«Елімізде 2018 жылдың қазан айына диспансерлік есепте тұрған қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 326 449 адамды құрағанымен, науқастардың нақты саны ресми көрсеткіштерден айтарлықтай асып түседі. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, қазақстандықтардың көпшілігі қандағы қант деңгейін бақылауға ерекше мән бермейді, денсаулық жағдайына немқұрайлы қарайды, соның салдарынан өз сырқаты туралы кеш біліп жатады. Халықаралық диабет қауымдастығының мәліметтері бойынша, Қазақстанда 700 мыңға жуық қант диабетімен ауыратын науқас бар, және қант диабеті елімізде індет сипатына ие болған», дейді Д. Нөкетаева.
Қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналары соңғы бірнеше жыл ішінде мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау министрлігі немқұрайлылық танытқанын өкінішпен жеткізгенін атап өтті.
Сондай ақ депутат аталмыш мәселеге қатысты БАҚ-та тек «Егемен Қазақстан» газетінде аталған жағдайлар бойынша бірнеше мақалалар шығып, Алматы қаласында қант диабетінің 1-түріне шалдыққан балалардың ата-аналарының қатысуымен бірнеше баспасөз конференциялардың өткенін айтты.
«Оларды мазалайтын ең басты мәселе Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 367 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» нормативтік құқықтық актісінің жобасы болып отыр», дейді депутат.
Жобаға сәйкес қант диабеті, жаңа динамикалық бақылауға алынатын сырқаттар тізбесіне енгізу сылтауымен, әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алынып тасталмақ.
Ата-аналардың айтуынша, қазірдің өзінде диабеттік қамтамасыз ету, бірінші кезекте дәрі-дәрмектермен 100%-ға қамтылмаған.
Сонымен қатар Динар Нөкетаева Денсаулық сақтау министрлігіне бірқатар ұсыныстар жасады:
1. Қант диабеті бойынша ұлттық жоспар әзірлеу және қабылдау;
2. Қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінде қалдыру;
3. «Диабет және балалар» ведомствоаралық жоспарын қабылдау;
4. Резервтік инсулиндік қор құру;
5. Тегін медициналық көмек көлемі аясында глюкагонды сатып алу практикасын жалғастыру;
6. Санаторлы-курорттық үлгідегі қант диабеті бар балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығын құру;
7. Тексеру мерзімділігін: орта медицина қызметкерінің тексеруі – айына 1 рет, бастапқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерінің тексеруі – 3 айда 1 рет, эндокринологтың тексеруі – 3 айда 1 рет етіп өзгерту;
8. Қант диабетімен өмір сүру дағдыларына үйрету бойынша мамандандырылған «мектептер» ұйымдастыру;
Депутат Д. Нөкетаева министр Е. Біртановтан аталған ұсыныстарды қарастыруды және тиісті шаралар қабылдауды сұрады.