Аймақтар • 22 Қаңтар, 2019

Енді алыстағы Ақкөлдің өз «шиномонтажы» бар

701 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл жастары бүгінде бұрынғыдай қиындыққа төзіп отыра берудің жөні жоқ екенін біледі. Ақкөл ауылы Жанкелдин ауданының орталығынан 130 шақырым жерде жатыр. Қостанай мен Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған осы өңірдің арасы ұшқан құстың қанаты талатындай, 700 шақырым. Арқалық қаласы да жақын емес. Ал қайда да болса бүгінде техникасыз күн өте ме? 

Енді алыстағы Ақкөлдің өз «шиномонтажы» бар

Жұрт мініп жүрген жеңіл көліктер ауылда да көбейіп келеді. Техника сынбай, тозбай тұрмайды. Ондайда ауылдастар сонау алысқа ат шалдыратын немесе оларды домбайлап, «балталап» өздері жөндейтін. Әрине, сапасыз жөндеген техниканың жарамдылығы да көпке бармайды да, әр үйдің алдында көлік қаңтарылып тұрушы еді. Ақкөл ауылындағы Ерболат Досов, Асылбек Қожамжаров және Бексұлтан Мырзахан деген үш жігіт шиномонтаж цехын ашқалы қатар жатқан Ақкөл мен Қарасу ауылдарындағы техника мінгендердің көзі ашылып қалды.

–Ауылда отыздың сыртында жеңіл машина, 30 трактор, бірнеше жүк көлігі бар. Сонымен қатар балық аулауға келгендердің көліктері де даланың жолында жиі сыр береді. Олар да осы шиномонтаж цехын іздеп келеді. Жігіттердің бастамасы ауылдың нағыз қажетіне жарады, – дейді Ақкөл ауылдық округінің әкімі Балғабай Қалиев.

Жасы 26-27-ке енді келген үш жігіттің арасындағы Бексұлтан Мырзахан осы игі іске мұрындық болған көрінеді. Өзі Қостанай қаласындағы Автокөлік колледжін бітірген, ауылдағы Жедел-жәрдем қызметінің көлігін жүргізеді. Техникадан хабары жаман емес. Ауылда шиномонтаж цехын ашу үшін «Жас проджект» жобасына қатысып, өткен жылы 1 миллион теңге қаржы ұтып алады. Оған жұмысқа қажетті станок, компрессор және тағы басқа керек-жарақтарын Қостанай қаласынан сатып әкеледі. Бексұлтан өзінің достары Ерболат пен Асылбекке қолынан келгенін үйретеді. Қазір үш жігіттің үшеуі де Арқалық қаласына барып, 10 күндік курста оқып жатыр. Техника жөндеуді, оның ішінде доңғалақ ауыстыру, жамау сияқты жөндеу жұмыстарын барынша үйреніп қайтатын болады.

– Ерболат пен Асылбек бұрын көлден балық аулап, соны сатып, қаржы тауып жүретін. Мына «Шиномонтажды» ашқалы олар өзін толық жұмыспен қамтамасыз етті, оның сыртында жігіттер ауылдағы тағы үш жігітті жұмысқа алатын болды, – дейді ауыл әкімі Балғабай.

Ауыл әкімінің айтуынша, «Жас проджект» жобасына қатысқан ауыл жастары одан тағы да қаржы алуға тиісті көрінеді. Демек, олардың қолға алған жұмысы қазіргіден де кеңейіп, аяғынан тұрып кетеді. Өйткені техника бар жерде оның жөндеу жұмыстары да қосарлана жүреді. Жастар осылай өз ісін ашамын десе, жердің шалғайлығы кедергі емес екенін ақкөлдік жігіттердің қимылы көрсеткендей.

Халықаралық Қайта құру және даму банкінің және Білім және ғылым министрлігінің жастар корпусын дамыту жобасының шеңберінде өткен жылы Қостанай облысында өз ісіне қаражат алу үшін 394 өтініш қабылданған болатын. Үш сатылы іріктеуден кейін 143 жоба бойынша 492 жас гранттық қаржыға ие болды. Олардың бүгінгі жағдайына келсек, 6 жоба жабылып қалған. Қалған 137 жоба ісін жалғастырып алып кеткен. Солардың арасында сонау шалғайдағы үш жігіттің «шиномонтажы» да жұмыс істеп тұр. Оның ашылуына ауылдың шалғайлығы кедергі емес, қайта себеп болғандай. Шалғай ауылда көлігінің доңғалағын ауыстыруға, жөндеуге сұраныс ылғи да бар. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» ұстанымы Ақкөл ауылының күнделікті тіршілік көрінісіне айналған.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

Қостанай облысы

Жанкелдин ауданы

Ақкөл ауылы