Түркістан қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлжамал Маханова АЭА Түркістандағы индустриалды аймақ жанына орналастырылатынын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың үшінші тоқсанынан бастап аймақта жобаларды орналастыру жұмыстары жүргізіледі. Аумағы 400 гектар болатын жерге болашақта 200 жобаны орналастыру жоспарланған. Бүгінде жердің құжаттандыруды қалалық кәсіпкерлік бөлімі жүргізіп жатыр.
Жақын арада инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары басталады. Жобаларды іріктеп, олардың жүзеге асуын арнайы экономикалық аймақ дирекциясы қамтамасыз ететін болады.
«Қазір индустриалды аймаққа барлық инфрақұрылым жүйелері тартылып қойған. Енді сол инфрақұрылымның барлығын арнайы экономикалық аймаққа қарай созамыз. Ол жерге су, жарық, газ - барлығы жеткізіледі», - дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.
Ал арнайы экономикалық аймақта жүзеге асатын жобалар мемлекет тарапынан жеті бірдей жеңілдікке ие болады деп күтілуде. Атап айтқанда, осы жердегі жобаларды жүзеге асыруға қажетті шеттен әкелінген заттардан кедендік құн салығы ұсталмайды. Сонымен қатар кәсіпкерлер 10 жылға дейін жерді тегін пайдаланады. Ал коммуналдық тарифтер құны 35 пайызға дейін жеңілдетілмек. Облыс орталығындағы өндірісті өркендететін аймақты тездетіп іске қосу үшін бүгінде қала және облыс билігі тиісті жұмыстарды атқарып жатыр.