26 Қаңтар, 2019

Түркі академиясының зерттеуі жүлдеге ие болды

715 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұланбатыр қаласында екі күнге жалғасқан «Моңғол археологиясы-2018» атты ғылыми конференция өз жұмысын табысты аяқтады.

 Түркі академиясының зерттеуі жүлдеге ие болды

Жыл сайын жүргізілген археологиялық зерттеулердің олжалары  қорытындыланып, таңдаулы зерттеулерге бәйге берілетін бұл дәстүрлі басқосуға АҚШ, Канада, Германия, ҚХР, РФ, Жапония, Корея секілді  көптеген шетелдің 87 ғалымның зерттеуі, барлығы 68 археологиялық қазба жұмысының нәтижесі сарапқа салынып, сыннан өтті.  Аталмыш шараға Халықаралық Түркі академиясының Моңғолияда жүргізген үш бірдей қазба зерттеуі, атап айтқанда, Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институтымен бірлескен «Шивээтулаан-2018» экспедициясы мен «Хөшөөцайдам » жобасы, сонымен бірге Моңғолия Ұлттық музейімен бірге жүргізілген  Гүнбүрд, Қияқұдық көне түркі кешені археологиялық қазбасы туралы баяндамалар зиялы қауымның назарына ұсынылған болатын.  Мамандардың жан-жақты талқысына салынып, дауыс беру арқылы жылдың үздік археологиялық зерттеулері анықталды.

Таңдаулылар қатарында академия экспедициясының жұмыстары бар. Анығырақ айтқанда, Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ұлттық музейінің 2017-2018 жылдары зерттеу жүргізген Гүнбүрд, Қияқұдық көне түркі кешені   үшінші  орынның жүлдесін жеңіп алды. Сонымен бірге осы жобаға қатысқан археолог Чинболд Баяндэлгэр киелі жерлерді дронмен әуеден түсірген үздік жұмысы бас бәйгеге ие болды. Ал жарыста бірінші орынға Моңғолия –Германияның «Қарабалғыс» жобасы, екінші орынға Моңғолия –Американың «Солтүстік Моңғолия» экспедициясы  лайықты деп танылған.

​Өткен жылғы жазғы маусымда Шыңғысханның атажұрты Хэнтай аймағы Дэлгэрхаан сұмынындағы киелі кешендерге зерттеу жүргізген академия ғалымдары түркі мұрасын байытатын бірқатар олжаларға тап болып,  кешеннен түркі дәуіріне тән  ер мен әйел адамның  тас мүсіні, құмыра секілді жәдігерлер табылған болатын. Академия мен музейдің «Керулен» жобасы алдағы жылдарда да тиянақты ізденістерін жалғастыратын болады.