Елімізде 2019 жылдың басынан бастап қызылшаның 323 жағдайы тіркеліп, оның 228-і, яғни 70 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Денсаулық сақтау министрлігінің 2018 жылғы көрсеткіштеріне көз жүгіртер болсақ, қызылша ауруының таралуы 100 мың тұрғынға шаққанда 2,8 адамды құраған.
Жалпы, қызылшаның елімізде бұлай таралуының бірнеше себебін атап өтуге болады. Қазақстанға инфекцияның таралуын сыртқы көші-қонмен, 90-шы жылдардағы вакцинациялаудың салғырттығымен, вакцина жеткізудің бұзылуымен, егілмеген адамдардың, оның ішінде болашақ аналардың көп болуы – елімізде қызылша сырқаттанушылығының өсуіне алып келген.
Дегенмен, былтырғыға қарағанда биыл қызылшамен ауырғандардың саны едәуір азайған. 2018 жылы қызылшаның 576 жағдайы тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 484 болды.
Бұл ретте инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы егілмеген балаларды анықтауға және вакцинациялауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылып жатқандығын айта кеткен жөн. Соның өзінде биыл Ақмола облысында қызылша жұқтырған 77 адам тіркеліп, оның алтауы медицина қызметкері болып шыққан. Қостанайда жыл басынан бері 6 бала қызылша ауруын жұқтырса, Ақтөбеде 7 бала қызылша жұқтырып, ем қабылдап жатыр. «Жалпы, Ақмола облысы бойынша 2018 жылдың 1 қарашасы мен 2019 жылдың 14 қаңтары аралығында қызылша дертін жұқтырған 77 адам тіркелді. Оның 26-сы – 1 жас, 26-сы – 1-14 жас аралығындағылар, жасөспірімдер арасында 2 және ересектер арасында 23 оқиға тіркелді. Ересектер арасында 6 жағдайда медицина қызметкерлерінің, атап айтқанда Ақмола облысының көпбейінді ауруханасынан – 2, Көкшетау қалалық аурханасынан – 1, Көкшетау қалалық №1 емханасында 3 медицина қызметкері қызылша жұқтырған», деп хабарлайды Ақмола облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі. Олардың дерегі бойынша, қызылшамен ауырып жатқандардың 91 пайызы – екпе аламағандар.
Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 30 жасқа дейінгі егілмеген және қызылшаға қарсы егілгендігі туралы деректері жоқ 1878 адам егілгендігін айтады.
Бұл жағдайға қатысты Қоғамдық денсаулық қорғау комитетінің төрағасы, бас мемлекеттік санитар дәрігер Жандарбек Бекшин биыл қызылша Астанада кең тарап, Алматы облысында біршама артып отырғандығын айтады. «Биыл негізінен балалар арасында қызылша өршіп тұр. Науқастанғандардың 60-70 пайызын балалар құрайды. Қызылша қаупі сейілмей отырған өңір тұрғындарына ауруға қарсы екпе 9 ай кейін салынатын болады. Қажетті вакцина көлемі бар. Қазір 100 мың тұрғынға жететін вакцинаға қосымша тапсырыс бердік. Бұл қызылшаға қарсы моновакцина. Сонымен қатар Дүниежүзілік сауда ұйымы тарапынан қызылшаға қарсы дивакциналарды тегін алу мәселесін қарастырып жатырмыз. 1990 жылдарда және 2000 жылдардың басында вакцина алған ересек адамдар ішінде де қызылшамен ауырғандар бар», дейді Ж.Бекшин.
Бүгінде қызылшамен әлем бойынша күрес жүріп жатыр деуге болады. Айталық, биыл Ресейде алғаш рет «Вактривир» біріктірілген вакцинасын тіркеу жоспарланған. Аталған вакцина үш ауруға қарсы, яғни қызылша, қызамық және паротиттен қорғайды деп күтілуде. Вакцинаны ресейлік «Microgen» компаниясы жасап шығарған.
Жалпы, кез келген аурудан емделуден гөрі, оның алдын алу әлдеқайда жеңіл. Сондықтан балаңыздың не өзіңіздің дене қызуыңыз жоғарылап, жөтеліп, белгісіз бөртпе белгілері байқалса, дереу дәрігерге жүгінген жөн. Қызылша асқынып кеткен жағдайда өкпенің қабынуы, бронхит, энцефалит, ми қабығының қабынуы сияқты қауіпті ауруларға ұласып кетуі мүмкін.
Бүгінде мамандар атап көрсеткендей, қызылшадан жалғыз тиімді қорғану тәсілі – вакцинация. Қазақстанда қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі, яғни біріншісі – 1 жаста және екіншісі – 6 жаста.
Мирас АСАН,
«Egemen Qazaqstan»