Жел электр станциясын толық пайдалануға бергенде ауаға парникті газдардың бөлінуі жылына 230 мың тоннаға азаяды. Станцияның өзі он мыңнан астам отбасының электр қуатына деген қажетін өтеп, оны өндіруге жұмсалатын шығынды бірнеше еселеп азайтуға мүмкіндік береді. Құрылыс барысында 300-ге дейін жұмыс орны ашылып, жел электр станциясы пайдалануға берілгеннен кейін де оған қызмет көрсету үшін 20 тұрақты жұмыс орны сақталады. Жергілікті мамандардың біліктілігін көтеру шет елде іске асырылмақшы.
Жел паркі барлығы 119 гектар жер телімінде орналасатын болады. Күн көзінен қуат алатын электр станцияларынан бір ерекшелігі, бұл алаңды толық қоршаудың да қажеті жоқ. Ашық болғаннан кейін онда адамдардың жүруі мен малдың жайылуына ешқандай тосқауыл қойылмайды.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Аршалы ауданы,
Ақмола облысы.