09 Желтоқсан, 2012

Қасиетімізді қастерлейік, халайық

713 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Қасиетімізді қастерлейік, халайық

Жексенбі, 9 желтоқсан 2012 10:29

Қоғам ауысқан сайын оның өзіне тән құндылықтар мен тәрбие жолдары өзгеретіні белгілі. Қазақ халқы өзіне лайық ұрпақ өсіруді, оның бойына адалдық, тазалық, қоғамның болашағына еңбек етуге құштарлық сияқты мінез-құлықты дарытуды, ата-ана мен дәстүрді сыйлауды әуелден-ақ өзіне мұрат тұтқан. Алайда өзгеріп жатқан заман, қоғам жаңалықтары жас ұрпаққа әр қилы ықпал ететіні, содан тәрбиенің міндеттері де күрделене түсетіні айқын.

 

Жексенбі, 9 желтоқсан 2012 10:29

Қоғам ауысқан сайын оның өзіне тән құндылықтар мен тәрбие жолдары өзгеретіні белгілі. Қазақ халқы өзіне лайық ұрпақ өсіруді, оның бойына адалдық, тазалық, қоғамның болашағына еңбек етуге құштарлық сияқты мінез-құлықты дарытуды, ата-ана мен дәстүрді сыйлауды әуелден-ақ өзіне мұрат тұтқан. Алайда өзгеріп жатқан заман, қоғам жаңалықтары жас ұрпаққа әр қилы ықпал ететіні, содан тәрбиенің міндеттері де күрделене түсетіні айқын.

Жас ұрпақ бойында адамдық құндылықты, отаншылдықты, ұлтжандылықты қалыптастыру міндеті тұр. Кешегі социализмге тән ұғым-түсініктерден бой тартып, тәуелсіздік алған тұсымызда жастар бойында пайда болған оғаш қылықтар мұны анық байқатады. Бостандық, тәуелсіздік бізді бұрынғыдай тежемей, шетелдермен тікелей байланысқа шығарды. Радио, теледидар, кино ұлттық, тіпті кеңестік кеңістіктен шығып кетті. Батыс елдерінің жаппай мәдениеті ықпалына түсті. Қылмысты оқиғалар мен атыс-шабысқа құрылған, жалаңаш тән қызығын, нәпсіқұмарлықты уағыздайтын фильмдер әлі де алды-артын барлап дағдыланбаған, ақыл-ойы толыспаған жастарды баурап алды. Көшенің тәрбиесі, жаппай келген жаңа мәдениет ықпалы балаларды ата-ана ырқынан да шығарып жіберді. Оның үстіне өтпелі кезеңнің жоқшылығына байланысты бала тәрбиесіне көңіл бөлуге көп жағдайда мүмкіндігі келмеген ата-аналардың, аға буын ұрпақтың енжарлығы да ықпал етуде. Мұның келеңсіз нәтижесін қазірдің өзінде-ақ көріп жатырмыз.

Жастар бойындағы осындай қылықтар, әсіресе, қыздар тәрбиесінен анық көрінеді. Қиыншылыққа, жетімсіздікке шыдамай, өмір үшін күресте табандылық таныта алмай, көбірек ақша табудың жолында ар-намысын құрбан етіп көшеге шыққан жастар, жетім балалар үйлерін толтырып жатқан тастанды сәбилер қай қоғамды болсын көркейтпейді. Бұл, әсіресе, қазақ халқының ұлттық менталитетіне жат. Сырттан келген модамен киініп, санын жалаңаштап жүру де, темекі, арақ ішу де көрінген еркектің көз сүзуіне апаратыны жасырын емес. Қазақ қызын ертеден-ақ осыдан сақтандырған. “Қызға кім қызықпайды” деп қарау әуелден-ақ бар.

Адамдық мінездің осындай әлсіз жақтарына ата-ана тәрбиені қарсы қойған. Осыдан барып біздің ұлттық құндылықтарымызды сүйегіне сіңіре отырып, тазалық пен берік махаббаттың иесі қыздар бейнесі қалыптасқан. Оларды кейінгі ұрпақ өз балаларына өнеге етіп, дәріптеп, жалғастырған. Қыз Жібектің, Баян сұлудың, Қарашаштың әдеби бейнелері тек сұлулықтың ғана нышаны емес, ақылды жардың, қиыншылықта тапқырлық, ерлігімен көзге түскен қайраттылықтың символындай қалыптасқан. Халық “қолаң шаш, қиғаш қас, ақылына көркі сай” деген теңеулердің барлығын қыздарға арнаған. Қыздың бүкіл мүсінін суреттеу, білегін, қыпша белін, оймақ ауыз екенін сипаттау, әдептілігі мен жүріс-тұрысының сыпайылығын аңғарту да олардың бейнесін толықтырған. Осымен бүгінгі қазақ қызының келбетін салыстырып қарасаң, ұлттық дәстүрден қаншама алыстап кеткенімізді көреміз.

Әрине, қоғам да, өмір де, адам да бір қалыпты тұрмайды. Бүгінгі қызға Жібек бол, Баян бол, Қарашаштай бол деп талап қою да қиын. Мәселе сондай қазақ қыздарының бойындағы ұлттық әдептілікті, сұлулықты, мінезділікті сақтап, жаңғырта білуде, жаңа заман жастарына білім беруде, рухани өсуіне, ұлттық әдет-салтпен ұштастыра білуінде. Халықтық педагогика мәселесі, жастар тәрбиесі – жалпы ұлттық тәрбиенің ішіндегі ең күрделісі және қиыны. Оны ұзақ жылдар жоғарғы мектепте сабақ бере жүріп, жастарды тәрбиелеу ісіне атсалысқан біздер жақсы білеміз. Алпысыншы жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында (қазіргі университет) қызмет істеген бір топ ұстаз-педагог бірігіп, “Кел, қыздар, сырласайық” деген клуб ұйымдастырдық. Сонда біздер қыздардың білікті маман ғана емес, тәрбиелі, болашақ ана болуы қажеттігіне мән берген едік. Әрбір қыздың жүріс-тұрысын, киім киіну, құрбы-құрдастарымен, айналасымен қарым-қатынасы – бәрі де арнайы білім берумен бірге біз оларға дүниеқорлықтан, рушылдықтан, жершілдіктен, т.б. теріс ұғымнан гөрі, ұлт татулығын, адамгершілік қасиеттерін көбірек айтып, бойларына сіңіре отырып, тәрбие өзегіне айналдыратынбыз. Оқу бітіріп, ауылға баратын жас ұстаздардың, болашақ аналардың мәдениетті уағыздаушы міндеттерін бағдарлайтынбыз. Сол үшін өнегелі адамдармен, зиялы қауыммен, мәдениет, әдебиет қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырдық. Жеке бір мәселенің төңірегінде (“Ана болуға дайындық”, “Жар таңдау”, “Бала тәрбиесі” т.б.) арнайы кештер өткізетінбіз. Қырық жылдай қызмет істеген бұл клуб кезінде пайдалы қызмет атқарды деп ойлаймын. Осы орайда КазПИ-дің өнегелі ұстаздары Райхан Жұмағазықызы Ержанова мен Бәлия Рахметқызы Айтманбетовалардың біліктілікпен, ерінбей-жалықпай атқарған қызметтерін еске аламын. Олардан сол кездегі жас мұғалімдер, біздің өзіміз де көп өнеге алдық. Олардың мінез-құлқына, білімділігіне, сабырлы ұстаздығына өз отбасымыздың тәрбиесін, аналарымыздың өнегелі істерін сабақтастырып, бәрін жастарға үйретуге асығатынбыз. Бүгін жақсы шәкірттерімнің жылы сөздерін естігенде, сол еңбегіміздің өтелгені деп ойлаймын.

Ұстаздарымнан алған тәрбием, өзімнің кейінгілерге көрсеткен өнегем соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссиядағы қызметіме де көп пайдасын тигізіп жүрді. Онда мен “Балалар құқығы туралы”, “Адамгершілік, жыныстық тәрбие туралы” заңдар жобасын дайындауға қатыстым. Қазақ жастары тәрбиесінің бүгінгі проблемаларын талқыладық. Қай кезде болсын қиын мінезді балалар болады және олар жиі кездеседі. Оларды сол жағдайдан алып шығу үшін ата-ана баласының қиқарлығын ұстаздың мойнына артып қоймай, бірге жұмыс жасауы керек. Мектептегі балалардың білімімен бірге ұстаз өзіне де талап қоя отырып, ата-ананың көмегімен болашақ ұрпақтың білімдар, мәдениетті, тәрбиелі болуын көздеу керек.

Қыз баланың алдында күтіп тұрған өмір қандай болады? Оны болжау қиын. Соның қайсысына болсын дайын тұру керек. “Адам өз бақытын өзі жасайды” деп тегін айтылмаған. Жақсы, өнегелі нәрсені адам өмір бойы қабылдап, үйрене беру қажет. “Жүз жыл өмір сүрсең, жүз жыл үйрен” деген де осыдан шыққан. Отбасында ерін сыйлап көрмеген әйел өзін де сыйлата алмайды. Сен шәкіртіңнің тәрбиешісі ғана емессің, өзіңнің де, айналаңның да тәрбиешісісің. Мұны мен ұзақ жылдар мәдениет пен ғылымның, әдебиеттің үлкен ағаларының отбасымен араласа жүріп бойыма сіңірдім.

Үлкен аналық даналығы мол Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апайдың өзі – бір мектеп. Ғабиденнің жары Зейнел апайды, Әбділданың жары Сара апайды, Ғали Ормановтың жары Айтбала апайды біз ғана емес, бүкіл әдебиетшілер, зиялы қауым ана тұтатын. Солардың кең пейілінің арқасында Жазушылар одағында болып өткен у-шудың бәрі үн-түнсіз тарап жататын. Олар бір еркектің ғана емес, бүкіл әлеуметтің бабын табушы еді. Жазудан жалыққан, шаршаған кезінде әдебиет мәселелерін солардың үйінде талқылауды ұйымдастырып, достарын, тілектестерін жинап отыратын. Соларға ерген біз де алды-артымызға қарап, соңымыздан бір әңгіме шығып қала ма деп қипақтап, қымсынып жүретінбіз. Сол апаларымыз бен ағаларымыздың алдын кесіп өтпей, қас-қабақтарына қарадық. Кейін араласа жүріп, солардың өлгені ризалығын айтып кетті, тірісі әлі де батасын береді.

Бұл – тәрбиедегі ортаның күші. Бұған назар аудармай болмайды. Қазір орта түгіл, өз ата-анасының көңілін аулай алмайтын жастар көбейді. Кейінгі кезде қазақ әдетіне жат, өзін өсіріп, тәрбиелеген ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтындар көбейді. “Қалада оқу оқып жатырмын” деп, ата-анасының азын-аулақ ырзығын шашып, өздері оқу емес, жын-ойнақтың ортасында жүрген қыздар мен жігіттер бізде аз кездеспейді. Басының қайда қалғанын білмей, баянсыз жар, бақытсыз ата-ана болатындар осылардан шығады. Қазақ: “Қыз өссе — елдің көркі”, “Қызға қырық үйден тыйым” деуші еді. Сол желіні бүгін үзіп алғанымыз өкінішті. Ұлттық тәрбиенің негізі балаға ананың сүтімен, ана тілімен, бесік жырының әлдиімен беріледі. Құлағына ананың тілі мен әлди-бөпе ырғағы сіңіп өспеген баланың мінез-құлқы қазақша қалыптаспайды. Олар басқа ортаға икемделгіш келеді. Менің көшеде бір машина тоқтатып мінгенім бар. Жүргізуші бала – қазақ екен. Қазақша тәп-тәуір сөйлейді. Бірақ машинаның ішін шулатып рок-музыка қойыпты. “Қарағым-ау, қазақтың баласысың. Тілің де жап-жақсы, қазақша музыка неге қоймайсың?” десем, әлгі бала: “Ой, апа, қазақ музыкасын кім тыңдайды” дегені. Қазақ әні жанын тербемеген әлгі баланың жан дүниесі қазақ деп кім айтар?

Қазір мектептер мен жоғары оқу орнында оқып жүргендердің көбі-ақ осы ұғымда. Олар қаладан үйренген шала-шарпы орысшасын қосып сөйлеп, қазақшаны белінен басып бүлдіріп барады. Көшеде топталып келе жатқан қазақ балаларының сөзіне құлақ тоссаң, осыны көресің. Қазақша газет оқымайды, қазақ тілін дамыту жөнінде жүріп жатқан әңгімелерден өздерін аулақ ұстайды. Қазақ радиосын тыңдамайды. Соңғы кезде Қазақ радиосы ұлт тілі мен ұлттық дәстүрді насихаттауда басқа бұқаралық ақпарат құралдарынан көп ілгері кетті. Олар бұл салада тұрақты, жүйелі хабарлар таратуда. Радиодан берілетін ән-күйлер жинағы әр үйде болса, оны үйде жиі тыңдауды ұйымдастыра білсе, бұл да ұлттық тәрбиеге, тіл дамыту ісіне үлкен пайда келтірері сөзсіз.

Қазіргі жастарды бұзатын, теріс жолға түсіретін жәйдің бірі – дүние құмарлық. Нарық біреуді бай етіп, біреулерді кедейлендірді. Байығандар дүниенің қызығына түсіп, қазақтың қарапайым мінезінен ажырап барады. Бізде жоғары оқу орнында оқитын балалардың ішінде малынып киініп, қымбат тонын сүйретіп, қолындағы алтын жүзігі мен білезігі жылтырап, ұялы телефоны сылдырап, құлағында музыка тыңдайтыны бар, сабаққа машинамен келетін жастар көбейіп кетті. Осының бәрі өз еңбегімен табылмаған нәрселер ғой. Осындай модамен мұғалімдерге қыр көрсетіп жүргендер сабақ оқымайтыны да белгілі. Кейінгі кезде жоғары оқу орындарының ұстаздарын орынсыз айыптап, сынаққа, емтиханға ақша алады деп жиі айтылады. Мұның негізі балалардың сабаққа қатыспай, сынақ пен емтиханға ақша беріп өтуді машықтанған әдетінің салдары және олар ата-анасынан алған ақшасын сынақ пен емтихан үшін бердім деп өтірік айтады. Сөйтіп, ата-ана баласының білімін қадағаламай, олардың болашақта білімсіз маман болып шығуына жол береді. Егер ұстаздар тарапынан ескерту естісе, дереу оның ата-анасы басшыларға шауып, мұғалімдерге қысым жасай бастайтыны да жасырын емес. Осындай ата-ана не ойлайды? Қызы мен ұлының келешегін бе, әлде оның бүгін көз алдаған жалған бейнесіне мәз бола ма?

Кейде ата-ене мен келіндердің келісе алмағаны жайлы әңгімелер жиі естіледі. Әлгіндей келіндер қарапайым ата-анамен сыйыса ала ма? Қызына жалғыз басты күйеуге шық, бизнесменге шық деп үйрететін аналар да осылардан. Баласын шын жақсы көрген адам алдымен оның тәрбиелі болуын ойлауы керек қой. Ол отбасынан, айналасынан, жақсылыққа үйренсін, өзі де айналасына жақсы­лықтың нұрын сепсін.

Жастарға алдымен адамдық жолы адал еңбекте, қарапайымды­лықта, кісілікте екенін үйрету керек. Осындай тәрбие алған қыз біреудің еденін жуып, үйін жинап берсе де, адал қызметпен ақша табады. Көрінгеннің қойнында жатып тапқан арам ақшаға әкелген ас та арам. Балалы әйел оны бөбегіне қалай ұсынады. Мен осындай бір мінезін байқап қалған келіншекпен әңгімелескенде, оның “Ой, апай, жас балам бар, оны қалай асыраймын? Күйеуім арақ ішкен соң қуып жібердім” деген жауабын естідім. Осы да ақталу ма? Асханада аспаз бол, шаштараз бол – қызметтің үлкен-кішісі жоқ, адал еңбектің бәрі бір. “Бірақ тез табылатын ақшаға қызығып, намысыңды қорлау, балаңды арам аспен асырау адамдық ар-ұятқа жарамсыз екенін түсін”, – дедім.

Әйелдің бақыты – ана болу, ананың бақыты – ұрпақ өсіру, тәрбиелеу. Бала көтеріп, босану, бала емізу – ананың ең бір бақытты шағы. Алпыс екі тамырың иіп, жан-жағыңдағы дүниенің бәріне маужырай қарап, бөбегіңе иіген көңілің аналық мейірімді тасытады. Меккеге үш рет арқалап апарған баласына менің бір түнгі ұйқымды бөліп емізгеніме татымады-ау деген ана осы шағын есіне алған болар. Осыны ақтайтын бала болса… Ананың осы ұлы қызметіне арналған жырлар қазақ ақындарында қаншама! Ж.Молдағалиевтің “Мен қазақ әйеліне қайран қалам” дейтін бір өлеңінің өзінде қаншама керемет ойлар тұнып тұр. Қазақ қыздары көркем әдебиетті аз оқиды.

Осыны айтқанда, мен қазақ әйелдерінің, әсіресе, қала тұрғындарының бір-екі баламен шектеліп қалуын еске аламын. Мұның өзі ұрпақ үшін қауіпті. Орыстарда “бір бала бала емес, екі бала жарты бала, үш бала ғана бала” деген сөз бар. Бірен-саран бала кездейсоқ жағдайларға душар болып, ата-ананың ұрпақсыз зарлап қалғанын талай көріп те жүрміз. Мен қазақ әйелдеріне туа беріңдер, балаларың көп болсын дегім келеді. Жастай туған бала өзіңмен бірге ер жетіп, кейінгі бауырларын өздері тәрбиелеп кетеді. Көп балалы отбасында өскен балада өзімшілдік, қызғаншақтық мінез болмайды, олар бірінің ескісін бірі киіп өседі.

Қазір балаларды өзара жарыстырып киіндіру, бәріне шетелдің модалы киімдерін әперу бәсекеге айналды. Осы жай балалардың арасында қызғаныш мінез тудыратынына, олар өзімшілдікке тәрбиеленетініне ешкім көңіл аудармайды. Тіпті машина мініп, алшаңдап жүрген балалар да аз емес.

Қыз тәрбиесі – біздің қоғамымыздың негізгі ұстанымдарының бірі. Халықтың тең жартысынан көбі әйелдер. Олардың тәрбиелі болуы өз бастары үшін ғана емес, бүкіл қоғамның рухани өміріне ықпал етеді. Ол ана боп, балаларын тәрбиелеумен қоса, қоғамдық істерге араласады. Соның бәріндегі кемшіліктер мен жаңсақтықтарға ана көзімен қарайды. Қазір пойыздарда жолсеріктер – түгелімен қыздар. Ұшақтардағы стюардессалар – қыздар. Олар айналасына әсемдіктің, тазалықтың, сыпайылықтың дәнін сеуіп жүруі керек. Сонда қоғам тазарады, әсемдікке бет бұрады, ана көңілімен қайта жаңарады.

Қыз тәрбиесі жөнінде айтқанда, мен біздің қыздар түгелдей бұзылып кетті деуден аулақпын. Жақсы, ақылды қыздар бізде аз емес. Сонымен қатар қоғамның өткінші кезеңінде әлі де тұрақтанып болмаған мінез-құлықтардың ырқына түсіп кеткендері де бар. Мәселе – осылардың тәрбиесін жақсарту жөнінде.

Қыздардың жеңіл жолға түсіп кетуі туралы сөз еткенде, біз жігіттердің кінәсін де жоққа шығаруға тиісті емеспіз. Жас балалар мен жігіттерді былай қойғанда, сақалы шыққан азаматтардың өзі қыздарға көз сүзіп, реті келсе, қолын, тізесін сипалауға әуес келетіні бар. Солардың көбі – қыздың әкесі, қыздың ағасы. Өз қызына біреу солай қарап жатса, қайтер еді. Мұндайлар жоғарғы мектеп ұстаздары арасында жиі кездеседі. Кейде автобуста, театрда, кинода жасы үлкен кісілердің немересіндей қыздардың жанында ыржыңдап отырғанын көресің. Солар қоғамның сәнін бұзбайтын, қайта оны нығайта түсетін әдеп, мәдениет дегендер барын ойласа ғой. Адам жігіттігімен емес, жақсы мінез-құлқымен, адамгершілік қызықтарымен көзге түсуге ұмтылса игі.

Көп жағдайда отбасының бұзылуына әйелдің мінезсіздігі себеп болатыны даусыз. “Атың жаман болса, сатып құтыларсың, қатының жаман болса, қайтіп құтыларсың” деген қазақ. Жардың жақсы болуына, тәрбиесіне қазақ халқы көп көңіл бөлген. Жас келінді ата-анасы қолында ұстап, тәрбиелеген. Әбден қалыбына келген кезде ғана отау қып бөліп шығарған. Әйел тәрбиесіне оның ері де елеулі үлес қосқан. Сол тәрбиенің негізі бірін бірі сүюде, сыйлауда екені белгілі. Бірақ бұл жас келіннің күйеуінің жүріс-тұрысын аңдып, оның азаматтық құқына шек қоюмен еш байланысты емес.

Қазір еркектің екі-үш әйел алуына болады деп әңгіме тарап жүр. Тіпті таяуда теледидардан осы мәселеге байланысты үлкен пікір алысты. Мұндай әңгімелер қыздардан, әсіресе, күйеусіз отырып қалған қыздардан шыққан. Оларды да түсіну керек. Жалғыз басты боп, немесе бірер әкесіз баламен отырып қалған әйелдер өзіне серік, баласына әке іздейді. Бірақ бұл адамгершілік тұрғыдан ойластырылмаған дүние. Біреудің жары саған қосымша күйеу болып жарыта ма, қосымша күйеу өмірлік серік бола ала ма? Қыздар осыны неге ойламайды? Жоқ, оларды қызықтыратыны жігіттердің материалдық көмегі ғана сияқты. Әсіресе, екі-үш әйел алу мәселесін ақшалы бизнесмендердің көтеруін қалай түсінеміз? Сонда олардың отбасы, бала тәрбиелеудегі ортасы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін қайда қояды? Десе де олардың бәйбіше мен тоқал арасындағы қызғаныш пен күншілдік өрті болашақ ұрпақтарына қандай тәрбие бермек? Ал, соның есесіне жетімдер мен қарттар үйіне көмек берсе, олардың аттары мен атақ-дәрежесі одан әрмен биіктей түспес пе еді. Әрине, бұл мәселелер әлі де шешімін таппай ашық қалып отыр. Көп әйел алушылықтың әлеуметтік ортасы бөлек. Құнанбайдың төрт әйелі төрт ауылды ұстаған. Әр ауылдың малы, малшылары, қора-қопсысы болған. Соның бәрін бір жерге жиюға болмайтын болған соң және әрқайсысын бір-біріне қоңсы қондырмай, тәуелсіз ұстаған. Оны Құнанбайдың жағдайы көтерген. Кейде Абайдың көп әйел алғаны, Сәкеннің серілігі, Әуезовтің әйелдері жайлы әр түрлі алыпқашты әңгімелер айтылып жатады. Әр қайсысының өз себептері бер. Соны түсініп, ой елігінен өткізіп, әділетті баға беру керек. Ақынның бәрі Абай емес, серінің бәрі Сәкен емес. Оларды да өз ортасы тәрбиеледі. Сондықтан олар тәрізді ұлы тұлғалардың қайшылықты жақтарын үлгі тұтпай, үлкен ақындық, жазушылық өнегесін жастар бойына дұрыс түсіндіріп, дәріптеп, үлгі тұтуды дәстүрге айналдыру керек. Мен өзім ғалым ретінде ғалым адамдармен, ақын-жазушылармен көп жыл араласа жүріп, үлкен тұлғалар өмірінің ұсақ-түйегін термей, ұлылығын танытатын қасиеттерін көруге үйренген адаммын. Бүгін біз Н.Тілендиев пен М.Мақатаевтың мінез-құлқындағы кейбір жайларды еске алмай, ұлы композиторлығын, ақындығын үлгі тұтамыз.

Ұл туса қазақ ұрпағым жалғасады, отым өшпейді деп қуанған. Ұлдың өмірде, отбасы дәстүрінде өз орны бар. Ұзатылған қыздар бауырына “ат байларым” деп көріскен. Қыз, қанша дегенмен, жат жұрттық саналған. Бірақ ел мен елдің арасын жалғастыруда қыздың да орны үлкен. Қазақ аңызында мынандай бір үлгі бар. Бір ақсақалдан “Ұлыңыздың әйелі босанып ұл туды” деп сүйінші сұрай келеді. Ақсақал сүйіншіге бір қой береді. Екінші жолы басқа бір ұлының әйелі босанып, қыз туады. Ақсақал оның сүйіншісіне екі қой береді. Бір күні балалары жиналып қалғанда, үлкен ұлы мұны әкесіне өкпе қып айтады. “Менің ұлым сіздің ұрпағыңызды жалғастырады, атыңызды өшірмейді. Ал, сіз қыздың сүйіншісіне екі қой, маған бір қой бересіз депті”. Сонда әкесі “Ай, қарағым-ай, сенің ұлың ұрпақ екені рас, осы үйге, ұзаса осы ауылға ие болады, ал қыз екі елге ортақ, екі ауылдың арасын жалғастырады, туыстырады ғой” деген екен. Мұның да бәрі рас. Ұл туса, бөркін аспанға атып қуанған, елдің қамқоры болады, жау шапқанда қолына найза алып, жерін қорғайды дейтін ұлдардың намысы аяққа тапталып бара жатқанына кейде жаным ауырады. Ұл мәртебесін биік ұстау – ата-ананың міндеті. Жігерсіз, опасыз азаматтарды ата-ана қыз тәрбиесіне қандай жауапкершілікпен қараса оған болашақ әке, жақсы жар, ел қамқоршысы етіп тәрбие беру керек. Ұлына азамат деп қарап, келініне өз баласындай тәрбие беріп, тең ұстаса, сол мәртебе биіктей түседі. Ұлға ұлша, келінге келінше қараған абзал. Кейде жаңа түскен келінге “келін” деп айтпаймын, “қызым” деп айтамын деп жатады. Жақсы көріп, сыйлағанының белгісі шығар, бірақ “келін” деген қасиетті сөзді ұмытуға бола ма? Әр нәрсе өз мағынасында, өз орнында ардақты, қазіргі келін “келін” болып тәрбие алсын, келіннің қызметін атқарсын. Келіннің тастай батып, судай сіңуі – ата мен енеге де, әке мен шешеге де қуаныш.

Қазіргі жастар тәрбиесінің ең бір осал жері – патриоттық тәрбие. Отан сүю, халқын қадірлеу, жақсы көру сезімдерін студенттер мен мектеп оқушылары арасында, біздер бұрынғы қалыптасқан ұлттық идеологияны жетілдіріп, насихаттай алмай келеміз. Мұның бәрі біздегі идеологиялық жұмыстың жетімсіздігінен. Әнұран қабылдадық, бірақ оны ешкім айтпайды, мәтінін де жатқа білмейді. Мемлекеттік елтаңбаны, көк байрағымызды қадір тұту, сыйлау дегенмен де ешкімнің жұмысы жоқ. Бұл салада жүргізіліп жатқан жұмыс та мардымсыз. Таяуда Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы жүргізген социологиялық анкетаның қорытындысы мұны анық байқатты.

Біздің идеологиямыз ата-бабаларымыздың, елдің салт-дәстүрі, адамгершілік өнегелері арқылы, аңыздары мен жырларында қалыптасқан. Діни ұғым, салттың да идеологиялық мәні, үйретері бар. Тек осының бәрі прогреске, қазақ халқының келешегіне қызмет етсе болғаны. Ал, кейде ескі салт-дәстүрдің, діни уағыздың ескішіл, кертартпа жақтары үстем боп кететін шақтары байқалады. Келін болдың екен – басыңа жаулық сал, ата-анаңа келінше қызмет ет деген бір жақты талаптар кездеседі. Біздің атам-заманнан ұлттық ерекшелігіміз – қыз бала тұмшаланып жүрмеген, орамал салу – әйелдіктің белгісі деп қараған. Өлік жөнелтеуге әйелдердің қатысуына тыйым салады. Әйелдер мен қыздардың ата-анасымен қоштасуына қарсы болу қандай ақылға сияды? Осындай дәстүрсымақтардың бәріне сын көзімен қарап, қоғамдық даму, прогресс жолынан ысырылып қалып қоймауды ойлау керек. Дін деген де үлкен ғылым саласы. Оны тану, білу керек. Ауылдың шала молдаларының ережелері дін танудан мүлдем бөлек. Дін қағидалары адамның көңілінен шыққан кезде ғана ғылымдық, білімдік, тәрбиелік мән алады.

Осымен байланысты дінді құдай жолы, хақ жолы деп түсінбей, оны күнкөріске айналдырып жүрген жастарды мысалға алайық. Көшеде жалданып, басқа діндердің уағызын айтып, әдебиетін таратып жүрген жастар қай құдайға жұмыс істеп жүр дейсіз? Басқа дінге барғаны үшін, соған қызмет істегісі келгендерге сол дін өкілдері ақша төлейді. Қазіргі қиыншылықтан құтылудың бір жолын осыдан іздеген кейбір жастар біртіндеп, сол дінді бойына сіңіріп, нанымына айналдырып алғанын сезбей де қалады. Осы жайында кейінгі жылдары жазылып та жатыр. Бірақ оған тегеурінді бөгет жасаудың жолын әлі ешкім ойлаған жоқ. Бұл мемлекеттің, ислам дінін қорғаушылардың, жалпы мұсылман қауымының ісі.

Осының бәрін айта отырып, болашақ ұрпақты сауатты, білімді, ұлттық дәстүрде тәрбиелеуде ата-ананың рөлін көтеру, мемлекеттік мекемелердің қамқорлығын арттыру қажеттігіне назар аударғым келеді. Бұл салада педагогика ғылымы да тыс қалмауы керек. Ұлттық әдет-ғұрыпты, салт-сананы халықтық педагогика деп танып, соны бүгінгі ғылым қағидаларымен байланыстырып дамыту, оны насихаттау осы ғылымның үлкен міндеті. Соны ұлт тілімен тығыз бірлікте жүргізу қажет. Сонда ғана педагогика тәуелсіздік жағдайдағы ұлан-ғайыр міндетін атқарады.

Мен ұзақ жылдар экология деген ғылым саласымен шұғылданып келе жатқан адаммын. Сонда көзім жеткені – қазақ даласында радиация таралмаған жер жоқ. Бірқатар облыстарды араладым, ірі өндіріс орындарында болдым. Кеңес кезінде еліміз үлкен индустриялы мемлекетке айналды. Бірақ жер байлығының құнарлылығын жоғалтып алдық. Мал ауруы көбейді, саны азайды. Бала туу кеміп, олардың ішінде ауру балалар саны өсті. Бұл – қазақтың болашағына зиянын тигізетін ауыр жағдай. Мұндай күйде ұрпақ өсіру, Қазақстан халқын таяу жылдары 20 миллионға жеткізу, Президент Жолдауында көрсетілген үлкен бағдарламаны іске асыру үлкен мемлекеттік қамқорлықты қажет етеді.

Туған баланы күту, тәрбиелеу де оңай жұмыс емес. Оларды киіндіруге, орауға пайдаланатын материалдардың көбі де синтетика. Синтетика деген ауа жібермейтін, аллергиялық аурулардың қозуына себеп болатын, жас организм үшін басқа да жағымсыз жағдайлар тудыратын материал. Әдемілеп тігіп, сыртын жылтыратып қойған соң, тәжірибесіз ата-ана оған қызыға қарайды. Халықты сөйтіп алдамай, балалар киімін таза мақта, жүннен тоқылған заттардан, таза кездемелерден тіксе дұрыс болар еді. Бұған шетелдің арзан спорттық, қытай аяқ киімдерін киген балалардың ертерек ревматизм, жүрек ауруларына шалдығатынын қосыңыз. Мұндай факторлар көп. Тегінде, балалар, жастар киімдерін тігу мен сатуды сауда адамдарының ырқына беріп қоймай, денсаулық сақтау органдары тарапынан мемлекеттік бақылау қою қажет.

Туған таза табиғаттың аясында өсіп, ақыл-ойы, дені сау боп ержеткен ата-бабаларымыздың тіршілігі – қазір бізге арман. Олар арақ-шарапты, темекіні, аллергия дегенді білмеген. Ақыл-ойы да еркін жетіскен. Бүгін ақыл-ой кемістігі көбейді. Соның бәріне жұтатын ауаның, ішетін судың тазалығы, топырақ пен өсімдіктердің түрлерінің азаюы әсер етіп жатқаны жасырын емес. Жастар бойындағы жеңілтектік пен ұшқалақтық, ашуланшақтық мінездерді, сол сияқты кейінгі кезде жиі байқалып жүрген жастардың өзіне қол жұмсауы да осы экологияның бұзылуының салдары болып табылады.

Ғылымның қай саласын алмайық, атақты ғарышкер ме, актер мен актриса ма, балерина ма, жезтаңдай әнші ме, елдің рухани санасын оятатын күйші-сазгер ме, атақты өнертапқыштар, мүсіншілер мен суретшілер ме, өздерінің білімін жетілдіре отырып, өз саласындағы ғылымды дамытушылар ретінде халықтың мұрасын байытушы. Жоғарыдағы ғылым салалары бір-бірімен ажырамайтын, бірін-бірі толықтыратын жүйе болып табылады. Дамыған дәстүрлі ғылымының жүйесін үзіп алмай, жастардың бойынан қалыптасқан ғылым салаларындағы жетістіктерді сіңіре отырып жаңа тұлғаны қалыптастыру бүгінгі күннің негізгі міндеті.

Өткен дәуірдегі халықтың даналары – шешен-билер, жыраулар, ақындар, халықтың жоғын жоқтап, әділеттіліктің нәрін себе отырып, болашақ ұрпағына мол тәрбиелік қор қалдырған. Халық оны сақтап, уағыздаған. Бүгінгі Елбасының халыққа Жолдауы мәдени мұраны жаңғырту, еліміздің елдігін, мемлекеттің бұрынғы болған тарихын тірілту арқылы елдің болашағына жол сілтеудің негізгі бағдарламасы болып табылады.

Ұрпақ тәрбиесі қай заманда болса да күн тәртібінен түспеген. Оны жақсарту біз сияқты жас тәуелсіз мемлекет үшін тіпті қажет. Біздің қоғамның болашақ иелері, мемлекетіміздің нығайып, аға буын бастаған істерді алға апарушылар – солар. Сондықтан оларды еліне, заманына сай тәрбиелеуден күш-жігерді аямаған абзал.

Әлия БЕЙСЕНОВА,
Ұлттық Ғылым академиясының академигі,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры.

АЛМАТЫ.

29 наурыз 2005 жыл.