Көктен түскен тас
Жексенбі, 30 желтоқсан 2012 13:32
Ғылымда “Қарақол” метеориті деген атқа ие бұл жәдігер туралы кім не біледі?
Зиялы қауымға, көзі қарақты оқырманға орыс жазушысы Сергей Марковтың есімі жақсы таныс. Сонымен бірге, ол тарихшы, географ, этнограф әрі саяхатшы болған адам. Қазақстандықтар үшін оның есімі Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына арналған “Асқарға аттанғандар” атты тарихи өмірбаяндық тамаша еңбегі арқылы ыстық.
Жексенбі, 30 желтоқсан 2012 13:32
Ғылымда “Қарақол” метеориті деген атқа ие бұл жәдігер туралы кім не біледі?
Зиялы қауымға, көзі қарақты оқырманға орыс жазушысы Сергей Марковтың есімі жақсы таныс. Сонымен бірге, ол тарихшы, географ, этнограф әрі саяхатшы болған адам. Қазақстандықтар үшін оның есімі Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына арналған “Асқарға аттанғандар” атты тарихи өмірбаяндық тамаша еңбегі арқылы ыстық.
Бұдан бірер жыл бұрын осы кісінің 1990 жылы баспадан шыққан таңдамалы шығармаларының екінші томын оқып отырып, “Круг скитаний” атты мақаладағы мынадай жолдарға көзім түсті: “Вполне вероятно, что Порфирий Уфимцев был причастен и к такому делу, как открытие редкосного метеорита “Каракол”. Он упал в полдень 9 мая 1840 года в Аягузском уезде и был доставлен в Семипалатинск, а затем отправлен в Петербург. Открытие “Каракола” совпадает с поездками Уфимцева по степи”. Автордың П.Уфимцев деп отырған кейіпкері кезінде Семейде тұрған саяхатшы, сауда керуендерінің жолбасшысы болып істеген кісі екен. Ал “Қарақол” метеоритіне тағы басқадай деректі іздегеніммен, ол С.Марковтың кітабынан кездеспеді.
Менің назарымды аударғаны жазушының өте сирек кездесетін метеорит деген пікірі еді. Сондықтан онда не сыр бар, ерекшелігі неде, салмағы қанша, пішіні қандай деген сауалдар мазалай берді. Осы сұрақтарға жауап іздеуді алдымен 1972-1978 жылдар аралығында шыққан “Қазақ совет энциклопедиясынан” бастадым. Ондағы ойым: Москвада тұратын жазушының жазғанынан гөрі біздің ең басты анықтамалықта деректер мол болар деген сенім еді. Аталған еңбектің 8-томында метеориттер туралы көлемді материал жарияланыпты. Алайда, одан “Қарақол” метеориті туралы бір ауыз да сөз кезікпеді. Оның есесіне Ресейде және басқа мемлекеттерде табылған бірнеше метеориттердің аты аталыпты. Ал, Тунгус атты метеоритке тіпті арнайы мақала арнапты.
Сөйтіп, энциклопедиядан іздегенімді таппағаннан кейін, басқадай кітаптарды ақтардым. Ондаған оқулықтарды, ғылыми еңбектерді, әдеби шығармаларды қарауға тура келді. Оның ішінде, әсіресе, сол заманда өмір сүрген зерттеушілер, Аягөз өңірінде де болған саяхатшылар А.Янушкевич, Г.Аткинсон, Ш.Уәлиханов, Н.Абрамовтардың еңбектерінен бір нәрсе кездестірем бе деген үмітім болып еді, бірақ ол ақталмады.
Дегенмен, “Қарақол” метеоритінің ізіне түсіп, біраз материалдарды қарастыру барысында қызғылықты қосымша деректер кездесті. Мәселен, облыстық “Иртыш” газетінде жарияланған “По следам древнего метеорита” (20.08.87) атты мақалада ғарыш стансалары бортынан түсірілген суреттерге қарағанда, Талдықорған және Семей облыстарының шекарасындағы үлкен екі ойықты алып метеориттің ізіне ұқсастыруға болатыны айтылған.
Бұл ғылыми тұжырымдаманың “Қарақол” метеоритіне қандай қатысы бар? Әдетте метеоритке атау оның түскен жеріне қарай беріледі. Табылған тас “Қарақол” аталғандықтан, Аягөз өңірінде кездесетін бұл қандай жер атауымен байланысты деген сұрақ туады. “Қазақ совет энциклопедиясының” 6-томында “Қарақол” атты өзен және ауыл бар екен. Ауыл бертінде пайда болуы мүмкін болғандықтан, метеорит атауын ондағы өзенмен байланыстырған дұрыс сияқты. Жалпы ұзындығы 184 шақырымға созылатын өзен Тарбағатай сілемдерінен бастау алып, Сағит ауылының шығысында Сасықкөлге құяды, яғни Талдықорған облысының шекарасынан алыс емес. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл аймақта магнит өрісінің шығыршық тәрізді құбылысы анықталған. Сондықтан метеориттің Қарақол өзенінің Талдықорған облысымен шектесетін сағасына таяу жерге, яғни ғалымдар жазып отырған тартылысы күшті аймаққа түсуі әбден мүмкін.
Сонымен бірге осы жерден онша алыс емес Балқаш көлі туралы В.Николаев “Балқаш өңірі” атты кітапта геологтар арасында диаметрі жүздеген шақырымға созылатын Балқаш шұқыры ерте заманда алып метеориттің құлауынан пайда болған деген пікір бар делінеді.
Бұдан шығатын қорытынды: жоғарыда аталған өңірлерде кратерлердің пайда болуы, метеориттердің түсуі заңдылық сияқты. Алайда, бізді қызықтырған ең басты мәселе “Қарақол” метеоритіне байланысты нақты деректер еді.
С.Марков кітабының аяғында пайдаланылған әдебиеттер тізімі бар. Сонда “Сибирская советская энциклопедия”, т.3. Метеориты. Новосибирск, 1932.” деген сілтеме жасалған. Алайда, мен оны Алматы кітапханаларынан таба алмағам. Енді мамыр айында іссапармен Новосибирск қаласындағы Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінде болған кезімде кітапханада аталған кітапқа сұраныс жасадым. Міне, 1932 жылы наурыз айында жарық көрген “Сибирская советская энциклопедияның” 3-томындағы метеориттерге байланысты мақаланы оқып отырмын. Бір кезде метеориттер тізбегінен “Қарақол” туралы жолдар жарқ етіп көзіме оттай басылды! Тіпті бұдан басқа да қазақ жерінен табылған метеориттер бар екенін көргенімде, таңданысымда шек болған жоқ. Әрине, бұл мұндай ақпаратқа жолығамын деп ойламағандықтан да болар. Сонымен, табылған деректерді оқырманға қаз-қалпында түпнұсқада жеткізгенді жөн көрдім:
“С обширной территории Сибири известны следующие метеориты:
Каракол. Упал в полдень 9 мая 1840 в б. Аягузском у. Семипалатинской губернии. Синоним “Киргизкая степь” Белый хондрит. Первоначальный вес 3 кг. Гл. масса в Акад.наук . Каракол является одним из лучших экз. ориентированных М. с идеально развитой конусовидной формой.
Ямышева. Найден в 1885 у д. Ямышевой б. Павлодарского у.Сем-ской губ; синонимы: “Павлодар”, “Семипалатинск”. Палассит. Первонач. вес 4,5 кг. Гл. масса находилась в коллекции проф. Ю.Симашко: мелкие части рассеяны по союзным и заграничным музеям.
Биштюбе. Найден в 1888 в урочище Биштюбе, близ Николаевского поселка Тургайской области. Синонимы: “Николаев” “Тургай”. Крупноструктурный октаэдрит. Никеля 6,48%. Первонач. вес трех экз. 48,25 кг. Гл.масса – в Горном музее.
Мамра. Упал 15 мая 1927 у колодца Мамра в урочище Мамырдын-крык на границе б. Чимбайского и Кзыл-Ордынского у.у. (Казахстан). Разбит жителями и разошелся по рукам. Хондрит. В Академии Наук осколок весом 58,8г.
Тарбагатай. Неустановленной даты каменный М. весом в 101 г. В Акад. Наук” (440-441 беттер).
Міне, Сібір энциклопедиясынан орын алған метеориттер осылар. Бұл 1932 жылға дейінгі жағдай және тек Сібір аймағына жататын өңірлерден табылған метеориттер екенін ескерсек, жоғарыдағы тізімнің толығуы әбден мүмкін ғой.
Осы жерде метеориттердің алатын орны жөнінде бір-екі ауыз сөз. Жалпы метеориттер – ғаламшараралық кеңістіктен Жерге келіп түсетін темір немесе тас дене екені белгілі. Олардың ұсақ планеталардың сынықтары санатында жер бетінен тыс жерде пайда болатын қатты дененің үлгісі ретінде космогониялық мәні зор және Жердің терең қабаттарын зерттеуде де маңызы ерекше. 1974 жылға дейінгі мәлімет бойынша Кеңестер Одағы аумағынан 146 метеорит табылған. Олар мемлекет меншігі болып саналып, зерттеу үшін ғылыми мекемелерге берілген. Ғылым үшін метеориттердің құрамын зерттеу не үшін қажет? Ол күн жүйесі тарихының өте ерте кезеңінде болған ғаламшарлардың жасын анықтауда және сол кездегі жай-күйлерін зерттеуде маңызы үлкен. Оларды Жер денелерінің құрамымен салыстырудың да берері мол. А.И.Войцеховскийдің “Виновница земных бед” кітабындағы (Москва, “Знание”, 1990) “Метеориты – скульпторы лика земли” атты мақалада ғалымдардың зерттеуі бойынша біздің планетамыздың бет-бедері, бейнесі тек қана ақырын жүрген эволюциялық процестердің арқасында ғана емес, сонымен бірге ғарыштан болған метеориттердің “атқылауы” нәтижесінде де түзілген деген қорытынды жасайтын деректер көбейген. Оның бір куәсі ретінде жерде пайда болған кратерлерге жүргізілген зерттеулерді алға тартады.
Жерге құламас бұрын метеориттер ғаламшараралық кеңістікте ұзақ уақыт айналып ұшуы барысында сырты балқып, қара қабықшамен қапталады. Көптеген метеориттер теңіздер мен мұхиттарға, адамдар сирек тұратын жерлерге құлап, табылмай да қалады екен. Сондықтан да қолға түскен метеориттердің ғылым үшін құны өте жоғары. Кезінде КСРО ҒА-ның метеориттер жөніндегі комитеті де жұмыс істегені белгілі.
Осы жағдайларды ескере келгенде, “Қарақол” сияқты қазақ даласына түскен “аспан тастарының” ғалым- зерттеушілеріміздің назарынан тыс қалғаны өкінішті-ақ. Мүмкін бұлар туралы біздегі астрономия, геология саласында істейтін кейбір мамандар жақсы білетін де болар. Бірақ олардың қазақстандық басылымдарда жарияланбауы, оқулықтардан, энциклопедиялардан орын алмауы, еліміз туралы альбомдардан суреттері көрінбеуі қынжылтады. Себебі, метеориттер жай ғана тас емес, біздің өткенімізден сыр шертетін куәлік – тарихи ескерткіштеріміз де емес пе?
Осындайда ойға басқа елдердің тарихи мұраларға деген көзқарасы, іс-әрекеті оралады. Мысалы, Ресейде 1908 жылы 30 маусымда байқалған Тунгус метеориті атты табиғи құбылыстың қыр-сыры сан мәрте зерттеліп, жазылды. Осы мәселе төңірегінде ғылыми пікірталас әлі бәсеңдеген жоқ. Метеорит жарылып, құлады деген аймаққа талай рет экспедиция жіберілді. Міне, осы құбылыс көптеген жылдар өтсе де, үздіксіз зерттелуде.
Әсіресе, метеориттердің “атасы саналатын” “Гоба” тасының тағдыры тіпті ерекше. Ол Африкадағы Намибия мемлекетінде табылған. Ғалымдардың топшылауынша шамамен 80 мың жыл бұрын жерге құлаған әлемдегі ең үлкен метеорит саналатын бұл тастың салмағы 50 тонна. Осы тарихи ескерткіш мемлекеттің қарамағына алынған. Сол қастерлі тасты айнала үш қатардан тұратын амфитеатр соғылып, қасына архитектуралық кешен тұрғызылған. Көптеп келетін туристерге арнап метеорит туралы түсінік беретін буклеттер шығарылған. Ал ел астанасы Виндкухтағы музейде “Гобаға” алғаш кезіккен аңшы Якобус Гритстің тапқан олжасы туралы өз қолымен 1920 жылы жазған хаты сақтаулы.
Осы жайларды кеңінен тарқатып жатқанымыз, сонау алыс Африкадағы мешеу саналған елдің өзінде тарихи ескерткіштерін мәдени құнды мұраларға айналдырып ұстап отырғандығында. Бұл, әрине, үлгі тұтарлық өнеге.
Ал біздің көптеген тарихи жәдігерлеріміз талауға түскені белгілі. Таяуда ХІХ ғасырда Ресейге жіберілген тағы бір мұрамыз туралы құжатқа кезіктім. Семейдегі өлкетану мұражайындағы кітапханада “Семей облыстық статистикалық комитетінің жалпы отырысының хаттамасы” (07.11.1887) сақталыпты. Онда: “Между прочим, летом отчетного года музей посетил первый попечитель Западно-Сибирского учетного округа, Действительный статский советник В.М.Флоринский. Свое внимание он обратил гл. образом на отдел археологии. Библиотечный комитет при этом посещении позволил себе просить г.попечителя принять в дар для музея Сибирского университета одну из каменных баб, имеющихся в областном музее. Г.попечитель изъявил свое согласие и каменная баба, доставлена была в Томск на параходе Игнатова – Курбатова бесплатно”,- деп жазыпты.
Міне, көрдіңіздер ме, “между прочим” деп отырып, төл мұрамызды қамқоршыларына сыйға тарта салған. Тіпті өздерінің әкелерінен қалғандай, ақысыз-пұлсыз апарып бердік дейді. Бұл – құжатқа тіркелген балбал. Ал із-түзсіз кеткендері қаншама?! Әсіресе, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу мазарының іргесінен ғайып болған тас мүсіндерге ішің удай ашиды.
Ал өзім осы жағдайдан кейін Семейдегі өлкетану мұражайының алдындағы көгалға қойылған тоғыз балбал тасты көргенде, басқадай сезімге бөленетін болдым. Енді олардың бейнелерінен жалғызсыраған, көздерінен мұң сезілетін секілді. Сонымен бірге 1977-1980 жылдары облыстың ауыл шаруашылығы басқармасында істеп жүргенде, жұмыс бабымен Семей облысының барлық аудандарында болған кезімде, көсіліп жатқан сайын даладан бірде-бір балбал, сынтастарды көре алмағаным еске түседі.
Енді мақаламыздың өзегі болған метеоритке қайта оралайық. Бұдан екі жыл бұрын “Қарақол” метеориті туралы деректер өзіміздің энциклопедияда кездеспеген соң, “Үлкен совет энциклопедиясында” қайдан болсын деп, қарамай кеткенмін. Таяуда сол кітаптың метеориттер туралы жазған 16-томын қарап отырып, тұтастай бір бетіне берілген әртүрлі метеорит тастарының суретіне көзім түсті. Сол беттің оң жақ төменгі шетінде жеке тұрған киіз үй пішіндес метеорит “Қарақол” екенін көргенде, өз көзіме өзім сенбей, бірнеше рет қарап, оқып шықтым. Онда: “4. Каменный метеорит Каракол, массой 2,8 кг, упавший 9 мая 1840 в Семипалатинской области. Метеорит имеет конусообразную (оринтированную) форму”, – деп жазылыпты. Міне, сөйтіп алыстан іздеп, талай кітаптарды қопарыстырып жүрсем, ғаламшардан түскен асыл тастың суреті аяқ астынан табылды.
Сонымен, қолдағы деректерге қарағанда, қазақ жеріне түскен метеориттердің көбі елімізде қалмаған сияқты. Демек, олар да басқадай тарихи және мәдени ескерткіштеріміз сияқты талан-таражға түскен.
Сондықтан метеорит сынды асыл тастарымызды жинақтау, не болмаса мемлекеттік тұрғыдан көшірмесін жасау кезек күттірмейтін істің бірі деймін. Әсіресе, киіз үй пішіндес “Қарақол” метеоритінің орны бөлек дер едім. Олардың да еліміздің мұражайларынан орын алатын күні алыс емес деп сенгім келеді.
Өмірзақ СҰЛТАНОВ,
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері,
доцент.
25 шілде 2001 жыл.