Қазақстан • 14 Қаңтар, 2019

Protecting Business and Investments жобасының жұмыстары талқыланды

480 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шетелдік және отандық инвесторларды лауазымды тұлғалар тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен қорғау мақсатында жаңа жоба қолға алынды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті «Protecting Business and Investments» жобасы аясында аймақтағы инвесторлармен және кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатқан. Бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлықтан қорғауға бағытталған жобалық кеңсе біраз жұмыстар атқарды.

Protecting Business and Investments жобасының жұмыстары талқыланды

- Бүгінге дейін біздің мекеме 9 кәсіпкермен жалпы құны 164 млрд 393 млн теңге болатын келісімге қол қойды. «Protecting Business and Investments» жобалық кеңсесіне 13 кәсіпкерден лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне қатысты өтініштер түсіп, бизнесмендердің құқықтары толығымен қорғалды,-дейді департамент басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов. Мысалы, «Жылы үй Атырау» ЖШС-нен Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне қатысты жобалық кеңсеге өтініш түсіп, материал жинақталып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Атырау облыстық департаментімен Мемлекеттік кірістер департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметіне экономикалық тергеу қызметіндегі тергеушілердің іс-әрекеттерінің заңдылығын тексеру үшін жолданған. Нәтижесінде экономикалық тергеу қызметінің «Жылы үй Атырау» ЖШС-не жүргізген қылмыстық тергеу жұмыстары тоқтатылып, кәсіпкердің құқығы қорғалды. Сол секілді, «Алмалы құс» ЖШС-нен субсидия мәселесі бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты түскен өтініш негізінде департаменттің араласуымен аталған серіктестік субсидияға қол жеткізді.

Жалпы аймақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, адамдардың санасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру ойын қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан шаралардың қатары көп. Өткен жылдың өзінде аталған департамент 2238 шара өткізді. Елбасы Жолдауында атап көрсеткен тапсырмалар аясында  «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер», «Атырау-адалдық алаңы» жобалары да қоғам дертімен күреске бағытталған.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ