– Қазақстанға алғаш келуім. Бес айдан бері екі елдің арасындағы мәдениет және серіктестік мәселелері бойынша жұмыс істеп жатырмын. Бүгін сәні жарасқан Назарбаев орталығында болып, мемлекеттің тарихына сүңгіп кеткендей күй кештім. Елбасы кітапханасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың марапаттар экспозициясы ерекше әсер етті. Бұл жерді асықпай, әр экспонаттың қызықты тарихына үңіле отыра аралау керек, - деді Лор Кастен.
Сонымен қатар Франция өкілі бүгінде екі ел арасындағы іскерлік және мәдени байланыстар өте жоғары деңгейде екенін, алайда оны, әсіресе, білім мен туризм саласында тереңдете түсу керектігін атап өтті.
–Туыстарым мен достарыма Қазақстан туралы айтқанда, ең бірінші ауызға ілігетіні - қазақ халқының шексіз қонақжайлығы, қонақ күте алуы, жайдары мінезі мен кеңпейілдігі. Соған қоса Қазақстан мен үшін Абай ұғымымен егіз. Оның шығармалары өмірлік философиясының тереңдігімен жаныңды баурап алады. Әр кеш сайын достарыма Қазақстан туралы фотосуреттер жіберемін. Бұл кез келген халықтың дәстүрі мен мәдениетін кең танытып, паш етудің ең бір жылдам тәсілі десе де болады. Бұған тым әуестеніп кеткенім сондай, жіберген суреттер мен айтқан мәліметтерден кейін туыстарым мен достарым Қазақстанды қатты көргісі келетін болды.