Аймақтар • 24 Қаңтар, 2019

Астана экономика құрылымында ШОБ үлесі бойынша көш бастап тұр

668 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, қала экономикасының құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі 61%-ды құрап, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5%-ға артты деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Астана экономика құрылымында ШОБ үлесі бойынша көш бастап тұр

«Астана экономика құрылымындағы ШОБ үлесі бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр. Елорда Мемлекет Басшысы қойған міндетті мерзімінен бұрын орындады. Есіңізде болса, 2050 жылға дейін жалпы өңірлік өнімдегі ШОБ-тың 50%-ын қамтамасыз ету тапсырылған болатын. Бізде – 61%. Бұл Астанада өз ісін ашу үшін жағымды климат құрылғанын көрсетеді», – деді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров.

Әкімдік өз тарапынан бизнесті енгізу үшін барлық процедураларды оңтайландыру бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізуде. Мысал ретінде, басқарма басшысы елордалық «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасын атады. «Өткен жылы біздің басқарма Bitfury компаниясымен бірлесіп, пилоттық жоба жасауға келісті. «1000 орын – көше саудасы» қалалық бағдарламасы аясында жер телімдерін бөлу аукциондарында технологияны енгізу шешілді. Егер бұрын аукцион күні бойы өтіп, кәсіпкерлердің уақытын алса, енді барлығы онлайн түрде өтетін болады. Тіркеу, кепілдік жарнаны төлеу және сауда-саттыққа қатысу енді телефон арқылы да қолжетімді.

Ал сауда-саттықты нақты уақыт режимінде кез келген адам қарай алады. Блоктарды енгізу процесті толықтай ашық және транспарентті етуге мүмкіндік берді. Аукциондардың барлық ставкалары мен нәтижелері енді Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен жүргізіледі», – деп түсіндірді ол.

А.Әбдіқадыровтың ақпараты бойынша, 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес, Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 125 мыңды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты. 2018 жылдың қорытындысы бойынша елордада 13 мыңнан астам ШОБ субъектісі тіркелген. Олардың жұмысы өнім шығаруды 21,9%-ға ұлғайтты.