Аймақтар • 22 Қаңтар, 2019

Бәйтерек – бұл қай терек?!

3914 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының ең ірі, өндірісті өңірінің бірі – Зеленов ауданының атауы Бәйтерек болып өзгергенін естіп, қуанып жатырмыз. Ал осы Бәйтерек атауы қайдан шықты?! 

Бәйтерек – бұл қай терек?!

Бәйтерек – қазақ ұғымында алып ағаш, үлкен терек деген сөз. Бір қызығы, күнделікті қолданыста «Бәй­­­терек» атауы салыстырмалы мағы­на­сында көбірек қолданылады. Мы­салы, «бәйтеректей биік», «саялы бәй­теректей» деген теңеу­лер әулеттің атасына, қазыналы қарияға, еңселі ел ағасына қатысты айтылады.

Өмірден ерте кеткен маңғыс­таулық ғалым Серікбол Қондыбай қазақ мифологиясында «Бәйтерек» ұғымы – ғаламның моделін білді­ретінін жазыпты. Яғни қазақ халық ертегілерінде «Бәйтерек» бейнесі өте жиі кездеседі: Бәйтерек ғаламның орталығында, дәл кінді­гінде, киелі бұлақ жағасында орна­ласады, оның төбесі – аспанда, тамыры – жерасты дүниесінде жатыр. Бәйтеректің екі полюсінде алып қарақұс (самұрық) пен алып ай­даһар бар. Олар дуалистік қарама-қарсы­лықтың тұлғалық көрінісі. Үшіншіден, Бәйтеректің түбінде киелі оқиға, миф­тік процесс өтеді. Осы жерде батыр келіп, жыланды өл­тіреді, сөйтіп қара­құс балапандарын құт­қарады. Сол ең­бегі үшін қарақұс батырды бас­қа дүниеге өткізеді. Бұл жерде Бәйтерек – ғалам­­дардың есігі, киелі қақпа ретінде көрініп тұр. 

«Бәйтерек ғаламдық ағаш ретінде бас­қа да мифтік дәстүрлерде таралған. Мыса­лы, скандинав мифінде осындай ағаш Иггдра­силь, саха-якуттарда пай-қайың деп аталады» дейді Серікбол Қондыбай. 

Бір қызығы, Батыс Қазақстан об­лы­сын­да қайта аталып отырған Бәй­терек ауданы Қазақстанның батыс қақпасында, мем­лекеттік шекараны бойлай орналасқан. Яғни, Ресей Федерациясының Саратов, Самара, Орынбор облыстарымен шектесіп жатыр. Енді осы өңірлерден Қазақстанға, Ұлы дала еліне келетін мейман Бәй­терек қақпадан өтеді. Мифология мен шынайы өмірдің тоғысқан сәті болғандай!

Қазақстанның батыс өңірінде таралған тағы бір аңыз бар. Онда жау­гершілікте жарақат алып, жантәсілім қылар алдында бір батыр жанындағы жолдасына: 

– Мені осы жерге арулап жерле, бірақ оң алақаныма қысқан дәнге тиіс­пе! Алла жазса, бір мүшелден кейін осы жерге айналып келгенде, менің қабірімді алып бәйтеректен табарсың! – дейді. Сөйтсе ба­тырдың алақанына сығымдап қысқаны – алып теректің бір түйір дәні, тұқымы екен. Осылайша ақылды батыр өзіне жанды құлпытас қойған екен дейді. 

Осы жерде Омар Һаямның да табытын жүзім ағашынан жасауды өсиет етіп, кейін қабірі қалың ағаш, ну орманға айналғаны еске түседі. Жал­пы, «Атаңнан мал қал­маса да тал қалсын» деп өсиет еткен халықтың ұғы­­мында жасыл желек, тал-терек куль­ті экософия ұғымымен астасып кете­тіні тү­сі­нікті. Ұлы даланың төл баласы – көшпелі қа­зақ табиғаттың тепе-теңдігін, қоршаған ор­таның қиюласқан бітім-болмысын қатаң сақтап, айдала­дағы жалғыз ағаштың өзіне кие дарытып, қасиет қондыратынына қалай таңғалмассың?!

Қазақстан жерінің орманды ал­қабы небәрі 3,8%-дай ғана бо­лады екен. Елбасы «Жасыл ел» бағ­дарламасын көтеріп, ол жалпы­халықтық қозғалысқа айналды. Жақында ғана жасыл шыршаны бау­дай түсірген жаңа жыл мере­кесі қарсаңында Батыс Қазақстан об­лы­сының әкімі Алтай Көлгінов «бір күндік қызыққа бола ондаған жыл өсіп шыққан шыршаны кесу – қылмыспен барабар» деп мәлімдеген еді. Шынымен де Қазақстанда әр терек – киелі болуы, қатаң қорғалуы тиіс. 

Батыс қақпаңда бой көтерген Бәйтерегің құтты болсын, Қазақ елі!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы