Құжаты бойынша ол Жамбыл қаласындағы республикамызға белгілі «Тері өңдеу және аяқ киім фабрикасының» мәдениет үйі болуға тиіс екен. Мәдениет үйін жоспарлап, оның салынуын тікелей өзі қадағалап отырған сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров болса керек. Үлкен залы – 720, кіші залы 150 көрерменге арналған бұл сарайды Асанбай Асқаров ағамыз облыстық қазақ драма театрына беріп жіберген. Ол кезде қазақ драма театры қаламыздың «Көк базар» аталып кеткен бөлігіне жақын жердегі патшалық Ресей кезінде салынған 160-170 орындық кішкентай ғана сахнасы бар кезіндегі «Офицерлер үйінде» орналасқан-ды. Облыстық қазақ драма театры жаңа ғимаратқа көшерден жарты жыл бұрын Асанбай Асқаров ағамыз мәдениет пен өнер басшыларының (оның ішінде театрдың негізін қалаған Шәріпбай Сәкиев, Мұхамедқали Табанов, әртістер: Тілек Ерғалиев, Алтын Ружева, Гүлжамал Батырғалиева т.б.) басын қосып ақылдасқан. Жаңа салынып жатқан ғимараттың өз ерекшелігін ескеріп, кейбір техникалық мамандарды орталықтан курстардан өткізу, яғни жаңа технологиямен жарақтанған ғимаратта жұмыс істей алуы үшін оқытуды ұйымдастырды. Мұнда театрдың бұрынғы репертуарындағы спектакльдердің декорацияларын үлкен сахнаға қайтадан лайықтап, қайтадан жасауды үйренуі шарт еді. Тиісті қаражат мәселесін шешуді де осы курстарда оқытқан.
Қойылып отырған мәселенің ең қиыны – жаңа театр шымылдығын қандай спектакльмен ашу мәселесі болса керек. Әркім өз ойларын, ұсыныстарын білдіріп жатты. Оның бірін де ұната қоймаған Асекең: «Бұрын еш жерде, еш сахнада қойылмаған, ұжым түгел қатыса алатын ірі полотно болсын! Іздеңдер!» − деп тапсырма берген.
Ұзақ ізденістен соң театр басшылары драматург Ш.Хұсайыновтың әлі еш жерде сахналанбаған «Тоты-Тамилла» атты музыкалық драмасына тоқтаған. Спектакльдің қоюшы режиссері, театрымыздың сол кездегі бас режиссері Рашида Шарафутдинова, суретшісі – театрдың бас суретшісі Григорий Белолипецкий, музыкасын жазған Нұрғиса Тілендиев болатын. Күн сайынғы репетиция алдында, театрдың кіші залына қойылған жалғыз пианиномен Нұрғиса ағамыз музыкалық репетиция жасайды. Әртістер тарапынан кеткен кемшіліктерді кешіре алмай, орнынан атып тұрып, қасымызға жетіп келген кезінде, өзімізді қоярға жер таппайтынбыз деп жанында бірге болғандар жиі айтушы еді.
Мен спектакльдердің көпшілік сахнасына қатысып жүріп, 1967 жылдың басында осы театрға актер болып орналастым.
«Тоты-Тамилла» спектаклі көрермендердің сүйіп көретін, музыкалық, биі мен әні де жетерлік қойылым болды. Жаңадан жарқыратып тіккен қызылды-жасылды киімдерімен, сығандардың қызуқанды билерімен көрермендердің делебесін қоздырып, есін шығаратын.
Ондағы оқиға XX ғасырдың басында қазақ даласында өтеді. Жайлауға шығып қоныстанған дәулетті кісінің жеріне жақын сығандар ауылы қыста уақытша жайғасады. Арбаларын жөндеп, аттарының белін суытып жүрген сығандар арасындағы Тамилла деген сұлу қыз қазақ жігіттерінің де көзінің құртына айналады. Қыз сыған баронының сүйіктісі болып шығады. Оны көрген ауыл адамдары қыздың түр-түсі сығандардан өзгешелеу екенін аңғарып, осыдан біраз жыл бұрын осы ауылдың жоғалған Тоты деген төрт-бес жасар қызын еске алады. Із-түссіз жоғалған қыздың атастырылып қойған жері, қалың малына дейін төлеп қойғаны да естеріне түседі. Бұл жағдай қазақтар мен сығандар арасында дау-дамай туғызады.
Бойжеткен Тамилланың қазақ қызы Тоты екені анықталып, таңдауды Тоты-Тамилланың өзіне қалдырады. Сонда қыз: «есімді білер-білместен бергі ғұмырым сығандар арасында өтіп келеді. Әкем бір сығанды бетіме келтірген емес. Есіме еміс-еміс әлденелер балалық шағымнан түскенімен, мына сыған әкем мен анамның мейірімі ұмыттырып жіберуші еді», – деп елімен, жерімен қоштасып сығандармен кете барады. Елімен қоштасарда Тоты-Тамилла «Тотының қоштасуы» деп аталатын әнді орындады. Бұл ән кейіннен «Құстар әні» атымен бәрімізге белгілі болды. Көңілі ояу, көзі қарақты оқырман пьесаның мазмұны мен мына әннің мәтінінің қаншалықты қабысып, жымдасып кеткенін байқар. Енді әр қазақ жақсы білетін бұл әннің мәтініне зер салайық:
− Жаз өмірін наз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр
құс қайтып.
Зымырайды менің бала кезімдей,
Бір жалт етіп өте шыққан,
өте шыққан сезімдей.
Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал адамдар күліп бастап өмірді,
Кетерінде жылай да алмай,
жылай да алмай қалады.
Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе,
Тамаша әнмен келіп еді көктемде.
Өскен жерге сыймай кетіп барады,
Туған жерін қимай кетіп,
қимай кетіп барады.
Дәл қай жылы екені есімде қалмапты, шамасы 2003-2004 жылдардың бірі болуы керек. Сол кезде «Балдырған» журналының бас редакторы болған Тұманбай Молдағалиев ағамыз журналдың таралымы турасында Тараз қаласына келді. Ұмытпасам, соның алдында ғана ағамыз жетпіс жасқа толған. Өзім облыстық мәдениет басқармасының басшысы болғандықтан, қызмет бабына байланысты ол кісіні қарсы алғандардың бірі болдым. Дастарқан басындағы бір оңашада «Құстар әнінің» тарихы туралы сұрадым. Ол кісі күлімсірей қарап:
− Е-е! Нұрғиса бауырымыз құйын еді ғой! Осындай да осындай пьеса қойылмақшы. Мазмұны мынандай, тез сөзін жазып бер деді. Айтуына байланысты түсінгенімді жазып бердім. Артынша пьесаны тауып алып оқысам, лағып кетіппін. Қайта жаздым, – деді.
Бүгінгі күні сол спектакльге қатысқандардан санаулы ғана әртістер қалдық: Тоты-Тамилланың рөлін ойнап, «Тотының қоштасуы» (қазіргі «Құстар әні») әнін тұңғыш рет орындаған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Гүлбаршын Өскенбаева, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Әтіркүл Дүйсекенова, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нурсипат Салықовалар бар. Бұл спектакльдің музыкалық партитурасы театр музейінде сақтаулы.
Анда-санда болса да Алматыдағы Панфилов атындағы паркте тырнаны қуалап жүрген қарғалар туралы әңгімені құлағымыз шалып қалатын. Онша мән бере қоймаушы едім. «Егемен Қазақстан» газетіндегі (26 қыркүйек 2018 ж.) Айнаш Есали деген журналистің «Бір суреттің сыры» айдарымен берілген «Дирижердің бақытты сәті» атты мақаласын оқыған соң, өзім куә болған бұл жайды айтпасам болмағандай. Бұл ән туралы кімнің тағы қандай уәжі барынан бейхабармын, менің куә болған жағдайым осындай, ағайын!
Әлібек ӘМЗЕҰЛЫ,
Мәдениет қайраткері