19 Желтоқсан, 2012

Менің Рамзай ағам

469 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Менің Рамзай ағам

Сәрсенбі, 19 желтоқсан 2012 0:01

Өмірді тани түссем, біле берсем деген ерекше бір құштарлық менің Рамзай ағамның, қазақтың қадірлі жазушыларының бірі  Рамазан Тоқтаровтың ойында  өзгеше күшпен лапылдап тұрушы еді.

Қаламгердің “Ғасыр наны” романын жазып жүрген жылдары… Туындысына түсер өмір суреттері  көмескі тартып, қиял күші сарқыла бастағанда елге сапарға шығуды ғадетке айналдырған жазушы алтын күзде Ақмолаға келді.  Астық мол. Қырман біткен қызыл  дәннен мелдектеп тұрған кез.

Сәрсенбі, 19 желтоқсан 2012 0:01

Өмірді тани түссем, біле берсем деген ерекше бір құштарлық менің Рамзай ағамның, қазақтың қадірлі жазушыларының бірі  Рамазан Тоқтаровтың ойында  өзгеше күшпен лапылдап тұрушы еді.

Қаламгердің “Ғасыр наны” романын жазып жүрген жылдары… Туындысына түсер өмір суреттері  көмескі тартып, қиял күші сарқыла бастағанда елге сапарға шығуды ғадетке айналдырған жазушы алтын күзде Ақмолаға келді.  Астық мол. Қырман біткен қызыл  дәннен мелдектеп тұрған кез. Сонысына қарай шаруашылық басшылары да  көңілді, табыстарын айтып, ақтарыла жөнеледі. Кеңшарларды еркін аралап, ел егіншілерімен біраз дидарласқан соң Рамзай ағамның елдегі ерекше мінез-құлық иелерімен кездескісі келді. “Енді өзің айтып жүретін Қорғалжын қылжақбастарымен әңгімелесейік”, – деді ол.

… Бірін-бірі жетелеп, асыға жөңкіліп, көшіп бара жатқан күзгі бұлттарға көз салып, мә­шине ішінде келе жат­қан Рамзай ағамыз әңгімеге айрықша ықыласты. Анда-санда: “Әй, өмір-ай”, – деп қояды. Мен бол­сам, ел іші­нен өзім көрген-есті­ген, қызықты деген оқи­ға­ларды жазушыға тілім жеткенше суреттеп, баяндап келемін. Кітап­та­рының біріне сол көріністер кіріп қалар деген үміттен де  құралақан емеспін.

Ауыл адам­дар­ы бір-біріне ат қойғыш. Мі­незіне, күн­де­лікті өмір­дегі іс-әрекеттеріне сай дөп ке­ліп жата­тын теңеу­лер­ді дәл тау­ып айтатын­дарын қайтерсің! Қарашалғын ауылында Тас­маң­дай, Тапал шал, Қызыл шал, Майда Хамит, Бала Хамит, Балтон Қабылда, Атшы Қабылда деген аталарымыз болды. Тасмаңдай атанған қарияның мінезі шалт, шақар адам еді. Бірде шақшасы қысқы омыртқаға жиналған ауылдастарын аралап кетіп, қолына насыбайдан босап, қайтып келгенде қатты  ашуланған атамыз құтысын төрде отырған Қызыл шалға жіберіп қалып, бүкіл тістерін қаусатып түсіріпті. Тапал шал болса, ауылдың “қоңыраулы сағаты” секілді-тін. Көктем келісімен құлқын-сәріден тұрып алып, “Малды өріске шығаратын мезгіл болды”, – деп айқайлап, ауылды оятып жүретін. Жылы  төсектің исі бұрқырап, манаурап, ұйқылы-ояу сиыр сауып жүрген жас келіншектерді бүйірлерінен түртетін. Малын жинап, ауыл сыртына өзі  айдап әкететін. Осы бір қылығында жұмбақ сыр жататындай еді Тапал атамыздың.

– Бұл кісіңіз қуатты шағында әйел баласына  ерекше құмар еді, бауыры бос болмайтын. Көрікті  деген жан баласын көп төңіректейтін. Қайрат шіркін бойдан кеткенімен, құштарлық жарықтық ойдан, көңілден кетпесе, қайтсін, қартыңыз, – деп отыратын Тапал шалдың осы бір таңғы қылықтары әңгіме болғанда Майда Хамит қария майдалап қана… Нар тұлғалы Қызыл шал қонаққа шақырған үйге малын жайлап жүріп, келе беретін. Қолындағы айыр, не күрегін босағаға сүйей салып, дастархан шетіне отыра кететін. Елден бұрын қозғалып, кебістің ең жаңасын, тәуірін аяғына іліп жүре беретін. Баласы жоқ, қамкөңіл қарияның осы бір еркелігіне ел кешіріммен қарайтын. Таңғы намазын көктем-жаз айларында алабота өсіп кеткен үйінің төбесіне  шығып оқитын Қызыл  шал бірде қамысы опырылып кетіп, төргі бөлмеде сәждаға бас иіп жатқан кемпірінің үстіне құлап, оны мертіктіріп алғаны  бар. “Елдің бүкіл баласын арбасына мінгізіп алатын ақкөңіл атамыз – Атшы Қабылданың, үнемі жақ жаппай, әңгімеден ауызы босамайтын, ділмар атамыз – Балтон Қабылданың өз театры, филармониясы жоқ ауылымыздың әртістері  болғаны жады­мыз­да” – деймін жазушыға. Қаламгер ағамыз  болса, айта түс дегендей, маған ықыласпен қарайды.

… Теңіз көлінің бір перзенті – атақты Асаубалықтың жағасында алтын күздің суретіне тамсана қарап отырмыз. Қорғалжын қорығының бірқазан, шағала, қаз-үйректері    улап-шулап, жылы жаққа ұшпаққа жиналып жатқан мезгіл. – Рамзай аға, осы Асаубалық көлінің үстін мүк басқан алып шортандары су ішуге келген жылқыны шашасынан қапқанда, талай қылқұйрық ақсап жүре алмай қалады екен, – деді Құланөтпес кеңшарының бізді  бастап жүрген партком хатшысы Балғабай Ыбырайымбеков балық сорпасы бүлк-бүлк қайнап жатқан қазан астының шоғын қолындағы шала жанған бұтақпен түртіп.

– Шортан ұзақ жасаса, тұла бойын мүк басып, салмағы 40-45 килограмға дейін жететіні рас, Рәке, – дейді жазушыға қарап, Қорғалжынның қалам ұстап жүрген мұғалімдерінің бірі  Есіркеп Тәжин.

– Есаға, “Төртеу едік, бесеу болдық” деген әңгімеңізді айтыңызшы, – дейміз жергілікті жазушыға. Қорғалжын кеңшарында сол кезде орта мектептің директоры болып істейтін Есіркеп Тәжин ағамыз ел ішіндегі көсем сөзге, шешен сөзге қамшы  салдырмайтын жүйрік, тапқыр, ер мінезді, газет-журнал бетін бермейтін қаламы жүйрік азамат еді. Белгілі ақын Әнуарбек Дүйсенбиевтің досы  болатын.

– Жаңа ауданның біріне хатшы болып, Хазин деген ініміз сайланды. Естимін, елге қаталдау! Сонысын есіне салып, райынан қайтарып, жұмсартып көрейін деп кабинетіне кірдім. “Қуанып келдім, айналайын! Бұрын төртеу едік, енді бесеу болдық”, – дедім бірінші хатшыға.

– Бұл сөзіңізге түсінбедім аға, – деді Хазин ініміз.

– Ендеше түсіндірейін! Осы  Кеңес мемлекетіндегі халықтың қамын ойлаған тарихта төрт адам болушы еді. Олар өзің білетін Ленин, Сталин, мына аудандық газеттің редакторы Абдин және  мен.

– Тәжин едік! Енді осы төртеуге бесінші болып тағы бір “ин” сіз – Хазин қосылдыңыз. Соған ел қуанып жатыр, – дедім де кабинетінен шығып жүре бердім. Сөйтіп, хатшы  інімді сабасына бір түсіріп едім, – деп әңгімесін түйіндеді Есағаң. Рамзай ағамыз мәз, екі иығын селкілдетіп, рахаттана күледі.

… Аудандық ГАИ қызметкері өзі тұрған бекет тұсынан салдыр-күлдір құйындатып өтіп бара жатқан Кәртай шопырдың автокөлігін тоқтатады. Қатты жүргені үшін куәлігін алып қояды.

– Туыс едік қой, жіберсейші, – дейді Кәртай саспай ГАИ-дың қатал лейтенантына.

– Қайдағы туыс! Сен – Тінәлі, Мен – Темеш емеспін бе, – дейді ала  таяғын білеген милиция.

– Ойбай-ау, сіздің фамилияңыз – Бұзауов емес пе, – дейді Кәрекең.

– Иә, онда не тұр, – дейді ГАИ.

– Ендеше менің фамилиям Баспақов қой! Көрмейсіз бе, – дейді Кәрекең куәлігін нұсқап.

– Сөз тапқанға қолқа жоқ! Мә, ал куәлігіңді, – деген екен сонда ГАИ қызметкері Бұзауов ағамыз.

… Бірде Есіркеп Тәжин ағамыз қасындағы досымен күздің қараңғы түнінде қонақтан қайтып келе жатады. Жарығы жоқ көше. Жолдасы бәкене бойлы, аласа адам екен. Сонда Есіркеп ағамыз:  Әй, Шүке, сен аяқ астымызды байқап, барлап жүр. Темір-терсекке сүрініп кетпейік! Сен жерге жақындаусың ғой, – деген екен.

… Рамзай ағамыз тағы да мәз! Кең маңдайы жар­қырай, рахаттана, кеңкілдей күледі. Жаны жай­саң, жүрегі таза адамның күлкісі… Асаубалық көлі­нің балығын жеп, таза ауа, табиғат құшағында  кең көсіле демалып, сол күні есіле аққан Жақсыкөң өзе­ніне жетіп, Баршын ауылындағы  Ыдырыс қа­рия­ның шаңырағына келдік. Бұл кісі  Арқа жұрты­на Жаман ағаң деген атымен мәлім кісі болатын.

Қожанасырлығында, ақкөңілдігінде шек жоқ. Баршын ауылына жеткенше жазушыға осы кісінің ел ішіндегі қызықтарын баян еттім.

… Соғыстан кейінгі елдің енді ес жия бастаған шағы. Майданнан оралған Ыдырыс ағасы Жұмекеннің жаңа күпісін, саптама етігін, сәнді бөркін киіп, ауылдағы жесір келіншектерге қырындап келе жатып, мал қорасының қасындағы шегенделмеген құдыққа қараңғыда байқамай түсіп кетеді. Шыңыраудан шыға алмай, өрмелей беріп, қайта құлап, суды шалпылдатып жатқанда, қой қорасын күзеткен Әлі құрдасы келіп: “Бұл кім-ей? Жынсың ба, перісің бе?” – деп айқай салады.

– Әлеке-ау, бұл мен, Жаман ағаң ғой, қатын іздеп құдыққа құлап жүрген, – деген екен сонда ол.  Содан Жаман ағаң атанып кетіпті.

Тағы бірде кеңшар директорына шөп әкелген жігіттер үй иесі жайған дастарханға жиналады. Ортасында Жаман ағаң! Майлы қуырдақпен ақ арақ ішіле бастағанда жігіттер Жаман ағаңа да құйып: “ішіңіз”,– деп қинай бастайды. “Намаз оқып жүрмін, ішпеймін, – дейді Жаман ағаң. Бірақ жігіттер кеткен соң директор Айтекеңмен жеке қалған ол оның: “енді ешкім көріп тұрған жоқ”, деген сөзіне малданып, 100 грамды тастап-тас­тап жібереді. Таңертең бас жазуға қайта жи­нал­ған еріккен жігіттер Жаман ағаңды қайыра қол­ға алады. “Кеңшар директоры үшін қалай іш­пейсіз, Жаман аға”, – деп қинайды қулар. Сонда сасып қалған Қожанасыр ағамыз: “Өй, директор үшін түнде ішіп едім ғой”, – деген екен…

… Күнбек жайлауында қой бағып отырған Жаман ағаң ұзын жолдың үстінен мәшине көрінсе,  алдынан далақтай шауып шығып тоқтатып, танысын-танымасын қара қостан дәм татқызады екен. Асықпағандарына қой сойып, уақыты жоқтарына қымыз бергізіп, риза қылып шығарып салады. Сондықтан Жаман ағаның досы көп. Солардың арасында тіпті кеңес әскерлерінің Арқадағы құпия полигондарындағы ірі шенді офицерлер, даладан қазына, кен іздеген геолог, археологтар да көп болушы еді. Сайын далада қой мен ой баққан Жаман ағаның арқасында ел адамдары Алматы мен Мәскеуге талай сыйлы қонақ болып қайтқаны есімізде.

– Жаман аға, бұл кісі Рамазан Тоқтаров деген жазушы, Алматыдан! Өз тұстастарының ішінде “Ертіс мұхитқа құяды” атты тұңғыш роман-дилогия жазған. “Тұлпардың сыны”, “Жердің үлгісі” секілді тамаша кітаптары бар, – деймін Жаман ағаға Рамазан Тоқтаровты таныстырып.

– Сіз тура­лы көп естідім. Танысқаныма қуаныштымын, аға, – дейді жа­зу­шы да шопан­ның күн иісі сің­ген, жел қақ­қан бетін  бетіне ба­сып, құшақ­тап тұрып. Сол жолғы сапа­рын­да Рамзай аға­мыз Жаман аға­ның қасында  бір жеті жатып, соғыс кезіндегі, тың игеру жыл­да­рындағы уа­қыт­қа қатысты әңгімелерін мо­лынан тыңдады. Жазушы бло­кнот, қағазға ештеңе жаз­бай­ды екен. Бәрін зердесіне, жа­ды­на түйе бере­тін секілді. Ра­мазан Тоқта­ровтың бір ауыл­дың мек­те­біндегі француз тілінің мұға­лімі­мен фран­цуз тілінде  ер­кін сөй­лесіп кет­ке­нін көріп таң­қалдық. Сөйт­сек, кезін­де  ол кісі ше­тел тілдері инс­титутында оқы­ған екен ғой .

Жасыратын не бар, осы жақ­сы әсер, көте­ріңкі көңіл жазушыны өзімнің туған ауылым – Қа­ра­шалғынға әкелгенде ніл­дей бұзылды. Ел ішінде неше түрлі адамдар кездеседі.  Сол күн күздің ми­замы ұшқан, нұрлы шуағы молынан төгілген, саф ауасы кеудеге қымыздай құйылған тамаша тәулігі еді. Әкейдің саманнан құйдырып салғызған еңсесі биік, тынысы кең үлкен үйінде Рамзай ағамыз қос жастықты қолтығына  басып, рахаттана демалып жатқан. Әкей де  әңгімешіл! Шешейдің қаймақ қатқан шәйін енді ала бергенімізде ауыл ақыны  кіріп келді. Аудандық, облыстық газеттерде өлеңдері, мақалалары жиі жарияланатын, есті, ойлы деген жігіттеріміздің бірі болатын. Келе Рамазан Тоқтаровты сол күннің кешіне қонаққа  шақырды. Айтуынша, таңертең бір қойын өрістен әдейі алып қалыпты. “Жердің үлгісін”, “Тұлпардың сынын” оқыпты, тәнті екен. Көрші кеңшарды аралап келген соң, ауыл ақынының үйінен қонақасы жемекші болдық. Рамзай ағамыз күндіз шаруашылық  бригадаларын молынан аралап, кешінде кеңшар директорының екі жерде сойғызған қойларына, жайғызған кең дастархандарына қарамай, рахмет айтып, Қарашалғынға атбасын тіреді. “Өзіміздің қаламдасымыз, ел ақыны қолын қусырып, қойын сойып күтіп отырғанда, кешіккеніміз әбестік. Ақын адам, көңіліне қаяу алар”, – дейді жазушы елпілдеп. Сонымен сол күннің кешінде әлгі ел ақынының үйіне кірсек, мейман күткен дастархан да, шаңырақ иелері де көрінбейді. Бір уақытта барып төргі үйден күйелеш-күйелеш ақынымыз шықты.  Әйелі екеуі үйінің пешін бұзып жатса керек. Жер жарылса, түсіп-ақ кетер едім! Ұялғанымыздан Рамзай ағамызды жетелеп, үйден шығып жүре бердік Ол болса, әуелгі әдетімен: “Әй, өмір-ай”, – деді де қойды.

Ұл-қыздары жетілген, дәулеті мол, асып-тасып жатқан азаматымызға сол жолы не көрінді екен, деп осы күнге дейін ойлаймын. Қонақтан қайтуымыз тез болғанын көрген әкей: “Қап, ез неме, келіннен аса алмаған екен-ау!” ,– деп өріп отырған қамшысының өрім түйініне бір түкірді…

… Уақыт өте келе Рамазан Тоқтаровтың әрқайсысы 35 баспа табақтық “Ғасыр наны”, “Таңбалы жарғақтың құпиясы” секілді үлкен романдары  қолға тиісімен бірге жүрген сол күндердің суреттерін әр беттерін парақтап, шұқшия қарап іздедім. Кейіпкерлер бейнелерінен, іс-әрекеттерінен, өмірлік пайым-түйсіктерінен таныс мінездерді, шарпысқан ситуацияларды байқадым. Бірақ, неге екені белгісіз, өзімізді жерге қаратқан ауыл ақынының сол пендешілік мінезін аңғартатын бірде-бір суретті, ойды таба алмадым.

Адамгершілігі мол, жаны жарық жазушы, менің ардақты Рамзай ағам адуын әйелінен аса алмаған сол бір ақкөңіл жігітті кешірген болар деп ойла­дым…

Смағұл РАХЫМБЕК,
журналист.

Астана.

22 наурыз 2003 жыл.