Аймақтар • 28 Қаңтар, 2019

Жамбыл өңірінде 26 елді мекенге клуб қажет

503 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әулиеата өңірінің мәдениетін дамыту мақсатында осы уақытқа дейін ауылдық жерлердегі мәдениет нысандарының жұмысын жүйелендіру, архивтерді цифрландыру, ақпараттық орталық құру, бұдан өзге облыста өтетін мәдени көпшілік іс-шаралардың маңыздылығын арттыру секілді жұмыстар атқарылған болатын. 

Жамбыл өңірінде 26 елді мекенге клуб қажет

Әулиеата өңірінің мәдениетін дамыту мақсатында осы уақытқа дейін ауылдық жерлердегі мәдениет нысандарының жұмысын жүйелендіру, архивтерді цифрландыру, ақпараттық орталық құру, бұдан өзге облыста өтетін мәдени көпшілік іс-шаралардың маңыздылығын арттыру секілді жұмыстар атқарылған болатын. Өңір мәдениетін дамыту мақсатында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев міндеттелген межелердің көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, облыс әкімі мен аудан әкімдері, басқарма мен аудан әкімдері арасындағы нақтыланған межелі индикаторлардың арқасында саладағы жұмыстар жүйеленіп, оң нәтижелер бере бастаған.

Мәселен, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес былтыр аудандарда 71  цифрландырылған ақпараттық орталық ашылған болатын. Бұл негізінен ауыл тұрғындарының игілігіне арналғанын айта кету керек.  Ауылдықтар орталық арқылы бүгінде «www.egov.kz» порталымен 6 түрлі мемлекеттік қызметті алуда. Сондай-ақ, былтыр бірқатар жастардың бас қосатын пікірталас алаңдары – коворкинг орталықтары да ел игіліне берілген. Өңірдегі кітапханалар мобильді стандартқа көшіріліп,  «Қасиетті Тараз» сайты өз жұмысын бастаған.

Басқарма басшысы өз сөзінде өткен жылы өңірде Әлжан ана музейі, Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейі мен «Желтоқсан, 86» орталықтарының ашылғанын жеткізді. Шығармашылық саласында да жұмыстар бар деген басқарма басшысы өңірдегі өнер ұжымдарының шетелдермен мәдени байланысы нығая түскенін айтып өтті.

 Жиында ағымдағы жылға арналған жоспарлы шаралар да айтылды. Биыл Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы десек, басқарма бұл орайда өлке шежіресінен сыр шертетін көптомдық  кітаптың алғашқы 80 томын  жарыққа шығаруды  көздеп отыр. Бұдан бөлек, ауқымды 7 мәдени шара өтеді деп күтілуде. Соның бірі былтыр бастау алған «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы. Қазіргі таңда республикалық айтыстың аудандық, облыстық іріктеулері өтіп, оған өңіріміздегі 100-ден астам таланттар қатысып, бақ сынауда.

  Атқарылған шаруалар аз емес, алайда, түйткілді мәселелер де бар болып шықты. Мәселен, өңірде өнер мектебін ашу туралы ұсыныс әлі берілмеген. 26 елді мекенге клуб қажет десек, тиісті шаралар аудан әкімдері тарапынан сылбыр атқарылуда екен. Қордай мен Шу аудандарындағы мемлекеттік архивтері ғимараттарының жай-күйі де назарға алынды. Ал, Тараз қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ғимаратының сыртына жөндеу жұмыстарының қажеттігі де сөз болды.   

Хамит Есаман,

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы