– Нұрлан Алданышбайұлы, қазақ халық музыкасының тарихы көне түркі дәуірінен бастау алады деген тұжырым бар. Осы саланың маманы ретінде бұған сіз не айтар едіңіз?
– Отырардан шыққан ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби музыка зерттеу саласындағы еңбектерінде музыканың жағымды әсерін жан-жақты дәлелдеді, сондай-ақ оның адамның жан-дүниесіне әсер ететін тәрбиелік мәніне баса көңіл бөлді. Ол: «Музыканың үш түрі кездеседі, біріншісі, жай ғана рақат сезімін туғызса, екіншісі құмарлықты, ынтықтықты білдіреді, ал үшіншісі біздің қиялымызға бағытталады» деді. Жағымды сезім оятатын музыка демалыс үшін қолданылатынын, бұл бізді жақсы тынықтыратынын жазды. Бүгінде музыка өнерінің алуан түріне тап бола тұрып, өкінішке қарай, соның ұлттық тәрбиеге жағымсыз кері әсері қатты алаңдаушылық туғызуда. Ал ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақ зиялылары музыканы – әуез деп, ал мелодияны әуен деп аударғаны мәлім. Сол әуездің адам баласына тигізер әсері аса зор екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденіп айтылып жүр. Мамандар тіпті музыкатерапияны науқастардың ем-домына пайдаланатын көрінеді. Жалпы, жер бетіндегі барша жұрт өзінің ұлттық музыкасымен қатар түрлі жанрдағы, атап айтқанда, эстрадалық, классикалық шығармаларды рухани азық ретінде пайдаланып келеді, әлі де бұл үрдіс солай ғасырдан ғасырға үздіксіз жалғаса берері сөзсіз. Сол музыканы, яғни әуезді әлем халқының ішінде тұрмыс-салтына аса көп пайдаланған халықтың бірі – Қазақ елі еді!
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай елең-селең» – деп Абай хакім қазақ халқының ежелден келе жатқан тұрмыс-салт жырларын атай келе, қазақтың барлық салт-дәстүрі өлеңсіз бітпейтінін айрықша айшықтаған болатын. Сонау ерте заманнан дана халқымыз сәбиді анасының құрсағында жатқанда-ақ, яғни ол қандай үн тыңдаса, сол үнмен тоғыз ай бойы сусындайтынын біліп, әсем әнмен, ғибратты жыр-дастанмен, өсиет толы терме-толғаулармен тәрбиелеген. Дүниеге келген сәби анасының әлдиіне балқып, көз ілген. Себебі әлемдегі ана атаулының бәрі іштей ыңылдап болса да сәбиін әндетіп әлдилейтіні – табиғи заңдылық. Ұлы дала халқы жатырға біткен нәресте анасының үнінен нәр алып, сол үнмен өсіп жетілетіндігін о баста топшылағандықтан болашақ ұрпағына тәлім-тәрбиені әсем әуезбен, ұлағатты сөзбен сіңірген. «Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» деген Абайдың тілімен өрнектесек, адам бойын әуен жаулап, сол әсемдік арқылы жүрекке нұр тараған.
– Ал қазір бесік жыры, әлди әні айтыла ма? Жалпы қазіргі ұрпақ қандай ән тыңдап жүр? Және сол музыканың адамға әсері туралы айтып берсеңіз.
– Біріншіден, музыканың адамға әсерінің бастау көзін күнделікті өмірдегі болып жатқан көріністен байқауға болады. Мысалы, екі-үш жастағы аяқтанған бала теледидардан, болмаса аудио-таспалардан музыка тыңдаса, сол үннің ырғағымен билеп кетеді, немесе естілеу ересектері қосылып шырқап жатады. Мұны балаларға ешкім үйретіп жатқан жоқ. Бірақ жас балдырғанның ыңғайына қарай қозғалып билеуі, дауысы келгенше айғайлап ән салуы, адам баласының бойындағы туабітті қасиеті, тылсым бір күштің құдіреті секілді сезіледі маған. Бұл құбылыс барлық баланың басынан өтеді. Соған ата-анасының мақтанып: «менің баламды қарашы, әнді тамаша айтады, билейді» деп мәре-сәре күй кешуі – баласы бар үйге таңсық жайт емес. Осы жағдай – жалпы жер бетіндегі бүкіл адамзат баласына тән құбылыс.
Енді сәбидің қандай музыка тыңдағаны жөн? Мәселе сонда. Эстрада, рок, поп музыка, классикалық музыка, ұлттық ән-күйлеріміз, т.б. түрлері толып жатыр. Ғұлама Абай «Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, әр әуеннің өзіндік деңгейі болады. Яғни, музыка тыңдаушы сәбидің сезіміне, санасына, ой- өрісінің өсуіне, қалыптасуына әсер етпей қоймайды. Осы арада ата-ананың музыканы қабылдау талғамы жоғары болғаны абзал. Әлем ғалымдары классикалық музыканы қойғанда гүлдің қалай өсетінін зерттеген. Құлаққа жағымды классикалық музыкадан күш алған өсімдік жапырағын жайып, жайқалып сала берген. Ал рок, поп сияқты тарсыл-гүрсілі көп эстрадалық музыкадан әлгі гүлдер бір түрлі солғын тартып, қурай бастаған. Демек жақсы музыканың жас санаға қалай әсер ететінін ғалымдардың осы тәжірибесінен-ақ байқай бергеніңіз абзал. Музыканың әсері жер бетіндегі барлық тіршілікке белгілі бір межеде әсерін тигізбей қоймайтындығы қазіргі таңда ешкімге жасырып-жабар жаңалық емес.
– Ендігі кезекте музыка өнері қазақ халқының өмір сүру салты үшін қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
– Осы тұрғыдан келсек, тумысымыздан өнерге жақын екенімізді асқақтата ауызға алып жатамыз. Аңыз болып тараған күй киесі – Қорқыт бабамыздың қобызын зарлатып ажалмен арпалысуынан-ақ қазақ халқының үнді, яки әуезді жоғары қоятынын айқын аңғарасыз. Бұл тақырыпқа да болашақта тоқтала жатармыз... Ал қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов бір сөзінде: «Қазақ халқы тумысынан лирик халық қой» дегені бар еді. Мұнысы қазақ атаулының бәрі әдемі әуенге, әсем сазға жақын екендігін меңзеп отырғандығы ғой. Рас, Қазақ елі көне заманнан (елден жырақта жүрген ері сазды әуезбен сағынышын басқан) тұрмыс-салт дәстүрін, өмір сүру ғұрпын, бәрін әуезбен байланыстырған. Қарап тұрсаңыз, тұнып тұрған фольклор. «Бесік жыры», «сыңсу», «жоқтау», «қыз ұзату», «беташар», «жар-жар» секілді тұрмыс-салт жырлары түгелдей лирикалық әуендерден құрылған. Және тыңдарман қауым әуезбен әспеттелген сөзіне көңіл бөліп, әсем әуеніне сүйсініп, рақатқа бөленген. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша ұзатылған қыз ата-анасымен, туғандарымен қоштасып «сыңсу» айтқан. Сонда осы кең байтақ даланың мәдениетімен сусындаған қазақ аруының әуендетіп ән салуы әдеттегі салт-дәстүр болып қалыптасқан. Себебі ол заманда ұзатылған қыз тоғыз жылға дейін туған үйінің табалдырығынан аттамаған. Тек төркініне кесте, сырмақ, көрпеше жіберіп, өзінің жағдайын кестедегі ою-өрнегімен баяндаған. Халқымызда оюдың өзі кезінде хаттың рөлін атқарған. Бұл туралы елімізге танымал аса көрнекті дирижер, күйші, профессор Айтқали Жайымов ағамыздың: «Ертеде жұрт ұзатылған қызбаланың көңіл күйін сəлемдеме ретінде жіберген ою-өрнегі арқылы біліп отырған екен. Сәнді жібекпен әсем безендіріліп, бірақ шет жағы «құстұмсық» оюмен көмкеріліп жеткен көрпешедегі кестеге қарап әжелеріміз: «Қызымыздың жағдайы торғай құрлы болмай, қиналып жүр екен-ау» деп күрсініп отыратын» деген әңгімесі кісіні өткеннің тағылымына табындыра тартады. Мінеки, халқымыз үшін музыка түгіл қолөнердің өзі де ерекше мәнге ие екенін осыдан-ақ байқауға болады.
– Осы тұрғыда қаймана қазақ баласы музыкамен ішкі шер-мұңын қалай тарқата алды деген сұрақ туындайды.
– Бұрынғы көпті көрген көнекөз ақсақалдарымыз бен ақ самайлы әжелеріміз, тіпті алысқа бармай-ақ өзіміз куә кешегі қарияларымыз күй тартылып, ән шырқалғанда: «беу, шіркін!», «пай-пай, шіркін!», «жаса! бәрекелді!» деген сөздермен қошеметін білдіріп отыратын. Мұңлы, ойлы, толғамды ән-күй болса, «қайран, дүние-ай!», «есіл өмір-ай!» деп, өткен өмірін сағынышпен еске алғандай ішіндегі күрсінісін шығарып алатын еді. Шынымен де, ертедегі дана қарттар нағыз есті тыңдаушы еді ғой, өнерден құралақандығына қарамастан олардың домбыра шертпей-ақ, ән салмай-ақ, жай тыңдаушы ретінде «жалған дүние-ай!» деген жалғыз ауыз сөзбен-ақ іштегі бар шер-мұңын, өксік-өкінішін басып алатынын қайтерсің! Ал әжелеріміз ұршықтарын иіріп отырғанда ауылдың алты ауызын әуелете салатын, бір жағы ісін де тап-тұйнақтай орындап, шерін де елжірей тарқатып алатындығына қалай таңдай қақпайсың. Бұл көрініс орта жастағы талай азаматтың көз алдында шығар. Осы күнге дейін кей әжелеріміз «Ахау, Семей», «Дударай», «Аққұм» секілді халық әндерін шырқағанда, өздері де бір рақат сезімді бастан кешетінін байқайсың. Мұндай әндерді орындаған бұрынғы әжелеріміздің ой-өресі туралы сөз өз алдына бөлек әңгімеге арқау-ау. Ал қазір ше? «Астанада жоқ, жоқ, Ақтөбеде жоқ, жоқ», болмаса «тірлік болсын өмірде, бірлік болсын елімде» деп отыз рет қайталанып аяқталатын әндерге құштарлығымыздың артып кеткені сорақылық емей, немене. Осындай арзан әндерді халық кәдімгідей тыңдайды, ал бес-алты жастағы ойын баласы оны жаттап алып айтады, оған ата-анасы мәз. Сөйтіп отыздан асқан азаматтың рухани азығы бес-алты жастағы сәбидің деңгейімен теңесіп қалғанын байқамай қалдық. Сұлтанмахмұт Торайғыров бір сөзінде «...біздің халық әнқұмар халық...Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қаумалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады» дейді. Ал, бүгінгі таңда рухсыз, жағымсыз, сөзі арзан, әні бір сарынды әуендерді сүйегімізге сіңдірудеміз, бұл деген болашақты жарымжан жармамен алдап, ауру етумен тең.
– Қазір өзі әулекі әуез бен әумесер әуен қаптап кеткен жоқ па?
– Тағы бір айтатын жайт, рухы мықты музыканы тыңдай алмаудың салдарынан, адамның ішкі жан-дүниесі, сезім әлемі қанағаттанбағандықтан індетке шалдығу көбейді. Елдің ішінде, орта және егде жастағы адамдарда инсульт, инфаркт секілді бас, жүрек, қан тамырлары түйінделетін аурулар белең алып барады. Мұның бір себебі қоғамның қиындығы, экологияның бұзылуы да шығар, бірақ уақыттың қиыншылығы бағзы заманда да бұдан сорақы болмаса, кем болған жоқ-ау. Ал экологияның зардабы басқа да түрлі аурулармен сипатталады. Меніңше сол қиыншылыққа төтеп беретін рух, рухани азықтың жетіспеуінен туындайтын және сол рухты көтеретін, ішкі жараны жазатын есті әуез, таза үннің нәрі жетпегендіктен болып жатқан зардап секілді. Бірде Айтқали Жайымов ағамыз: «Бүгінгі таңда ойлы музыканы тыңдай алмайтын хәлге жеттік, музыка атаулы өзіндік образ жасайтындай ойлы болуы керек, өкінішке қарай, тарсылдаған эстраданы тыңдаған халық қандай ой түйсін...» деп еді. Дөп түскендей, философиялық күйлерді, әсем ән мен терме-жырларды ысырып қойғанымыз рас қой. Ал алқа-қотан жиында іштегі шерді ақтарып тастап, «беу, шіркін!» деп езеуреп, есті дүниенің еркін есілуіне емеурін танытып отыратын қайран, бұрынғы халықтың жұрнағы да қалмай барады. Байырғы ой-өресінен, құлақ түрісінен айырылған қара тобыр қарасының қалыңдап бара жатуының бір себебі осы да болар. Тоқетерін айтқанда, алпыс екі тамырды идіретін ұлттық музыкамызға көңіл бөлмей жүре берсек, жанымыз да, тәніміз де жазылмайтын дертке шалдығары хақ. Мемлекет тарапынан Құдайға шүкір, шілденің 1-і «Домбыра күні» болып жарияланды, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, одан кейінгі «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы салаға айтарлықтай серпіліс алып келгені рас. Дей тұрғанмен белгісіз себептермен әлі де ұлттық тәрбие, ұлттық музыкамыздың хәлі бір сарында келеді.
Міне, осы тұрғыда көзі ашық, зиялымын деген барлық ұлт жанашырлары ұрпақ үшін дабыл қағатын кез келді. Өйткені қазір халықи әуенімізден, ұлттық колоритімізден, әуездік нақышымыздан айырылуға жақынбыз. Соның салдарынан ұлттық сана-сезім мен талғамнан көз жазып, ұрдажық қалыпқа түсуіміз ғажап емес!
– Шығармашылық адамы үшін өнер жолы инемен құдық қазғандай мехнаты мол қиын соқпақ деп жатады. Өнер соқпағынан өзіңіз қандай сабақ түйдіңіз?
– Түркияның Ыстамбұл қаласында 2014 жылы екі елдің достық қарым-қатынасына арналған мәдени шара өтті. Сонда Міржақыптың «Әуез» күйін тауып, Астанаға алып келдім. Алаш қайраткерінің күйін редакциялап, өңдеп, алғаш рет оркестрге түсірдім. Бұл күй Түркия сапарынан кейін белгілі ғалым Әбдуақап Қарамен бірігіп жазылған «Түркия қазақтарының ән-күйлері» атты кітапқа енді.
Мұнан басқа «Күй сарын» атты жинағым жарық көрді.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған концертте «Хақ-Назар» күй-поэмам, «Шыңғысхан» театрландырылған концертінде «Мұқали» күй-поэмам орындалды. «Үш əулие», «Байбарақ батыр», оркестрдің сүйемелдеуімен жеке домбыраға арналған «Талпыныс», «Қызғыш құс» күйлерім, сонымен қатар Қабиласа жыраудың сөзіне арнап бірнеше мақамым (əн) жазылды. «Ақселеуді аңсау», «Ақбар», «Қысқа ғұмыр», «Ақжарқын ақжелең» күйлерім жəне де «Туған жер» (сөзін жазған Н.Қалқа) , «Мəншүк ерлігі» (сөзін жазған А.Сейтақ) əндерім бар.
Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы колледждің 4-курсында оқып жүргенде XIX республикалық колледжаралық байқаудан жүлде алдым. Мұны айтып отырған себебім, халық күйі «Ақсақ құланды» оқып жүрген кезімде бір күнде жаттап алып, үлкен бір кеште орындадым. Концерттен соң мені Құрманғазы оркестрінің бас қобызшысы, ұстазымыз Нұрлыбай Сұлтанов аға шақырып алды. Бірнеше оқытушы әңгімелесіп тұр екен. Ағамыз маған әдейілеп бұрылып: «Нұрланжан, «Ақсақ құлан» күйін Қазақстанда үш-ақ адам жақсы орындайды, біріншісі Айса Шəріпов, екіншісі Нұрғиса Тілендиев болатын, ал үшіншісі..., – деп сәл кідіріп тұрды да, – сенсің» демесі бар ма. Мен абдырап қалдым. Сасқанымнан: «Ой, аға шын айтып тұрсыз ба?» дедім. «Əй, балам-ай, егде адамның жас балаға жалған сөйлеп, жалпылдаған кезі жоқ. Шыны солай. Күйді бабына келтіріп, мүлтіксіз орындадың» деді. Сол күні көз ілмей, таң атырдым. Содан кейін 1998-2002 жылдары Қазақ ұлттық музыка академиясында оқыдым. Республикалық байқауларда талай рет лауреат атандым. 2011 жылы «Өз елім» халықаралық фестивалінде дирижерлеу аталымы бойынша 1-орын алдым. Сол жылы Талдықорғанда өткен «Елге арнау» республикалық композиторлар байқауында «Орақты батыр» күйім 3-орынды иеленді. Бірақ ұстазымның әлгі бір ауыз сөзі, сенімі мен үшін өмір бойы сабақ болып қалды. Өз-өзіме «сол сенімді ақтай алдым ба?» деген сұрақты жиі қоямын.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елорданың 20 жылдығы құрметіне «Шаттан, елім» атты жеке концертіңіз өткені мәлім. Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– 2008 жылғы шығармашылық кешімнен кейін араға он жыл салып жиған-терген байлығыммен бөлісудің сәті тағы түсті. Жұрттың айтуынша, жаман өтпеген сияқты. Мұнымен өнер-дария сарқылмайды, әлі де алда жоспарлаған жобаларым бар. «Арық сөйлеп, семіз шық» дейтін қазақпыз ғой. Сондықтан әзірге ол туралы сырымды ішке бүге тұруға тура келеді... Бір әттеген-айы, әлгі кешті түсіруге алдын ала келіскен қазақстандық телеарналардың тура концерт өтетін күні келмей қалмасы бар ма? Жалпы еліміздегі арналарға айтар датым бар. Олар таза ұлттық сарындағы музыкаға онша көңіл аудара қоймайды, бұларға көбіне арзан шоу керек. Біріншіден, бұл шара елордамыздың 20 жылдығына арналып өтті. Екіншіден, «Домбыра күні» ұлықталған жылы ұлттық өнеріміз барынша дәріптеліп жатса несі айып еді?! Мән берсек, мәдени мұраның кені ұлттық музыкалық шығармалар емес пе? Соны түсінбейтін бұлар неғылған жандар өзі. Әлде қазақтың қаймағы бұзылмаған халықтық ән-жырына іштей жаулығы бар ма? Ұлттық музыкалық мұраны табандары тозғанша іздеп жүріп түсірмей ме жазғандар.
«Аңқау елге – арамза молда» дегендей, кейде той мен сахнаны шатастырып алдық-ау деген ойға тірелесің. Тойда да, сахнада да сол бір көрініс боп кетті. Енді біз ұлттық музыкамызды қалыпқа келтірмесек болмайды. Халыққа ұсынылатын концерттік бағдарламаларды, телеарналар мен радиодан берілетін əндерді сұрыптайтын комиссия құрылуы керек. Яғни, саналы түрде сараптама жасайтын, барлық мəдени іс-шараларды қадағалайтын орталық орнығуы керек. Ал егер мына бетімізбен кете берсек, жақсы мен жаманды айыра алмайтын қалыпқа түсеміз. Себебі жас сана ойлы музыка тыңдаса ғана есті адамға айналады. Əйтпесе «ойлы адамға орын жоқтың» кебін киеміз.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»