Тарих • 22 Қаңтар, 2019

Тарихи-мәдени мұра – баға жетпес қазына

1594 реткөрсетілді

«Egemen Qazaqstan» газеті соңғы жылдары елімізде көмбе іздеушілердің көбейіп, археологиялық нысандарды тонау өршіп кеткені жайлы мәселе көтерген болатын. Мұның зарарын айтып жеткізу қиын екенін негіз еткен қоғам белсенділері мен кәсіби археологтардың пікірі де жария етілді. 

Көмбе іздеушілерге тұсау салудың жалғыз жолы еліміздегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңды күшейту және арнайы берілетін лицензия мәселесін шектеу екендігі де, өңірдегі тарихи-мәдени нысандарға жергілікті инспекторлар салғырт қарайтыны да газет көтерген мәселеде айтылды. Жалпы «қара архео­логия» мәселесі ел газетінде («Қорғансыз қалған қорымдар» №220 16 қараша, 2018 жыл) қозғалған-ды. «Егеменде» көтерілген мәселелер Мәжіліс депутаттары тарапынан қолдау тауып отыр. Ол жөнінде Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени нысандарды аралаған депутаттар мәлім етті.

Түркістанда Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысы өтті. «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» тақырыбындағы отырыста «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды. Бүгінгі таңда елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары бар. Оның 11 мыңға жуығына тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілген. Талқыланған заң жобаларында тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтау, оларды есепке алу, тарихи-мәдени сараптама жүргізу, паспорттау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Депутаттар мен қатысушылар бүгінгі таңда көптеген жаңадан анықталған, тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілген нысандардың сақталуы жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмейтініне тоқталды.

Әлеуметтік-мәдени даму комите­ті­нің хатшысы Бейбіт Мамраев жүр­гіз­ген отырыста баяндама жасаған Түр­кіс­тан облысының әкімі Жансейіт Түйме­баев бүгінгі таңда тарихи-мәдени ескерт­кіштерді қорғау өзекті мәселе болып отырғанын жеткізді. Қаралып жатқан жаңа заң жобасы саладағы олқылықтардың орнын толтырып, мәдени мұрамызды сақтап қалуда шешуші рөл атқаратынына сенімі мол екенін айтты. Тарихи-мәдени мұраларды сақтаудағы өзекті болып отырған кейбір мәселеге тоқталды. «Тари­хи-мәдени ескерткіштердің ішінде архео­логиялық ескерткіштердің жойылып кету қаупі жоғары екенін білеміз. Әсі­ресе шаруашылық, құрылыс жұмыс­тар әсерінен зардап шегуі мүмкін. Архео­логия ескерткіштері негізінен дала­лы, таулы жерлерде орналасқан. Олар­дың сақталуын үнемі бақылауда ұстау мүмкін емес. Жаңа заң жобасына сәй­кес, ескерткіш орналасқан жердің меншік иесін ескерткіштің сақталуына жауап­ты ету олардың қорғалуына оң әсерін береді деген ойдамыз», деді Ж.Түй­мебаев. Сондай-ақ өңір басшысы Түр­кіс­тан облысында тарихи-мәдени маңы­зы зор 1249 археология және сәулет ес­керткіші барын айта келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық басым бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Созақ ауданындағы Ақсүмбе қарауыл мұнарасы мен Ордабасы ауданындағы Ишан базар мешіті ескерткіштеріне республикалық мәртебе беру жөніндегі ұсыныс Мәдениет және спорт министрлігіне жолданып, министрліктің жанынан құрылған арнайы комиссияның отырысында қаралып, оң шешімі алынғанын да жеткізді. 

Ал Мәдениет және спорт вице-ми­нис­трі Ақтоты Райымқұлованың айтуын­ша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ая­сын­да Түркістан облысы бойынша Қа­зақстанның жалпыхалықтық маңы­зы бар киелі жерлерінің тізіміне 22 ны­сан, жергілікті маңызы бар киелі жер­лерінің тізіміне 51 нысан енгізілген. «Ми­нис­тр­лік Қазақстанның тарихи-мәдени мұ­расын жаңғырту, насихаттау және әлемге кеңінен таныту бойынша маңыз­ды және ірі жобаларды қолға алуда. Солардың қатарында, тарихи-мәдени мұ­ра­ларымызға археологиялық қазбалар цик­лын жүргізу, оларды реставрация­лау, музеефикациялау және әлемге танымал туристік орталықтарға айналдыру мәсе­лелері күн тәртібінде тұр. Сонымен қа­тар «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын және өткен заманның ұлы ойшылдары, ақын­дары және ел билеген тұлғалары бейне­лерінің галереясын жасау көзделген. Ірі жобалардың бірі – Түркістан қаласындағы тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, зерттеу және оларды танымал ту­рис­тік орталыққа айналдыру екенін ерек­ше атап өткім келеді. Осы мақсатта, Мәде­ниет және спорт министрлігі Түркістан қаласындағы ортағасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің (88,7 гектар аумақта) тарихи келбетін анықтауға және қалпына келтіруге арналған жобаны Ел­­басына таныстырып, мақұлданды», де­ді вице-министр. Сондай-ақ отырыс­та Ә.Марғұлан атындағы Археология инс­­титутының директоры, академик Бауыржан Байтанаев, археолог, тарих ғы­лым­дарының докторы Виктор Зайберт, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, про­фес­сор Женгиз Томар, Мәжіліс депутаты, аталған заң жобалары бойынша жұ­мыс тобының жетекшісі Сауытбек Абдрах­манов сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды. 

Отырысқа қатысқан мемлекеттік ор­гандардың, қоғам, мәдениет, археология ұйымдарының өкілдері, сарапшылар, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің және Қазақстанның басқа жоғары оқу орындарының ғалымдары көкейде жүрген ойларымен бөлісіп, заң жобасына қатысты пікірлерін білдірді. Қоғамның барлық тыныс-тіршілігі саласында ауқымды өзгерістер жасауға ынталандырған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағ­дар­ламалық мақалаларында қойылған мін­деттерді орындау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ қатысушылар көшпелі отырыс өткізіп, заң жобасын талқылауға, өз ұсыныс-пікірлерін білдіруге мүмкіндік берген депутаттарға алғысын жеткізді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар

Атыраулықтар тағы да үздіктер қатарында

Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2019

Тәуелсіздік – тұғырым

Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2019

Жас отбасылар баспаналы болды

Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2019

Күлкі керуені № 25

Руханият • 13 Желтоқсан, 2019

Ұқсас жаңалықтар