Аймақтар • 22 Қаңтар, 2019

Асықтан ойыншық жасайды

2772 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар облысына қарасты Мәмәйіт Омаров ауылы мектебінің технология пәнінің мұғалімі Жиенхан Қаманайұлы асықтардан түрлі ойыншықтар құрастырады. Өзі ашқан қолөнер үйірмесінде оқушыларды қамшы өрудің қыр-сырына баулып келеді.

Асықтан ойыншық жасайды

Шағын бөлме іші асық­тан жа­салған түрлі-түсті ойын­шықтарға көмкерілген. Бір қатар­ды ала оқу­шылардың қол­дарынан шыққан қам­шы­лар қаз-қатар ілініпті. Із­деніс пен жаңашылдыққа ден қой­ған шеберлер енді мас­саж төсеніштерін жасауға кірісіпті. Қолдан жасалған бұйым­дарға сұраныс та жо­ғары. Асықтан жасалатын бір төсенішке орта есеппен 100-дей асық кетеді.

– Асықты бала кезден ойнап өс­тік. Асықтан денсау­лыққа пайдалы осындай төсе­ніштер жасауға болады. Кө­біне омыртқа ауруларына жақ­сы әсер етеді. Біз жасаған ойын­шықтарды мектептер мен бала­бақ­шаларда әдістемелік құрал ретінде қолданса да болар еді. Жобаны қолға алмас бұрын адам денсаулығына пайдасын зерттеп, мәліметтер жинақтадым, – дейді Жиенхан.

Ойыншықтар мен төсеніш­терді дайындау технологиясы анау айтқан­дай қиын емес. Алдымен асықтарды тұзды сумен жуып, майы­нан тазартып алады. Осыдан соң түрлі түске боя­лады.

– Асық жинау, қамшы өруге арналған қолөнершілер үйірмесі 2004 жылдан жұмыс істеп келеді. Бастапқыда 20 шақты оқушы болса, қазір қызығушылық өте жоғары. Қамшының адамның бойына күш-жігер беріп, рухтандыратын қасиеті бар. Асыққа, қамшыға, салт-дәстүрге, қол­өнерге деген жақындық қа­ны­мызда бар нәрсе болған соң, ұрпағы да  алыс кете алмай­ды екен, – дейді Жиенхан Қа­манайұлы. 

Қолөнер шеберінің ай­туын­ша, қамшының асау қам­шы, дода қамшы, бақсы қамшы, бозбала қамшы, бәйге қамшы, дүре қамшы, сарыала қамшы, бала қамшы, қанжар қамшы, киелі қамшы деген жиырмадан аса түрі бар. 

– Мына сабы жуан, қолға ұстауға ыңғайлысы асау қамшы деп аталады. Қызқуар қамшыны қыз қуу кезінде ұс­тайды. Көкпар қамшы – бүл­діргесі ұзын, сабы жіңішке, ауыз­ға тістей салуға ыңғайлы сапталған. Дүре қамшы қа­зір керек-ақ! – деп әзілдей сөй­леген Жиенхан ағамыз әр қамшының қолданылу ерек­шелігі туралы егжей-тег­жейлі әңгімелеп берді.

Осы үйірменің тұрақты мү­шелері Нұрбол Берікбол, Ха­қабай Аңсат, Мұратбек Ақжол, Қабдығалым Алдияр, Өсерхан Ақжол сияқты оқу­шылар сый-сияпаттың төресі, шаңырақтың киесі болған қамшы өрімін жатқа біліп тұр.

Мектеп директоры Би­жамал Ақ­таева­ның айтуынша, облыс әкімі Болат Бақауовтың қолдауымен мек­теп­ке толық күрделі жөндеу жүр­гізілген. 

– Әрине, біз Жиенханның руха­ни жаңашылдығы үшін қуаныштымыз. Оқушы­ла­рымызға үйірме ашып, қол­өнер, ұлттық өнер шеберлік са­бақ­­тарына топтастырған еңбегіне ата-аналар да риза. Мек­тебімізде ашыл­ған асық, қамшы үйірмесі ауыл­­да ға­на емес, қазір Ақсу қала­сын­­дағы «Балалар эко-техно орта­л­ығында» №1, №8 лицей-мек­теп­теріндегі үйірмелерге ша­қырту алып, жетекшілік етеді, – дейді мектеп директоры. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Павлодар облысы 

Ақсу қаласы

М.Омаров атындағы ауыл