Аймақтар • 23 Қаңтар, 2019

Ауылда отырып, аукционда жеңген фермер

616 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 

Коммерциялық мақсатқа жалға алу құқығын сату бойынша аукциондар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін пайдалану құқығын беру бойынша конкурстар елімізде тұң­ғыш рет электронды форматта өте бастады.

Ауылда отырып, аукционда жеңген фермер

«Үйде отырып аукционға қатыстым»

Жақында Қазталов ауданының Жалпақ­тал ауылында тұратын Қанат Мұсағалиев үйінде отырып ауылда азық-түлік дүкенін ашу үшін жер телімін сатып алды.

– Аукцион уақыты бекітілген сағат 11.00-де компьютерімді қосып қойдым. Жер қатынастары бөлі­мі­нің мамандары электронды аук­цион­ның қалай өтетінін егжей-тег­жейлі түсіндіріп берген болатын. Әсіресе арнайы дайындалған видеонұсқаулықтың пайдасы көп болды. Алдын ала керекті құжаттар­ды база­ға жүктедік. Жарнасын төле­дік. Еш қиын емес екен. Керісін­ше өте ыңғайлы. Аук­ционға үш адам қатыстық. Сатылап баға ұсы­нып, соңында 0,07 га жер теліміне 222 мың 894 теңге ұсынып, жеңіске жеттім, – дейді Қ.Мұсағалиев.

Қанат – «Тұлпар» шаруа қожалығы­ның жетекшісі. Бұдан бұрын да ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жер телімін пайдалану құқығын беру бойынша байқауларға, жер аукциондарына қатысқан. «Бұрынғы дәстүр­лі жүйенің әбігері көп еді. Қаншама қағаз толтырып, талай кабинеттің табал­­ды­ры­ғын тоздырып жүретінбіз», дейді шаруақор жігіт.

Қанат қазір электронды аукционда жеңіп алған жер теліміне дүкен ғимаратын салудың қамына кірісіп кетті.

2018 жылы облыстың 11 ауданын­да 304 жер телімі бойынша ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерді пайдалану құқығын берудің 28 конкурсы өтті. Сондай-ақ жал­пы аумағы 47,2 га болатын 103 жер телімін ком­мер­циялық мақсатқа жалға алу құ­қығын сату бойынша 18 аукцион ұйымдас­тырылды.

Жер туралы білгің келсе, порталға кір

Президент «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын, 2020 жылы 90 пайызын электронды форматқа көшіруді тапсырды.

Облыстық жер қатынастары басқар­масын­да бұл бастама жақсы жолға қойыл­ған. Мәселен, облыста жер қатынастары саласында биыл көрсетілген 9154 қызметтің 56 пайызы, яғни 5167-сі электронды форматта болыпты.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масы шеңберінде Батыс Қазақстан об­лыс­тық жер қатынастары бас­қар­масы www.zem.kz порталын іске қосты. Порталда конкурс және аукцион арқылы ұсынылатын бос жер телімдерінің сызбалары, жеке тұр­ғын үй құрылысы үшін жер телімдерін алуға кезекке тұрғандар тізімі, Орал қаласы және барлық аудандардағы жер пайдаланушылар туралы мәлімет бар. Бұл порталға элек­тронды цифр­лы қолтаңбасы бар кез келген азамат кіріп, өзіне қажетті ақпа­ратты ала алады, – дейді облыстық жер қаты­настары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанова.

Жерге Көктен көзқарас

Оралда www.zem.kz порталының іске қосылғанына бір жылдай уақыт өтті. Бұл жоба «Атамекен» кәсіпкер­лер палатасы мен облыс әкімдігінің арасында өңірдегі бизнес климатты жақсарту, сыбайлас жемқорлық ықти­малын жою мақсатында қолға алынған еді. Өңірдегі жер мәселесіне қатысты ақпараттың барлығы осы ресурста жинақталған.

– Өткен жылы «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ басшылары облысқа келді. Сол кезде облыс аумағына ғарыштан мони­торинг жасау үшін арнайы геопортал құру жөнінде мәселе көтерілді. Геопорталдың тиімділігі ғарыштық түсірі­лімдер арқылы облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы жерінің, жалпы жер ресурстарының пайдаланылуы, жерді заңсыз иелену, тіркелмеген құрылыстарды анықтау т.б. көптеген сауалдар айдан анық болады. Ғарыш түсірілімдері апта сайын жаңғыртады. Сол арқылы көктемде қанша алқап жыртылды, ол жерде қандай ауылшаруашылық жұмысы жүрді, қандай дақыл егілді, алқаптың арам­шөппен ластануы қандай дең­гейде, жер дұрыс пайдаланылып жатыр ма, міне, осының бәрін бақылау мүмкін болады. Заңсыздық болса, біз геопортал мәліметін айғақ қылып, жосықсыз жер пайдаланушыларды жауапкершілікке тарта аламыз. 2019 жылы іске қосылатын бұл геопортал деректері қарапайым тұрғындар үшін де оңтайлы болады, дейді Әлия Биғазықызы.

Жер тек пайдаланған адамға беріледі

Пайдаланылмай, бос жатқан жерді анықтау, кері қайтару және қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына қосу бағытындағы жұмыс Ақ Жайық өңірінде де жүйелі жүріп жатыр.

– Жерді толықтай игеру және ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсімін қамтамасыз ету мақсатында 2012-2018 жылдар ішінде 1 млн 480,5 мың гектар жер анықталып, соның 1022,1 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жердің 590,4 мың гектары жаңа қожайындарын тауып үлгерген. Бірақ жер шалғайлығына, өнім түсімі төмендігіне байланысты 431,7 мың гектар жер сұранысқа ие болмай, ауыл шаруашылығы айналымына қосылмады. Оның негізгі бөлігі Жәнібек, Қазталов, Ақжайық, Бөрлі, Сырым және Шыңғырлау аудандарына тиесілі, – дейді Ә.Мұханбетжанова.

www.zem.kz сайтында жер пайдалану заңдарын бұзған заңды және жеке тұлғалардың «қара тізімі» де көрсетілген. Мұндай клиент­тер екі жылға дейін жер алу үшін аукцион­дар мен байқауларға қатыса алмайды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»