Ауаның ластануы дамыған мемлекеттерге де тән. Тұманды қалада өмір сүру қаншалықты зиян? Әлемнің ірі мегаполистері бұл ахуалмен қалай күреседі, қандай шаралар қолданады?
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйенсек, асқазан, өкпе, бауыр, ұйқы безі обырынан көз жұмушылар қатары күн санап өсіп жатыр. Мұның бір себебі – экологияның нашарлауы. Үлкен қалалардағы лас ауаның адам ағзасына зияны көп. Өйткені өкпенің оларды реттеуге күші жетпей, зиянды элементтер қанға араласып кетеді. ДДСҰ мәліметінше, 2016 жылы ауа сапасының нашарлауынан 4,2 млн адам қаза тапқан. Оның 3,8 миллионы – тұрмыстық жағдайда бөлінетін улы майлар себебінен көз жұмғандар. Ұйым сарапшылары 10 адамның 9-ы ластанған ауада өмір сүріп жатқанын айтады. 2050 жылы лас ауа 3,6 миллион адамның өліміне себеп болады екен. Сонымен қатар ластанған ауа жаһандық жылынуға да әсер етеді.
1952 жылы желтоқсанда ауа райы күрт салқындап, Лондон тұрғындары үйлерін көмірмен жылытуға көшті. Антициклон салдарынан салқын, бірақ желсіз ауа райы орнады. Нәтижесінде, салқын ауа жылы ауаның астында қалып, қаланы көмір тозаңы мен тұман басады. «Тұманды Альбион» үшін тұман үйреншікті жағдай болғандықтан, бұған басында ешкім көңіл бөлмеген. Бірақ бірнеше аптадан кейін тұрғындар тыныс алу жолдары ауруларына шалдыға бастайды. Соның салдарынан 4000-нан астам адам көз жұмды. Кейін жүргізілген зерттеу жұмыстары 12000 адамның зиянды ауадан зардап шеккенін көрсетті. Бұл оқиға тарихта «Ұлы тұман» деген атпен қалды. Бұдан кейін қала әкімшілігі шаралар қолдана бастады.
Зиянды газдарды, отынның қауіпті түрін қолдануға тыйым салынды. Қала әкімшілігі халықты газ плитасын орнатуға шақырды. Осылайша газ жарнасын төмендету, халықты экологияны қорғауға шақыру арқылы ауаға зиянды газдардың бөлінуін азайтты. Содан бері Британия астанасында экологияның дамуына аса мән беріп келеді.
2015 жылы көктемде Париж тұрғындары ауаның нашарлауына наразылық білдіре бастады. Лас ауаның қаланы басқаны сонша, тіпті Эйфель мұнарасы да көрінбей қалған. Сараптама нәтижелеріне сүйенсек, жыл сайын париждіктер мен қала қонақтарының ағзасына тыныс алу жолдары арқылы 6 млн қатты зат түсетінін көрсеткен. Бұл – бір уақытта сегіз темекі шегушінің ортасында отырумен тең.
Осыған байланысты Париж әкімшілігі шара қабылдап қала орталығы мен шеткі аудандарға көлікте үш адамнан көп болған жағдайда ғана кіре алатын талап қояды. Жүргізушілер жылдамдықты 20 км/сағаттан асырмауы тиіс. Ереже бұзушыларға сол жерде айыппұл салынған.
Жергілікті тұрғындар үшін қоғамдық көліктердегі жол жүру ақысыз болды. Үй маңайындағы көлік тұрақтары экологияға қауіпсіз жанармаймен жүретін көліктерге тегін қызмет көрсетті.
Сондай-ақ ережеге сай, көлік нөмірі жұп және тақ сандар болуына байланысты, олар сәйкесінше аптаның жұп және тақ күндері жүруге міндеттелді. Париж әкімі Анн Идальго 2020 жылдан бастап дизельмен жүретін көліктерге тыйым салуды жоспарлап отыр. Одан бөлек 2016 жылдан бастап үйден от жағуға рұқсат жоқ.
Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, ластанған ауа индексі бойынша Америка Құрама Штаттары жетінші орында. Сарапшылардың бақылау нәтижесі бұл елде 2010 жылы ластанған ауа салдарынан 71 мың адамның көз жұмғанын көрсетті. Яғни АҚШ-тағы жол апатынан қаза тапқандар санымен тең.
АҚШ-та ауа, су сапасына әдейі зарар келтірген азаматтарға 25 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі екен. Егер бұл заңды бұзу қайталанса, бостандығынан айыру мерзімі 2 жылға ұзарады.
АҚШ жылына 5414 миллион тонна СО2 газын ауаға бөледі екен. Жасыл экономика, қоршаған ортаны қорғау жобаларына қарамастан, Америка ластанған ауа индексі бойынша әлі де алдыңғы қатарда тұр. Американың өкпе ауруларына қарсы қауымдастығының ақпаратына сүйенсек, 2016 жылы халықтың жартысы қауіпті ортада тұрған. Басқаша айтқанда, 166 миллион америкалық күн сайын демікпеге, жүрек ауруына, обырға шалдығу қаупі жоғары ортада өмір сүрген. Бүгінде экологияны қалыпқа келтіру үшін көліктердің жанармайына қарай бөлек талондар алудан бастап, зауыт түтінін реттейтін шаралар жүзеге асып жатыр.
Ластанған ауадан зардап шегуші мемлекеттер тізімін Қытай бастап тұр. Қытай астанасы – түтіннен көз ашпаған көңілсіз қалалардың бірі. Бұл мәселені шешу үшін Қытай билігі барын салуда. Ал инженерлер Бейжіңдегі биік ғимараттарға желдеткіштер орнатуды ұсынды. Бұл үздік технологиялық әдіс болмаса да, әсер ету ықтималдығы жоғары. Олар бірнеше сағатта тұманды сейілтіп, қауіпті элементтер санын төмендете алады екен. Суды өзен мен көлдерден алып, кейін оларды қайта қолдану үшін өңдеу де қарастырылған. Қысқаша айтқанда, жасанды жаңбыр технологиясы экологияны қорғауда тиімді әдіске айналады.
Инженерлер елдегі кей аймақтарда атмосфераға сұйық азот бөлуге кеңес береді. Осылайша зиян элементтер қатып, жерге түседі. Мұның бір қиыны азот температурасының төмендігі қоршаған ортаға әжептәуір зиян келтіруі мүмкін. Дегенмен, көп мөлшердегі сұйық азот жоғары температура мәселесін де шешеді. Инженерлер Сербия өнертапқышы Никола Тесла ойлап тапқан электростатикалық өріс тұманмен күресте пайдаға жарайтынын айтады. Голландиялық сарапшы Дан Росгарде Тесла трансформаторын жерге көміп, соның көмегімен ауадан зиянды газды бөліп шығуды ұсынды. Бұл зертханалық жағдайда жақсы нәтиже берген. Жобаны қытайлықтар қолдап, Бейжіңдегі парктің бірінде осы тәсіл іске қосылған. Ластанған ауадан қорғану үшін қытайлықтар басқа да әдістер іздеп жатыр. Солардың бірі – үлкен биошатырлар. Биошатырлар әкімшілік ғимараттар мен оқу орындарының үстіне салынбақ. Бұл тек аласа ғимараттарға ғана қарастырылған. Қорғанның әр шаршы метрі 950 АҚШ долларын қажет етеді.
Көмірді газға айналдыру технологиясы – тұманнан құтқаратын әдіс. Сол тәсіл арқылы көмір сияқты органикалық жанармайлардан табиғи газ жасауға мүмкіндік бар. Дәл осы технология қытайлықтардың көңілінен шыққан. 2020 жылға дейін жалпы газ мөлшерінің 12,5%-ін көмірден көгілдір отын синтезімен айналысатын зауыттар жасап шығаруы тиіс. Бірақ бұл әдістің де кері әсері бар. Энергия көзін жасау барысында парник газдары бөлінеді. Жалпы Қытайда 300 экоқала салынып жатыр. Алдағы уақытта ҚХР-дағы муниципалитеттердің жартысына эко дәрежесі берілмек.
Ауаның ластануы – климаттың өзгеріп, жаһандық жылынудың бірден-бір себебі. 2016 жылдың 4 қарашасында күшіне енген «Париж келісімі» мәселені шешуге бағытталған жаһандық келісім болып саналады. 118 мемлекет қолдаған келісім бойынша көміртегінің, парник газдардың бөлінуі секілді ауаның ластануына әсер ететін факторларды азайтуға күш жұмылдырылып жатыр. Қоршаған ортаға зиян келтіргендерге түрлі жаза қолданып, айыппұл салып жатқан елдер де бар. Алайда, бұлар ауаның ластануын тоқтатуға жеткіліксіз. Өйткені әлемнің әр түкпіріндегі үйде жағылған пештің түтіні бұл ахуалды үдетпесе, шешер емес. Осы тұста әлемді толғатқан мәселенің шешім табуы әр азаматтың қолында екенін ұмытпаған абзал.
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»