- Үлкеншыған ауылының тұрғындары ауыл сыртынан бұрынғы жертөлені байқап, қазған кезде әскери қазына тауып алыпты. Топырақ астына мұқият жасырылған кеңестік заманнан қалған танк екен. Әскери техниканың қаңқасын көрген тұрғындар жергілікті учаскелік полиция инспекторына хабар берген. Қазір топыраққа «тығылған» танкті әскерилер алып кетті, - деді бұл туралы бізге Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат.
Табылған әскери техниканың Кеңес әскерінен қалғаны анық. Аз-кем шегініс жасасақ, 1950-60 жылдары Совет одағы мен Қытай халық республикасының арасындағы шиеленіс соғыс жағдайына жетіп, екі ел шекара маңына әскер шоғырландырғаны мәлім. Бүгінде көрші елдің тарихи оқулықтарына «Қытай мен ССРО арасындағы Ұлы соғыс» атты тақырыппен кірген бұл қақтығыс қос мемлекет басшылары Мао Цзедун мен Никита Хрущевтің жеке амбицияларының кесірінен тұтанған дейді тәуелсіз сарапшылар.
Қырғи-қабақ қарым-қатынас Кремльге Л.Брежнев басшылықа келгенде тіпті шарықтап, Даман аралында және Жалаңашкөл заставасындағы шекарашылар арасында қанды соғыс болған еді. Міне, осы тұста иек астындағы Қытайдан қорғану мақсатында шекара шебіндегі Алматы облысының Панфилов, Нарынқол аудандары әскери жағдайға көшкен болатын. Сол жылдары Алматы қаласынан шығып, Нарынқол, Кеген, Ұйғыр аудандарына бағыт алатын тас жол жедел салынып, әскери ұшақтар қонуға ыңғайланып жасалғаны туралы да қызықты дерек бар.
Кеше Үлкеншыған ауылы маңынан табылған танк те сол кездің мұрасы екені анық. «Табылған танк адам өміріне қауіп төндірмейді. Техника темір қалдығы ретінде қайта балқытуға жіберіледі» дейді оқиғаға түсінік берген полиция өкілдері.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы