Парламент • 22 Қаңтар, 2019

Сенат комитетінде «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды

134 реткөрсетілді

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады. 

Конвенцияға 2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында өткен бесінші Каспий саммитінің барысында Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан президенттері қол қойған болатын. 

Конвенцияның мақсаты - Каспий теңізін, оның суын, түбін, қойнауын, табиғи ресурстары мен теңіз үстіндегі әуе кеңістігін пайдалануға қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындау және реттеу.

Конвенция Каспий теңізіндегі ұлттық аймақтардың, юридикциясы мен егемендіктің аражігін ажырату, қойнауын пайдалану, транзит және тасымалдау, су асты тұрба құбырлары мен байланыс желілерін жүргізу құқықтарын, табиғи ортасы мен биологиялық ресурстарын қорғауға байланысты мәселелерді реттейді. Қазіргі заманғы қауіптер мен қатерлерге қарсы тұру, төтенше жағдайларды ескерту және жою, Каспий маңы елдерінің әскери қызметі тұрғысында қауіпсіздік мәселелеріне дербес назар аударылды.

Конвенцияға сәйкес, Каспий теңізінің айдыны түрлі тәртіптегі аймақтарға бөлінеді. Тараптар сыртқы шекарасы мемлекеттік шекара мәртебесіне ие 15 теңіз милінен аспайтын көлемде аумақтық суды бекітті. Аумақтық суларға әр мемлекет тек кәсіп ету құқығына ие он мильдік балық аулау аймағы шектесетін болады.

Конвенция депозитарийі болып табылатын Қазақстан Республикасы бесінші ратификаиялық грамотаны алған күннен бастап күшіне енеді.

Комитет отырысында сондай-ақ «Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Келісімге 2018 жылғы 14 мамырда Сочиде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қол қойған.

Құжат Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдермен халықаралық шарттарды жасасу, олардың қолданысын тоқтату және тоқтата тұру тәртібін реттейді. Келісімде үшінші елдермен келіссөздер жүргізу рәсімі, келіссөз делегациясы басшысының өкілеттіктері мен міндеттемелері, келіссөз ұстанымын қамтитын және үшінші тарапқа берілетін құжаттардың жобаларын мүше мемлекеттермен міндетті келісу реттелген.

Сонымен қатар Келісімде халықаралық шарттар жобаларына экономикалық интеграция шеңберінен шығатын ережелерді енгізуге жол бермеу мақсатында Одақ пен оған мүше мемлекеттер атынан әрекет ететін келіссөздер жүргізетін топтардың қызметін бақылау тетіктері көзделген.

Одақ атынан халықаралық шартқа қол қою мүше мемлекеттер халықаралық шарт жобасына қатысты тиісті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаннан кейін Жоғары кеңестің шешімі негізінде жүзеге асырылады.

Заң жобалары Сенаттың қарауына жіберілді.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар