Түркі елдеріне ортақ, мəдениеті мен əдебиеті егіз тарихи фильмдерді насихаттау, кинорежиссерлер мен актерлар арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, тəжірибе алмасуға жол ашуды мақсат еткен іс-шараның ашылуына арналған жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы бас консулы Абрар Фатхуллаев және Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов құттықтау сөз сөйлеп, тарихи фильмдердің ортақ тәрбиесі мен маңызына тоқталды. «Кино жай ғана өнер емес, ол қоғамның ұлттық идеологиясын қалыптастыратын үлкен құралдың бірі болып саналады. Сондықтан да кез келген мемлекет өз киноиндустриясының дамуына зор мүмкіндіктер жасайды. Кино саласы мен анимацияның біздің өңірімізде дамып келе жатқаны қуанарлық жағдай.
Былтырдың өзінде өңірлік туризмді дамыту, тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмі және «Қалқанқұлақ» қиял-ғажайып телехикаясы, «Көне жетігеннің сыры» атты телесериал және «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» атты анимациялық фильмдері түсірілді. Бүгінгі іс-шараның екі елдің арасындағы алтын көпір, бауырлас қазақ-өзбек халықтарының достығы мен бірлігін нығайтуға себеп болатынына сенімім мол», деді М.Отарбаев.
Бұл күні Түркістан қалалық мәдениет үйінде көрермен назарына қазақтың ұлы ақыны Абайдың балалық шағы, қоршаған ортасы, шығармашылығы мұрағат құжаттары қолданыла түсірілген «Абай сөзі» деректі фильмі, Шыңғыс Айтматовтың қиссасы желісінде түсірілген «Сарвкомат Дилбарим» көркем фильмі, «Ойкиз» ертегісі ұсынылды.
Айта кетелік, өткен жылы Қазақстандағы Өзбекстан Республикасы жылына байланысты екі елдің достастығын арттыру, мәдени байланысты нығайту мақсатында 20-дан астам іс-шара өткізілген болатын.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы