Аймақтар • 24 Қаңтар, 2019

«Жастар жылындағы жетістігің» акциясы желтоқсанға дейін жалғасады

529 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордада Жастар жылының алғашқы айында-ақ «Жас Отан» Жастар қанатының облыстық филиалы «Жастар жылындағы жетістігің» атты республикалық акция жариялады.

«Жастар жылындағы жетістігің» акциясы желтоқсанға дейін жалғасады

Өткен жылды жас отандықтар «English for jastar» партиялық жобасы аясында аймақтың барлық ауданында 11 ерікті ағылшын тілін оқушыларға тегін үйретті. Кітапханаларды жастар сұранысына сай етіп жаңғырту, «Білім орталығына» айналдыру ісі де шешілді. Ал, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Digital Nation» жобасы іске қосылды. «Гранд мастер» бағдарламалау мектебімен жасалған меморандум аясында ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар ІТ сабақтарды жеңілдікпен оқыған. Облыстық «Жас Отан» Жастар қанаты мұнан өзге жастар үшін ұтымды бірнеше жобаны сәтті қорытындылады.

«Жастар жылындағы жетістігің» атты республикалық акцияға барша жастар қатыса алады.

- Жастар жылы - жас дәрігер ең алғашқы ең қиын операциясын жасауы, жас жазушы алғашқы кітабын аяқтауы мүмкін. Жас ғалым ғылыми жаңалық ашып, жас егінші рекордтық өнім жинауы, жас спортшы еліміздің атын әлемге танытуы мүмкін. Акцияның мақсаты – жастарды маңызды жетістіктерге ұмтылдыру. Сондықтан еліміздегі барша жасты акцияға белсене қатысуға шақырамыз, – деді облыстық «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Талғат Тілес.

Акция 2019 жылдың 10 желтоқсанына дейін жалғасатын болады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»