Аймақтар • 28 Қаңтар, 2019

Солтүстік Қазақстанда синтетикалық есірткі түрін пайдаланатындардың саны артқан

1003 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Наркологиялық диспансер дәрігерлерінің айтуынша синтетикалық есірткі заттарын қабылдайтындардың саны өңірде кемудің орнына артып барады. Ал  мамандардың пайымынша әлемде осы жегіқұрттың 800-ге тарта түрі бар көрінеді.

Солтүстік Қазақстанда синтетикалық есірткі түрін пайдаланатындардың саны артқан

2017 жылы өңірде есірткі заттарына тәуелді 630 науқас тіркеуге алынса, былтыр бұл көрсеткіш 750-ге жеткен. Осылайша «қатарға» жаңадан 120 нашақор қосылған. Наркологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі  Галина Андреева синтетикалық есірткіге  ессіз құмарлықтың сырын былай түсіндіреді. Біріншіден, кәмелетке толмағандардың психикалық сана-сезімі толық қалыптаспағандықтан, жақсы мен жаманның парқын айыра бермейді. Дәмін бір рет қана татып көрейінші деген әуесқойлық сезім мінез-құлықты  кілт өзгертіп жіберуі қазір-ақ. Екіншіден, нарықта героин тапшы, ал синтетикалық есірткінің  бағасы едәуір төмен.

Былай қарасаң, есірткіге, синтетикалық психикалық белсенді заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес жұмыстары жүйелі  жүргізіліп жатқан сияқты. Жедел-профилактикалық шаралар барысында ондаған оқу орнында  бір мыңнан астам жасөспірімнің қатысуымен дәрістер мен әңгімелесулер өткізілген. Есірткіге елітіп, есін жоғалтқан, тура жолдан адасқан жандардың азапқа толы өмірінен сыр шертетін деректі фильмдер, бейнетаспалар көрсетілген. 57 факт әшкереленіп,  жарты тоннаға жуық есірткі заттары тәркіленген. Синтетикалық есірткілерді таратумен шұғылданып, табыс көзіне айналдырған 50-ден астам сайт жабылған. Соған қарамастан есірткіге тәуелділік неге кемімей отыр деген заңды сауал  туындайды. Адам денсаулығына, қоғамға келтіретін орасан залалын біле тұра оның саудасы қазір әлеуметтік желілерде қызып тұр. Әсіресе, есірткі сататын сайттарды жарнамалаушылар  қу құлқынның қамы үшін ешнәрседен тайынбайтын тәрізді. Полицейлер сайттардың мекен-жайлары көрсетілген граффитиді үйлер мен аулалардың, гараждардың қабырғасына жазып жүрген 22 жастағы қыз баланы қолға түсіргендерін айтады. Көзді бақырайтып қойып, ешнәрседен қаймықпай жүруінің себебі оның жауабынан түсінікті болған. Сөйтсе, адам ағзасына  жойқын күшпен әсер етіп, оның  соңы өлімге апаратын қоғам кеселін насихаттағаны үшін нашақорларға есірткі тегін беріледі екен. Ол есірткі сайттарының жүзден астам мекен-жайын жазып үлгерген. Міне, ешнәрседен тайсалмаудың, именбеудің, яғни «көзсіз батырлыққа» барудың көзі қайда жатыр десеңші! Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері қоғамдық ұйымдар, жұртшылық болып жұмылмай жеке-дара әрекеттерден ештеңе өнбейтінін алға тартады.  Өйткені, алыпсатарлар заманауи таратудың қитұрқы жолдарын бес саусақтай меңгеріп алған.  Интернет-сайттарды өте шебер пайдаланады. Клиенттер тарту үшін есірткіге тәуелділерді жалдап, өздері тасада қалады. Кез келген жасөспірім смартфон арқылы «спайсқа» тапсырыс бере алады. Олардың нақты және виртуальды қоршаған ортасын анықтау,  бақылау жағы да кемшін. Мектептен тыс білімді ұйымдастыру мәселесін шешуде проблемалар аз емес. Заңдық тұрғыдан қолданылатын шаралар да пәрменсіз. 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, болмаса он күнге қамауға алынады. «Іс бітті, қу кеттінің» кері. Бұл  пікірді «Импульс» балалар-жастар клубының педагог-ұйымдастырушысы Наталья  Капустина да қолдайды. Бесіктен белі шықпаған жасөспірімдердің нашақорлыққа тез бейімделуі оны  да қатты толғандырады. Синтетикалық есірткінің орны толмас өкініштерге соқтыратын қатерін тілмен айтып жеткізу қиын. Бүгінде  қара нарықтағы  дәстүрлі есірткі заттарын «дизайнерлік», тағы басқа  түрлері ығыстырып шығаруда. Күші жойқын, улы, зәрлі. Оны тұтынған адам бір жылдың  ішінде су түбі құрдымға кетіп тынады. «Петропавл қаласындағы  21 балалар мен жасөспірімдер клубында  бар-жоғы 4 мыңдай бала жаттығады. Орын тар.  Көбіне себебінен гөрі салдарымен күресуге бейілміз. Өскелең ұрпақтың өмірі мен денсаулығын қорғауда қоғамдық күштер мен ұйымдардың белсенді, бірлескен  тегеурінді іс-қимылы ғана  сенімді қорған бола алады», дейді ол. 

Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Жандос  Басыбаев синтетикалық есірткі сататын 60-тан астам электрондық ресурсқа тұсау салынғанымен, бұл тақылеттес шаралар жаңа интернет парақшаларын ашуға кедергі болмай тұрғанын жеткізді. Студенттердің белсене қатысуымен өткізілген  «Біз есірткіге қарсымыз» акциясы барысында  бір күннің ішінде жүз сілтеме жойылыпты. Ол әзірге  тек қабырғалардағы граффитилерді бояу арқылы ғана еңсеріп жүргендерін, синтетикалық есірткілерге қарсы күрес мәселесі заңнамалық деңгейде қарастырылғанын қалайды.  Өйткені,  жастарды жаппай жаулап жатқан алыпсатарларға пәрменді тосқауыл қоймай болмайды. Р. деген 17 жастағы қала тұрғыны есірткінің дәмін осыдан 4 жыл бұрын тата бастаған. Алдымен жеңіл-желпісінен бастап, үйрене келе әсерлі түрлеріне көшкен. Осымен наркологиялық диспансер есігін үшінші мәрте ашуына тура келген.  «Жүрек қағысы минутына 140-қа дейін соғып, бірнеше  рет өлім аузынан қалған. Жалғыз ғана арманы – денсаулығын түзеп, адам құсап өмір сүру. Ең қиыны оның психикалық мінез-құлқын  қалпына келтіру», дейді дәрігерлер. Баяғы әккі делдардар оған есірткіні қарызға да ұсынып,  еш бұлтара алмайтындай  тәуелділіктің торына әбден  шырмап тастаған.

Былтыр 263 адам есірткі тұтынса,  52-сі синтетикалық түрлерімен әуестенген. 13-і — кәмелетке толмаған балалар. Ең қорқыныштысы, спайс, каннабис, т.б. түрлерінің ағзаға өте қауіпті екенін біле тұра  шегуге құмар. Дені  әуесқойлықпен интернет парақшалары мен сілтемелеріне еніп, есірткі тарататындардың тобына тап болған. Жуырда  тәртіп сақшылары  синтетикалық есірткі салушыны құрықтады. Оны тінту кезінде 30-дан астам түйіншек табылған. Күдікті оның ішінде не бар екенін білмедім деп қанша жалтарса да ғаламтор арқылы жұмыс істеп келгені дәлелденді. Тапсырманы ғаламтор арқылы алғанын, есірткіні жасыратын орындарын айтып берген. 200 мың теңге айыппұлдан есі кіріп, түзеліп кетсе, бір сәрі.  Бұрынғы «әніне» қайта басса, қаншама жастың обалына қалары белгісіз.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы