«2018 жылдың наурызында Мемлекет басшысы бірнеше әлеуметтік бастама аясында «7-20-25» бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Бұл халық үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған. Ұлттық банк өткен жылдың ортасында бағдарлама талаптарын бекітті. Ипотека нарығын жақсарту үшін заңнамалық өзгертулер енгізілді. Оператор болып «Баспана» ұйымы құрылды» деді Данияр Ақышев.
Сондай-ақ ол «7-20-25» бағдарламасы бойынша 8 банк жұмыс істеп жатқанын айтты.
«17 қаңтардағы жағдай бойынша 52 млрд теңгеге 4350 өтінім мақұлданды. Осы уақытта 17 пайыз өтініш берушіге немесе 1237 өтінім бойынша қарыз беруден бас тартылды. Бас тартуға негізгі себеп - кредиттік тарихының нашарлығы және жеткілікті кірістің болмауы», - деді ол.
Жиында белгілі болғандай, бағдарламаны халыққа түсіндіру жұмысы жүргізіліп, 6 млн-нан астам қазақстандық қажет ақпаратпен қамтылған. Бағдарламаны іске асыру барысы БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жүйелі түрде жарияланады. Тәулік бойы Call-орталық жұмыс істейді. Ұлттық банктің аумақтық филиалдары мен «Баспана» ипотекалық ұйымы барлық өңірдегі халықпен және еңбек ұжымдарымен кездесу өткізуде.