“Есеп” партиясы
Жексенбі, 7 қазан 2012 0:12
Кеңес өкіметі қатал тәртіп орнатып, ел қамын жеген алаш азаматтарын жаппай қамауға алып, аяусыз азаптағаны, бүкіл халықтың жанын түршіктіріп отырса да әділетсіз қоғамға қарсылық еш уақытта тоқтап қалған емес. Дозақ азабын басынан өткізгендер мен ондай азап шеккендерді көзімен көрген егде тартқан адамдар ғана болмаса, ештеңеден беті қайтпайтын оқып жүрген кейбір жастар азаттықты аңсап, өз қатарларының ұлттық санасын оятуға ұмтылып келді.
Мектептегі оқушылардан бастап, жоғары оқу орындарындағы саналы студенттер қазақ халқына жасалған зорлық пен қиянаттарды көздерімен көріп, әділетсіз қоғамға өздерінің наразылықтарын әр жерде, әр уақытта білдіріп отырды. Олар өшіп бара жатқан өз халқының тіліне, дініне, салт-санасына жаны ашып, келешекте қазақ халқы ұлттық қалпын сақтай алмай құрып кетеді-ау деп қайғырып, азаттық алса екен-ау деп армандады. Енді осы абзал азаматтар туралы сөз қозғайық.
Жексенбі, 7 қазан 2012 0:12
Кеңес өкіметі қатал тәртіп орнатып, ел қамын жеген алаш азаматтарын жаппай қамауға алып, аяусыз азаптағаны, бүкіл халықтың жанын түршіктіріп отырса да әділетсіз қоғамға қарсылық еш уақытта тоқтап қалған емес. Дозақ азабын басынан өткізгендер мен ондай азап шеккендерді көзімен көрген егде тартқан адамдар ғана болмаса, ештеңеден беті қайтпайтын оқып жүрген кейбір жастар азаттықты аңсап, өз қатарларының ұлттық санасын оятуға ұмтылып келді.
Мектептегі оқушылардан бастап, жоғары оқу орындарындағы саналы студенттер қазақ халқына жасалған зорлық пен қиянаттарды көздерімен көріп, әділетсіз қоғамға өздерінің наразылықтарын әр жерде, әр уақытта білдіріп отырды. Олар өшіп бара жатқан өз халқының тіліне, дініне, салт-санасына жаны ашып, келешекте қазақ халқы ұлттық қалпын сақтай алмай құрып кетеді-ау деп қайғырып, азаттық алса екен-ау деп армандады. Енді осы абзал азаматтар туралы сөз қозғайық.
Қаршадайынан халықтың қамын ойлап, туған елі мен жерін жанындай сүйіп өткен Бүркіт Ысқақов сынды азамат өмірге өте сирек келеді. Ол жас кезінің өзінде-ақ Кеңес өкіметінің, коммунистік қоғамның әділетсіздігін, халыққа істеп отырған қиянатын зерделілігінің арқасында ерте аңғарып, оған жан-тәнімен наразы болды. Саяси көзқарасы ерте қалыптасып, ерте жетілді. Оның әңгімесін өмірден көрген-түйгені көп үлкен кісілердің өзі таңдана да, сүйсіне де тыңдайтын.
Мектепте оқып жүргенінде-ақ “ақын Бүркіт” атанып, өте беделді болды. Ол “Жас әдебиетші” деген үйірмені басқаратын. Сабақ аяқталғаннан кейін үйірме мүшелері жиналып алып кітап оқимыз, кітап оқып болғаннан кейін өз пікірімізді айтамыз. Кітапты біздерге тауып әкелетін де, оны біздерге мәнерлеп оқып беретін де, көбінесе, Бүркіттің өзі болатын.
Бір күні ол Сәкеннің “Қызыл ат” поэмасын алып келді. Бәріміз де оған таңдана да, үрке де қарадық. Өйткені, Сәкен, Бейімбет, Ілияс секілді арыстар “халық жаулары” болғандықтан, олардың жазған шығармаларын оқу түгіл аттарын атауға да қорқатын едік.
Бүркіт біздерге Сәкенді ерекше сүйетіндігін, тіпті олардың халық жауы еместігін айта келіп, поэманы мәнерлеп оқып берді. Шығарманы талқылай келіп, әңгімені ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеу және оның нәтижесінде қазақ халқының 1932-1933 жылдардағы жаппай аштан қырылуы туралы өрбіттік. Аштық алапатын бәріміз де басымыздан өткерген екенбіз.
Біз оқып жүрген “Казгородок” селосы сол кезде Нұра ауданының орталығы болған. Ашаршылық кезінде мұндағы адамдар суық ұрған шыбындай қырылып еді. Әсіресе Жаңаарқа ауданынан шұбырып келген аш-арықтардың бірде-бірі тірі қалмады. Әбден титықтаған аш адамдар күресіндерде, үйлердің ығында, өз үйлерінде шейіт болды. Оларды ақ жауып арулап қоюға ешкімнің де шамасы келмеді. Тірілердің өздері қалжау. Қыста жарық дүниемен қоштасқандарды ауылдың сыртындағы кез келген шұңқырларға апарып тастай берсе, жаз шыға иістене бастаған мүрделерді көму қиынға соқты.
Қазақты біржолата құртып кете жаздаған бұл сұмдық туралы ол кезде ешкім жақ ашып айта алмайтын. Ал біздер Бүркіттің көп нәрсені аңдай білетіндігінің арқасында сол кездегі қазақтың басына үйірілген қара бұлттың қайдан пайда болғанын біршама түсініп қалдық. Бүкіл қазақ баласының басына түскен ауыр соққы біздің жас жүрегімізді жаралап, жанымызға өмір бойы өшпестей дақ салды. Сондай аяусыз қырғынға душар болмағанда Қазақстандағы қазіргі қазақтардың саны ең аз дегенде 15-20 миллионға жетіп, республикадағы халықтың басым көпшілігі болып, өз ұлттық қалпымызды толық сақтап отыратын едік. Өз ана тілін білмейтін бүгінгідей шала қазақтар да болмас еді.
1940-1941 оқу жылында бір топ оқушылар Қарағандыдағы екі жылдық мұғалімдер институтына келіп, оқуға түстік. Бәріміз ауылдағы әдебиет үйірмесінің мүшесіміз. Бір-бірімізден бөлінбей қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқимыз. Бәріміз де бір бөлмеде жатамыз. Болып жатқан халықаралық саяси оқиғалар жайында әңгімелесеміз. Бүркіт біздерге үнемі бір соны жаңалық айтып, не газет, жорнал, кітаптар әкеліп, оқып береді. Оның кез келген әңгімесі бізді өзіне баурап алатын. Әсіресе, Алаш партиясы, Алаш ақындары туралы айтқандары жүрегімізді тербетіп жіберетін еді. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтың өлеңдері жанымызға жылы тиіп, көңілімізге қона кететін. Еліміз еркіндік алып, мемлекетімізді “Алаш” сияқты партия басқарып отырса, халқымыз мұндай күйзеліске ұшырамас еді-ау деп армандадық. Олардың өлеңдерін тез жаттап алып, басқа құрбы-құрдастарымызға айтып жүретін болдық. Әсіресе:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып!
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
ұйықтайтын бар не сиқың?!, –
деген өлеңді құштарлана жаттап алдық.
1941 жылғы ақпан айының бас кезі. Әдеттегідей, Бүркіттің әңгімесін тыңдап отырмыз. Бүгін ол ерекше шабыттана сөйлеп тұр. Жан-жақты дамыған АҚШ, Англия, Франция сияқты капиталистік елдерде бірнеше партиялардың қатар өмір сүретіндігін, мемлекет басқаруға сайлауда жеңіп шыққан партияның басшылары тағайындалатынын айтып берді де: “Ал біз халық қамын ойлайтын, халық үшін ғана қызмет ететін жаңа партия құруымыз керек”, – деді. Бұл пікірі біздерді қызықтыра түсті. Мұндай әңгіме өмірімізге зор қауіп төндіретіні ойымызға кіріп те шыққан жоқ. “Жаңа партиямыз тек ел үшін еңбек етуі керек. Ал ойлаңдаршы, сонда оны қалай деп атаймыз?” – деді Бүркіт бәрімізге қарап. Енді бәріміз жаңа партияның атын қоюға таласа бастадық. Әрқайсымыз өзімізге ұнаған әртүрлі аттарды атап жатырмыз. Тіпті өз ойымызды бұрынырақ өткізіп жіберуге тырысамыз. Талқылай келе олардың бірде-бірі ұнамады. Ақыры Бүркіт өзі бұрыннан көп ойланып осы дұрыс болады-ау деп есептеп жүрген жаңа партияның атын біздерге сенімді түрде жария етті. “Жолдастар, – деді ол, – біздің партиямыз “Елін сүйген ерлер партиясы”, қысқартып айтқанда “ЕСЕП” деп аталады. Осы отырған бәріміз бүгіннен бастап осы жаңа партияның мүшесіміз. Елдің қамын ойлайтын, елі үшін адал қызмет ететін партия болса, халық еш уақытта күйзеліске ұшырамас еді”, – деді ол шабыттана сөйлеп.
Сөйтіп, өзіміз бір жаңа саяси партия құрып алдық деп қуаныстық. Алдағы уақытта оның бағдарламасын да, жарғысын да тездетіп қабылдауға ұмтылдық. Студент, оқушылар арасында үгіт жүргізіп, пікірлестеріміздің санын көбейтпек болдық. “ЕСЕП” партиясының қазіргі мүшелері деп мыналарды ұйғардық: Бүркіт Ысқақов (көсемі), Махмет Теміров (орынбасары), Елеш Бимағанбетов, Дәкен Шалабеков, Аманжол Дүйсенбаев, Әшім Сүлейменов, Жанайдар Әубәкіров. Бұлар институтта оқып жүрген студенттер. Бұлардан басқа ауылда тұратын пікірлес достарымыз да партия мүшелері деп есептелді. Олар: Рақыш Бұйрабеков, Кәмәли Рахметов, Қажыкен Тінтаев, Аққошқар Мұқанов, Байдалы Боқаев, Ақаш Мұқанов, Балапан Сәкібаев, Орынбай Сауқанов, Сайдали Кенжебаев (кейіннен Мақуов) Дәулетбек Әкімбеков, Қыздарбек Әкімбеков еді. Құпия түрде болса да біздің тілектестеріміз біртіндеп өсе берді. Бүркіт бірге оқып жүрген студенттерге ғана емес, сол кездегі бүкіл Қарағанды қаласының Жамбыл атындағы жалғыз қазақ мектебіне барып, өз пікірін оқушыларға да айтып, олардың ұлтық намысын оятуға бар күшін салып жүрді. Сөйтіп пікірлестер шоғыры мектеп оқушыларының ішінен де шыға бастады. Біздермен пікірлес деп тарих факультетінің студенттері Нүркенов, Сейітов Қайлеш, Аманбаев Мұқаш, Әубәкіров Хайридденді атайтын. Институтта Бүркітпен жақсы дос, пікірлес болғандардың бірі Жаппар Өмірбеков болатын.
Бүркіттің әңгімесін естіп, тыңдаған құрдастарының бәрі дерлік оның пікірін қолдап шыға келетін. Тіпті “ЕСЕП” туралы сырттай естіген жастар оған тікелей сүйіспеншілік білдіріп отырды. Біртіндеп бізді қолдаушылар саны өсе берді. Олардың ішінен Бүркіттің ерекше атайтындары Оңайбек Құдышұлы, Орынбай Айтмағанбетов еді. Оңайбекпен өте сырлас дос болды. Өмірінің соңғы күндеріне дейін онымен жақсы сыйласып өтті.
Бүркіт туралы ақын Жаппар Өмірбеков кейін “Қайсар, тынымсыз ғалым” деген (Б.Ысқақовтың 70 жылдығына арналған) мақаласында былай деп жазған еді: “Ол жасынан өзінше ойлап, көзқарасын ашық айтып жүретін. Соғыс уақытында Сталин туралы бір ауыз өлең шығарғаны есімде:
Жастарды айдап ұрысқа,
Қарттарды айдап жұмысқа,
Қан қақсатты халықты,
Осынысы дұрыс па?!
Ол кезде мұндай өлең үшін жазалау орындарына түссе, соттап жіберетін (“Орталық Қазақстан”, 10 желтоқсан, 1994 жыл, Қарағанды)”
1944 жылы Қарағандыда бір топ жастарды Кеңес өкіметіне қарсы саяси пікірлері үшін қамауға алды. Оларға “ЕСЕП” деген Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым құрды деген айып тағылды. Бұлар: Зейнолла Әбділдин, Бейсембай Жақсылықов, Асығат Рүстемов және Жаппар Өмірбеков болатын. Оларды қатты қысымға алып: “Қоғамға қарсы мұндай жат пікірді сендерге кім үйретті?” – дегенде бәрі де бір ауыздан Бүркіттің атын атаған. Олардың мұнысы оған жапқан жала емес, шындықты жасырмай айтқаны еді. Алпысыншы жылдардың бас кезінде кейбір қалаларда қоғамға қарсы деген күдікпен бірқатар студенттер қамауға алынып, жазаланды. Осы кезеңде Қарағандыда институтта оқып жүрген Кәмел Жүнісов, Кәрім Сауғабаев, Мақсым Омарбеков сияқты студенттерді ұстап, бұларға да “ЕСЕП” деген ұлтшыл ұйым құрдыңдар деп, оқудан шығарып жіберді.
1950 жылдың желтоқсанында “Правда” газетінде Шойынбаев, Айдарова және Якуниннің “Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық” деген мақаласы жарияланды. Мұнда Ермұхан Бекмахановтың “ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан” деген кітабы қатты сыналды. Онда Кенесары қозғалысы феодалдық-монархиялық ұлтшылдықтың көрінісі делінді. Оның ешқандай бұқаралық сипаты болған жоқ деген тұжырым айтылды. Бекмахановты ескілік, қазақтың хандық дәуірін аңсаған ұлтшыл деп айыптады.
Бүркіт екеуміз Кенесары халықтың қамын ойлап, қазақты отаршылдық бұғауынан құтқаруға ұмтылған қаһарман деп дәлелдеп, “Правданың” өзіне жіберу үшін және Алматыдағы беделді газеттерде жариялату үшін мақала дайындадық. Ол кезде Бүркіт “Лениншіл жас” газетінде жауапты хатшы болып істейтін. Кандидаттық диссертация қорғауға дайындалып жүрген кезі. Мен шет тілдер институтында оқимын. Сондықтан Бүркіт бұл мақаланы жариялату үшін беделді тарихшыларды тартпақ болды. Осы пікірімізді жұрт біле берсін деп ашық айтып жүрдік.
1951 жылдың 18 қаңтарында Бүркіт екеумізді тұтқындап, қатты қысымға алды. “Сендер оқуға рұқсат етілмеген алаш ақындарының кітаптарын оқып, өлеңдерін жаттап алып, басқаларға айтып жүріпсіңдер. Ол кітаптарды қайдан алдыңдар?” – деген сұраққа ауыр соққыдан әбден есеңгірегеннен кейін шындығын айтып, жауап беруге мәжбүр болдық. 1940-1942 жылдары институтта қазақ әдебиетінен сабақ берген Нәрешев Айтбайдың үйіндегі кітапханасынан оның інісі Рамазан Нәрешев арқылы алып оқитынымызды айттық. Оның кітапханасы ол кез үшін өте бай және сирек кездесетін кітаптар да табылатын. Ақыры 1951 жылдың 14-15 маусымында республика Жоғарғы соты РСФСР қылмысты істер кодексі 58-бабының 19-11-тармақтары бойынша Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров, Айтбай Нәрешевті 25 жылға кесіп, қосымша 5 жыл азаматтық құқықтан айыру туралы үкім шығарды. Рамазан Нәрешевті, Мұстахым Азанбаевты, Жекен Қалиевті 10 жылға, Адырбек Аманқұловты 8 жылға соттады. Сөйтіп, біздерді Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым құрған, ұйымның мақсаты Орта Азия республикалары мен Қазақстанда Кеңес Одағының құрамынан бөліп, Түркияның қолдауымен буржуазиялық ұлттық мемлекет құру болған, Кеңес қоғамына қарсы үгіт-насихат жүргізген, тыйым салынған әдеби кітаптарды көпшілікке таратып отырған деп айыптады. Бұл айыптау біздер үшін жабылған жала емес, нағыз шындық. Қолымыздан ештеңе келмесе де солай болса-ау деп армандағанымыз рас еді.
1956 жылы ақпан айында Коммунистік партияның ХХ съезі жеке басқа табынушылық және оның зардаптары туралы мәселе қарады. Сталин мен оның сыбайластарының қылмысты істерін әшкереледі. Олардың талай жазықсыз адамдарды қырып-жойғандығын, қуғын-сүргінге ұшыратқандығын айыптады. Бұл жөнінде Н.С.Хрущев батылдық көрсетіп, дұрыс бағыт ұстады. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ жазықсыз жапа шеккендерді әр жерде ерекше комиссия құрып, босата бастады. Солардың бірі болып маусым айында мен де лагерьден босанып шықтым.
Бүркіт екеуміз ауыр жұмыс атқаратын әртүрлі лагерьлерде, түрмелерде алты жылдай азап шегіп, 1956 жылдың тамыз айында Алматыда кездестік. Елге оралғаннан кейін байқағанымыз – Кеңес өкіметі қазақтардың жеке ұлт есебінде өмір сүруін тежеуге кіріскен екен. Атамекенімізге бұрынғы қаптатып көшіріп әкелген адамдары аздай-ақ, енді тың жерлерді игереміз деген желеумен жаңа кеңестік отаршыларды орналастырып жатты. Қазақ мектептері жабыла бастаған. Бұрын да ана тілін шала білетін қазақ жастары өзінің ұлттық дәстүрлерін таза ұмытып, тіпті өз ұлтын менсінбей, мәңгүрттеніп кеткен. Сөйтіп, қазақ халқы шеттен келген қалың тобырдың ішінде құмға төккен судай боп құрып кетуге айналған. “Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ”. Өзіммен өзім күбірлеп сөйлегенде көкейіме мынандай өлең жолдары оралды.
Сағынып келсем
елге қойнымды ашып,
Кетіпті туған жердің
сұрқы қашып.
Шаң басса жер мен
көкті бұрқыраған,
Елімді келімсектер
кеткен басып.
Қазақ халқының тілі де, діні де, салт-санасы да жойылып кету қаупіне ұшырағанын сезген Мәскеуде оқып жүрген саналы студенттер жұрт қамын ойлап, ел еңсесін көтеруге тырысқан. Мұрат Әуезов (жетекшісі), Мақаш Тәтімов, Ерсайын Тәпенов бастаған “Жас тұлпар” атты мәдени-саяси ұйым құрып, ел аралап, халыққа концерт көрсетіп, лекция оқыған. Оларды болған жерлерінде халық та зор қошеметпен қарсы алып, ерекше сүйіспеншілік білдіріп отырған. Тың игеру науқаны басып-жаншып тастаған елдің рухын көтеріп, ұлттық салт-санасын сақтап қалуға үндеген. Аз уақытта-ақ “Жас тұлпардың” дүбірі бүкіл республикаға жайылып, әр облыс орталығындағы жастар осы сияқты ұйымдар құра бастаған. Республика көлеміне кең тарап, жаппай жайыла бастаған, қазақтың ұлттық намысын оятатын жастар ұйымдарынан қауіптенген Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті бұған ерекше көңіл аударып, “Жас тұлпар” ұйымын таратқан. Барлық жерлерде алдағы уақытта мұндай жастар ұйымын құруға тыйым салған.
Бірақ тоталитарлық жүйе қанша қаталдықпен өзіне қарсы дегендерді қатал жазалап отырса да жастардың әділетсіз қоғамға наразылығы ешуақытта тоқтап қалған емес. 1969 жылы Павлодар қаласындағы №3 мектептің жоғарғы сынып оқушылары Арман Қалиевтің бастауымен “Жас ұлан” деп аталатын жасырын саяси ұйым құрып, жастардың ұлттық сана-сезімін оятып, азаттық алуды армандаған. Бұл уыздай жастарға да қатал шара қолданған.
1972 жылдан бастап Хасен Қожа Ахмет Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресу мақсатында “Жас қазақ” атты ұйым құрмақ боп қоғамға қарсы үгіт жүргізген. Бұл үшін ол екі рет сотталған.
1979 жылы қыркүйек айында Целиноград қаласында (қазіргі Астана) бүкіл жастар жиналып Ерейментауда ұйымдастырылмақшы болған Неміс автономиялық облысына қарсы шеруге шыққан. Осының нәтижесінде неміс автономиясы құрылмай қалған.
1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының ашықтан-ашық әділетсіздікке қарсы шығуы – азаттық, тәуелсіздік үшін күрестің шарықтау шегі болды.
Қорыта айтқанда, қазіргі тәуелсіздік патша отаршыларына жан пида деп қарсы шыққан жаужүрек батырларымыздың төгілген қанының, Алашорда азаматтарының жан аямай азаттық үшін күресуінің, бұлардың жолын қуып, қатал жазадан да сескенбей, ұлттық намысты қару қылып әділетсіз қоғамға қарсы шыққан “ЕСЕП”, “Жас тұлпар”, “Жас ұлан”, “Жас қазақ” ұйымдары күресінің, ақыры, 1986 жылғы желтоқсандағы жастардың ерекше ерліктерінің нәтижесінде орнап отыр.
Бұл тәуелсіздік біздерге тектен-текке келе қалған жоқ. Мұнда сансыз азаматтардың төгілген қаны мен көрген азабы жатыр. Өмірде азапты да, қырғынды да басынан көп кешкен қазақ халқы үшін бұл тәуелсіздіктен қымбат ешнәрсе жоқ. Ендеше, біз мұны ардақтай да, жан сала қорғай да білуіміз керек.
Махмет ТЕМІРҰЛЫ,
зейнеткер.
Қарағанды облысы.
29 мамыр 2002 жыл.