлардың зары тым ащы әрі бөлек мәселе.
Ықтиярсыз жыныстық қарым-қатынасқа түсу, зорлық-зомбылыққа ұшырау балаң тағдырды бүлдіріп қана қоймай, толысып-жетілмеген ағзаға қалпына келтірілместей зиянын тигізеді. Одан да сорақысы баладан туылған балалар – тастанды нәрестелер қоқыстар мен әжетханалардан табылғанына бүкіл қоғам куә болды. Сондықтан адвокат, құқыққорғаушы Жанна Уразбахова қыз балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесін қайта-қайта қоғам болып қозғай беру керек деп есептейді. Оның айтуынша, елімізде ерте жастан некеге тіркелгендер саны қазіргі статистикадан әлдеқайда жоғары. Дегенмен, бұл көрсеткіш 2012 жылы 3 мыңға жақындаса, 2017 жылы кәмелеттік жасқа толмаған қыз балалармен некеге тұрғандар саны 1500 шамасында болған. Демек, бұл қоғам мен мемлекеттің осы мәселеде белсенділік танытып, заңдық тұрғыда қатаң шаралар қабылдауының нәтижесі болып табылмақ.
– Өкінішке қарай Қазақстанда жыныстық зорлық ауырлығы орташа деңгейдегі қылмыс болып саналады да, ары кетсе зорлықшы 5 жыл арқалайды және мұндай жағдайдың 70 пайызы екі жақтың мәмілеге келуімен тынады. Себебі зорлықшы не сол отбасының туысы не мүшесі болып шығады. Ал дамыған елдердің барлығында зорлау ауыр қылмысқа жатады. Сондықтан да Қылмыстық кодекстен зорлықтан кейін екі жақтың бітімге келуі туралы норманы алып тастау қажеттігін профильді мемлекеттік мекемелердің өкілдерімен кездескен сайын айтумен келеміз, – дейді заңгер.
Егер сенсеңіз, осы тақырыппен тікелей айналысатын халықаралық ұйымдардың дабыл қағуына қарағанда, қазір жер бетіндегі кез келген ұлттың келешегі дәл қазіргі 10 жастағы қыз баланың тәрбиесі мен денсаулығына байланысты.
БҰҰ-ның Халық саны саласындағы қорының атқарушы директоры Бабатунде Осотимехиннің мәлімдеуінше, бүкіл әлемнiң 15 жылдан кейiнгi келбетi дәл бүгінгі осы 10 жастағы қыз балалардың бойына сіңірген тәрбиесі мен денсаулығын сақтауға қолдан келгеннiң бәрiн жасауға қаншалықты дайын екендiгiмiзге тәуелдi болмақ.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ