Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, өткен жылға салықтық төлемдер бойынша бекітілген жоспар 73 млрд теңге болса, нақты 78 млрд теңге түскен. 2017 жылмен салыстырғанда түсімдер 9,7 млрд теңгеге артығымен түскен.
Кездесуде көлеңкелі экономикамен күресіп, салық түсімін арттыру, барлық кәсіпкерлердің жалдамалы жұмысшыларын тіркетіп, олардың табыстарын шынайылыққа келтіру мәселесі әңгіме болды. Сондай-ақ жалдамалы жұмысшылары үшін төленетін әлеуметтік, жеке табыс салықтарын ұлғайту, кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып отырған нысандардың бағалау құндарына қайта бағалау жұмыстарын ұйымдастырып, мүлік салығының түсімін арттыруға баса назар аударылды.
Қазіргі таңда қалада 68 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Осы кәсіпкерлік субъектілерінен 2018 жылға мемлекеттік бюджетке 22,6 млрд теңге түскен немесе жалпы түсімнің көрсеткіші – 15,8 пайыз ғана болған. Сондай-ақ мүлік салығынан жалтару үшін кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын ғимараттардың құны айтарлықтай аз көрсетілген. Осы орайда департамент басшысы кәсіпкерлерді бір ай мерзім ішінде нақты табыстарын көрсетіп, қосымша салық есептіліктерін тапсыруға үндеді.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»