Осыған орай «Астана» концерт залында Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен ақынды еске алуға арналған «Мен жалындап өтемін» атты музыкалық әдеби кеш өтті.
«Елордада 1998 жылдан бастап халықаралық шығармашыл жастардың «Шабыт» фестивалі өтіп келеді. Сонда әр жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, Астанада бас қосқан барша бозбала ақын мен өрімтал қыздар Фариза апамыздың алақанының жылуын сезінді, мейірім құшағына бөленді. Ақын апамыз сол жастарды жанына жинап алып, өлеңін тыңдап, елорданың төрінде бір жұма еркелетіп, өзі дастарқан жайып қонақ қылатын. Соны қазір қазақ поэзиясындағы жолын тапқан ақындардың барлығы әлі күнге дейін ыстық сағынышпен еске алады. Ал ол жылуды сезініп үлгермеген жас қаламгерлердің көңіл түкпірінде үлкен өкініш қалды. Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына орай Астана қаласынан бастау алған бүгінгі шығармашылық кеш ақын апамыздың өлмейтін ғұмыры деуге болады», деді жастар атынан сөз алып, әдеби кештің шымылдығын ашып берген Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы.
Өлеңін өмір бойы аялап өткен ақын Фариза Оңғарсынова өзінің отты жырымен халықтың ыстық ықыласына бөленіп, сезім жылуымен де, мейірім қуатымен де оқырманының жүрегінен мәңгілік орын таба білген қазақ поэзиясындағы дара құбылыс. «Фариза Оңғарсынова азамат боп ашынуды, пенде болып мұңдануды, перзент болып тебіреніп, періште болып қуануды қаз-қалпында жеткізе алған аса сирек лирик. Лириктердің көбіне соның бірі жетсе, бірі жетпейді. Ал бұл ақынға адамдық кескіндемеге жататын барлық сезім гаммасының ұрымтал тұстарын ұтымды бейнелеу соншалықты оңай, соншалықты жеңіл. Дүние шексіз, өмір шекті. Бұл түп қиянаттың түбегейлі есесін келте өмір сүріп, кесекті ғұмыр кешетін тек осындай ересек талант, ерен өнермен ғана қайтара алмақшымыз. Ендеше, Фариза еріксіз бас идіреді», деп талант табиғатына тамсанған сұңғыла суреткер Әбіш Кекілбаевтың берген бұл бағасы ақынның күллі шығармашылық қарымына өлшем болатындай.
Оның айқын дәлелі поэзия патшайымының өлеңдерін бүгінде күллі қазақ баласы сүйіп оқып, жатқа айтады. Фариза жырымен ауызданып, Фариза өлеңімен ержеткен жалынды жастарымыздың қарасында шек жоқ. Себебі ақынның өлеңдерінде жүректің сырлы пернесін дөп басатын ұлттық рух, мөлдір махаббат, нәзік лирика, шексіз сағыныш бар. Сол сыршылдық талай сазгердің шабытына қанат байлап, небір сұлу әндерді өмірге әкелді. Шығармашылық кеште орындалған «Айналайын, Оралым», «Қимастарым», «Махаббат оты сөнбейді» сынды Фариза Оңғарсынова өлеңіне жазылған әндер мен ақын рухына арналған күмбірлі күйлер соның айғағы. Поэзия падишасының отты жыры оқылып, әсем ән мен рухты күйден шашу шашылған концерт ақынын сағынып келген ойлы оқырманына естен кетпес әсер сыйлап, тыңдаушысын рухани қанаттандырғаны сөзсіз.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»