21 Қаңтар, 2019

«Ауыл қамқоршысы»: Ақтөбе облысында 2,6 млрд теңгеге 314 жоба жүзеге асырылуда

484 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбелік кәсіпкерлер Президенттің 2018 жылы ауылдық аймақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту аясында бастамалық еткен «Ауыл - ел бесігі» ауқымды жобасын дамытуға қолдан келген үлестерін қосуда. Елбасы бастамасы өңірде кең қолдау тауып, «Ауыл қамқоршысы» акциясы басталды.

«Ауыл қамқоршысы»: Ақтөбе облысында 2,6 млрд теңгеге 314 жоба жүзеге асырылуда

Облыс әкімдігінде өңірдегі бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері жобаның тиімді жүзеге асырылуы мәселелерін талқылады.

«Кәсіпкерлердің бір де біреуі игі істен тыс қалмасын. Әрқайсысы өзін тәрбиелеген туған жерін дамытуға, Мемлекет басшысының барлық әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруға үлес қосуы керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, былтыр Ақтөбе облысында 2 млрд теңгеге 344 жоба жүзеге асырылған болатын, яғни жаңа әлеуметтік нысандар салынды, жолда мен көпірлер жөнделді, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы күшейтілді, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетілді.

Осы жылы кәсіпкерлер туып-өскен ауылдарын қамқорлыққа алуды жалғастырып, 2,6 млрд теңгеге көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Осылайша, 289 меценат 199 елді мекенде 314 жобаны жүзеге асыруға уәде берді. Оның ішінде 4 жоба денсаулық сақтау, 16 білім беру, 69 ТКШ, 95 мәдениет пен спорт және т.б. Негізінде, саябақтарды абаттандыру, спорттық және ойын алаңдарын орнату шаралары, жол жұмыстары жүргізіліп, ауыл клубтары мен мәдениет ошақтары жөнделмек.

ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбеков ауылдарды жаңғырту жаңа нысандарды ашу ғана емес деп есептейді. Оның ойынша, идеологиялық құрамдасқа да назар аударған маңызды, яғни өскелең ұрпақты патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелейтін ақсақалдар институтын қайта жандандырып, ауыл тұрғындарын одан әрі біріктіретін «Ең үздік ауыл» байқауын өткізген жөн.

Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Атамекен - аталар. Асылым - әжелер» ансамблі облыстың барлық аудандарында концерт береді.

«Ауыл қамқоршысы» жобасының қатысушылары алдағы жылға жоспарларымен бөлісті.

Атап айтқанда, Алға ауданының Амангелді ауылында өз қаражатына Мәдениет үйін салған «Реймқұл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұлов саябақты абаттандырып, ауыл тұрғындары үшін қоғамдық монша мен 10 үй салып беруді көздеп отыр.

Мәртөк ауданына қарасты Хазрет ауылынан шыққан «Агрофирма Коквест» ЖШС басшысы Владимир Проскурин 2018 жылы орталық сумен жабдықтау құралын қалпына келтіріп, бүкіл зейнеткердің үйін тегін ауыз сумен қамтыса, 2019 жылы көпірді жөндеп, жерлестерінің ағымдағы мәселелерін шешіп беруді жоспарлап отыр.

Меценат, «Наурыз СИМ» ЖШС директоры Ибрагим Сәрсенбаев биыл Ырғыз ауданында құны 20 млн теңге тұратын спорт кешенін салмақ. «Алтын дала» шаруа қожалығының басшысы Сәндібай Әлитұрлиев Қобда ауданының Қаракемер ауылында елу орындық балабақшаның құрылысын бастайды және Жарсай ауылына спорт зал тарту етеді.

Облыс әкімі: «Облыстағы барлық кәсіпкерлердің Елбасы бастамасын қолдап, бар күштерін салуға даяр екендері қуантады. Біз Президент тапсырмаларын сапалы әрі уақытында орындауымыз қажет», - деп сөзін түйіндеді.