29 Қазан, 2012

Демократия. (Мәні. Мақсаты. Мұраты)

4840 рет
көрсетілді
45 мин
оқу үшін

Демократия. (Мәні. Мақсаты. Мұраты)

Дүйсенбі, 29 қазан 2012 9:52

Бұл күнде қалың дүйім жұртты алаңдатып отырған екі мәселе бар: бірі – елдің тұрмысы, әлеуметтік жай күйі, екіншісі – қоғамды одан әрі демократияландыру, саяси жүйені жетілдіру.

Бұл екі мәселенің де бір-бірімен іштей тығыз байланысты екені белгілі. Солай болса да, біз екінші жағдайды жеке алып қарастырғанды жөн көрдік.

 

Дүйсенбі, 29 қазан 2012 9:52

Бұл күнде қалың дүйім жұртты алаңдатып отырған екі мәселе бар: бірі – елдің тұрмысы, әлеуметтік жай күйі, екіншісі – қоғамды одан әрі демократияландыру, саяси жүйені жетілдіру.

Бұл екі мәселенің де бір-бірімен іштей тығыз байланысты екені белгілі. Солай болса да, біз екінші жағдайды жеке алып қарастырғанды жөн көрдік.

Сонымен елдің бәрін: саясаткерді де, қарапайым қауымды да ынтықтырып отырған демократия дегеніміз не? Қалың көпшілік бұған неге соншалық құштар болып отыр? Демократия қоғамды барлық бас ауруынан, сырқатынан жазып жіберетін бірден-бір ем бе? Сол демократия дегеннің не екенін осы жұрт толық сезіне, жете түсіне ме осы? Соны бір ойға салып көрелікші.

Демократияның классикалық анықтамасы: халықтың (демос) билігі (кратос) деген сөз. Оның үлгісі саналатын батыс елдерінің өзінде қазір осы ұғым нақты іс жүзіне асып отыр ма? Жаппай халық қоғамға билік етіп, қожалық жасап келе ме? Әрине, жоқ. Қоғамды белгілі топ өкілдері билейді. Қалың жұртшылықтың оған қатысы ішінара, сөз жүзінде ғана, елдегі сайлауға, референдумға қатысы арқылы ғана халық билікке еншілес болып отыр. Шынында да сайлаудың қалай өтетіні көпке мәлім. Белгілі цирк ойынын еске салады. Сайлау алдындағы азан-қазан, шу думан қарапайым сайлаушының миын қатырып, басын айналдырып жібереді. Науқан кезінде үгіт-насихат, жарнама, митингілер, ток-шоуларға ақшаны аямай шашып, көп қаржы ысырап етіледі. Бұл олқылықтың орны бәсекеде жеңіп, билікке қол жеткізгенде қайтадан орнына келеді деп есеп­телінеді. Адамдар билікке неге соншалық қызығады дерсіз. Біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде солай. Солардың бәрі халыққа қызмет етуді мұрат тұтады дейсіз бе? Әрине, жоқ. Өз жеке отбасының, өзіне жақын топтардың мүддесін қорғау, солардың кәсіпкерлік, бизнестік шаруаларына қолайлы жағдай туғызу, байлықты еселеп арттыру, қысқаша айтқанда, осы мақсаттар сайлау додасына түсушілердің бәріне тән.

Жеке меншікке негізделген қоғам үшін бұл жазылмаған заң. Жекеменшікті қорғау, оған сырттан қол сұғушылыққа тойтарыс беру – ең қасиетті парыз. Үндістандықтар үшін сиыр қандай қасиет иесі болса, жеке меншікті көздің қарашығындай сақтау бүгінгі Батыс қоғамының қастерлі ісі болып табылады.

Нағыз демократияшыл ел саналатын АҚШ-тың өзінің тарихына үңіліп көрелік.

Мұнда жаңа құрлықта XVІІ-XVІІІ ғасырда Еуропа елдерінен – байырғы әлемнен – жаңа дүниеге (Новый свет) қоныс аударған – колонистер – голландықтар, ағылшындар, ирландықтар, испандықтар – қысқасы ескі Еуропа халықтарының ұл-қыздары өмір сүруге қажетті кеңістік іздеген қаһарман жиһанкездер Солтүстік Америкаға ат басын тіреді. Байырғы тұрғындарды ығыстырып, жерді оңай иеленіп, арзан бағамен сатып алғансып, үлкен жер иеленушілер тобын жасақтады.

Жерге қожалық орнатқан колонистер байлыққа қол жеткізе бастады. Бірте-бірте олар өздерінің бұрынғы отаны – Ұлыбританияның құлдығында қалғысы келмеді. Жаңа құрлықта жеке тәуелсіз мемлекет құру үшін колонистер ағылшындармен аяусыз айқасқа шықты. Кешегі британдық Д. Вашингтонның басшылығымен тәуелсіздік үшін, бұрынғы отандастары ағылшындарға қарсы ымырасыз күреске барды. Колонистер үшін бостандық алу, британдықтардың құлдық құрсауы­нан құтылу – қасиетті іс болды. Бостандық, тәуел­сіздік идеясы колонистерге орасан зор күш-жігер берді. Ағылшындардың әскерін жеңіліске ұшыратты.

Англия королі Георг ІІІ 1775 жылы Ресей императоры Екатерина ІІ патшайымға хат жолдап, өзіне 20 мың казак сатуды сұрады. Орыс казактарының жауынгерлік айбатынан ағылшындар да құлағдар болса керек. Әйел патша оған сыпайы жауап беріп, казактарды шетелге соғысқа жіберуді жөн көрмеді. Мұның үстіне ол Америка біздің көзіміздің тірісінде-ақ Еуропадан тәуелсіз, өзінше өмір сүретін болады деп, сенімділік танытты.

1776 жылы тәуелсіздіктің жұпар лебі Американы тұтас жайлады. Революция басшылары Британиядан құтылуды, өз алдына егемен ел болуды барынша қалады. Бұл жолда олар ештеңеден тайсалмайтынын ашық айтты.

1776 жылы 4 шілдеде конгресс тәуелсіздік демократиясын салтанатты түрде жария етті. Сөйтіп, жаңа мемлекет дүниеге келді.

Егемен елге өмір сүрудің қағидасы қажет болды. Д.Вашингтонның қадағалауымен Э.Мэдисон, Т.Джефферсон, А.Гамильтон конституцияның жобасын жазуға отырды.

Жаңа құрлыққа келген колонистер ең алдымен жеке меншікті иеленді. Содан кейін оларға осы меншікті – жиналған мол байлықты заң жүзінде қорғау қажет болды. Ата заңның қажеттілігі аксиома еді. Тартып алынған, жартылай сатып алынған жердің жеке меншікке өткенін, оған ешкімнің көз алартпауын конституция арқылы заңдастыру жаңа мемлекеттің легитимділігін қамтамасыз етудің негізгі шарты екені ескерілді.

Бүгінгі ең демократияшыл ел саналатын АҚШ-тың консти­ту­циясын шын мәнінде ең әділ заң деп айта аласыз ба? Әрине, жоқ.

Бұл заң негізінен келімсек колонистердің – жер қожаларының мүддесін қорғады, жергілікті үндіс, құлдыққа әкелген негр халықтарының құқығы аяққа басылып тапталды.

Ата заңды қабылдаған конституциялық конвенттің өзі демократиялық жиын болған жоқ. Делегаттар жергілікті жерлерде сайланбады. Штаттарда ғана сайланды, оның үстіне байлығы мол ат төбеліндей азшылықтың мүддесін қорғай алатын ақ түсті ер адамдар ғана сайланды.

Кедейлер, сауатсыздар, әйелдер және негрлер сайлау құқығын иеленбеді. Сайлауға 160 мың ғана адам қатысты. Штаттардың конвенттерінде 60 мың адам конституцияға қарсы дауыс берді. Сонымен АҚШ-тың тұңғыш конституциясы 100 мың сайлаушының жақтауымен ғана қабылданды. Сөйтіп Негізгі заңның тағдырын 100 мың сайлаушы ғана шешті.

Аграрлық демократияны жақтаған Т. Джеф­фер­сон­ға Мэдисон мемлекеттік билік үстемдік құрған елдің бәрінде қанау атаулыдан біржола арылу мүмкін емес деп дәлелдеп бақты. Америка секілді елде меншік иесі – азшылыққа қалың бұқара тарапынан озбырлық жасау қаупі аса күшті. Сон­дықтан да жеке меншік құқығының бұзылу қате­рінен сақтануымыз керек, деп Мэдисон түсіндірді. Жеке меншіктің қасиеттілігі, оған ешкімнің қол сұқпауы жөніндегі жалынды сөздері Вашингтонға қатты ұнады. Мэдисонның пікіріне ол үнемі басын изеп, қолдау ишаратын сездіріп отырды.

Конституция бойынша Президент тағы Вашингтонның жеке басына лайықталып жасалды. Оның конгреске тәуелсіздігі жете ескерілді. Елге сырттан құлдар тасу 1808 жылдан кейін тоқтатылады деп белгіленді.

Конституцияның негізгі авторы Мэдисонды да меншіктің әр мөлшерде әрі әділетсіз бөлінуі қатты мазалады. Әрине, меншік иелері мен одан құралақан азаматтардың мүддесі тоғыспайтынын ол жақсы ұғынды. Сондықтан да қабылданатын заңның басты мақсатын ол осы қабыспайтын әрі қайшылыққа толы мүдделерді реттеу деп түсінді.

1789 жылдың қаңтарында әрбір штатта сайлау құқығына өкілдік алғандар (выборщики) белгіленді, сондай-ақ конгресс сайланды. Бір айдан соң елдің президенті болып Дж. Вашингтон, вице-президенті болып Дж. Адамс бір ауыздан сайланды. 1789 жылғы 30 сәуірде Вашингтон ант берді. 20 минуттық бағдарламалық сөзін оқып шықты. Ресми регламент бойынша, президент ешкімге өзі барып кездеспейтін, ресми тұлғалар мен атақты адамдарды өзіне шақырып алатын, қабылдау кездерінде ешкімге де қол беріп сәлемдеспейтін болып белгіленді. Президент үйінде 14 ақ түсті қызметші мен 7 құл ұстауға құқықты болып есептелді.

Вашингтон сенатқа еш тәуелді болмады. Бірде ол қатысқан сенат мәжілісі ұзақ дауласуға барып, ортақ шешімге келе алмағанда, президент енді бұдан былай бұл жерді аяғым басса, мені қарғыс атсын, деп ашуланып шығып кетеді.

АҚШ конгресі үш министрлікті құрды. Мемлекеттік департамент, қаржы және соғыс министрліктері. Біріншісіне 46 жасар Джефферсон, қаржы министрі болып 32 жастағы Гамильтон, соғыс министрі болып Нокс тағайындалды. Бұлар тек президент алдында жауапты болды. Конститу­ция­ның негізгі авторы Мэдисон президенттің сенімді кеңесшісі қызметін алды.

 Президент Гамильтонды қаржы министрі етіп тағайындағанда, оған қатты сенді. Өйткені генерал Вашингтон соғыс кезінде өзінің адъютанты болып істеген кезінен оның ірі меншік иелерінің мүддесін жан-тәнімен қорғауға шебер екенін де жақсы білетін.

Тарихшы Н. Яковлев өзінің Дж. Вашингтон жайлы еңбегінде жазғанындай, конституцияның негізгі қара жұмыскері отыз жеті жастағы Мэдисон қазанбас, аяғы қысқа әрі сидиған, бота тірсек, ұстама ауруы бар, бойдақтыққа әбден мойынсұнған, ескі кітаптар мен қолжазбаларды ерінбей-жалықпай ақтарып, ірі жер иелері үстемдік еткен қоғамды іскерлікпен басқарудың құпиясы неде екенін ізденумен бас қатырған адам. Ол жазып шыққан конституция шамалы өзгеріс-толықтырулармен күні бүгінге дейін АҚШ елінде өмір сүріп келеді. Конгресс бірінші рет 1791 жылы бұл Конституцияға түзетулер енгізді, “құқықтар туралы билль” сөз бостандығын, әйелдердің сайлау құқығын, құлдықты жоюды және басқа өзгерістерді жария етті.

АҚШ-тың тәуелсіздігі үшін күресіп, оны баянды еткен, жаңа құрылған егемен елдің тұңғыш президенті болған генерал Дж. Вашингтон бұл лауазымға қатарынан екі рет сайланғаны белгілі. Ол 1799 жылы дүние салды.

Бұл күнде әлем табынып отырған АҚШ демократиясы осылай дүниеге келген-ді. Оны заңдастырған елдің конституциясы да аз-кем өзгеріс-толықтырулармен екі жүз жылдан аса мерзім бойы өмір сүріп келеді.

Демократиялық принциптерді айналып өтіп, 100 мың адамның жақтап дауыс беруімен дүниеге келген АҚШ-тың Ата заңы бұл күнде Америка халқының өмір сүруінің бұлжымас қағидасына айналып отыр.

Тоғыз жылдық өмірі бар Қазақстан Конституциясына өзгерістер жасау керек деген ұсыныстар оппозиционерлер тарапынан жыл сайын көтеріліп келеді. Өзгерісті басынан аз кешірген АҚШ конституциясы төрт аяғынан тік тұрған, ешбір жетілдіруді қажет етпейді деп ойлайсыз ба? Әрине, жоқ. Керісінше бұл елде Ата заңда көрсетілген талаптар мен қағидаларға азаматтар қасиетті жазудай қарайды, конституцияның мүмкіндіктерін барынша терең пайдалануды мұрат тұтады. Әрі заңнан қате не қайшылық іздеп бас қатырмайды. Керісінше оған зор сеніммен, ілтипатпен қарайды. Оның қағидаларын орағытып өтпеуге, барынша мүлтіксіз басшылыққа алуға тырысады. Конституцияны халық қасиетті кітаптай көреді.

Ал бізде бұл жағы әлі жетісе бермейді. Заңды азаматтар аз біледі, көбіне үстірт түсінеді. Конституцияда көрсетілген құқықтарды біліп пайдалануға аз көңіл бөледі.

Ақиқатына көшсек, әлемде бірде-бір елде ең әділ, ең жетілген, бірде-бір ақаусыз конституция атымен жоқ. Кез келген заңда жете ескерілмеген жайлар жеткілікті. Өмір өзгереді, заман жаңарады, уақыт жаңа үрдіс әкеледі. Соның бәрін заңда күні бұрын болжау мүмкін емес. Сондықтан да оларда ақаулардың болуы ықтимал. Конституция қатып қалған қасаң, қол тигізуге болмайтын кітап деп қарауға болмайтыны белгілі. Сонда да болса, жыл сайын ойға оралған жайларды заңға тықпалай беру конституцияның беделі мен абыройына нұқсан келтіреді.

Конституция мен демократия егіз ұғымдар. Демократия тікелей конституцияға байланысты, содан туындайды. Ата заңда қоғамды басқарудың демократиялық принциптері тұжырымдалмаған болса, ол елде демократияның орнығуы мүмкін емес.

Кез келген демократиялық елдің ең басты принципі: мемлекеттік биліктің өзара дараланып, ара жігінің ажыратылуы болып табылады. Оның негізін қалаушылар Дж. Локк пен Ш. Монтескье жайдан жай бұл қағидаларды ойлап тапқан жоқ. XVІІІ ғасырда кеңінен етек жайған абсолютизмге тосқауыл қою, жеке билікті тежеу мақсатын көздеді. Абсолюттік монархияның иелері өзі заң шығарды, өзі жазалады, өз қалауымен билеп төстеді. Францияның королі Людовик XVІ: “Мемлекет деген мына мен”, деп бекерге айтпаған. Шындық та солай еді. Француз революциясы монархияның, абсолютизмнің күлін көкке ұшырды. Республика өмірге келді.

Мемлекеттік билік тұтас. Оның үш бұтағы – заң шығарушы, атқарушы, сот жүйесі – бір-бірінен тәуелсіз, өз алдына өмір сүреді. Тәуелсіз болғанда Крылов мысалындағыдай, аққу, шортан, шаян құсап, үшеуі үш жаққа тартпауға тиіс. Биліктің үш бұтағы бір-бірін тежей отырып, қоғамды билеудегі тепе-теңдікті қамтамасыз етуі керек. Билікті үшке ажыратудың түпкі мәні де осында. Оның бір бұтағы бар құзіретті өз қолына жинап алса, өзі билеп, өзі төстейтін болса, нағыз тоталитаризм орнар еді. Атқарушы билік өзіне оңтайлы заң шығарып, соны өзі басшылыққа алатын болса, заңсыздық күшейер еді.

Ескі тирания, абсолютизм, самодержавие кезінде заң шығару да, оны орындау да, заңды жүзеге асыру да бір қолда болды. Қоғамда бір адамның билігі жүзеге асты. Ол ойына не келсе, соны істеді. Патшалық Ресейдің императоры Елизавета Петровна өзінің құпия некелескен жұбайы Алексей Григорьевич Разумовскийдің бақташы боп жүрген 16 жасар інісі Кирилл Григорьевичті астанаға шақыртып алдырып, екі жылға Еуропаға оқуға жіберіп, одан оралған соң Ресей Ғылым академиясының президенті етіп тағайындады. Бұл ойына не келсе, соны істеудің бір көрінісі емес пе?

Биліктің ара жігін ажырату біздің Ата заңымызда да жария етілген. Оның үш бұтағы өз алдына өмір сүріп, өз міндеттерін атқаруда. Оппозиция өкілдері атқарушы билік басымдық көрсетуде, Парламентте құзірет аз деп көптен шуылдап келеді. Мәселенің түп-төркінін – Парламенттің табансыздығын, жігерсіздігін алыстан іздемей, депутаттардың өз бастарынан іздеген дұрыс. Атқарушы билік – Үкімет ұсынған шикілі-пісілі заң жобаларын талғаусыз, қатты талап қоймай тоғытып қабылдай беру парламентарийлердің өздеріне мін емес пе?

Заң жобаларын білгірлікпен талқылап, оған терең өзгерістер енгізіп, заман талабына сай сапалы заңдар қабылдасақ, Үкімет қайда кетеді. Ол өзі басшылыққа алатын заңдарды өзі шығара алмайды ғой, қоғамдағы барлық саяси, экономикалық, әлеуметтік қатынас­тар­­ды реттейтін заңдардың бәрі Парламент қабыр­ға­сынан шығатыны белгілі емес пе! Сондықтан да Пар­ламенттің беделін, қоғамдағы рөлін арттыру олар­дың қабылдаған заңдарының жаңашылдығына, өмір құбылыстарын жіті қадағалап, соларға жауап бере алатын пәрменді заңдарды қабылдауына тығыз байланысты емес пе! Бұл депутаттар кор­пусының сапалық дәре­же­сіне, кәсіби білгірлігіне, азаматтық ар-ұятының тазалығына, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсіне білуіне, жеке басының мүддесіне емес, қалың көпшіліктің бағына қызмет етуіне тікелей қатысты екені белгілі. Депутаттардың бәрі осы талапқа сай десек, қателескен болар едік.

Бірақ мұндай депутаттар Парламентке өздері сұранып келмейтіні мәлім. Оларға сайлаушылар ман­дат береді. Сөйте тұра, сайлау өткен соң, сайлау­шы­лар өз қалаулыларына өкпесі қара қазандай болып шыға келеді. Бұған кім кінәлі? Әрине, сайлаушы­лардың өздері. Дауыс беруге жауапкершілікпен қарамайды. Жан-жақты ойлас­тырмай, әйтеуір біреуге өз даусын бере салады. Сөйтіп ертеңіне-ақ Парламент түк істемейді, халықты ұмытты, деп ренжиді. Егер әрбір сайлаушы жүрек қалауымен өзі білетін, өзі сенетін, депутат деген атаққа сай келетін, халыққа, елге жаны ашитын, әрі білік дәрежесі өз міндетін атқаруға қабілетті жандарды сайласа, нағыз халықтық, мәртебесі биік Парламент қалыптасар еді.

Өкінішке қарай, сайлаушылардың көбі өз таңдауларына жоғары талап қоя бермейді.

Алда келе жатқан Парламент сайлауы – бүкіл қоғамға, тұтас елге, әрбір сайлаушыға үлкен сын болғалы тұр.

Биліктің жеке тармағы ретінде сот жүйесіне де халық арасында сын көп. Оның суверенитеттігіне сенімсіздік бар. Сот жүйесін атқарушы биліктің қосалқы бір саласы деп қараушылық басым. Бұған кейбір негіздер де баршылық. Сот жүйесін қалыптастыруға халықтың қатысы шамалы. Елдің өз қолдауымен, таңдауымен дүниеге келмеген билік жүйесі өзін тым еркін ұстай алмайды, әрі халық алдындағы өз жауапкершілігін де жете сезінбейді.

Атқарушы билікке, Президент Әкімшілігіне жалтақтай береді. Өйткені судьялар заңға ғана ба­ғы­нады деп айтқанмен, нақты өмірде олардың қыз­мет аясы атқарушы орган мен Президент Әкімшілігі­не ойыса береді. Өйткені оларды іріктеу, қызметке тағайындау осыларға аздап болса да, қатысы бар. Сондықтан да шын мәніндегі биліктің дербес бір бұ­та­ғы ретінде сот жүйесінің беделін көтеру үшін, оған сындарлы реформа жүргізуді өмір талап етіп отыр.

Қоғамды одан әрі демократияландыру жөнінде “Отан” партиясының кезектен тыс VІІ съезінде Прези­­­дент Нұрсұлтан Назарбаев өте дұрыс айтты. Саяси жүйені жетілдіруді алдағы жылдардың басты міндеті ретінде алға қойды. Осыған орай құқық қорғау жүйесін, жалдамалы еңбек қызметкерлерінің құқығын қорғаудағы кәсіподақтардың рөлін арттыру, мемлекет пен ақ­па­рат құралдарының қатынасын одан әрі ырық­сыздандыру жөнінде, биліктің жергілікті атқарушы органдарын сайлап қоюға көшу, Парламенттің екі палатасының да депутаттар санын көбейту, Парламенттің бақылау мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, соттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуді алға тартты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев демократия дегеніміз заңдылықтың, заңның билігі, үстемдігі екенін еске салды.

Аталған шараларды жүйелі түрде іске асыру қо­ғам­ды одан әрі демократияландырудың жаңа белесі болмақ. Бұл жолда Президент жанында жаңадан құ­ры­латын демократия мен азаматтық қоғам мәсе­ле­ле­рі жөніндегі ұлттық кеңеске көп міндеттер жүктеледі.

Қоғамды одан әрі демократияландыру бір күннің жұмысы емес. Бұл үнемі, жүйелі түрде демократияның негізгі принциптерін – билікті таза сайлау арқылы қалыптастыру, сөз бостандығын, заңдылықтың үстемдігін қамтамасыз ету қажет.

Бұл билікке де, азаматтық қоғамға да көп бай­ла­нысты. Олар өзара ынтымақтасып жұмыс істей біл­генде ғана нәтижесі мол болады. Билік пен қоғам­ның түсіністікпен жұмыс істеуі елдегі тұрақтылыққа жеткізеді.

Елбасы қоғамды демократияландыруды жүйелі түрде біртіндеп жүргізуді ұсынса, оппозиция бұған келісе бермейді. Демократияландыруды шапшаң, радикалды түрде жүзеге асыруды қажет деп санай­ды. Билік те, оппозиция да демократиялық принциптерді қолдайды. Бірақ оны жүзеге асырудың қарқыны жөнінде екі түрлі ой айтады.

Демократия дегеніміз, кейбіреулер ойлайтындай, адамдардың таңдау бостандығы емес, керісінше индивидтің қоғамдық келісімді қамтамасыз ету үшін әлеуметтік өмірдің нормалары мен ережелеріне мойынсұнуы деген сөз.

Тым шексіз бостандық берекесіздікке, анархияға апарып соғатыны белгілі. Демократия жағдайында авторитарлық режим тұсындағы биліктің тежеусіздігі ноқталанып, оның орнын заңның дербестігі басады. Мұндай жағдайда жеке тұлғаның тағдырына өркениеттің ықпалы арта түседі.

Демократия авторитаризмге де, тоталитаризмге де тән емес. Соңғы екеуі демократиялық принциптерді аяққа басады.

Демократиялық принциптерді әрбір цивилизация өзінше бағалайды. Мәселен, мұсылман, жапон, буддизм, православие өркениетінде батыстың индивидуализм идеясы ешқандай қолдау таппайды. Батыстың либералдық демократиясының негізгі принциптері аталған мәдениеттер үшін ешбір мәнге ие бола алмайды, оларды қажетсінбейді.

Демократияны әркім өзінше түсінеді. Өйткені оның өзі іштей қарама-қайшылықтарға толы. Егер осы ақауларды дер кезінде байқап, оларды түзетіп отырмайынша, бұл институттың да дағдарысқа ұшырауы әбден мүмкін.

Қазақ – табиғатында еліктегіш халық. Жақсы­лық­­қа, жаңалыққа ұмтылу жолында мұның пайдасы бо­лар. Абай атамыз кезінде ұрпақтарына өсиет қал­дыр­ды. “Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көр­се­­ңіз, ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз”.

Абай жақсылыққа талпыну үстінде жағымды, ұнамды үлгілердің маңызы күштілігін сезінгеннен де осылай айтқан. Бірақ ол талғамай, ойға салып сал­мақ­тамай, жадағай еліктеушіліктен де сақтандырды. “Жақынның сөзі тәтті деп, жақыным айтты дей көр­ме, надандықпен кім айтса, ондай түпсіз сөзге ерме”, деген.

Байыбына бармай, еліктегіш, солқылдақтық адамға пайда бермейтінін сездіріп, Абай: ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз, деп ескертті. Ақсақал айтты, бай айтты, кім болса мейлі сол айтты, – бірақ бәрінде ақылға салмай сене берудің қажетсіздігін атап көрсетті.

Абай заманындағы не бол­са, соған сен­гіштер бұл күн­де де аз болып отырған жоқ.

Бір жақсыны көрсеңіз, қалайда мен солай болам деу ақиқатқа сая ма? Қалайда солай болу әркімге парыз ба екен? Сонда адам көздеген мұратына жете қояр ма? Әркімнің өз болмысы, өз ерекшелігі бар емес пе? Мұның жеке адамға да, тұтас елге де қатысы бар.

Мысалға бір көшедегі екі отбасын алайық. Екеуінің адам саны да, жыныстық айырымы да әртүрлі. Бірінің ұзын сирақ, ажарлы үш қызы бар. Бәрі бойшаң, әрі сымбатты болып, кәмелетке келді.

Шырайлы, сұңғақ бойлы, әсем қыздар жұмысқа да тез орналасты. Іске алымы да жаман болған жоқ. Зерек, еңбек сүйгіш болды. Табыстары да жаман болған жоқ. Отбасы нарық заманының қиындығын тез жеңе білді.

Ал екінші отбасының қыздарының да, ұлдарының да бағы жанбады. Аурушаң, дімкәс, әлсіздеу боп өсті. Оларды жақсы жұмысқа ешкім құшақ жая қарсы алмады. Үй тұрмысы да күйкі күйінде қалды. Бірақ бұларды бірінші отбасындай болмадың деп жазғыруға бола ма? Екеуіндегі жағдай да екі түрлі. Бірінікі оңды, екіншісінікі төмен. Осыған қарап екінші отбасын біріншінікіндей болмадың деп қалай жазғыра аласыз. Айтқаныңмен солай бола ала ма? Әрине, жоқ.

Сондай-ақ ана елде демократия, бостандық, еркіндік күшті, мына бізде ол жоқ деп өзеурей бергенмен, бізде демократия бір күнде орнай қала ма? Демократиялық принциптерді шапшаң жүзеге асырдық делік, сонда қой үстіне бозторғай жұмырт­қа­лайтын жұмақ орнай қала ма? Америкалық неме­се батыстық демократия осындай заман орнатудың бірден-бір кепілі ме? Оның үстіне аталған елдегі демократия бізде өз жарастығын бірден таба қоя ма?

Өйткені үлгі етіп жүрген АҚШ конституция­сының өзі азшылықтың артықшылық жағдайын заңдастыруды көздеген еді. Әрі бұл заңның өзі демо­кра­тиялық жолмен, бүкіл халықтың қатысуымен қа­был­данбағаны да белгілі. Либералдық демократия адам­дар қоғамын басқарудың нағыз жетілген шыр­қау биігі деп кім айта алады? Бұл принциптер ор­нық­­қан елде қоғам мүшелерінің бәрінің шекесі шыл­қып отыр, әділет пен бақытқа барлық азаматтар ке­н­еліп отыр деп кім айта алады? Мақтаулы батыс демо­кратиясы халықтың барлық әлеуметтік топ­та­ры­на бірдей мінсіз қызмет етіп отыр деп кім айта ала­ды? Әрине, ешкім де. Сондықтан да бүгінгі әлем­де қоғамды басқарудың жетілген түрі танылып отыр­ған либералдық демократия салыстырмалы түрдегі ғана жетістік.

Адам баласы жаратылғаннан бері өз қоғамын ұйымдастырудың, басқарудың оңтайлы түрлерін талмай іздестіріп келеді. Бірақ оның ақаусыз, барлық елдерге тән оңтайлы түрі табылды деп айту әлі ерте. Әзірше бары осы демократия. Бірақ мұны да фетишке айналдыруға бола қоймас. Оны да үнемі әрі жалықпай жетілдіре түсу, өмірде өзін ақтамаған компоненттерін алмастыру, бір сөзбен айтқанда, демократияға қатып қалған қасаң идол ретінде қарамай, оны жанды организм деп ұғып, демократияның дамуына, жетілуіне күш салу керек. Бұл бір батыс елдерінің ғана міндеті емес, бүкіл әлемнің, барлық адамзаттың парызы.

Демократияны тездетуді ұсынушылар бір нәрсені ескермейтін секілді. Олар үшін басты мәселе тек оны тез жариялауда ғана ма, әлде оның принциптерін қоғам мүшелерінің терең сезініп, мүлтіксіз жүзеге асыруында ма? Осы жағына олар мән бермей отыр.

Демократияны жариялау жалаң мақсат емес екені белгілі. Оның шын көріністері өмірден анық байқалуы тиіс.

Жеке тұлға мен елдің, жеке азамат осы тұтас қоғамның мүдделерін қалай қабыстыруға болады? Қайсысы бірінші кезекте? Менің жеке басымның ер­кін­дігі ме, әлде бүкіл елдің, тұтас қоғамның мүддесі ме? Либералдық демократия жеке адамның мүд­де­сін жоғары қояды. Қайсысы дұрыс? АҚШ пен Ор­та­лық Азия елдерінде бұл жөнінде бірыңғай түсінік жоқ.

АҚШ-та жеке адамның мүддесін бірінші кезекке қоюы да сөз жүзіндегі жарнамалық дүние. Мәселен бір тер­рорист осы елдің бір әскери базасына кездейсоқ еніп кетіп (солай болды дейік), бүкіл елдің қауіп­сіз­­дігіне қатер төндірсе, сонда кімнің құқығын сақ­тау бірінші кезекке қойылады дерсіз? Әрине, жеке тұлғаның өмірі АҚШ үшін түкке де тұрмайды. Ой­ла­нып жатпастан, оның күлін көкке ұшырып жібереді.

Іс жүзінде жеке адамның мүддесі әрдайым мемлекет, қоғам, халық мүддесінен жоғары тұруы мүмкін емес. Индивидуализм принципі тұтас ел мүддесіне қайшы келгенде, демократия, либерализм сөз жоқ жайына қалады.

Демократия жадағай принцип емес, оның үлкен мән-мазмұны бар. Ол қоғамға оңды өзгерістер туғызуға септігін тигізуге тиіс. Елдегі жайлаған жемқорлықты ауыздықтауға атсалысуы қажет. Өйткені жең ұшынан жалғасқан парақорлықты тыймайынша, қоғамда пәлендей оң өзгеріс болады деу қиын. Мұның екі жағы бар. Біріншісі – арам жолмен, маңдай терсіз табылған байлық шағын топтың қолына шоғырланады. Байғұс көпшілік бұдан зардап шегеді. Екіншіден, жұртшылықта билікке, шенеуніктерге, жалпы еліміздің келешегіне деген сенім азаяды. Қоғамның қадір-қасиетіне, оның ізгілігіне күдік күшейеді. Отанға деген сүйіспен­ші­лік­ті, патриотизмді қалыптастыруды қиындатады.

Демократия экономиканы дұрыс басқаруға, оны ұйымдастырудың оңтайлы ережелерін заң жүзінде қамтамасыз етуге тиіс. Елдің рухын, тұрмыс деңгейін көтеруге қызмет етуі қажет. Қоғамда әділдік, ізгілік, парасаттылық салтанат құруына ол   тікелей әсерін тигізуге тиіс. Әйтпесе, құр даурығу, ұраншылдық, сөзуарлық іске абырой әпермейді. Жадағай, мазмұны сұйық демократияның ешкімге де керегі жоқ.

Демократия халықтың еркін, алаңсыз, бейбіт өмір сүруіне қызмет етуі қажет. Сонда ғана ол бағалы, қоғамға, азаматтарға сыйлы бо­лады. Оны құрмет тұтады, қастерлейді.  Жұмыс істейтін, қоғамдағы белгілі жүкті көтеретін демократия ғана бізге аса қымбат.

 Демократияны одан әрі дамытуды тәуелсіздіктің мықты іргетасын қалаумен тығыз ұштастыра жүргізу қажет. Әйтпесе, демократияның құны көк тиын. Бұл орайда желбуаз сөзуарлыққа арқа сүйеп, тәуелсіздік бәрінен қымбат, бұл жолда жанпида, бұл мақсатта халық аштыққа да, жалаңаштыққа да, ыстыққа да, суыққа да төзуге әзір деген көңілге медет сөздердің күшіне үнемі сене бермеу керек. Кеңес өкіметі кезінде де мұндай сөздер айтылған. Коммунизм жолында, келешек ұрпақ үшін бәріне нар-тәуекел деген жалпылама демеу сөздердің аяғы немен тынғаны белгілі.

Сондықтан да тәуелсіздікті баянды ету нартәуекелге, ертеңгі қол жетпес үміт-армандарға ғана емес, бүгінгі нақты істерге сүйенгенде ғана жемісті болады.

Әр ұрпақ ең алдымен өзі үшін өмір сүреді деген Батыс өркение­ті­нің қағидасына құлақ аса бастаған көпшіліктің бүгінгі санасындағы өзгерістерді де сезіне білу парыз. Қазір халықтың, тіпті жеке адамдардың ой-мүдделерінен, солардың жаңа талап-тілектерінен шығуға күш салмаса болмайды. Қайткенде де тәуелсіздік қасиетті сезім, оны бүкіл халық өмір бойы аңсап келген, енді оған қолы жетті, оның қадірін жақсы біледі, тәуелсіздікті ешкім ешқандай жұмаққа айырбастай алмайды деген секілді жұбаныш-алданыш сөздердің жетегінде кетпеуіміз жөн. Тәуелсіздіктің баршаның аңсаған арманы болғаны рас. Бірақ бұл арманмен олар жақсы, жайлы өмірді, молшылықты, бейбіт тұрмысты, жасампаз еңбекті, мәнді тіршілікті байланыстырды. Олар тәуелсіздіктен жоқшылықты, жұмыссыздықты, қатыгездікті, ұрлық-қарлықты, жемқорлықты, жеке адамдардың заңсыз жолмен баюын күткен жоқ. Тәуелсіздікке ел үлкен үміт артады, оның болашағына кәміл сенеді. Бірақ бұл үміт-сенімнің де шегі бары белгілі. Шексіз, түпсіз ештеңе жоқ. Өмір солай жаратылған. Сондықтан да тұрмыста оңды өзгеріс көбірек болмаса, әр азамат (жеке адамдар, шағын топтар емес) өз тіршілігінде жеңілдіктерді әрдайым сезініп отырмаса, мұндай үміт-сенімнің  азая беруі де әбден ықтимал.

Сондықтан да мұны жақсы түсінген біздің Елбасымыз өзінің дәстүрлі жылма-жылғы Жолдауларында бұл жайларға үнемі мән беріп келеді. Келесі жылға арналған Жолдауында ол көп нақты шараларды жүзеге асыру қажеттігін жария етті. Жолдау Үкіметтің атына емес, барша халыққа тікелей арналды. Үкіметтің міндеті Елбасы тапсырған шараларды орындаудың қаржылық, ұйымдық, экономикалық-әлеуметтік жолдарын айқындап, белгілеу болып табылатыны белгілі. Ал бұл Жолдауға халықтың қатынасы немен өлшенеді? Көпшіліктің, қоғамның қатынасынсыз белгіленген жайлардың бәрі жүзеге аса сала ма? Халық жай сырттан бақылаушы күйінде қала ма? Әлде бұл Жолдаудың нақты іске асуы жалғыз Үкімет пен Президентке ғана қатысты ма?  Жоқ. Олай емес. Қандай жақсы жоспар, тың ой, соны пікір болсын, ол қалың көпшіліктің қолдауынсыз, оның тікелей араласуынсыз ешқашан жүзеге ойдағыдай аспайды. Қоғамдағы игілік көптің қолымен ғана жасалады. Сондықтан да Жолдауға халықтың өз қолдауы керек, қолдауы ғана емес, тікелей қажыр-қайрат жұмсауы қажет. Елбасының бұл Жолдауынан не шығар екен деп, халық селқос, бейқам күйде сырттан бақылап, қол қусырып отыруы қажет емес.  Мемлекет басшысының бұл айтқаны да қалай орындалар екен, қағаз, сөз жүзінде қалмас па деп оппозиция өкілдері де табалау сезімін күйттеуі ықтимал. Бұған қосылмай, халықтың өзі Жолдауда айтылған істердің мүлтіксіз орындалуына нақты үлес қосып, белсенділік танытып, Үкіметке, әртүрлі деңгейдегі атқарушы органдарға талап қойып, олардың отырған орындықтарында қалғып-мүлгіп кетпеуіне күш салулары керек.

Осыған орай Елбасы жанынан құрылатын демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияға үлкен сенім артылып отыр. Көпшілік бұдан демократиялық  принциптерді жетілдіруге байланысты оңды істерді күтуде. Бұл біраз мәселелерге жаңа тұрғыдан келуді қажет етеді. Бұрын да бізде түрлі комиссиялар, ұлттық кеңестер жұмыс істеп келді. Бірақ  бұлардың көбі жемісті жұмыс істеп отыр десек, артық айтқандық болар еді.

Жыл басында Ұлттық кеңестің еліміздегі үй құрылысы бағдарламасының жобасын талқылауға арналған мәжілісі өтіп, ол телевизия арқылы берілді. Сонда байқағанымыз не болды? Елбасы мен Үкімет жетекшісі айтқан жайларға қосымша қандай соны ұсыныстар, ойлы пікір ортаға салынды десеңізші. Кеңестің негізгі міндеті де көпшілік пікірлерін есту, солардың сөздерінің сөлдерін жобаға қосып толықтыру емес пе? Мұндай ойлар көп айтылған жоқ. Бәрі қағаздан көз айырмай, үйде жазып алғандарын өзгеріссіз оқумен болды. Жалғыз-ақ бір мектеп мұғалімі ойлы пікір айтты. Бағдарламада көрсетілген пәтердің бір шаршы метрінің төменгі бағасы 350 доллар болғанның өзінде бюджеттегі айлық табысы төмен педагог, дәрігерлердің отбасылары бұл мүмкіндікті қалай пайдаланбақ, деді ол. Мемлекеттік көмекке ең алдымен  кедейлер мен орташалар зәру емес пе? Байлар, барлар пәтерді өздері салып та, сатып та алады, бір емес, бірнешеуін алады. Сондықтан да әзірше пәтерге өте зәру көп балалы отбасыларына, жаңа үйленген жастарға көп көңіл бөлінсе деген жақсы ой айтты. Егер бұлар ескерілмесе, Үкіметтің бұл саясаты кімге арналған, деді ол.

Мәжілісте сөйлегендердің көбі Үкіметтің бағдарламасын  құптаймыз, қолдаймыз, деп шықты. Бұрынғы “одобрямсьтің” нағыз өзі болды.

Егер талқыға ұсынылған жобаға нақты өзгерістер, пайдалы кеңестер айтылмаса, сонда мұндай жиын шақырып, талқылаудың не қажеті бар? Әлде елдің саяси билігі өз ойларына, стратегиясына жауапкершілікті ортақтасып көтеру үшін кеңестің құптауын ғана алу үшін шақырылды ма екен дерсіз. Бұл үшін қаржы жұмсап, елді негізгі жұмыстарынан бөліп, не қажеті бар деген ой келеді.

Сондықтан да комиссия, кеңестердің жұмысын түбегейлі өзгертіп, олардың сапалық құрамын, жұмыс мазмұнын, оның тиімділігін, пәрменділігін, нақтылығын қамтамасыз ету керек.

Аталған комиссия, кеңестерде отырғандар бірыңғай күнде теледидардан көріп жүрген таныс жандар. Шенеуніктер, салалардың жетекшілері, парла­ментарийлер, әртүрлі деңгейдегі әкімдер. Бұлар­дың өз ойларын қоғамға жеткізуге мүмкін­дік­тері осы жиындарсыз да жеткілікті. Парламент мінбесі, Үкімет мәжілісі, Елбасында болатын жиналыстарда олар өз ойларын айта алады.

Ал арнайы мәселелер бойынша Президент, Үкімет жанындағы комиссия, кеңестерге шенеу­нік­терді емес, сол саланың жетік мамандарын, ғалым­дарды, саяси партиялар мен қозғалыстардың  жоға­ры­дағы мәселені жетік білетін белсенділерін, үкі­меттік емес ұйымдар өкілдерін,  аймақтардағы нақты практикалық жұмыспен айна­лысып жүрген ма­ман­дарды көптеп қатыстыру керек. Олар жаңа пікірлерді, тәуелсіз, жалтақта­май­тын тың ұсы­ныс­тарды, біліп те, көріп те жүрген ойларын ортаға салар еді. Кеңес пен комиссияның ұйымдастырушылары сол ойларды қорытып, жоғары билікке ұсынар еді. Кімнің кім екенін Елбасы да, Үкімет жетекшілері де аңғарар еді. Бұл жаңа есімдермен орталық аппаратты нығайтуға көмектесер еді.

Ал қазір қалай болып жүр?

Президент Әкімшілігі мен Үкімет кеңсесі Астана мен Алматыда көлбеңдеп көзге түсіп жүрген 20 шақты танымал, сыннан өткен белсенділерінен алысқа ұзап шыға алмай жүр. Соларды онда да, мұнда да тықпалай береді.

Әр алуан жиындардың бәрінен осыларды көргенде, бұлар неткен жан-жақты білімпаздар, барлық салада ой айтудан қысылмайды дейсіз. Олар көбінесе жалпылама, одан-бұдан тұратын сұлу сөздерді суша сапырады. Ал талқыланған мәселе жөнінде   нақты пікір айтпайды. Мұндай желбуаз сөздерге әуес дилетант шешендерден арылу қажет.

Әр адам белгілі бір саланың, арнайы мәселенің кәсіби маманы болуға тиіс. Соңғы сөзді солар айтуға тиіс.

Әр комиссияға талқыланатын тақырыпты жақсы білетін адамдар ғана енуі керек. Лауазымы бойынша онда да, мұнда да жүретін шенеуніктерден пайда жоқ. Олар жеке саланы білуі мүмкін. Сонда ғана қатысып, пікір айтсын. Ал Россинидің операсындағы “онда да Фигаро, мұнда да Фигароны”  тоқтатпай болмайды.

 Комиссия, кеңестерде қатысып қызмет істеу –  қоғамдық жұмыс. Жастар, әсіресе аймақтардағы көзге түспей жүрген дарынды, ойлы, отаншыл, ел алдындағы жауапкершілігін анық түсінетін жандарды бұл қоғамдық жұмыстарға кеңінен тарту керек. Әрі оларды жиі жаңартып, жаңа есімдермен үнемі толықтырып отыру қажет. Сонда жоғары билікке тың ойлар, қасаңдықтан құлан таза оңды ұсыныстар көптеп түсуі мүмкін.

Осындай тың ойлардың тапшылығынан әлі жете  пысықтал­ма­ған, жан-жақты зерттелмеген ойларды айтып жіберу байқалады. Мәселен, соңғы кезде “бірыңғай Қазақстан ұлты” деген тіркес қолда­ны­лып қалып жүр.  Бұл жөнінде әлі де ойлана түскен артық болмайтын сияқты көрінеді.

Этнология ғылымы тұрғысынан алғанда ұлт пен халық екі ұғым. Әртүрлі ұлттар топтасып, шоғырланып, бір елде тұрып, сол елдің азаматтарын, халқын құрауы ақиқат. Ал әртүрлі ұлт өкілдері бір елде тұрып, жаңа, үлкен сатыдағы тұтас ұлт болып қалыптасуы әзірше ерте айтылған   түсінік. Өйткені елімізде тұратын әртүрлі ұлт өкілдері Қазақстан халқын құрайтыны белгілі. Бірақ Қазақстанда тұратын орыс не неміс бірыңғай Қазақстан ұлты болып қалыптаспайды. Лондонда тұратын қытай мен араб британ халқын құрайды, ал олар ағылшын бола алмайды. Парижде тұратын испан не неміс француз халқын құрауы анық, бірақ олар француз ұлтын қалыптастырмайды.

Ұлт пен халық екеуі екі ұғым. Ортақ территорияны мекендеп, сол елдің тілін меңгеруге болады, бірақ ол азаматты сол елдің ұлтына жатқызуға болмайды. Жаңа ұлтты қалыптастыру үшін ай­тылған компоненттер жеткіліксіз. Сондықтан да бізде қазақстандық бірыңғай ұлт моделін жасақтаудың ғылыми жағынан еш негізі жоқ.

 Ұлтты жеке ғалымдар, не саясаткерлер, немесе ассамблеялар қалыптастырмайды. Ұлттың қалыптасуы – объективті тарихи процесс. Ұлт – тұтас тарихтың, ғасырлардың жемісі. Ұлт болып қалыптасу үшін модель ойлап бас қатырудың