17 Қыркүйек, 2012

Ас!

370 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Ас!

Дүйсенбі, 17 қыркүйек 2012 12:33

Күнделікті тіршілігімізде зайырлы қоғамға тән үрдіспен айтылатын, өркениеттілік белгісі ретінде қолданылатын шетелдік сирек сөздер бар. Ылғи бол­маса да ыңғайымызға қарай пайдаланатын сол экс­прессиялық қуаты мол терминдердің бір парасы мэтр, маэстро, ас атты ұғымдар дер едік. С.И.Ожеговтің “Орыс тілінің сөздігі” кітабында бұлардың алғаш­қысына: “Ғылым, өнер және әдебиет саласындағы айырықша дарынымен көзге түскен адамдарды ерек­шелеп тұратын атау”, – деп түсінік берілсе, екін­шісіне: “Ірі музыканттар мен қылқалам иелерін, сондай-ақ шахмат әлеміндегі көрнекті тұлғаларды әспеттейтін сөз”, – атты анықтама, ал үшіншісіне: “Өз ісінің үлкен білгірі”, – деген тұжырым жасалған. Міне, осы ұғымдарды ой елегінен өткізіп безбендегенде, олардың ішіндегі соңғысы біздің өзіміз төменде сөз етпек боп отырған  кейіпкерімізге дәлме-дәл келетін сияқты. Олай дейтініміз…

 

Дүйсенбі, 17 қыркүйек 2012 12:33

Күнделікті тіршілігімізде зайырлы қоғамға тән үрдіспен айтылатын, өркениеттілік белгісі ретінде қолданылатын шетелдік сирек сөздер бар. Ылғи бол­маса да ыңғайымызға қарай пайдаланатын сол экс­прессиялық қуаты мол терминдердің бір парасы мэтр, маэстро, ас атты ұғымдар дер едік. С.И.Ожеговтің “Орыс тілінің сөздігі” кітабында бұлардың алғаш­қысына: “Ғылым, өнер және әдебиет саласындағы айырықша дарынымен көзге түскен адамдарды ерек­шелеп тұратын атау”, – деп түсінік берілсе, екін­шісіне: “Ірі музыканттар мен қылқалам иелерін, сондай-ақ шахмат әлеміндегі көрнекті тұлғаларды әспеттейтін сөз”, – атты анықтама, ал үшіншісіне: “Өз ісінің үлкен білгірі”, – деген тұжырым жасалған. Міне, осы ұғымдарды ой елегінен өткізіп безбендегенде, олардың ішіндегі соңғысы біздің өзіміз төменде сөз етпек боп отырған  кейіпкерімізге дәлме-дәл келетін сияқты. Олай дейтініміз…

Иосиф Львович Будневич – Қазақстандағы қазіргі көзі тірі жалғыз байырғы фотожурналист. Өзі ғұмыр кешкен 76 жылдық өмірінің ішінде республикамызда ол жүрмеген жол, ол куәгер болмаған оқиға, ол кездеспе­ген атақты адамдар әй жоқ шығар, сірә! Бұған қоса осы бір мазасыз мамандық иесінің кезінде алғашқы ең­бек жолын ҚазТАГ-тан бастап, одан кейінгі қызме­тін одақтық Совинформбюро, АПН секілді алып ақпа­рат агенттіктерінде жалғастырғанын айтпағанда, Қазақстан туралы түсірген фотосуреттері дүние­жүзінің 100-ден астам елінің баспасөз беттерінде жа­рияланып, солардың көбінде жүлдегер атанғанын сөз етпегенде, сондай-ақ әлемнің Австралия мен Канада­дан басқа жерінің бәрінде болып, өз отандастарын солардың тұрмыс-тіршілігінен хабардар ете білу жөніндегі ізгі мақсат миссиясын былай қойғанда ол соңғы он жыл бойына тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке фотографы бол­ған адам. Осы қызмет, осы жұмыстардың бәрінде Иосиф Львович бір сәтке де болса босаңсып, не арқасын кеңге салып, енжарлық пен бойкүйездікке жол беріп көрген емес. Қайта жанын сала еңбек ету арқылы та­лапқа талғам қоя жүріп, қабылеттіліктің небір ға­жайып үлгілерін көрсете білді. Соның нәтижесінде ол өз уақытынан көп бұрын ерекшеленіп шығып, әріп­тес­тері тарапынан шын мәнінде мойындалған шебер­лікке қол жеткізді. “Өз ісінің үлкен білгірі – нағыз ас!” – деп міне, осындай адамдарды айтар болар, бәлкім.

Ал, оның бәрі неден бастау алып, кейіпкеріміздің бойында ол қалай, қайтып қалыптасқан еді?

 

– Қазақстанда бес жасымнан бастап тұрып келемін, деп бастады бұл бағыттағы әңгімесін Иосиф Львович. – Ал, мұнда қайдан, қалай келдіңіз дейсің бе? Ленинградтан. Әкемді 1932 жылы ол жақтан Алматыға жұмыс істеуге жіберіпті. Содан қазақ жерінде табан аудармай тұрып қалған жайымыз бар. Рас, өзім жарық дүние есігін ашып, өмірге келген Нева жағалауындағы сол бір қалаға Ұлы Отан соғысынан кейін қайта барып, екі жыл оқығаным есімде. Мен түскен ол оқу орны Ленинград кино инженерлері институты (ЛИКИ) деп аталатын. Одан алып шығатын мамандығым жай техникалық жұмыс еді. Атап айтқанда жан-жақтан түсіріліп әкелінген фильмдердің пленкаларын химиялық реактивтер арқылы жуып, дайындау-тын. Маған ол онша ұнамады. Әке-шешемнің: “Осы оқуды бітіріп ал. Қалғанын кейін көрерсің”, – деп үгіттегеніне, тіпті кейіп, ұрысқанына қарамастан мен оны үшінші курсқа келгенде біржолата тастап шықтым. Сөйттім де бала күннен бергі хоббиім – фотоаппаратымды арқалап, пейзаж бен экзоти­каға бай романтика Отаны – Қазақстанға қайта оралдым. Келе сала Алматыдағы газет-журналдарды төңіректеп, осы бағыттағы қарым-қабылетімді көрсетуге күш салдым. Бай­қаймын, талпынысым жаман емес сияқты. Олай дейтінім, түсірген суреттерімнің баспасөз беттерінде шыға бастауы еді. Өстіп жүріп штаттан тыс фототілші деген бір жапырақ қағазға да қол жеткіздім-ау… Бұған төбем көкке жеткендей болып қандай қуандым десеңші! Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Тіптен қиын.

– Айтыңызшы, – дедім осы арада есіме бір нәре түскен мен ол кісінің сөзін бөліп. – Фотоаппаратыңыздың объек­тивіне іліккен сондағы алғашқы суреттер қандай тақырып­тағы, нендей жанрдағы рәсімдер еді? Ал, жалпы… иә, жалпы сол кездегі өзіңіздің баспасөз бетіндегі жарыққа шығарған тұңғыш туындыңыз есіңізде ме? Егер есіңізде болса, онда не бейнеленіп, ол қандай газетке басылып шыққан еді?

– Неге есімде болмасын. Бәрі де жадымда, көз алдымда ғой. Алғашқы түсірген суреттерімнің ішіндегі біреуі мәселен тұңғыш рет “Қазақстан пионері” газетінде жарияланған болатын. Бұл 1947 жылдың күзі еді. Алақандай фотода қатар-қатар қойылған партадағы оқушылар бейнеленген. Онда шәкірттер өздеріне сабақ беріп тұрған мұғалиманың сөзін зейін қоя тыңдап отыр. Сурет астындағы  сөйлемдерде оның Алматы облысындағы Қаскелең селосының орта мектебіндегі “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен марапаттал­ған үлгілі ұстаз екендігі айтылған болатын. Түсінесің бе? Міне, сол сурет менің баспасөз бетінде жарияланған ең алғашқы туындым болып есептеледі.

… Иә, осындай сәтті дебюттерінен соң Иосиф Львович­тің “Ленинская смена” газетіне жұмысқа қабылданғаны бар. Тыным таппай зыр жүгіріп жүретін қағылез жігіт мұнда тартымды этюдтерімен, бояуы ашық та айқын фотосу­реттерімен және оларды түсірудегі тапқыр шешімдерімен мамандарды өзіне бірден жалт қаратады. Осындай жаңа­шылдығы 1952 жылы оны республикамыздағы ең үлкен ресми ақпарат орталығы – ҚазТАГ-тың фотохроника бөлі­мінен бір-ақ шығарады. Ал, одан әрі ол Совинформ­бюроның Орта Азия және Қазақстан бойынша фототілшісі болып, 1961 жылы АПН сияқты алып агенттікке қарай адымдайды.

— Өзіңіз жұмыс істеген ҚазТАГ-тың 50-ші жылдардағы жағдайы қандай еді? – деймін мен сөз арасында кейіп­керіме.

– Қиын…, өте қиын болатын, – дейді мүйіз жиекті көзілдірігін сол қолымен түзеп қойып ойлана тіл қатқан ол. – Оны мәселен мына бір мысалдан-ақ ұғуға болады. 1958 жылдың ақпаны еді. Алматыға КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы К.Е.Ворошилов келді. Сапар мақсаты – Тың игерудегі және одан мол өнім алудағы жетістігі үшін республикамызға Ленин орденін тапсыру-тын. Осы оқиғаға байланысты Совинформбюродан ҚазТАГ-қа берілген тапсырма: “Мәскеуде шығатын “Правда” мен “Известияны” қайткенде де Алматыдағы салтанатты жина­лыстың ресми суретімен қамтамасыз ету керек”, – болды. Міне, проблема… Өйткені бізде фототелеграф жоқ еді. Орта Азия елдері бойынша ол тек Ташкентте ғана бар-тын. Жалма-жан аэропортқа телефон шалдық. Қас қылған­дай бізден Өзбекстан астанасына қатынайтын ұшақтың ұшу уақыты тұп-тура жиын басталар сәт – түс кезімен тұспа-тұс келеді екен. Бар үміт осы ұшақта болғандықтан қайткенде де бір әрекет жасау қажет деп шештік. Сөйттік те ақыры Азаматтық әуе авиациясының бастығына Орталық Комитеттің хатшысын сала отырып, әлгі рейсті екі сағатқа кешіктіріп ұшыруға уағдаластық. Осыдан кейін Абай атындағы опера және балет театрында басталғалы жатқан жиналысқа жетіп үлгердік те, президиум мен залдағы елді 30 минут бойы аямай түсіріп, суфлер ме, гример ме, әйтеуір солардың біреуінің қараңғы бөлмесіне  қарай жүгірдік. Онда пленканы арнаулы  капсюльге қайыра орап, содан кейін оны химиялық реактив құйылған лажы шелекке салған күйі машинаға міндік. Қалған шаруаларды ұшақ салоны ішінде жалғастырып, кешкі сағат 9-да Ташкентке  де жеттік-ау. Фототелеграф үйіне келген соң Совинформ­бюроға іріктелген кадрларды бірнеше вариант етіп, түні бойы Мәскеуге жіберумен болдық. Ертесінде “Правданы” алып қараймыз… Шығыпты! Бәрімізді ақ тер, көк тер еткен панорамалы сурет бірінші бетте көлдей болып жатыр. Міне, осыдан соң ғана барып: “Уһ!” – деп ес жиғанымыз есімде. Мұндағы айтайын дегенім, осы оқиға арқылы ҚазТАГ-тың сол кездегі техникалық базасының қандай екендігін нақты мысал арқылы көзге елестету. Біз міне, ол кезде солай жұмыс істеп, сондай жағдайларды да бастан кешіргенбіз.

– Ал, Совинформбюро мен АПН-ға қалай барып жүрсіз? Онда кімдермен жұмыс істеп, нендей тәжірибе жинақтадым деп ойлайсыз?

– Басын ашып айтайын, Совинформбюро мен АПН-ды бірінің шекпенінен бірі шыққан бір мекеме деуге болады. 1958 жылы оған Н.С.Хрущевтің күйеу баласы А.Аджубей басшы боп келді де мемлекеттік жоспарлау комитетінен мол қаржы бөлгізіп, агенттіктің атағын дүріл­детіп жіберді. Содан көп уақыт өтпей ол АПН (Жаңалықтар баспасөз агенттігі) деген атпен қайта құрылып, Мәскеудің қақ ортасынан ойып тұрып орын тепті. Әріптестеріміздің арасындағы: “Қарсы алдымызда – Пушкин, оның артында – Россия, ал Россиядан кейін – АПН”, – деген әзілдің шыққаны міне, сол кез. Шынында да ақын атындағы алаң мен ел есіміндегі кинотеатр және біз сөз етіп отырған мекеме бәрі үйме-жүйме боп бір жерде орналасқан-тын. АПН сондай-ақ кілең  ығай мен сығайдың, атап айтқанда маршалдар С.М.Буденый мен К.Е.Ворошиловтың, Орта­лық Комитет хатшысы Л.И.Брежневтің ұл-қыздарының жұмыс істейтін жылы жері еді. Сондықтан да Мәскеуде армян радиосы айтыпты дейтін төмендегідей анекдоттың шыққаны бар. Көшеде біреу өзіне қарсы жолыққан жүр­гіншіден: “Пушкин алаңын әскерлер неге қоршауға алып күзетіп тұр?” – деп сұрайды. Сонда ол: “АПН-да кілең маршалдар мен генералдардың балалары жұмыс істейтінін білмеуші ме ең. Бүгін алтын жағалы, оқалы түймелі сол көкелеріміз осындағы өтетін ата-аналар жиналысына келіп, еркетотайларының тәртібін қарап жатыр емес пе?” – деп жауап беріпті-міс.

Бірақ…, иә бірақ бұл мекеме тек дөкейлердің балалары­ның жұмсақ бесік, жылы ұясы ғана емес, сонымен қатар журналистиканың нағыз мен атайын, сен тұр дейтін атжал­ман репортерлері мен небір от пен судан өтіп шыңдалған көкжал фототілшілерінің де қасиетті ордасы болатын. Олар мәселен, Кеңес Одағындағы алғашқы бесжылдықтың алып құрылысы – ДнепроГЭС-тің куәгері болған, Солтүстік Мұзды мұхитты зерттеуші “Челюскин” кемесі экспедиция­сының мүшелерін өз көздерімен көрген, Ұлы Отан соғы­сын­дағы Жеңіс парадына қатысқан Евгений Халдей, Борис Задвиль, Василий Малышев, Макс Альберт, Григорий Зельма, Абрам Штеренберг, Георгий Петрусов секілді тұлғалар еді. Ал, “Огонек” журналындағы өз ісінің үлкен білгірі, қажымас, қайтпас, қайсар фотошебер Дмитрий Бальтерманц ше? Бұлардың әрқайсысы бір-бір шеберлік мектебінің иелері еді. Мен міне осындай тамаша адамдар­мен жұмыс істедім. Жұмыс істей жүріп, олардан көп нәрсені үйрендім. АПН ол кезде әлемнің 58 еліне арнап 6 тілде журнал шығаратын. Осы басылымға қажетті суреттерді іріктеу үшін әлгі кісілер Тың немесе Маңғыстау өңірінен жаңа ғана оралған мені қоршап алып,  іссапардан түсіріп әкелген фотоларымды таңдауға отыратын. Сөйтетін де 30-40 көріністен тек 3-4-уін ғана жаратып, оларды журнал бетіне жарыққа шығарғанда: “Осыларды түсірген шыны­мен-ақ мына менмін бе? Қандай тамаша! ” – деп өзіме-өзім таңғалатынмын. Фотоларды сараптауға, макетке салып орналастыруға келгенде жоғарыдағы кәрі тарландардың талғампаздығы сұмдық еді. Олардың сұңғылалығында, көре­гендігінде шек жоқ болатын.

Әңгіме иесі жоғарыдағы сөздерді айтып отырғанда біздің ойымызға мына бір жәйт оралды. 1974 жылдың күзі болатын. “Лениншіл жаста” шапқылап жұмыс істеп жүрген жас кезіміз. Бір күні Баспасөз үйінде орналасқан редакцияларға жа­йсыздау хабар тарағаны бар. Ол: “Қызылордада “Главрис­совхоз­строй­дың” тікұшағы апатқа ұшырапты. Оның бортында АПН-ның Орта Азия мен Қазақстандағы фототілшісі Иосиф Будневич бар екен. Жараланып, өлім аузынан қалыпты”, – деген сөз еді. Кейіпкерімізбен бүгінгідей емін-жарқын, ашық сырласып отыр­ғанда осыдан 29 жыл бұрынғы сол оқиғаны өзінен сұрап көруге бекіндік.

– Иә, ондай жағдайдың болғаны рас, – деді Иосиф Львович жөткірініп қойып. – 1974 жылдың 19 қа­рашасында “Казахстанская правда” газетінің қызмет­кері Борис Масаль­ский екеуміз Қызылорда облы­сындағы  каналды суретке түсіру үшін “МИ-2” тікұшағына отыр­дық. Жолбас­шымыз осын­дағы суландыру жүйесі ме­ке­месіне қарасты жыл­жымалы механикалық ко­лон­наның бастығы Ми­рон Шек деген азамат еді. Борт­та ұшқышпен қосқанда бә­ріміз төрт адамбыз. Әуеге кө­терілгенімізге 20 минут­тай уақыт өткен. Бірақ жо­ға­рылай алмай, төмендеп келе жат­қан сияқтымыз. Күдігімді Бо­риске айтып едім, ол бұған мән бер­мегендей сыңай танытты. Содан не керек, Сырдария өзеніне жақындай бергенімізде тікұшақ төмен қарай құлдырады дейсің. Көзді ашып-жұмғанша су бөгейтін топырақ үйіндісіне кеп гүрс ете түстік. Біреу­лер мұндай кездегі жағдайды: “Көзім­нің оты жарқ етті. Есімнен танып қалыппын. Ештеңені білмеймін”, – деп жатады ғой.  Ға­жа­бы сол, менде ондай галюцинация болған жоқ. “Мұның не?” – дегендей қою шаңға қақалған ұшқышқа қарағаным, құлағымның тарс бітеліп қалып, мең-зең халде теңселіп отырғаным жадымда. Міне, содан кейін барып ұйықтап кеткен­дей болдым. Ар жағы есімде жоқ.

Көзімді ауруханада аштым. Қызылордада екенмін. Бел­омыртқам қатты зақымданыпты. Қозғалтпайды. Дәрігер­лерге қойған алғашқы сұрағым жолдастарымның жағдайы болды. Олардың айтуына қарағанда Борис Масальскийдің бұғанасы шытынапты. Мирон Шек жолда көз жұмған. Ұш­қыш тірі екен. Содан қойшы, Қызылорда мен Алматы­ның ауруханасында екі ай жаттым. Үшінші айда ептеп ілбіп жүруге жарап, мәшинемнің рөліне отыратындай дәрежеге жеттім. Алты ай дегенде барып сауықтым-ау. Ал, енді мына қызыққа қараңыз. Сегіз айдан кейін қайтадан іссапарға аттанып, Павлодар облысындағы Яков Геринг басқаратын “Қазақстанның 30 жылдығы” ұжымшарына барғанда тағы да “МИ-2” тікұшағына мінуге тура келмесім бар ма?! Бортқа көтерілерде маңдайымнан суық тер бұрқ ете түсті. Бірақ: “Неден шошынсаң, содан емделесің”, – деген сөз бар емес пе?! Сол есіме түскен мен тәуекел деп іш­ке қалай кірдім, солай қорқыныш пен үрей атаулыдан бір­ден сейіліп жүре бердім. Сөйтіп ол психологиялық қиын­дықты да өмірге деген құштарлықпен жеңген жайым бар.

–       АПН-да қанша уақыт жұмыс істедіңіз?

–       Артық-кемі жоқ 18 жыл.

–       Содан соң…

– 1976 жылы аталмыш агенттікте кезекті қайта құру жүрді. Сондағы ықшамдаудан кейін мен өзімнің бір кездегі жұмыс істеген жерім ҚазТАГ-қа қайта оралдым.

Иә, бұл мекемеге келіп еңбек еткен жылдарда да ол көптеген оқиғалардың куәсі болды.

Себебі, республикадағы үкіметтік шаралардың дені ҚазТАГ-тың суретінсіз газет-журналдарға шықпайтын.

Көптеген жауапты тапсырмаларды орындауға  белсене  араласты.

Өйткені, түрлі ресми жиындар мен шетелдік делегация­ларды баспасөз бетінде насихаттау аталмыш агенттіктің фототілшісінсіз болмайтын.

Біраз лауазымды адамдармен танысты.

Олай болатыны, республикалық деңгейдегі қызметке сайланған немесе тағайындалған басшыларды ақпарат құралдары арқылы елге таныстыру тағы да ҚазТАГ-тың фотохроника редакциясынсыз жүзеге аспайтын.

Сондай кезде, сондай сәтте Иосиф Львовичтің танысқан адамдарының бірі тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі  Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді.

Оқиға былай болды. 1979 жылғы желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кезекті пленумы өтті. Онда Қарағанды обкомы басшыларының бірі боп жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып сайланды. Тәртіп бойынша жаңа қызметке келген республикалық деңгейдегі басшы “Социа­лис­тік Қазақстан”, “Казахстанская правда” газеттері арқылы елге таныстырылуы керек. Ал оған  қажетті суретті ҚазТАГ-тың фототілшісі түсіруі тиіс еді. Нұрсұлтан Әбішұлы мен Иосиф Львовичтің арасындағы таныстық бұдан 23 жыл бұрын міне, осылай басталған-тын.

– 1992 жылы, – дейді кейіпкеріміз, – Елбасының жеке фотографы деген жаңа қызмет орны белгіленді. Президент Әкімшілігінің аппараты бұл жауапты жұмысқа ҚазТАГ-тан мені лайықты деп тапты. Содан он жыл бойы осы міндетті атқарып, Нұрсұлтан Әбішұлының республика­мыздағы, шетелдердегі сапарларының бәріне куәгер болғаным бар.

Еліміздің бірінші адамының жеке фотографы міндетін атқару, әрине, үлкен бақыт, зор құрмет. Ол Үкімет адамдары­ның сенің кәсіби шеберлігіңнің жоғары екенін бағалап, мойындағанының және осындай іске лайық деп тауып, сенім көрсеткенінің белгісі. Сонымен қатар бұл жұмыстың өте қиын да жауапты міндет екенін ашып айтқым келеді. Олай дейтінім, мемлекеттік дәрежедегі ресми кездесулер мен қабылдауларды суретке түсіру үшін ыңғайлы орын таба білу, ондағы әр сәтті қалт жібермей дер кезінде қамтып қалуға ұмтылу фототілші мына біздер­ден асқан дәлдік пен шапшаңдықты, сезімталдықты талап етеді. Мұндай шараларда телеоператорлар мен фоторепор­терлердің еркін жүріп тұруына да айтарлықтай шектеу қойылған. Рас, өзіміздің Қазақстанда Президент секьюиритиі мені жақсы таниды. Сондықтан да егер жоғарыдағыдай ресми қарсы алу немесе қабылдауларда мен мәселен ыңғайсыз жерде тұрып қалып, фотоаппаратыма қажетті объект дұрыс ілінбей жатқан жағдайда арнаулы қызмет адамдарының сәл-пәл ығысып тұруын өтініп, шаруамды ойдағыдай бітіріп алуыма әбден болады. Ал, шетелдерде ше? Жо-жоқ, атай  көрмеңіз. Онда қарауылдың иығынан қағып өтініш айтпақ түгілі, белгіленген орныңнан қозғалуға болмайды. Халықаралық дипломатия ережесіндегі прото­колдық тәртіп бұл. Ал, қия бассаң әдепсіздік көрсеткенің болып есептеледі. Міне, бұл мен атқарған жоғарыдағы қыз­меттің бір ғана қиындығы. Басқасын, иә, басқасын кейін тағы айтармын.

– Президентпен бірге сонда қанша елде болдыңыз?

– Австралия мен Канадаға ғана аяғым жетпеді. Жер шарының ірі деген қалған елдерінде түгелге жуық болдым деп айта аламын. 1996 жылғы бір ғана мамыр айында тіпті Франция астанасы Парижге үш рет сапар шегуіме тура келгені бар. Өйткені жұмыс бабы солай болды.

– Соңғы кезде сіз бұл қызметті Сергей Бонда­рен­коға бердіңіз ғой?

– Иә.

– Қазір не істей­сіз?

– Алматыдағы Пре­зидент резиденциясында баспасөз қыз­метінің филиалы бар емес пе. Міне, сонда фотомұрағат мәсе­лелері жөніндегі кеңесшімін. Осы жұмысты атқара жүріп 1999-2000 жылдары тәуелсіз Қа­зақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы  екі үл­кен фотоальбомды өмірге әкел­дік. “Өмірге әкелдік”, – деп көпше айтып отырған себебім, ал­ғашқысына 300, ал кейінгі­сіне 250 түрлі-түсті слайд енген бұл кітаптардағы суреттер менің  шығар­ма­шы­лы­ғым екендігі де, ал құрастырып, жасап шығару жұмыста­рына Асқар Есмаханов пен Владимир Алябьевтің атсалыс­қандығы. Содан соң… иә, содан соң 2001 жылы рес­пуб­ликамыздағы ғылым, білім, өндіріс және шаруа­шылық салаларында еңбек етіп жүрген таңдаулы қыз-келіншектерді қамтыған “Жүз әйелдің жүзі” деген фото­альбом шығардық. Суреттерінің бәрін өзім түсірген бұл жинаққа бастама­шылық танытқан, демеушілік көрсеткен Қазақстандағы іскер әйелдер ассоциациясы болды. Соңғы жылдары Нұрсұлтан Әбішұлының өзінің “Бейбітшілік эпицентрі”, жазушы Геннадий Толмачевтің “Лидер” атты кітабы жа­рыққа шыққаны жұртшылыққа жақсы мәлім. Сол туын­дыларға пайдаланылған фотолардың бәрі де өзім түсіріп, жинақтаған архивтен алынған суреттер. Мен қазір міне, осындай жұмыстарға қызмет жасаймын, мамандарға ақыл-кеңес беріп, көмек көрсетемін.

Иосиф Будневич!

Ол атақты  Теміртау домнасының  ашылуына, Тыңдағы алғашқы миллиардтың алынуына,   Маңғыстаудың игеріліп, Ащысай полиметалл комбинатының  бой көтеруіне  куәгер болған кісі.  Бұл – тарих па?  Тарих!

Ол ХХ ғасырдағы   біздің біртуарларымыз  М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Д.Қонаев, Ғ.Мүсірепов, Ш.Жиенқұлова, Ы.Жа­­қаев, тағы басқа жүздеген тұлғаларымыздың бейнесін бүгінгі ұрпаққа жеткізген жан.  Бұл – жылнама ма? Жылнама!

Ол француздың атақты “Конкорд” жолаушылар ұшағы­мен   иық тірестірген  ғажап әуе лайнері ТУ-144-тің “Алма­ты-Мәскеу” ашылу рейсіне  қатысып, қазақтың қос қыра­ны  Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаевты Торғай даласында  ғарыш­­тан  тұңғыш қарсы алған  санаулы адамдардың бірі.  Бұл – шежіре ме? Шежіре!

Ол жинаған, оның өмір бойы түсірген фотоларының өзі  бір архив, бір мұрағат.  Бұл факт ме? Факт!

Қазақтың өзі онша назар аудармаған кей дүниесін  рет­теп, ашық-шашық қалдырған фотомұраларын жүйелеп,  жоқ-жітігін жинастырып жүрген осындай адамдарға риза боласың.  Рахмет айтқың келеді.  Рахмет айтамыз да!

Жанболт АУПБАЕВ,
“Егемен Қазақстан”

2004 жыл.