Білім • 22 Қаңтар, 2019

Білімнің беделі – кімнің беделі?

819 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасы Жолдауында «мек­теп­тің жаны» (А.Байтұрсынұлы), «мек­тептің жүрегі» (Ы.Алтын­са­рин) саналатын мұғалімнің ай­­­лы­­ғ­ын өсіріп, мәртебесін көте­ру­ге пәр­мен берілді. Енді осы тап­сыр­маны сөзбен емес, іспен орындау мін­деті мінсіз атқарылса, қане. 

Білімнің беделі – кімнің беделі?

Иә, мұғалім беделі тәуелсіз­дік­тің алғашқы елең-алаң ша­ғын­да, біреуді-біреу білмей кет­­кен тұста құлдырады. Білім сала­­сын қағаз жүзінде көтере айт­­қаны­мен, көп жағдайда нәти­жесі көңіл көншітпейтінін жасы­руға болмас. Бір өкініштісі, білім ре­фор­маларының дұрысы мен бұрысы сарапқа салынбай келе­ді. Қарапайым халықтан бастап, халық қалаулыларына дейін «бұл қалай?» дейді. Еститіндері – сырғытпа жауап. Ең сорақысы, біріне дағдылана бергенде екін­шісі киіп кетіп, оның азабын оқу­шы, ата-ана, мұғалім көреді.

Оқулық оңбаған жерде білім оңала ма? Сауатты делінетін елдің баласына «Сауат ашу» де­ген кітап ұстатып қойдық. Уәж – бала­бақшадан әріп танып, да­йын келген ұл мен қызды енді осы оқулықпен оқытуға бола­ды дейді. Барлық бала бала­бақша­дан хат танып, сан санап мектепке келіп жатыр ма? 

Жаңартылған білім мазмұ­нына сәйкес балабақшадан «бәрін меңгеріп келген» ұрпаққа мұғалім тек бағыт беруші болып есептеледі. Бірақ, бәрі әсіресе әріп танымайтындар, сөйлей алмайтындар мұғалім берген бағытты қабылдай қояр ма екен? Қаладағы 30-40 балаға мұғалім санаулы минутта әріпті үй­ре­тіп, санды саната ала ма? Осы­дан келіп бастауыштағы білім са­па­сы төмендейді. Жалған баға­лау пайда болады. Кейін ол жарға жықпай қоймайды. Ала-құла ұрпақ тағдыры деген осы. Ата-аналар баламызды оқыт­­падың деп мұғалімге дүр­се қоя береді. Мұғалім болып жат­­қан жайды айтады, қосым­ша сабақ оқытыңыздар деп кеңес береді. «Ақша төлесең, қыс­қа мерзімде оқытамыз» деген орталықтар елімізде жеткілікті. Жарнамасы да жер жарады. Тіпті кей мұғалімдер сабақтан кейін ақылы оқытуға көшті. Әлгін­дей әралуан орталықтар та­лап­қа сай ашылған ба, бере­тін білімдері тиянақты ма, мұға­лім­дері білікті ме, оқу базасы жет­кілікті ме деген сансыз сұ­рақ ойдан кетер емес. Мұндай нәр­се қал­тасы қалыңдар үшін ауыр­лық түсірмейді. Ал қалтасы жұқаларды қалтыратуда. 

Елімізде басты білім беретін орын – мектеп. Тек ондағы кей­бір жүйесіз көріністер жұртты алаң күйге енгізуде. Оны қатаң сарап­қа сала алсақ, ұлтқа да, ұр­паққа да, әсіресе бүкіл сана­лы ғұмырын білім саласына ар­на­ған ұстаздарға тиімді болар еді. Ондай жағдайда ақшаға негіз­делген орталықтар бірте-бірте өз жолын табары сөзсіз.

Мектепке мемлекет ақша бөледі. Орталықтарды ата-аналар қаржыландырады. Бұл да ойлануды қажет етеді. «Мектептің міндеті – баланы ата-ананың үміті мен мемлекеттің көздеген мақсатындағы үдеден табылатын адам қылып шығару.

Бес күндік оқытудың мәселе­сі аз емес. Бар сағатты бес күнге сы­ғымдап оқытқан мұғалім, ал­тын­шы күні қайда болады дей­сіз ғой. Әртүрлі тапсырмалар­мен мек­тепте жүруі тиіс. Ел жағ­­­дайын, бала дайындығын ес­­ке­­ріп, Елбасы жете мән беріп отыр­ған үш ауысымдық оқу­ды жой­ғанша, екі ауысымды сире­тіп, толық бір ауысымға көш­кен­ше, артық бағдарламалар мен бас­та­ма­ларды  ысыра тұру артық болмас еді.

Сәтсіз реформалардың бірі – 2019 жылдан бастап 4 пәнді, яғни физика, химия, информати­ка, биология пәндерін ағыл­шын ті­лін­де оқыту жайы. Мұға­лім 9 ай­да да­йын­дықтан өтетін көрі­неді. 9 ай­да мұғалім ағыл­шын тілін мең­геріп, сабақ беріп кете ала ма? Төрт-бес жылдап оқы­ған­дар­дың өзі толық мең­гере алмай жат­қанын неге естен шы­ға­рып отырмыз? Бұл аз де­се­ңіз, жал­пы тарих орыс тілін­де оқы­­тыл­­мақ. «Қазақ тілі ғы­лым мен білім­­нің, интернеттің тілі­не ай­нала­ды. Енді оны ешкім өзгер­те алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз «Мәңгілік елімізбен бірге мәң­гілік тіл болады», деген Елба­сы сөзін неге ескермейміз деген ой келеді.

Ал сенатор Мұрат Бақтияр­ұлы «Әлемнің ең мықты 30 елі­нің бастауыш сыныптарында қан­ша тіл оқытылатынын зерттеп қарасақ, 4 елде екі тіл бірінші сы­ныпта, 5 елде екінші сыныпта, 12 елде төртінші сыныпта оқытыла бастайды екен. Әлемнің бірде-бір елінде үш тіл мүлдем оқы­тыл­майды» депті. Әлемді аузы­на қаратқан Жапония жұрты 12 жасқа дейін ұл-қызын өзге тіл­ге жолатпайтын көрінеді. Енді Елбасы тапсырмасына орай, мұғалім беделін көтеру жолындағы талпыныс, олар­дың әлеуметтік жағдайын жақ­сарту, нақтылай түссек, ай­лы­ғын көтеру болып отыр. Бұл үшін мұғалім өзін танытуы тиіс. Ар­найы тест сынағынан өтуі керек. Сабақ бере жүріп да­­йын­далып, тестілеуден өткен ұс­таздарға одан кейін қойы­ла­­тын талап алған марапат­тары мен түрлі мекемелерде семи­нар-тренингі­лерде тапсырылатын сертификатын көрсетуі. Бұл да мұғалімдердің жүйкесін жұқартатын іс. Себебі мұғалімнің білім мен білігі бір сәттік тестілеумен өлшене ме? Түрлі жолмен алған бір жапырақ қағазға мән беру көңілге сыймайды. Одан да мұғалімнің өмірлік тәжірибесін, әдістемесін, шығармашылық жұмысын алға шығарсақ, тиімді болар еді. Оны жетік білетін мектеп ұжымының, ата-аналарының пікірін ескеру де қажет тәрізді. Әрине сертификатты мүлде жоққа шығаруға болмайды. Дамыған елдерде үлкен рөл атқарады. Бүкіл жұ­мысыңның нәтижесі сонымен бағаланады. Біз маңызы бар сертификатқа ие болуға бәріміз бірдей жете қойдық па?

Қазіргі айлықты өсіру нау­қаны дүрбелең туғызып тұр. Тесті­леуден мыңдаған мұғалім өте алмай қалуда. Ал олар өз ма­ман­дығына сай емес деп кім айта алады? Бүкіл өмірін осы жол­ға арнаған тәлімгерді бір сәт­тік тестілеуден өтпеді деп айып­таудың өзі қиянат секілді.

Мына бір нәрсені де айта кетсек артық болмас. Еліміздегі лауазым иелері мен қалталы азаматтар ақшасы қыруар ақылы мектептер мен балабақшаларда ұр­пағын оқытып, өсіріп жат­қаны белгілі. Бұл еліміздің келе­шегі делінетін ұл мен қызды қарға­да­йы­нан қақ жару болмай ма? Ұлт­тың ұрпағы бала кезі­нен бір-бірін түсініп, түйсініп, жұды­рық­тай жұмылуына ертең ке­дергі кел­тіріп, алакөздесті­ріп, жаңа за­ман­ның Асаны мен Үсен­ін қа­лып­тастырып жүрмей ме?

Жас мұғалімдер үшін жатақ­хана салу қолға алынса, олардың пәтер­ден пәтерге көшіп жүруіне тыйым болып, тұрақталуына жол ашылар еді. Қаржысы да үнем­­деліп, тұрмысы түзелер еді. Мұ­­ға­­лім деген биік мәртебенің биі­гінде тұрар еді. Әлгіндей жатақ­­­хана үлгісі кешегі Кеңес дәуі­­рінде кең қанат жайды. Қазір­гі біраз алдыңғы толқын сол жа­тақ­хананың «түлектері» екені бел­гілі. «Түлектер түлеп» кеткен соң оның орнын жастар басатын әдет-ғұрпы қалыптасады. Еліміздің бү­гінгі қарқынына қарай бүкіл халық үйге қол жеткізгенде бұл үрдіс тоқтары белгілі.

Сүлеймен МӘМЕТ, 

«Egemen Qazaqstan»