Ұлы даланың төсінде, ұлы істерді атқару жолында Қазақстанның әрбір ісі көпке үлгі. Елінің ертеңін ойлаған басшы халқының азаттық рухын сезіну бағытында жұмыс істейді. Н.Назарбаевтың жақында жариялаған әрбір сөйлемінің рухани мәні терең «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді», деп мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстанды мақтан етіп, бұдан да терең патриоттық сезіммен сүю мен қастерлеудің жолын көрсетті.
Мақалада Нұрсұлтан Назарбаев: «Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих», деді. Ортақ тарих жасау – көпшілікке ортақ, жағымды пікір арқылы қалыптасып дамиды. Ол үшін алысты болжау мен көрегендік керек. Ондай көреген басшы – Нұрсұлтан Назарбаев.
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Елбасы бодандықта басылып қалған қазақ ұлтының рухын ояту мен Қазақстан халқының бірлігін дамыту үшін тер төгіп келеді.
Тағы да мақалаға үңілсек: «Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды. Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ». Сондай-ақ Н.Назарбаев: «...орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан», деп халқының рухын көтеріп, еңсесін тіктеп білімнің маңызды екенін кезекті рет айқындады, қазақтың ешкімнен кем емес мықты, ұлы халық екенін айтты. Ұлылығы сол – жеті атасын білетін халық, жеті ұрпағының қамын әсте естен шығармай, кең даланы ұрпағына аманаттап қалдырғаны.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігін нығайту мен түркі халықтарының бірлігін арттыру жолында өлшеусіз еңбек етті, ерік-жігерін жұмсады. Қазақстан әлемнің дамыған, керегесі кең елдерімен терезесін теңестіріп үлгерді. Жеңіске жетуден оны сақтап қалу қиынның қиыны деген сөз бар. Осы орайда тәуелсіздікті сақтап қалу мен Қазақстанды Мәңгілік ел етуде қазақ ұлты мен 100-ден астам этнос өкілдерін бір идеяға біріктіре білген Н.Назарбаев кемеңгерлігі әлемдік үлгілік феноменге айналды. Президент Н.Назарбаев мың жылдықтар тоғысында Қазақстанды үлкен қиындықтан алып шығып, даму жолына салды. Халықтың рухын қайта оятуда көп іс жасалып жатыр. Мұның барлығы халықтың рухани күш-жігерін арттыруға бағытталған.
Рухани мықты халық бәсекелестікке қарсы тұра алады. Осыны тереңнен білетін Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында», деді. Яғни, қазақстандықтар үшін ең басты мәселе тәуелсіздікті сақтау жолында бір болуы маңызды. Тәуелсіздікті сақтау үшін әрбір адам рухани мықты болуы керек. Рухани мықты, білімді адам – бәсекеге қабілетті болады. Бәсекеге қабілетті адам – тәуелсіздігін сақтау мен елінің дамуы үшін аянбай еңбек ететін болады. Міне, Елбасы тәуелсіздік, рухани жаңғыру және бәсекеге қабілеттілік туралы айтуының терең мәні осында жатыр.
«Мәңгілік ел» салтанат қақпасын ашу рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз бұл тамаша Жасампаздық қақпасын біздің еңбегіміздің, біздің табыстарымыздың белгісі ретінде, болашаққа өтудегі белгіміз ретінде тұрғыздық. Қақпа біздің жас, әсем елордамыз – Астананың тағы бір символына айналатын болады. Біздің береке-бірлігіміз, біздің достығымыз, біздің көпэтносты мемлекетіміздегі өзара сенім бізді үлкен жеңістерге жеткізді», деген еді. Н.Назарбаев 2015 жылғы Жолдауында: «Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», деген болатын. Ал Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», дей келе: «Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты», деді. Түркі әлемі көшбасшысының білім мен ғылым саласына деген қамқорлығы ананың баласына деген сезімі сияқты ерекше. Әрбір кезекті Жолдауында жаңа, жоғары деңгейде қолдау көрсетіп келеді.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаш танып, құттықтаған мемлекеттің өкілі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістігі мен бағындырған шыңдарына сүйсіне қараймын. Президент Н.Назарбаевтың арқасында жері үлкен, жүрегі кең Қазақстан халқы бұдан да биік жетістікке жетеріне сенеміз!
Вакур СУМЕР,
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры