02 Наурыз, 2010

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНА СӘЙКЕС НАҚТЫЛАНДЫ

806 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында ағымдағы жылға арналған республикалық бюджет өлшемдері нақтыланды. Бұл нақтылау Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін және “Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2010-2012 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы” заң жобасының әзірленуіне байланысты жүргізілді. Осы бойынша баяндама жа­са­ған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұл­та­новтың айтуына қарағанда Ұлттық қордан кепілдендірілген транс­ферт­тің тартылатын көлемі 1,2 трлн. теңгені немесе 8 млрд. АҚШ долларын құрайды. Енді осы қар­жыны республикалық бюджетке орналастыру қажет. Сонымен қатар соңғы уақыт­та­ры әлемдік экономиканың жан­дана түсуіне байланысты бірқатар халықаралық сараптау ұйымдары оның даму барысын оң бағалап отыр. Мәселен, Халықаралық ва­люта қоры дамушы елдер эконо­ми­касының алға басуына байла­ныс­ты 2010 жылғы әлемдік эконо­ми­каның орташа өсімі 3,9 пай­ыз­ды құрайды деп отыр. Еліміздің үс­тіміздегі жылға арналған әлеу­мет­тік-экономикалық даму көр­сеткіштерін нақтылау кезінде бұл мәселе де ескерілген. Бақыт Сұлтанов осындай жағ­дайға байланысты 2009 жылдың қорытындылары бойынша бренд маркалы мұнайдың әлемдік ба­ға­сы бір барреліне орта есеппен 60,9 долларды құрағандығын, сондық­тан біздің бюджеттегі әлемдік ба­ға­ның болжамы 2010 жылы бір бар­рель үшін 50 АҚШ доллары­нан 65 АҚШ долларына дейін ұл­ғайтылғандығын мәлім етті. Мұн­дай есептер Қазақстанның басқа да экспорттық құрылымдарына қатысты жасалынды. Ақыр ая­ғын­да 2010 жылы отандық эконо­ми­каның өсуі 2 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр. Өнеркәсіп өнімінің өсімі 3,3 пайыз болатын болса, мұнай өңдеу көлемі 2010 жылы бұрын жос­парланғандағыдай 80 млн. тонна құрайды деп есептелінген. Болжам бойынша экспорт кө­лемі 49,6 млрд. долларды, ал им­порт 34,2 млрд. долларды құрауға тиіс. Инфляция деңгейі 6-8 пайыз аралығында бағаланып отыр. Бұл ретте төменгі шек бұрынғы бол­жам­мен салыстырғанда 1,5 пайыз­дық пунктке төмендетілгенін атап көрсетуге болады. Міне, осындай болжамдық өз­герістер республикалық бюджетті жаңадан нақтыландыруға мүм­кін­дік берген. Сонымен республикалық бюд­жет кірісінің болжамын (транс­ферт түсімдерін есепке алмағанда) 2010 жылдың бекітілген жоспар­ла­ры­на қарағанда 103 млрд. теңгеге не­месе 1 трлн. 645,9 млрд. теңгеден 1 трлн. 748,9 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жөнінде ұйғарым жасалынған. Бұл кіріс бірқатар факторлардың есебінен қамтамасыз етілетін болады. Соның ішінде 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Кеден одағы аумағында қолданыстағы Бірыңғай кеден тарифін енгізуге және импорт көлемін ұлғайтуға бай­ланысты 61,3 млрд. теңге, кор­по­ративтік табыс салынған қосым­ша 19,6 млрд. теңге, минералды ши­кізаттың әлемдік бағасының өсуіне орай еліміздің табиғи ре­сурстарын пайдаланушы­лар­дан тү­сі­ретін салық көлемінің арта тү­суіне байланысты 22,1 млрд. теңге қосымша кірістер алынады деп көзделінген. Бақыт Сұлтанов өз баяндама­сын­да Елбасы Жолдауында атап көрсетілген бюджет саласы қыз­мет­керлерінің жалақысы мен сту­дент­тердің стипендияларын 25 пайызға арттыру мерзімін ағымдағы жыл­дың 1 шілдесінен 1 сәуіріне жыл­жытылуына, яғни 3 ай бұрын тө­ленетіндігіне байланысты мемле­кет­тік бюджетке 53,8 млрд. теңге­нің салынатындығын, мұның 24,8 млрд. теңгесі жергілікті бюджет есебінен қарастырылатындығын екпін түсіре отырып айтты. Сонымен қатар үдемелі индус­трия­лық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасында көз­делген шараларды қаржыландыруға 145,8 млрд. теңге жұмсалатын бо­ла­ды. Мұның 30 млрд. теңгесі “Биз­нестің жол картасы-2020” жо­басын жүзеге асыруға бағытталмақ. Ал “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының жарғылық капи­та­лын ұлғайту және несие беру ар­қы­лы серпінді инфрақұрылымды жоба­ларды іске асыруға 62,8 млрд. теңге, агроөнеркәсіп кешенін да­мыту іс-шараларына 30 млрд. теңге, ғарыш саласының жобаларына 7 млрд. теңге, “Қорғас” халықаралық ынтымақтастық орталығының ин­фрақұрылымын дамытуға 6 млрд. теңге, Астана қаласындағы жаңа уни­верситеттің екінші кезегін са­луға 5 млрд. теңге бағытталатын болады. Сөйтіп, жалпы алғанда респуб­ликалық бюджеттің өлшемдерін нақтылау нәтижесінде жалпы түсім 3 трлн. 378,4 млрд. теңге құрайды деп көзделінген. Бұл қолданыстағы бюджеттегі өлшемнен 189,4 млрд. теңгеге артық. Ал бюджет шығысы 4 трлн. 182,0 млрд. теңгені құрамақ. Бұл бұ­рынғы өлшемнен 240,1 млрд. теңгеге артық. Бюджет тапшылығы 803,6 млрд. теңге болады деп болжанды. Бұл бұ­рынғыдан 50,7 млрд. теңгеге ар­тық. Нақтыланған бюджетте міне осы кірістер мен шығыстарды және бюджет тапшылығын жабудың мүмкіндіктері белгіленген. Үкімет басшысы Кәрім Мә­сі­мов аталған мәселені қорытын­ды­лай келе  нақтыланған бюджет жо­басын 2 наурызда “Нұр Отан” ХДП талқылауына тапсырылатындығын, мұнан кейін Парламент қарауына ұсынылатындығын айтты. Сонымен қатар Премьер-Ми­нистр Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовке еліміз­дегі спорттың бұқаралық сипатын дамытуға ерекше мән беру жөнінде тапсырма берді. Мұның өзі бір есеп­тен алғанда Елбасы Жолдауы­нан туындайтындығы түсінікті. Өйткені бұқаралық спорттың жаңа деңгейге көтерілуі халық денсау­лы­ғы үшін пайдалы. Премьер-Ми­нистр осы мәселені баса айтты. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.