Қазақстан • 28 Қаңтар, 2019

Батыс Қазақстанда дәстүрлі билер кеңесі іске кірісті

738 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында ел ішіндегі дауларды дәстүрлі жолмен шешетін билер кеңесі пайда болды. Жақында Билер кеңесі туралы Ереже жобасына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қол қойды.

Батыс Қазақстанда дәстүрлі билер кеңесі іске кірісті

Бұл Билер кеңесі туралы Ереже жобасын Қазақстан Судьялар Одағының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы дайындаған екен. «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасын жүзеге асыру мақсатында құрылған Билер кеңесі туралы ережеде Билер кеңесінің негізгі міндеттері, құру тәртібі, Билер кеңесінің қызметін ұйымдастыру және қызметінің тоқтатылуы туралы мәселелер көрсетілген.

- Билер кеңесі – бұл қазақ билерінің дәстүрін жаңғырту, дауласушылық деңгейін төмендету, құқық бұзушылыққа төзбеушілік пен оның алдын-алу мәселелері бойынша, салт, ғұрып, озық дәстүрлерді сақтау жөнінде ауылдық, аудандық, қалалық әкім жанынан құрылатын кеңесші орган, - дейді Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі маманы Нұргүл Қанатбаева.

Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысының 10 ауданында Билер кеңесі құрылып, 95 ауылдық округте жұмыс бастаған. Билер кеңесі алғаш қараған 20-дан астам дау сол отырыстарда шешіліп, сотқа жетпей қысқарыпты.

Мысалы, Қазталов ауылдық округіндегі 7 адамнан құралған билер кеңесі экологиялық мәселеге байланысты дауды шешті. Бұл дау көлге су жеткізу үшін тартылған арна шаруа қожалықтарының жерінен өтіп, ауыл тұрғындары мен шаруашылық басшылары арасында пайда болған түсініспеушіліктен туындаған. Дау сотқа жетпей реттелді.

Жалпақтал мен Көктерек ауылдық округтерінің билер кеңесі үй жануарын басқа тұлғаның заңсыз иеленуінен алдырту, берешекті өндіру және жер учаскесін бөлуге байланысты 3 даулы реттеді. Тараптар Жалпақтал ауылдық округінің Билер кеңесіне жүгінудің нәтижесінде даулар сотқа жетпей шешімін тапты.

Бөкейорда ауданының 7 ауылдық округінде билер кеңесі құрылып, 8 дау қаралған. Оның екеуі – қарызды қайтару туралы, бесеуі – жақын туыстар арасындағы отбасылық дау болса, біреуі – көршілердің жер дауы екен.

Жаңақала ауданының билер кеңесінде де 5 даулы мәселені реттелген. Даудың бірі шаруа қожалығы мен жергілікті тұрғынның арасында болыпты. Шаруа қожалығының иесі Б.-деген азамат өз иелігіндегі жайылым жерден жауапкердің малын шығаруды талап етіпті. Судья тараптарға билер кеңесіне жүгіну арқылы дауды шешу мүмкіндігін түсіндірген соң талапкерден арызын қайтарып алған.

- Аудандық соттарда өткен қорытынды мәжілістерде Кеңес мүшелері билек кеңесінің тиімділігін, осы арқылы тұрғындар арасында адами қарым-қатынастар сақталып, әлеуметтік шиеліністерді болдырмауға септігін тиігізетінін атап өтті. Ереженің бекітілуі Билер кеңесінің жұмысына жаңа серпін береді деп ойлаймыз, дейді Нұргүл Асқарқызы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан