25 Қаңтар, 2019

Мүмкіндікті шетелден іздеу қажет емес

649 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мүмкіндікті шетелден іздеу қажет емес

Мемлекеттің жастарға ба­ғыт­тал­ған оң саясатының арқа­­сы­н­да Қытайда, Ұлыбрита­нияда білім алдым. Жастық шағымның біраз жылы Америка Құрама Штаттарында өтті. Бастапқыда ісімді жарнама саласынан бастағаныммен, қазір бизнестегі әріптестеріммен бір­­­ге өндіріске қатысты жобалар­ды жүзеге асыруға кірістік. Елі­мізде бұрғылау тұрбаларын шығаратын зауыт салу жөнінде жоспарымыз бар. Сондай-ақ отандық әншілерді қолдауға бағытталған жобамыз да жүзеге асырылуда.

Жалпы, Елбасының қаты­суы­­мен өткен салтанатты жиын­да Мемлекет басшысының жас­тарға қатысты мәселелерге өте тереңнен қарайтындығына тағы бір мәрте көз жеткіздім. Президенттің әрбір ұсынысы мен тапсырмасы жастардың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік тұрғыда қолдау болатындығына кәміл сенемін.

Мен шет мемлекеттерде көп жүрген жандардың бірі ретін­де елімізде жастардың білім алып, кәсібін ашуына то­лық жағдай жасалғандығын нық сеніммен айта аламын. Ел экономикасының қай саласын алсақ та, әлі түрен түспеген ба­ғыт­тар бар. Демек, білім алғы­сы келген, байығысы келген заман­да­старымыз да жердегі жұмақ­ты шеттен іздемеуі тиіс.

Ең бастысы, Мемлекет басшысы жастарға толық қолдау көрсетуде. Мен елге келгенде жастардың елдегі маңызды бағдарламалардан, жобалардан хабарсыз екендігіне көз жеткіздім. Сондықтан құзырлы орындар жастар арасында ағар­тушылық қызметке көбірек көңіл бөлсе екен. Өйткені әсіре­се, шалғай ауылдағы жас­тар мемлекет тарапынан көрсе­тіле­тін жеңілдіктерді білмейді.

Ал қолына дайын балық емес, қармақ алған жастардың өсіп-өркендеуі өздеріне байланысты. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет Жастар жыл­ының жариялануы бола­шаққа сенімді арттыра түседі. 

Шалқар АМАНБАЕВ,

жеке кәсіпкер