Аймақтар • 23 Қаңтар, 2019

Елбасы тапсырма бермесе, тариф төмендемейтін түрі жоқ

503 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Шымкент қаласы әкімдігінде Елбасы тапсырмасына сәйкес, коммуналдық тарифтерді реттеуге байланысты жиын өткен болатын. Онда, өңірдегі монополис мекеме басшылары жылы орындарынан қимылдап, есеп беріп, бетімен кеткен бағаны төмендету үшін тарифті қайта қарауға уәде еткен еді.

Елбасы тапсырма бермесе, тариф төмендемейтін түрі жоқ

Коммуналдық сала жауаптыларының сөзіне сенер болсақ,  басқа елдерден қымбат көгілдір отын пайдаланып, арзан емес су ішіп, құны жоғары жарық тұтынып келеді екенбіз. Халықтың қалтасын қағып, артық төлемін алып отырған алпауыт мекеме басшыларының Президент сынынан кейін мың құбылып былайша ақталғанына тіпті  күлкіңіз келеді.

Бүгінге дейін Шымкент қаласы тұрғындары Өзбекстаннан келген көгілдір отын пайдаланып келді. Алайда, іргедегі көршіден  алған табиғи газдың құны елдің экономикалық орталығы Алматы қаласындағы тариф құнынан да қымбат. Осы мәселені тұрғындар талай рет көтерген тұғын. Бірақ, селт еткен монополистер болмады.

«Шымкент қаласында судың бағасы да қымбат», дейді мамандар. Ал, «Су ресурстары маркетинг» мекемесі жауаптыларының айтуынша, тұтынушыларға есептеуіш құралдар қойылған, есесіне әр тұрғын 200 теңгеден артық ақы төлемейді екен.

«Біз әрқашанда Елбасының бастамасын қолдаймыз. Сондықтан бағаны төмендетуге уәде береміз», дейді «Су ресурстары маркетинг» ЖШС-нің директоры Анарбек Орман.

Шымкенттегі сапалы электр жарығының құны да қалтаға салмақ салады. Талай мәрте өз аудандарынан сайланған депутаттарға дат айтқан халықтың тауы шағылған. Монополистер халықтың сөзін жүре тыңдайды. Жергілікті билік органдарынан нақты тапсырма түспей олар жеп отырған «күлшелерінен» айрылар емес дейді көпшілік.  

Қаланы жарық энергиясымен қамтамасыз ететін «Оңтүстік жарық Транзит» мекемесінің тарифі де төмен емес. Жарық бағамы бойынша, шымкенттіктер 8 орында тұр.

Кездесуде жолақысы мен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі де қаралды. Сала мамандары баяндама жасағанымен, ақысын арзандатамын дегендері көп болмады. Әкімдік жауаптылары барлық коммуналдық қызмет көрсететін мекемелерде тариф мәселесіне қатысты тексеру жүргізетінін жеткізді.

Өз кезегінде олар осыған дейін коммуналдық баға бағамына түсіністікпен қараған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа алғыс айтып, тарифті қайта қарауға уәде етті.

Осылайша жергілікті билік пен коммуналдық компания басшыларының жыл соңындағы кездесуінен көп өтпей қаңтар айынан бастап шаһардағы коммуналдық қызмет бағасы арзандайды деген хабар тарады.

«Еліміздің үшінші мегаполисінде газ, жарық, ауыз су, жылу, кәріз жүйелерінің қызмет көрсету құны алдыңғы жылдармен салыстырған бірнеше пайызға төмендейді. Қаңтар айынан бастап Шымкент қаласында жылу бағасы 17, жарық 6,8, ауыз су 10, кәріз жүйесі қызметі 10, көгілдір отын 3,3 пайызға төмендейді», дейді қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Аманқұлов.

Жағымды жаңалықтан хабардар болған қала тұрғындары «Президент тапсырма бермесе, бұлар қоян бұлтақпен тариф бағасын төмендетпейтін еді», деп шуласты.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше