Қазақстан • 14 Қаңтар, 2019

Қазақстанның беделін өсірген айтулы қадам

528 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен апта Сирияда гуманитарлық көмек аясында өткі­зілген операция үш негізгі ерекшелігі тұрғысынан үлкен маңызға ие.

Қазақстанның беделін өсірген айтулы қадам

Біріншіден, Қазақстан соңғы 10 жылда Еуропа, Ислам әлемі және Еуразия кеңістіктерінде жү­зе­ге асырған халықаралық деңгей­дегі істерімен қатар, дип­­ло­ма­тиялық қатынастарын енді ғана дамытып жатқан елдер­­дің өзінде елеулі әсер қалдыр­ғанға ұқсайды. Әсіресе мерзімі жақында аяқ­тал­ған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің тұрақ­ты емес мүшелігі кезін­де бас­шылыққа алған ақыл­гөй және конструктивті ұстаны­мы Қазақ­станның сыртқы саясат­тағы ықпалын одан сайын арттыр­ғанын атап өтуге болады. Ли­ванға Үндістанмен бірігіп жолдан­ған қазақ әскерлерінің халық­аралық қауымдастықтың пікіріне әсері оңды болды. Қарапайым көрінетін бұл қадамның «Қазақ­стан дағдарысты кезеңді артта қалдыру мақсатында және әлем­дік бейбітшілік үшін әске­ри күш тұрғысынан үлес қоса алады» деген пікірді күшейте түс­ті. Қа­зақстанның мұндай опера­циялар жасай алу қабілетін тек бүгінгі күштік шаралар тұрғы­сынан қарастыруға болмайды. 

Мәселен, «Мәдени мұра» бағ­дарламасы шеңберінде Сирияда атқарылаған бірқатар іс-шаралар мен орнатылған екіжақты ын­ты­мақтастықтың соғыстан бұрын Сириямен ықпалдасуда дип­­ломатиялық арналардың тиім­ді қолданылғанын көрсетеді. Соңғы жылдары Қа­зақстан Түркия, Ливан және Иор­даниядағы си­рия­лық босқындарға көмек көр­сету мақсатында 700 мың доллардан астам қаражат бөлді. Осы­ның барлығы жұм­сақ күш элементтерінің және халықаралық дипломатия ша­­раларының бірге қолда­ны­луының нәтижесінде іске асы­рылды. Бұлар Назарбаев көш­бас­­шы­­лығының өзге­шеліктерін ай­шық­­тайды. 

Операцияның екін­ші ма­ңызды тұсына келсек. Сирияда, әсіресе, Идлиб аймағында Қазақ­станнан келген бірқатар отба­сылардың бар екендігі белгілі. Бұлардың бір бөлігі Қазақстан үшін жақын және орта мерзімді болашақта қауіпсіздік тұрғысынан қатер туғызуда. Олардың елге оралуы және ел аумағында ықпал жасауы Сирия мәселесі тудыруы мүмкін салдарлардың ішіндегі ең үлкен проблема. Қазақстан осыны түсінді және аймақты ұдайы назарында ұстады. Ақырында, Женевадан кейінгі ең маңызды халықаралық реттеу бастамасы – Астана процесін ұйымдастырды. Ай­мақ­тағы ең ықпалды үш ел – Ресей, Иран және Түркия­мен ынтымақтастығын инсти­ту­цио­налдық деңгейде күшейтті. Халықаралық қауымдас­тық­тың Қазақстанға деген сенімі екіжақты және көпжақты ынтымақтастық жасауына мүмкіндік берді. Жақында Сириядан 47 Қазақ­стан аза­ма­тының қайтарылуын Назарбаев­тың бірнеше жылдан бері Сирия саясатында көрсетіп келе жатқан жігерінің жемісі ретінде бағалауға болады.

Бұл жаңалық Түркияның қоғамдық пікірінде үлкен әсер тудырып, әсіресе, әлеуметтік желілерде көп бөлісілді. Онсыз да имиджі жақсы болып отырған Қазақстан және оның басшысы Назарбаевтың елден сырт жерлерде операция жасау қабілетін көрсетуіне Түркияда оң баға берілуде. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің соңғы уақытта ат­қар­ған шаралары және әртүр­лі деңгейдегі ақпараттық жұмы­сы осындай қадамдар туралы жаңалықтардың дұ­рыс дерек­көздерден тарауы тұр­ғысы­нан үлкен маңызға ие. Қазақ­­станның Ресеймен қатар Түркия­мен ынтымақтастығын артты­руы елге оралғандарды бақы­лауда ұстауына мүмкіндік береді.

Үшіншіден, Президент Назарбаевтың осындай опера­ция­лардың жалғасатыны жөнін­дегі мәлімдемесі аймақтағы қа­зақстандықтарға жолданған бір белгі іспетті. Осылайша Қа­зақстан Таяу Шығыстан келуі мүм­кін бейберекеттіктерге қар­­сы тұру қабілетін арттыра түс­ті. Себебі бұл үдеріс әртүр­лі дереккөздерден дұрыс ақпарат пен барлау мәлімет­тері­­не қол жеткізуге әрі дер ке­зін­де тиісті іс-қимыл жасауға мүм­кін­дік береді. Қазақ­стан­ның мұндай операциялар­да жетістікке жетуі және халық­аралық қоғамдастықтың келі­сімімен алға жылжуы аймақ­тағы басқа елдердегі, тіпті Шан­хай ынтымақтастық ұйымын­­дағы позицияларының кү­шеюіне ықпал етуі мүмкін. Қазақ­­стан, сонымен қатар аймақ­­тың басқа елдеріне ұқсас қатер­­лі мәселелер бойынша көш­­бас­­шылық ету және көмек көр­сету әлеуетін паш етті. Осы­лай­ша аймақтық интеграция үде­рісінің институционализа­циясы басқа тұрғыдан да күшейе түспек.

Күршад ЗОРЛУ,

профессор, сарапшы (Түркия)