Жуырда Қостанай облысы әкімінің қатысуымен өткен алқа отырысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілі «Соңғы бес жыл бойы өңірде туу көрсеткіші төмендеп, орташа алғанда 500 нәрестеге азайды, ал өткен жылы алғаш рет нәрестелер саны 802-ге күрт төмендеп кетті. 2016 жылы – 12535 бала, 2017 жылы – 11733 бала дүниеге келді, бір жыл ішінде облыс тұрғындары 6,7%-ға азайды» деп мәлімдеме жасаған. Арифметикаға салып, алдағы 15 жылда жағдайдың қалай болатынын елестете беріңіз.
Репродуктивті отбасылардың көбі облыс шегінен тыс жерге кетіп, бала туу азайған. Ауылдардың әлеуметтік мәселелеріне тиісті деңгейде көңіл бөлінбей, «болашағы жоқ ауылдар» мектебін жапқан соң, жас отбасылар Астанаға, республиканың өзге қалаларына кетті. Арасында шетел асқандары бар. Алысқа кете алмағандар жергілікті қалаларды, қала маңын, аудан орталықтарын жағалады. Облыста қалған жас отбасылар әлеуметтік жағдайдың төмен болуы салдарынан бала санын шектеді. Бұл күнде үшінші бала туралы сөз қозғалған жерде «Қалай асыраймын?» деген сұрақ қойылатын болды. Өңірде туу көрсеткіші төмендеп, демографиялық ахуал нашарлауының себебі осыдан болса керек. Көш әлі тоқтаған жоқ. Ал демографиялық ахуал нашарлай берсе, облыс тағдыры қалай болмақ?
Кіндік қанымыз тамған жерді өзіміз өңдемей, өзге елден неге бақыт іздейміз? Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған, қаны төгілген, ұрпақ сүйіп, тамыр жайған құтты жерінен – жерұйығымыздан неге жерідік? «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне» дейді халқымыз. Жердің қасиетін түсінбейтін деңгейге түстік. Ауыл мұқтажына көңіл бөлу – оқыған-тоқыған, қолында билігі, қаражаты бар азаматтардың перзенттік парызы. Осы жерде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Сен де кеттің, мен де кеттім, ол да кетті ауылдан, осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау қауымнан! Момын жұрттың арқасүйер азаматы біз едік!...», «Күте-күте, көзі талып, күн сарғайып батқандай, зират екеш, зираттар да бізді жоқтап жатқандай. Момын жұрттың арқасүйер азаматы біз едік! Жеке-жеке бақыт іздеп, жеке өмір түзедік. Жетер енді! Туған жердің топырағына тізе бүк!» дейтін жолдары еске түседі...
Шетте оқып, білім алған соң, атамекенге оралып, көкейімізге тоқығанымызды туған өлкені көркейтуге жаратсақ, жаңадан жұмыс орындарын ашуға атсалыссақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жағдайда халық үдере көшіп кетпес те еді.
Елдігіміздің тәуелсіздігін қалпына келтіріп, Алаш ардақтыларын әрқашан мақтан етеміз. Бірақ «құрметтеу» оларға ескерткіш қою, есімімен білім және мәдениет үйін атау ғана емес шығар. Оларға деген ең басты құрмет – Ақаң, Әлихан, Халекеңдердің істерін жалғастыру болса керек. Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ» дегеніндей, олардың туған жердің тұтастығы үшін күрескен мағыналы өмірін үлгі тұтып, кіндік қанымыз тамған жеріміздің бір қажетіне жарау болса керек. Осылай үйрететін ұстаз кемде-кем. Әйтпесе, бала оқып, үйреніп, ауылына оралар еді, туған ауылының қаладан кем болмайтындай деңгейге жетуіне атсалысар еді. Ауылдан шыққан, қазіргі қызметіне орай қалада тұруға мәжбүр азаматтар ауылды ұйымдастырып, жұмыс орындарын ашып, мәселенің шешілуіне атсалысса, демографиялық өсім болып, тәуелсіздіктің іргетасы нығая түсер еді. Жастарға осындай өнеге керек, халқының алдында қадірі артып, елдің батасын алған жандарды үлгі етуіміз керек. Мысалы, аудан орталығына жақын орналасқан Гурьяновка ауылында тұратын кәсіпкер өз ауылында орыс тілінде білім беретін бастауыш мектептің ашылуына демеуші болып, тұрғындардың құрметіне бөленді. Өкініштісі, мұндай мысалдар саусақпен санарлық. Ауылдан кеткен жастардың көбі білім-ғылым қуып кетпеді, «ауылыңның болашағы жоқ!» деп мектебін жапқан соң, баласын көз алдында оқыту үшін жұмыс іздеп, отбасын асырау үшін басы ауған жаққа, яғни мектебі, жұмысы бар жерге амалсыздан кетті, ал ауылы «жетім баланың» күйін кешіп қалды.
Қара басымыздың күйін күйтте- сек далада жайылып жүрген малдан қай жеріміз артық? «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген Ахаң (А.Байтұрсынұлы) атамыз. Біз кетсек, үйлердің орны тып-типыл болып, Жарсор, Талды, Мағынай ауылдары сияқты ауылдар түпкілікті жойылады. Кейін «келем» десең ауыл да болмайды. Жер әлдекімнің қолына өтсе – қуырдақтың көкесін сол кезде көресің, ата-баба моласының орнын да таба алмай қалуымыз кәдік. Ал халқымыз «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген емес пе? Осы ой мазалайды.
Жергілікті әкімдердің, депутаттардың қабылдауында да болдық. Олар: «Бала саны азайып барады, болашағы жоқ, мектепті жабамыз», «жол жөндеуге техника жоқ, «халқы аз ауылға келетін жолды жөндеу көп шығын», «ауыл халқы аз, ұялы байланыс операторын әкелу мүмкін емес», «Ауылда жұмыс жоқ, ешкім көшіп келмейді» деген жаттанды сөздерін айтып, шығарып салады. Олар бәлкім, есеп бергенде іскер болар, нақты іске келгенде бейқам көрінеді. Әйтпесе, «Мектепті қайтсек сақтап қаламыз?», «Ауыл халқын қайтсек көбейтеміз?», «Бюджетке күш түсірмей, ауылға баратын жолды қалай жөндеуге болады?», «Ауылдан қандай жұмыс орындарын ашуға болады?» деп күйіп-пісіп жүрген депутатты, ұсыныстар жинап, саралаған басшыларды көргіміз-ақ келеді.
Төлен РАМАЗАНҰЛЫ
Қостанай облысы
Қарабалық ауданы